Жастар порталы
Позитивизм мен рационализмнің дәстүрлері мен инновациялары
275 0 aiko

Позитивизм мен рационализмнің дәстүрлері мен инновациялары

Философия

Позитивизмнің үшінші тарихи формасы – неопозитивизм. Ол логикалық позитивизм және аналитикалық философия деген екі бағытқа бөлінеді. Логикалық позитивизм ХХ ғасырдың 20-жылдары пайда болды. Оның идеялық ұйытқысы, «ғылыми» философияның даму бағдарламасын ұсынған, Вен философиялық үйірмесі болды. Оған М.Шлик, Р.Карнап, Г.Рейхенбах, Г.Фейгель, О.Нейрат, Э.Нагельдер кірді. Бұл үйірме Англияда өзінің белсенді жақтастары мен насихатшыларын, А.Айер, Г.Райлдарда тапты. Польшада оның жақтастары басшылары А.Тарский мен К.Айдукевич тер болған логистердің Львов-варшава мектебін құрды. Махистердің психологизмі мен биологизмдерін жоққа шығара отырып, үйірме мүшелері мен оның жақтастары логиктер мен математиктердің тәжірибеден тыс-аналитикалық сипаттағы жағдайлары туралы ұстанымдарын ұстанды. Олар философия түсінігін таным теориясы сияқты жоққа шығарып, оны табиғи және жасанды тілдер қорытындысына бағытталған әрекет ретінде қарастырады. Шынайы құралдар модельдері есебінде талдауды құруда олар математикалық логика аппаратын пайдаланады.

Логикалық позитивизм бағдарламасы бірнеше жағдайларды қамтиды: верификациалау ұстанымы; тәжірибелі «деректерге» шынайы теориялық қорытынды мазмұнын енгізу, барлық ғылыми қорытындыларды аналитикалық және синтетикалық түрлерге бөлу. Верификациялау ұстанымын ақиқатты жариялауды тексеру үшін Вена үйірмесінің мүшелері жасаған. Басқаша айтқанда, тек сол айтылғандар, егер ол жеке тұлғаның сезіміне, «атомдық деректерге» немесе «хаттамалық жағдайларға» келтірілсе, ғылыми мәнге ие болады. Верификациялық ұстаным мәні бақылау мен нақтылықтың теңдестірілуінде жатыр (не бақылана алады, сол нақты), ал шындық айтылғандардың адамның тікелей тәжірибесімен сәйкес келуі ретінде ұғынылады.

Кез келген танымның бастапқы алғы шарты деп логикалық позитивистер «оқиғалар» мен «деректерді» есептеген, сөйтіп «субъектінің сана аясында тұрған» сезімдік мәліметтерін жобалап түсінген. Осы ағымның бір ерекшелігі, ол нысанды (объектіні) нысан теориясымен теңдестіре қарайды. Бұл объективті әлемнің өмір сүруі туралы мәселені қүн тәртібінен бірден түсірді және тек логикалық тілді талдау жолымен философиялық таным аясының шектелуіне алып келді.

Логикалық позитивистер ғылым логикасын жасау мәселесін оның тілін талдау ретінде қарастырған. Олардың ойынша, бұл тек дәстүрлі философиялық онтологияны ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі гносеологияны (таным теориясын) да алмастыруға үндейді. Логикалық позитивистер, сөз жоқ, ғылым әдіснамасы (методологиясы) мәселесімен айналысатын философтар мен басқа да мамандардың назарына ілікті, логикалық формализация мәселесіне көңілдерін аударды және ғылым әдіснамасы бойынша зерттеулерге заманауи математикалық логика ұғымдары мен әдістерін енгізуге мүмкіндік берді, әрі олардың көмегі арқылы позитивистер ғылым тілін кең тұрғыда талдаудың өзіндік бағдарламасын жүзеге асыруға тырысты.

Алайда ғылыми танымның философиялық талдауын «қатаң позитивті», «кез келген философиялық алғы шарттардан тыс» ғылым логикасына ауыстыруға олардың шамасы жетпеді. Қазіргі кезде бұл – философиялық әдіснамалық әдебиеттегі көпшілік мойындаған факт.

Логикалық позитивистер ұсынған ғылым тілін логикалық талдау үлгісі философиялық тұрғыда алғы шартсыз емес еді. «Ғылым тілін талдаудың кейбір әмбебап әдісіне» үміттене отырып, логикалық позитивситер белгілі бір тұжырымдамаға ақиқаттық критерийін орнату тәсілі, ғылыми тілінің шындыққа қатынасы және т.б. дәстүрлі әдістемелерге сүйенуге мәжбүр болды. Міне, осы барша мәселе мен оны шешу тәсілдері, олар логикалық позитивистерде дәстүрлі философиялық гносеологиялық тұжырымдардан сырттай, тым алыс түрде көрініс тапқанымен, шын мәнісінде философиялық сипатқа ие еді. Осы мәселелердің бірталайының қойылуы мен шешімін табуы дәстүрлі гносеологияның бірқатар позитивистік және феноменалистік тұжырымдамаларымен белгілі бір шектесу нүктелеріне ие екендігіне көз жеткізу қиын емес.

Позитивизм жалпы теориялық білімнің белгілі бір түрі ретінде философияны теріске шығаруға талаптанады. Ол барлық шынайы теориялық, танымдық мәселелер «позитивті» арнайы ғылыми ойлау құралдарының көмегімен шешілуі мүмкін деп есептейді. Алайда позитивизм философияны арнайы ғылыми ойлаумен алмастыру емес, әрі ол примитивті (қарапайым) сциентизм де болып саналмайды. Ол философиялық ілім ретінде алға шығады, себебі «шекті» философиялық мәселелерді шешу мүмкіндігіне қандай да бір теориялық баға беруге тырысады, бұл мәселелерден қашпайды және оларды ескереді.

Мұның барлығы ғылыми танымның философиялық талдауын оның формалды-логикалық талдауына алмастырумен ғана шектелмейтін логикалық позитивзмге жатады. Логикалық позитивизм ғылыми танымның формалды логика да, танымды зерттейтін қандай да бір басқа арнайы ғылыми пәндер де жасауға үміттенбейтін белгілі тұжырымдамасын әзірлеуге басты үміткер. Бірақ жоғарыда айтылған таным тұжырымдамасы жалпы танымның жекелеген жақтарын зерттеумен байланысты жеке формалды-логикалық үлгілер негізінде қалыптасатындықтан, танымның философиялық мәселелерін осы тұрғыдан (позициядан) шешуге болмайды. Логикалық позитивистер білімді талдаудың жеке ғылыми әдістердің бұл шектеулігін өзіндік философиялық канонизацияға ұшыратады, әрі тиісті философиялық мәселелерді теориялық тұрғыда шешу мүмкін емес деп жариялайды.

Логикалық позитивизмнің соңы деп «Вена үйірмесінің» бұрынғы мүшелерінің бірі К.Гемпелдің 1950 жылдары жарық көрген мақалалар сериясын атауға болады, оларда саналылықтың басты ұғымының өзімен байланысты принципиалды қиындықтар мен тіпті көмескіліктер де көрініс табады. Логикалық позитивизмнің саналылық ұғымының осы қиындықтары мен көмескіліктері неопозитивизмнің басқа бір түрі – аналитикалық философия шеңберінде қарастырыла бастайды.

Аналитикалық философия – тек әлдебір «мектеп» қана емес, сонымен қатар «философиялық ойлаудың белгілі бір стилі. Соңғысы кең мағыналы философиялық қорытындыға абайлап қараумен қатар пайдаланылған терминологияның қатаңдығы мен дәлдігін жобалап түсіндіреді». Бұл – ХХ ғасырдағы философиялық ой шеңберіндегі, әрі айрықша метафилософиялық пән шеніндегі ерекше интеллектуалды «қозғалыс». Ол бір текті емес және аналитикалық философия дамуының әр түрлі кезеңіндегі оның көптеген жетекші өкілдері антипозитивтік бағыт ұстады. Ұстанбағандар – Вена үйірмесінің мүшелері (А.Грицианов).

Аналитикалық философия өкілдері (Дж.Мур, Л.Витгенштейн, Дж.Уиздом, Дж. Райл, Дж.Остин) философия өздігінен ешқандай жаңа ақпарат бере алмайды, «ол тек ғылым мен тәжірибе не айтады, соны ғана анықтаумен айналысады» деп түсінген. Танымның Давид Юмға барып тірелетін субъективті-идеалистік теориясы тұрғысынан олар логикалық талдау әдістерін Расселдің «логикалық атомизм» доктринасымен және верификация принципімен толықтырды. Аналитикалық философия өкілдері өзіндік философиялық доктринаны негіздеді, оған сәйкес философия теория емес, және де математикалық логика негізінде «бейтарап» аналитикалық қызметпен айналысатын пән ретінде ғана қарастырылуы мүмкін. «Философияның мақсаты – ойдың логикалық тұрғыдан айқындалуы» (Л.Витгенштейн).

Людвиг Витгенштейн (1889-1951 жж.) «Логикалық-философиялық трактаттар» атты еңбегінде аналитикалық философияны әлдебір тамаша, логикалық тұрғыдан жетілген тілге тән анықтық, дәлдік пен логикалық қатаңдық идеалдарына бағыттайды. Ол «әлем адамға тіл арқылы ашылады, сондықтан тіл туралы ең алдымен ойланған жөн»,- деп ой жүгіртеді.

Бұл – ғылыми проблеманы шешудегі әмбебап кілт болып табылады. Тілдің бір қасиеті – ол дүние жүзін сипаттау. Осы идеалдарға қарап, аналитиктер тек қана логикалық структураларын ғана емес және оның қолданылуын, тұрмыстық күйін, олар күнделікті қолданатын сөздерді назарға алу керек екенін аңғарды. Сонымен қатар, бұл тілдің қолданылуын өзінің мағыналы емес (философтардікіндей) және осы қиыншылықтарды тыс қалдыра алмаймыз.

Витгенштейн бойынша, тілдің қатаң анықтамасын шығаруға болмайды немесе біртұтас белгілерін олардың бір-бірімен қарым-қатынастарының объектісі. Тіл – бұл адамның бір мүшесі, бұл – тіршіліктің бір формасы. Ойынның бір ережелері секілді. Анықталуының маңыздырағы – ол метафизикалық тіл. Бұны зерттегенде ғылыми және өнер жағынан емес, өмір тұрғысынан зерттеу керек.

Аналитикалық философтардың ойынша тіл ғылымының логика-семантикалық жақтан зерттеуінде ішкі сұрақтарды қою шектеліп, осы тілдің ережелеріне жауап береді. Бірақ бұл ережелер мен тіл құралдары сыртқы орта жағдайларына жауап бере алмайды.

ХХ ғасырдың 40-50 жылдары аналитикалық философияның логикалық әдістері лингвистикалықпен ауысады, ал қалғандары өз кезегінде математикалық әдіс пен атомарлық теорияны қолданудан бас тартады. «Осы сәттен бастап аналитикалық философия салт-дәстүр мәселесіне қайта үңіледі» (А.Грицианов), эволюцияның келесі деңгейінде қорытындыға келеді, «метафизика – мәнсіз емес», ол әлемдік специфизикалық елестеуін көрсетеді.

Сынау, өзін сынау эволюцияның арғы неопозитивті негізінде ХХ ғасырдың ортасында төртінші тарихи позитивтің жаңа түрі постпозитивизм пайда болды. Оның өкілдері К. Поппер, Т. Кун, И. Лакатос, П. Фейерабенд т.б. Осылар ғылыми білім мен ғылыми еместің шектеуін көреді.Кез келген ғылыми білім гипотетикалық (болжамдық) мінезде болып, қателесуге тартылады. Философтың бұл бағыты ғылыми білімді зерттеумақсаты емес, оның дамуын зерттейтін философия бағыты. Постпозитизм бойынша,ғылым біркелкі дамымайды, секірмелі түрде онда кейде жоғарылау, кейде төмендеу болады. Бірақ жалпы беталыс өсу мен ғалыми білімді жетілдіруге негізделген. Ғылым тұжырымының өсуін зерттеген ағылшын ғылымы Карл Поппер (1902-1994жж.) ХХ ғасырдың атақты философы болып саналады.

Білімнің өсуі туралы сөз болғанда, зерттеудің жинақталуы емес, қайталанатын ғылыми теорияларды жою, оның орнына үздік, қанағаттанарлық теорияларды ауыстырып өз тұжырымдарын дәлелдеу үшін ол неодарвинизм идеяларын және эмерджентті даму (эволюциялық) ұстанымдарын қолданды. Ғылымның өсуіне қажетті құралдарға мынадай кезеңдерді жатқызды: тіл, проблемаларды тұжырымдап айту, жаңа проблемалық жағдаяттарды табу, бәсекелес теориялар, өзара пікірталас үрдісінде қажетті сын айту.

К. Поппердің бірінші жұмысы «Logik der Forschung» (Зерттеу логикасы, Вена 1934) ғылым философиясы мәселелеріне арналды. Бұл кітаптың ағылшын тіліндегі болжамасы «Ғылыми жаңалық ашудың логикасы» деген атпен ширек ғасыр бұрын 1959 жылы басылып шығарылған. Ол үлкен атаққа ие болып, шын мәнінде классикалық болды.

Ғылым философиясы мәселелерін Поппердің мына еңбектерінің мазмұны анықтады: «Ұсыныстар мен бекерге шығару» (1963), «Объективті білім: эволюциялық әдіс» (1972), сонымен қатар «Өзбеттілік және ми» (1977) атты кітабы физиология мен медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, ағылшын физиологы Дж. Эклспен бірге жазылған. К. Поппердің ғылым философиясындағы кванттық механика философиясының орны осы білімнің ғылым философиясында атқаратын рөлімен айқындалады. Кванттық механика философиясы ғылым философиясының бұрын көп зерттелген бөлімдерінің бірі. Бұл бөлімде ғылымның математикалық және концептуальдық әдістерінің мәселелері талқыланады. Кванттық механиканың талдамасында Поппер копенгагендік мектептің өкілдеріне (Н.Бор, Гейзенберг, В. Паули және кейбір кезде М.Борн және П.А.М. Дирак) қарсы шығады.

Кванттық механиканы талқылауда философия мен ғылымның өзара байланысы туралы мәселелері оның ұстанымын айқындады. Оларды ажырату үшін Поппер «демаркация» ұғымын енгізеді. Ол оны былай деп еске алады: ол кезде мені «Теория қашан ақиқат болады?», «Теорияны қашан қабылдауға болады?» деген сұрақтар қызықтырмады. Мен алдыма басқа проблемаларды қойдым. Ғылым да қателеседі, кейде жалған ғылым да ақиқатпен соқтығысып қалатынын білсем де мен ғылым мен жалған ғылымның арасындағы айырмашылықты көрсеткім келді. Олардың арасындағы айырмашылықты көрсету үшін кез келген ғылыми пайымдауды бекерге шығаруды болжайтын бұрмалау ұстанымын ойлап шығарды. (лат. Falus – жалған, facio – істеймін).

Бұл ұстанымды енгізу Попперге демаркация проблемасын ғылыми білімді ғылыми емес білімнен бөліп алуды нақты шешуге мүмкіндік береді. Ол осы кезде логикалық позитивистерден айырмашылығы – метафизикалық пайымдаулардан саналылық емес, тек ғылымилық түрде бас тартты. Поппер метафизикалық пайымдаулардың ғылымилығын қабыл алмады, өйткені олар эмпирикалық фактілерге сүйенбейтін. Поппер Витгенштейннің тұжырымдамасын сынға алды. Ол тұжырымдамада «шын зерттеуден» алынған ұсыныстар ғана немесе олардың көмегімен тексеріле алады, ғылыми бола алады делінген болатын.

Ғылыми болуға үміткер «кез келген теория ғылыми болу үшін тәжірибеден алынуы керек» дегенге Поппер келіспейді.

Оның ойынша, кез келген ғылыми зерттеу теориялық жағынан мақсатты, бастапқы ғылыми болжамды жасайды, өйткені ешқандай алғышарттар болмаса, зерттеу жүргізілмейді. Зерттеу ылғи да мақсатты. Шешім қабылдау, белгілі бір мәселелерді шешу мақсатында ғана зерттеулер жүргізіледі.

«Ғылыми жаңалықтарды ашу» атты еңбегінің алғы сөзінде Поппер өзінің ғылым философиясы космологияға қатысты екендігін былай сипаттайды: «Әлемді тануға – осы әлемнің бір бөлшегі ретінде өзімізді де қоса алғанда... бар ғылым ол – космология». Поппер үшін философияның маңызы ғылымнан кем емес. Оның идеясы – сын бостандығын қолдайтын, ғылыми әрекеттің мәнін құрайтын «ашық қоғамдағы – ашық ғылым».

Ғылымның ашықтығы ғалымдардың пікір таластарға және Поппер «метафизикалық зерттеу бағдарламасы» деп атаған зерттеуге қатысуын көрсетті.

Егер ғалымдар философияға, таза ойлауға құрметпен қараса, онда ғылым ашық жүйе бола алады. Сонымен қатар философиялық доктриналар мен таза ойлау постулаттары сынауды қарауды талап етпейді. Ол динамикалық үрдіс ретінде ғылымға қөзқарасты дәлелдейді. Ол батыл жаңа ғылыми болжамдарды жасап, кейіннен оны бекерге шығаратын ғылыми білімді алға жүретін үрдіс ретінде айқындайды. Поппердің айтуынша, ғылым мен философиялық доктриналар батылдық, ашықтық, өнімділік сынақтарына төтеп беретін бәсекелестік күреске қатысып, өздерінің өмір сүру құқығының бар екендігін дәлелдеп отыру керек.

Сыни қайта ойлау және попперлік идеяны әрі қарай дамыту оның шәкірті Имре Лакатостың (1922-1974 жж.) еңбегі, ол философия ғылымының тарихилық бағытына шынайы берілген болатын. Оның пікірінше, кез келген әдіснамалық тұжырымдама тарихнамалық болуы тиіс, ал оның бағасы ғылым тарихы ұсынып отырған тиімді қайта құру бойынша берілуі мүмкін. Сонымен қатар Лакатос танымның шынайы тарихын оның әлеуметтік-психологиялық мән мәтінінен және ғылыми танымды талдауда қолданылатын оның логикалық қайта құрылуын «ішкі тарих» дей отырып ажыратады.

Ол өз ұстазының ғылымды философиялық зерттеу, ең алдымен, оның пікірінше, ғалымның кәсіби қызметін айқындайтын, ғылымның тиімді негізін табуға жұмылдырылуы тиіс дегенімен келіседі. Бұл ойды ол «Ғылыми білімнің заңдылықтары мен фальсификационизмнің әдіснамасы» атты кітабында негіздейді. Лакатос белгілі бір логикалық талаптар тұрғысынан зерттеуге мүмкіндік беретін ғылымдарды ғана шынайы деп санайды. Олар эмпирикалық және теориялық ғылымдар болуы мүмкін, бірақ олар ғылыми білімнің артуының негізгі жолдары болып табылатын логикалық ережелер мен заңдардың тұтастай қатарына бағынуы тиіс.

Сонымен қатар, ғылыми тиімділік мәселесінің әдіснамамен байланысын айта отырып, ол тиімді негіздемелердің ғылымның попперлік үлгісіне қатысты дүдәмалдығын тұжырымдайды. Оның үстіне, Лакатостың айтуынша, білімді дәлелдеу мәселесін шешуге талпыну негіздеулердің шексіз кері кетуіне әкеледі: кез келген ғылымды негіздеудің өз негіздеуі болуы тиіс және т.б.

Өзінің «Ғылымның тарихы және оны тиімді қайта құру» атты еңбегінде Лакатос әдіснамалық доктринаның (бір мезгілде және тиімділік критерийлерінің) төрт типін анықтайды. Бастапқы үш әдіснаманы – индуктивизм, конвенционализм және фальсификационизмді ол ғылымды тиімді қайта құрудың сәйкестігі тұрғысынан тиімсіз деп таниды. Ғалымдардың танымдық қызметін, ғылыми зерттеудің логикасын бір көзқарас тұрғысынан зерттеуге және түсіндіруге мүмкіндік беретін негіздеулер іздеу және ғылымның тарихи ілгерілеуі философты төртінші доктринаға – нақты теорияларды негіздеу проблемаларынан айналып өтуге болатын ғылыми-зерттеу бағдарламаларының тұжырымдамасына (ҒЗБ) әкеледі.

Поппердің сыни рационализмі Лакатоста өзінің жағымсыз-бүлдіруші сипатын жойып, зерттейтін проблеманы көпшілік көзқарас тұрғысынан қарастыру үшін балама тұжырымдама жасайтындықтан, конструктивті болып шығады. ҒЗБ-ны ғылыми зерттеудің бастапқы пункті ретінде «теориялық ғылымның» автономдылығы мен нағыз танымдық рөлін көрсетуге мүмкіндік береді, оған, Лакатос бойынша, ғылыми-зерттеудің попперлік тұжырымдамасы мүмкіндік бермейді.Оның айтуынша, оның ғылыми зерттеу тұжырымдамасы ғылыми білімді дамытудағы танымал үздіксіздікті және оның эмпирикалық деңгейден салыстырмалы тәуелсіздігін түсіндіруге мүмкіндік береді. ҒЗБ тұжырымдамасының шеңберіндегі ғылым дамуының үздіксіздік сипаты соңғыны Т. Кунның «қалыпты ғылымымен» жақындастырады. Алайда одан айырмашылығы – Лакатос тұжырымдамасында ғылыми білімнің өсуі ғылыми қоғамдастық психологиясымен емес, осы процестің объективті логикасының көмегімен түсіндіріледі.

«Дәлелдеу және теріске шығару», «Фальсификация және ғылыми- зерттеу бағдарламаларының әдіснамасы» деген еңбектерінде Лакатос ғылымның дамуын «бәсекелесуші бағдарламалар күресі» ретінде қарастырады. Зерттеу бағдарламаларын салыстырудың объективті критерийі ретінде ол проблемалардың «прогрессивті немесе дегенеративті» жылжуын қабылдайды. Бірінші жағдайда жылжу бағдарламасының эмпирикалық базисының өсуімен бірге жүреді, ал екінші жағдайда – тиісінше оның тарылуымен бірге жүреді. Сонымен қатар зерттеу бағдарламасының теориялық өсуі эмпирикалық өсудің алдын орап кетсе, онда зерттеу бағдарламасы прогрессивті болады. Басқаша айтқанда, жаңа деректерді ойдағыдай болжай алса, ол алға басады және бәсекелес бағдарлама бұған дейін айтып кеткен жаңа фактілерге кешіктіріп түсінік берілген жағдайда – ол кері кетеді. Бағдарламаның эвристикалық мүмкіндіктері таусылған кезде немесе бәсекелес бағдарламамен салыстырғанда аз болса, ол ғылыми айналымнан шығып қалады.

Ғылыми-зерттеу бағдарламаларының идеясы философияны бүгінгі ғылымның сипатындағы терең өзгерістерді зерделеуге бағыттайды. Лакатос ғылымының тұжырымдамасында ғылыми зерттеудің айқын құрылымын ғалымның ғылыми ойын ережелері ұйымдастырған әдіснамалық тұжырымдасы алмастыратынын айта кету керек. Бұл ойын ережелерінің шындықпен байланысы мәселесі бойынша ол біржақты жауап бермейді.

Постпозитивизм шеңберіндегі неғұрлым радикалды позицияны американ философы П. Фейерабенд (1924–1994 жж.) иеленді. Ол «эпистемологиялық анархизм» тұжырымдамасын жасады, ғылыми, дүниетанымдық және әдіснамалық плюрализмді дәйектілікпен қорғады. П. Фейерабенд өзін «эпистемологиялық анархист» деп атады, себебі ғылымның іргелі негіздеріне (ғылымның өзіне емес) күдікпен қарады. Өзінің «Әдіснамалық мәжбүрлеуге қарсы. Танымның анархиялық теориясының очеркі» деген негізгі еңбегінде Фейерабенд үш тезисті ұсынады – пролиферация (идеялар мен теориялар санының артуы), контриндукция (жалпыдан жекеге қарай зерттеу) және бақылау тіліне назар аудару.

Ол білімнің өсуі пролиферациясының нәтижесінде (латынша proles – ұрпақ, ferre – апару) пайда болады – өлшеусіз теорияның «көбеюі», яғни түрлі эмпирикалық базисі бар, өзара дедуктивті байланыспаған түрлі әдістерді, стандарттарды және нормаларды пайдаланады. Мұндай баламалы теорияларды жасау олардың өзара сынына жол ашады, сонысымен де ғылымның дамуын тездетеді – бұл баламалар күресінің кезеңі. Сонымен де Фейерабенд ғылымның үдемелі дамуы идеясын жоққа шығарады. Ол ғылымдағы жаңалықтар индукциялар мен дедукциялар негізінде емес, контриндукциялар негізінде пайда болады деп есептейді. Фейерабендтің айтуы бойынша, ғылымдағы маңызды жаңалықтар бұрынғы қол жеткен білімге негізделгенімен де, бұрынғы жасалған қорытындыларға қарсы қоюдың нәтижесінде пайда болады. Жаңа өзгерістер кейбір теріс, бұзушылық, бірақ өмірлік қуат әкеледі. Ақырында, барабар әдіснама бақылаудың тіліне барынша мұқият болуы тиіс, осындай проблемаларды шешу әдістерін жетілдіруі тиіс.

Ғылымның постпозитивтік дәстүріне ілескен Т. Кун (1922–1966 жж.) ғылымның даму процес кумулятивті (лат. Comulatio – арту) үдеріс ретінде түсінуді, яғни үнемі жаңа ілім қосылып отыратынын қабылдамайды. Оның болжауынша, ғылымның дамуында айтарлықтай өзгерістер, немесе бұрын қабылданған және негізделген білімнің маңызды бөлігін де, ғылыми қоғамдастық қызметінің тәсілін де қайта қарастыруда «ғылыми өзгерістер» болмай қалмайды.

Кунның философиялық мұрасының негізі оның атақты «Ғылыми революциялардың құрылымы» аталатын еңбегі, өткен ғасырдың 1960-шы жылдары оның пайда болуы батысеуропалық философияда «жарылған бомба тәріздес» болды. Бұл еңбегінде ол Лакатостың ғылымның дамуындағы неопозитивтік және попперлік тұжырымдарға деген сыни көзқарасын бөліседі. Оның басты назарында негізінен ғылымдағы жетекші түсініктердің ауысу және өзгеру механизмдерін, ғылыми білімдердің қозғалысын ашу мәселесі болады.

Осы процестерді сипаттау үшін Кун «Ғылыми революциялардың құрылымы» атты еңбегінде бүкіл ғылыми қоғам қабылдаған, белгілі бір уақыт ішінде проблема қою және оны шешу үлгісін қарастыратын іргелі теориялар мен зерттеу әдістерінің жиынтығы түсінілетін парадигма немесе «тәртіптік матрица» ұғымын пайдаланады.

Кун ғалымның қызметі қалыпты ғылым шеңберінде болжама сипатта болатынына, ол пәнді кәсіби білім берген концептуалдық шек арқылы зерттейтініне негіздейді. Сондықтан да қалыпты ғылым өзінің концептуалдық шегінен шығатын жаңа құбылыстар түрін болжамайды. Соған орай, қалыпты ғылым проблемасы, жаңа деректер немесе жаңа теория жасау жаңалығы болса да, ірі жаңалықтарға принципті түрде бағдарланбайды. Ғалым оның шеңберінде барынша бағдарланғандықтан, жаңа бірдеңе ашу не жасауға ұмтылмақ түгілі, оларды қабылдауға да бейім емес.

Қалыпты ғылымдардың проблемалары парадигма анықтайтын шеңберден шығып кетпейді, сондықтан Т. Кун, олардың үлгілері, шешу тәртібі болғандықтан оларды бас қатырғы-міндеттер деп атайды, ғалымдарға олардың шешімін табу үшін өздерінің жеке өнертабыстарын сынау ғана

қалады. Бұл белгілі деректерді тексеру және анықтаумен, сондай-ақ болжалды немесе өзгеше теориялар принципінде жаңа деректер жинаумен шұғылдану қалған ғалым үшін қалыпты ғылымның тартымдылығын түсіндіреді.

Кун ғылыми дәстүр білімнің жедел толығуының қажетті шарты болып табылатынын көрсетті. Мысалы, қалыпты ғылым құндылығы оның дәлме-дәлдікті, сенімділікті және әдістердің кеңеюін тудыруымен бағаланады. Сөйтіп, қалыпты ғылым шеңберіндегі жаңа құбылыстарды зерттеуде ғалымдар ғылыми қоғамдастық қабылдаған парадигмаға сүйенеді. Ол ғалымдардың талдаудың стандартты тәсілдерін пайдалануын немесе құбылыстарды түсіндіруін анықтайды, ғалымдарға ғылыми нәтижелерді салыстыруға және өзара түсінісуіне көмектеседі, ғылыми қоғамдастық қызметін қалыптастырады, заманауи ғылымдағы білім өндірісінде «индустрия» ұйымдастыру үшін жағдай жасайды.

Ғалымдардың іс-әрекетінің қабылданған ережелерге сай жұмыс істеуінің арқасында олар қабылданған теориялардан келіп шығатын үміттерге – зерттеу нәтижесінде алынған шешімдердің кез келген сәйкессіздігін сергектікпен сезе қояды. Кейде қалыпты ғылымның белгілі ережелер мен процедуралардың көмегімен шешілуі тиіс проблемалары осы шешімге принципті түрде бағынбайды. Басқа жағдайларда қалыпты ғылымның осы белгілі ережелері, процедуралары күткен үмітке сәйкес жұмыс істеуге қабілетсіз болып шығады. Кунның айтуынша, ғылымның дамуы дегеніміз «қалыпты ғылым» кезеңдерінің ауысу және ғылыми революция процесі, процесте ескі парадигма ыдырайды да, балама тұжырымдамалардың бәсекелестік күрес нәтижесінде жаңасы бекітіледі.

Кунның көзқарастарын британдық постпозитивист М. Полани (1891-1976 жж.) қолдайды. Ол философия ғылымының міндеті адам факторын зерттеу болып табылады деп есептейді. Танымдық объекті мен субъектіні неопозитивтік салыстырудан бас тарта отырып, Полани адамға заттың мәнін өзінен-өзі абстрактілі түсіну емес, ақиқат пен адам әлемінің арақатынасын белгілеу тән екендігінде табандылық көрсетті.Бұл әлем картинасынан адамдық перспективаны ығыстыратын кез келген талпыныс объективтілікке емес, мағынасыздыққа апаратынымен байланысты. Ғылыми прогрестің негізін тұлғалық білім, яғни ғылымның зерттеу мақсатының мәнән түсінуі құрайды. Ғылыми ұжымның табысты еңбегінің шарты оның мүшелерінің ғалымдардың бірлесіп істеген жұмысының негізін құрайтын жалпы интеллектуалдық дағдыны иеленуі болып отыр.

Поланидың айтуынша, ғылыми зерттеудің мәні шынайылықтың объективтілік тиімділігі мен ішкі құрылымын зерделеуде. Ғылыми болжамдар тікелей бақылаудан, ал ғылыми ұғымдар эксперименттерден шығарылмайды, яғни ғылыми жаңалықтың логикасын формалды жүйе ретінде құру мүмкін емес. Оның тұжырымдамасы таза эмпирикалық та, формалды-логикалық та көзқарастардан бас тартуға бағытталған, оның негізін «жеткіліксіз білімнің» эпистемологиясы құрайды. «Жеткіліксіз білім» атты еңбегінде ол бірқатар іргелі идеялар ұсынды, атап айтқанда, әр қилы концептуалды жүйелердің өлшеусіздігі, ғылыми тиімділік нормаларының өзгергіштігі, ғылыми дамудың ақаулары туралы түсініктер. Осы проблемалардың шешімі көбінесе постпозитивизмнің әрі қарайғы дамуын айқындады.

Поланидың тұлғалық білім теориясы жеткіліксіз білім тұжырымымен байланысты. Ол білімді нақты тұлғалар алады, таным үдерісі формаланбайды, ал білім сапасы нақты ғалымның ерекшелігіне тәуелді дейді. Полани танымның әлеуметтік аспектілеріне жеткілікті көңіл бөлмегенімен, соған қарамастан, таным процесіндегі тұлғалық мінез-құлық туралы тезис оны К. Поппердің ізімен кез келген білімнің салыстырылатындығы туралы шешімге әкеледі.

Поланидың пікірі бойынша, ғалымның қандай да бір ғылыми теорияны қабылдауын анықтайтын негізгі сәт оны сыни тұрғыда негіздеу деңгейі емес, және оның ғылымда қабылданған нормативтердің саналы түрде арақатынасын белгілеу де емес, осы теорияға жеке бастың «кірігуі» деңгейі, оған деген сенім. Сенім категориясы ол үшін таным мен білімді түсінуде негізгі болып табылады. Адамның ғылымға араласуын ол жеке адамның дінге деген көзқарасы сияқты қарастырады.


Мәліметтер алынған дереккөз: В.Ф. Петрова, М.Ш. Хасанов, Б.А. Джаамбаева. Философия. Оқулық. – Алматы, 2011. – 291 б.

Э. Махтың философиясы мен философиялық мектебіне тән эмпиризм мен сенсуализм және рационализм Э. Махтың философиясы мен философиялық мектебіне
Позитивизмнің екінші тарихи формасы – махизм мен эмпириокритицизм (Э. Мах, Р. Авенариус және т.б.). Эмпириокритицизм – «таза тәжірибеге» негізделген
Позитивизм философиясы: Конт, Спенсер, Милль Позитивизм философиясы: Конт, Спенсер, Милль
XIX ғасырдың соңына таман капитализм дәуірі алға тартқан мәселелерге Жаңа дәуір философиясының жауап беруге қауқары жетпеді.
Ньяя Ньяя
Ньяя  – Вайшешика мектебімен қатар туындаған логиктер мектебі. Бұл мектептер бір-бірін толықтырады. Бұл мектептің негізін салған – Готаму және оның
Философиялық бағыттар мен жүйелердің алуантүрлілігі Философиялық бағыттар мен жүйелердің
Философия тарихы үшін негізгі мәселе оның кезеңденуі болып табылады. Анағұрлым бұл мәселеге жақын Г.В.Ф. Гегельдің «дәуірдің рухани квитэссенциясы»
Ғылым философиясының пәні Ғылым философиясының пәні
Ғылым философиясы философияның бір бағыты ретінде Батыс және Ресей философиясында орын алады. Ал ғылым философиясы пән ретінде логика, тарих
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
×