Жастар порталы
Мазһабтардың пайда болу себептері
12.01.2019 179 0 admin

Мазһабтардың пайда болу себептері

Дінтану

Мазһабтардың ортаға шығуынан ықпал еткен ең басты себептерді былайша түйіндеуге болады:

Құран және сүннеттегі ерекшеліктері: исламның негізгі қайнар көздері саналатын Құран мен сүннетте «діннің негіздері» («зарурияту-диния») деп аталатын қағидалар жалпы түсінікті болғанымен, бұлардың жекелеген тұстарына қатысты жағдайлар Құранмен сүннетте ашық, түсінікті етіп көрсетілмеген. Құранның өзінде аяттардың Мухкам аяттары және Муташабих екендіктері айтылған. Мухкам аяттары дегеніміз мағынасы ашық, түсінікті, арнайы түсіндірмені қажетсінбейтін бір мағыналы аяттар. Ал Муташабих болса, бірнеше мағынаға келетін, бұл мағыналардан біреуін шығару үшін арнайы дәлелге, түсіндірмеге мұқтаж аяттар болып табылады. Құрандағы халал, харам, намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты бөлімдер мухкам аяттар санатына жатады. Сондай-ақ Аллаға «қол» («әл-Фатх», 48/10), «бет (жүз)» («Бақара», 2/115), «арш» (Таһа 20/5), «келу» («әл-Фажр», 89/22), сияқты сипаттар берген аяттардың, жұмақ, тозақ, сырат көпірі, таразы және басқа да мәні білінбейтін ақиретпен байланысты мәселелердің және кейбір сүрелердің басныдағы «хуруфу-муқаттаъа» деген жекелеген әріптерімен басталатын аяттар муташабих болып саналады. Осы аяттарды түсіндірмелеу (интерпретация) бір топ ғұлама тарапынан мақұл көрілсе, келесібір топ бұл аяттарға түсіндірме беруге түбегейлі қарсы болды. Алғашқы кезеңдерден бастап   Салафилер және Әһли-Хадис, Мушаббиха және Мужассима, біраз кейін Хәләф деп аталатын каламшылардың ортаға шығуында осы мәселелер маңызды себептердің бірі болды. 

Тағдыр мәселесі: дүниеде және ақиретте жауапкершілік жүктейтін амалдармен тікелей байланысы болғандықтан тағдыр мәселесі алғашқы халифалар тұсында күн тәртібіне енген және мәселеге қатысты әртүрлі сұрала бастаған. Негізінен тағдыр мәселесінің қызу тартысқа түсе бастаған тұсы сахабалар кезіндегі саяси және әлеуметтік оқиғалармен байланысты болып келеді. Жамал және Сыффин соғыстарынан кейін бұл жағдайлардың тағдырмен байланысы туралы пікірталастар шыға бастайды. Одан кейінгі жылдарда омейядтардың әділетсіз іс-әрекеттерін дінмен негіздеу үшін тағдыр сенімін «жәбр» (зорлау, мәжбүрлеу) түсінігіне ыңғайлап түсіндірмелеулері мәселенің саяси сипат алуына әкеліп соқтырды. Осылайша тағдыр сенімі жан-жақты, әртүрлі қырынан талқыға түсе бастады. Бұл жердегі пікірталастарда атақты болған Мабәд әл-Жухани мен Ғайлан әд-Димашқи секілді ойшылдардың әсерінен Қадария мазһыб ортаға шықты. Жаъд бин Дирхәм мен Жәхм бин Сафуанның ақпалымен Жәхмия деген ағым пайда болды. Бұлар да тағдырды «жәбр» түсінігі негізінде талқылады. Ішкі қақтығыстар, саяси себептер, мұсылмандардың түрлі діни ілімдер теологиясымен танысулары секілді факторларға байланысты ортаға шыққан тағдыр мәселесі кейбір теологиялық ағымдардың қалыптасуына алғышарт жасады. Тағдыр мәселесі жалпы алғанда, бүкіл мазһабтардың пікір білдірген мәселесі болып, өзінің өзектілігін әрдәйім сақтап келген.

Саяси себептер: Шаһристани өзі еңбегінің кіріспесінде исламдағы қантөгістерге себеп болған жағдайлардың ең басында халифалық мәселесінің тұрғанын баса айтады. Батыстық шығыстанушылар да мазһабтардың шығуында саяси себептердің маңызды орын алатынын көрсетеді. Хазірет Мұхаммед пайғамбардың өлімінің артынша жасалған жиналыста Әбу Бәкір халифа тағайындалады. Алайда, бұл жағдай Саъд ибн Убаденің халифалығын қолдап тұрған ансарлар пайғамбардың жаназа жұмыстарымен жүріп жиналысқа қатыса алмай қалған және Әлидің халифа болуын қалайтын Хашим ұлдары, Әбу Бәкірді халифа еткен мухажирлер және бүкіл үміткерлерді мойындамай бейтарап қалушылар болып сахабалардың төртке бөлінуіне әкеп соқты. Мұнымен қосы Осман халифтың билігінің екінші жартысында ортаға шыққан саяси тұрақсыздық ұшыға түсіп халифаның өлтірілуімен аяқталады. Бұл жағдайлар саяси мақсат пен түсінікке негізделген кейбір топтардың қалыптасуына себеп болды. Осы топтар саяси пікірлерін негіздеу немесе саяси мақсаттарының астында жатқан мүдделерін көрсетпеу үішн діни мәтіндерге арқа сүйейді. Әлидің әскерінен бөлініп кеткен харижиттер осындай жағдайдан туындаған мазһаб болып табылады. Сондай-ақ халифалық төңірегіндегі талас-тартыстарда Әлидің тарапында болғандар уақыт өте келе өзгерген саяси жағдайларға байланысты топтарға бөліне бастайды. Халифалықтың Әли мен оның ұлдарына тиесілі екендігі туралы бір көзқараста болғандарымен, жекелеген мәселелерде бір-біріне қайшы бірнеше діни-саяи топтар пайда болады. Саяси себептер харижиттік пен шииттік секілді екі үлкен топтың қалыптасуына себеп болумен қатар, басқа да мазһабтардың пайда болуында маңызды рөл атқарған. 

Тайпалық, рушылдық сана: тамырын исламнан бұрынғы жаһідік кезеңінен алатын рушылдық, тайпаға бөлінушілік Хазірет Мұхаммед пайғамбардың тұсында исламның жоғарғы моральдық құндылықтарының арқасында тоқтатылғанымен, оның өлімінен кейін қайта бой көрсете бастады. Бірнеше саяси қақтығыстарға, әртүрлі топтардың пайда болуына себеп болды. Осман халифтың өз туыстарын маңызды қызметтерге отырғызуы бұрыннан жалғасып келе жатқан хашими-омейядтар қақтығысын қайта жандандырды және наразылықтардың ең басты себептерінің бірі болды. Хашимиттерден болып келетін Әлидің халифалыққа отырысымен омейядтар әулетінен болған Муавия ибн Әбу Суфянды орнынан алады. Бұған қарсы шыққан ол, Әлиді Осман халифтің өліміне кінәлі деген желеуді алға тартып оның халифалығын мойындаудан бас тартады. Нәтижесінде ислам тарихындағы Сыффин деген соғыс болады.

Әлеуметтік-мәдени себептер: Хазірет Мұхаммед пайғамбардың кезеңінен бастап жайыла бастаған ислам діні басқа дін өкілдері (яһуди, христиан және мәжусилер) тарапынан да қабылданады. Исламды жаю мақсатындағы жорықтардың нәтижесінде исламият Сирия, Палестина, Ирак, Мысыр және Солтүстік Африка, Испания (Андалусия), Иран, Хорасан, Түркістан, Кавказ және Үндістанға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты өз билігіне алады. Бұл жерлерде әртүрлі діни наным өкілдері исламды қабылдады. Ескі сенімдерін тастап исламға кірген адамдардың бір бөлігі жаңа діннің негізгі қағидаттарын тез арада үйреніп қабылдаса, келесі бір топ бұған ұзақ уақытқа дейін жатырқаушылықпен қараған. Ал кейбіреулері болса, шын мәнінде, сенбесе де сенгендей кейіп танытып, өш алу үшін әртүрлі іс-әрекеттерге барған. Исламды қабылдағандардың өздері де жаңа сенім мен дүниетанымдарын ескі наным-сенімдерінің ықпалында қала отырып қалыптастыруға тырысқан. Сайып келгенде бұл себептерге де әртүрлі мазһабтардың қалыптасуына жол ашып брген. 

Қорыта келгенде, ислам дінінде діни сенімге зиян беретін мәселелерде пікірталастырып, бөлінуге тыйым салынған. Ал фиқһ мәселесінде әртүрлі мазһабтардың болуы мақұлданған. Тіпті, фиқһ мазһабтарының болуы мұсылмандар үшін дінде жеңілдік деп саналған. Себебі діннің қатысты жағын қарастыратын фиқһ мазһабтары мұсылман адамның діни өмірін жүйелеп, бір тәртіпке келтіреді. Шындығында да, мұсылман адамның діни өмірін тыныш, бірқалыпты жалғастыруында фиқһтық төрт мазһабтан біреуін ұстануыныі үлкен пайдасы бар. Өйткені мазһаб имамдары бүкіл діни мәселелерде бір мұсылманға қажетті жайттарды бүге-шүгесіне дейін зерттеп, үкімдерін айқындап мұсылманның қызметіне ұсынған. Діни білімді өз бетінше үйренуге деңгейі жетпейтін қарапайым халық белгілі бір мазһабтың ұстанымын басшылыққа алып, сол бойынша жүрмесе қоғамда тұрақсыздық белең алып, ауызбіршілк жоғалатындықтан, бір мазһабты басшылыққа алу барынша тиімді жол болып табылады. Исламда бір мазһабта болудың артықшылығы сол – халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни қақтығыстардың болмауының астарында осы нәрсе жатыр. Өйткені құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді. Сунниттік бағыттағы төрт фиқһ мазһабының ішіндегі жұмсағы әрі халқымыздың жүрегі мен табиғатына, әдет-ғұрпына жақыны Ханафи мазһабы болып табылады. Ханафи мазһабы басқа діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен ерекшеленеді. Қазақстан мұсылмандары – осы ислам тағылымындағы Әбу Ханифа мазһабын ұстанушылар. Басқаша айтқанда, ханафилік бағытта. Жоғарыда айтқанымыздай бұл бағыт суннизмдегі басқа мазһабтарға қарағанда неғұрлым толерантты, қанағатшыл, жергілікті әдет-ғұрып, салт-сана заңдарымен, дәстүрлі нормаларымен санасатын бағыт.

Доктриналдық, құқықтық мазһабтардың ортаға шығып, қалыптасқан уақытынан қазіргі кезге дейін мұсылмандардың 90 %-дан астамын сунниттер, 6-7 %-ын шииттер, қалған азғантай бөлігін шектен шыққан ағымдар құрайды.

Бес парыздың бірі - қажылық Бес парыздың бірі - қажылық
Қажылық «құрмет тұтылған, қасиетті жерді зиярат ету» мағынасын білдіреді. Қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Мекке қаласының жанындағы Арафат
Бес парыздың бірі - зекет Бес парыздың бірі - зекет
    Зекет араб тілінде «көбею, өсу, тазалық» деген мағыналарды білдіреді. Зекеттің парыз болу шарты: балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, қарызы жоқ,
Бес парыздың бірі - намаз Бес парыздың бірі - намаз
Намаз – мұсылман болған ер кісі мен әйелге праыз. Намаздың парыз болу шарттары – мұсылман болуы балиғат жасына жету, ақыл-есінің дұрыс болуы. Намаз –
Ислам ілімі Ислам ілімі
         Ислам сенімінің негізі – бір Алла тағалаға ғана құлшылық ету және бір Алладан ған көмек сұрау (таухид).          Ислам – монотеистік таухид
ИСЛАМДАҒЫ МАЗҺАБ ҰҒЫМЫ ИСЛАМДАҒЫ МАЗҺАБ ҰҒЫМЫ
Мазһабтың сөздік мағынасы араб тілінде «жол, баратын жер» дегенді білдіреді. Ислам терминологиясында мазһаб – белгілі бір бағыт, ілім,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру