
Бес парыздың бірі - зекет
Зекет араб тілінде «көбею, өсу, тазалық» деген мағыналарды білдіреді. Зекеттің парыз болу шарты: балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, қарызы жоқ, нисап көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие мұсылман жылына бір рет Алланың ризалығы үшін Құранда белгіленген адамдарға иелендіруі.
Зекет – Жаратушының бұйырған әмірлерінің бірі. Бұл әмірді орындаған адам Алланың ризашылығын алады. Зекет бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартады. Адамдар арасында ізгі қарым-қатынастар орнайды.
Зекет қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік қарым-қатынастарды реттейді. Зекеті берілетін малдардың түрлері мен зекетті парыз ететін нисап көлемі: алтында – 85 грамм, күмісте – 595 грамм, түйеде – 5 бас, сиырда – 30 бас, қой мен ешкіде 40 бас.
Зекет пақырлар мен міскіндерге, құлдарға, қарыз адамдарға, зекет жинайтын адамдарға, Алла жолында ілім іздеушілерге, ақшасы бітіп жолда қалғандарға, ислам дінін жаңадан қабылдаған адамдарға беріледі.
Пақыр дегеніміз нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдар, міскін – түгі жоқ адамдар.
Зекет мұсылман еместерге, нисап мөлшеріндегі байлық иелеріне, ата-анасына, ата-әжеге, өзінің балаларына, немере-шөберелеріне берілмейді.
Пітір садақа – күнделікті қолданылатын қажеттерінен тыс нисап мөлшеріндегі байлыққа ие адамға уәжіп. Пітір садақаны ораза айт намазына дейін берілуі дұрыс.



