
Мемлекеттік дінтанулық сараптама институтының жалпы сипаттамасы
Дінтанулық сараптама - әлеуметтік маңызы бар мәселелер кешеніне жауап беруге мүмкіндік беретін, белгілі бір дін туралы деректерді жүйелеу.
Дінтанулық сараптама - бұл ар-ождан бостандығы және діни сенім бостандығына, адамның және азаматтың басқа құқықтар мен бостандықтарына халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына және Қазақстан Республикасының Конституциясына, діни ұйымдардың құқықтарына сәйкес сақталу принциптеріне негізделген сот сараптамасының түрі.
Дінтанулық сараптама орталықтандырылған, сондай-ақ жергілікті діни ұйымдарға, басқа да діни ұйымдарға қатысты жүргізіледі.
“Мемлекеттік дінтанулық сараптама” деген ұғымға алғаш рет А.В. Пчелинцев анықтама берген. Оның көзқарасы бойынша, мемлекеттік дінтанулық сараптама – бұл ұйымдардың құрылтай және басқа да құжаттарын, тіркелуші ұйымның тәжірибесін, ұйымның діни сипатын тәуелсіз және объективті тұрғыдан зерттеу. Мұндай зерттеуді құзыретті органның дінтану және мемлекеттік-конфессионалдық қарым-қатынас саласындағы құзыретті сарапшылар мен мамандары жүзеге асырады.
Мемлекеттік дінтанулық сараптама институты ар-ождан бостандығына құқықтық кепілдік беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Дінтану сараптамасының заң деңгейіндегі нормативтік құжатта белгіленуін оның қоғам өміріндегі маңызының артып отырғанымен байланыстыруға болады. Қазіргі діни ахуал жағдайында дінтану сараптамасын республикалық деңгейде жүргізудің маңызы зор. Баршаға белгілі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның конфессиялық кеңістік құрылымы айтарлықтай өзгерді. Жаңа діни ахуалдың қалыптасу жағдайында діни бірлестіктер саны күрт ұлғайды. Ел аумағында шетелдік миссионерлердің іс-әрекеті қарқын ала түсті. Діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланып, үгіт-насихатын күшейтіп отырған теріс пиғылды діни ағымдар көбейді. Радикалды ағымдар идеологиясын насихаттайтын жат мазмұндағы әдебиеттер елімізде тарала бастады.
Осының барлығы дін туралы заңнаманың жаңа заман талабына орай жетілдірілуін, күшейтілуін талап еткендіктен, Агенттік тарапынан дайындалған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Мезгілі жеткен мәселе ретінде дінтану сараптамасы да аталған заңда жеке бап ретінде қамтылды. Осы заңның негізінде «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидалары» атты заңнамалық акті дайындалып, 2012 жылғы 7 ақпанда Үкімет тарапынан бекітілді.
Негізінен, Қазақстанда діни әдебиеттерді сараптамадан өткізу 2007 ж. бастап жүргізілуде.
Сот сараптамасының түрі болып табылатын дінтанулық сараптама мынадай мақсатта жүргізіледі:
- құрылтай құжаттарының негізінде ұйымның діни сипатын, оның негізгі доктринасын және өзіне тиісті тәжірибесін анықтау;
- діни ұйым ұсынған құжаттарда қамтылған оның доктринасының негіздері туралы ақпараттың дұрыстығын тексеру және баға беру;
- мемлекеттiк тiркеу кезiнде жарияланған дiни ұйымның нысандары мен қызметiнiң әдiстерiн, оның өмірдегі нақты қызметiнiң нысандары мен әдiстерiне қаншалықты сәйкес келетіндігін тексеру.
Сараптама кезінде сараптама жүргізуді қажет ететін діни ұйымдардың қызметін мемлекеттік тіркеу мен бақылауды жүзеге асыру кезінде туындайтын басқа да мәселелер нақтылануы мүмкін.
Мемлекет діни ұйымдарды мемлекеттік тіркеу арқылы немесе керісінше осы ұйымдардың ел аумағында қызметіне тыйым салу арқылы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Мұндай жағдайда мамандардың құзыретті шешімі қажет. Мұндай шешімді тек дінтанулық сараптама жүргізу барысында алуға болады.
Осындай сараптама кəсіби білімді қолдану арқылы діни саланы объективті білудің айрықша əдісі болып табылады жəне ар-ождан жəне діни сенім бостандығының кепілдік құралына жатады.
1. Елімізде дiнтану сараптамасын жүргiзу қағидалары «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы Заңына сәйкес әзiрлендi және дiнтану сараптамасын жүргiзу тәртiбiн айқындайды.
2. Дiнтану сараптамасы (бұдан әрi – сараптама) құрылтай құжаттардың, сондай-ақ діни мазмұндағы басқа да құжаттардың, діни білім беру бағдарламаларының, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн анықтау мақсатында жүргізіледі.
3. Сараптама жүргізуді діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі атқарады.




