
Фридрих Ницше
Фридрих Уилһелм Ницше (1844ж. 15 қазан — 1900ж. 25 тамыз) — ХІХ ғасырдағы әйгілі неміс философы және филологы. Басты философиялық идеялары "Үстемдік еркі", "Бірегей", "Мәңгілік қайталаным", "Дионистік рух және Аполлондық рух", "Құндылық атаулыны қайта таразылау", "Перспективизм", "Құдайдың өлімі", "Tschandala", "Тіршілікті ұлықтау", "даралықтың тәуекелшілдігі", "Ақырласқан адам", "Дегдарлық және құлдық мораль" қатарлы ұғымдармен байланысты.
«Таң шапағы» "Таң шапағы", бірінші басылым нұсқасы. Ницшенің уәкілдік туындыларының бірі. Аталған кітап ең алғаш «Таң шапағы – Моральдың алжастыруы туралы толғаныс»(Morgenröte. Gedanken über die moralischen Vorurteile)деген атпен 1881ж. жарияланған. Аталған кітап мораль мен діннің келіп шығу қайнарының мәнді болғанына күмән келтіреді, мораль мен дінге қатысты психологиялық ауыру белгілерін айқындауға тырысады. Ф.Ницше гедонизмнің (рахатқұмарлық) адамзат өміріндегі жетектеуші, қозғатушы болу рөліне сенімсіздік білдіреді. Билеу, үстемдік ету, бойұсындыру, тәуелдеу түйсігінің адамзат тарихы мен өміріндегі айырықша рөліне назар аударады. Өмірдің шынайы мотивациясы түбегейлі мағынада «Үстемдік еркінен» туады деген идеяны қорғауға тырысты. Ол осы кітабында мораль мен мәдениет саласында бірдей релятивизм (салыстырмалық) идеясын ұстанып, христиан дініне қарата соған дейін де жасалған шабуылын одан сайын үдетті.
Таң шапағы адам өміріндегі көптеген салалар туралы толғанады, үйленуден христиан дініне дейін, тәрбиеден патриоттыққа дейін, этикалық құлдықтан рухани азаттыққа дейін жанды шымырлатар пікірлермен айшықты түрде талдау жасалады. Кітапта позитивизмдік сананың ізі де айқын байқалады. "Мәңгілік қайталаным" идеясы да мұнда өз өрнегін табады.
Қарсы жақты сүю мен аялау деген оған өз күшіңді көрсету амалы; қарсы жаққа тиісу, қорлау, залал жеткізу де өз күшіңді көрсету амалы; сен қайсысын таңдамақшысың? ("Таң Шапағы")
Ф.Ницше бұл кітабында жазған нақылдарының («Таң шапағында» 575 нақыл сөз бар) айтар ойы тұнық, пікір жүйесі байсалды, көркемдік нақышы жетілген, оқыған адамға өзгеше сезім сыйлайды. Шығарма бойында оқырманды мәжбүрлеген идеялар аз, ақталулар мен түсіндірулер лайықты мөлшерде. Бұл кітабы оның кемел шағына жеткенінің белгісі болды. «Таң шапағын» алғаш рет ағылшын тіліне аударған J.M. Kennedy оны «психологтарға арналған кітап» деп бағалаған екен.
«Шаттану ілімі».《Шаттану ілімі》- (Die fröhliche Wissenschaft,1882ж.)Фридрих Ницше шығармашылығының орта мезгіліндегі көлемі ірі, толыққанды жазылған кітап есептеледі. Бұл кітапта Ф.Ницше нақыл сөз арқылы ойды жеткізу тәсілін мықтап қолға алған және кітапта көптеген өлең жолдары да кездеседі. Кітапта автор философ ретінде ғылымға қарсы болады, өнермен айқасады, сондай-ақ философиялық тілдің өзіне де аяусыз сын айтады. Ол өнер мен ғылымның сыртында тұрып, өмірге деген құштарлықты паш етуге тырысады. Кітап адамзат рухани әлемінде ғылым мен өнер мәселесін жаңа деңгейде қарап, ғылым мен өнердің өзара үндесуіне және қатар тұруына жол сілтейді.
Бұл кітаптың өзекті идеясы - тіршіліктің ұлылығын мадақтау, эстетикалық құштарлықпен жеңіл философиялық стиль арқылы тіршіліктің қасиетін дәріптеу. Ф.Ницше осы кітабында «Мәңгілік қайталаным» идеясын ұсынып, таза жеке адамдық тіршілік тұрғысынан адам қалай әрекет етуі керектігіне талдау жасады. Бұл христиандық (кезектегі дене рахаттарынан баз кешіп, ұзақ уақыттық рухани тақуалық арқылы жетпекші болған) өлгеннен кейінгі өмір шаттығы – жаннатағы керемет өмірді дәріптеуге қарсы болды. Осы нақты жарық өмірдің бақыты мен шаттығы адам үшін шешуші екенін, өмірден де биік арман дегеннің құр алдамшылық екенін сипаттады.
Сенің қазіргі өмірің, бүгінге дейінгі бастан кешіргенің түгелдей қайта бір рет, тіпті шексіз түрде қайталана береді. .... Барлық тәжірибелерің кеңеймейді де, тараймайды, қайта ұп-ұқсас тәртіппен қайта оралады. («Шаттану ілімі»)
Бұл кітабында Фридрих Ницше өзінің ең танымал және ең көп талас тудырған пікірлерінің бірі «Құдай өлді» идеясын ашық ортаға салды. Ол бұл идеясын бірнеше түрлі түсіндірді:
"Көптеген құдайлар болған екен. Арасындағы біреуі мен Құдайлардың Құдайымын, бірден-бір құдаймын депті екен. Қалған құдайлар оны мазақтап қатты күлісіпті. Сонда ол Құдай ұялғанынан өліп кетіпті," - бұл бірінші түрлі айтылым.
Екіншісі, «Құдай Тағала христиан діні бойынша өте мейірбан болғандықтан, ол өзі жаратқан адамдардың осыншалық азаптанып, қорланып, қиналғанына төзіп тұра алмай бауыры езіліп өліп кетіпті» - бұл екінші айтылым.
Жақсы мен жаман сыртында» Ф.Ницше «Жақсы мен жаман сыртында» (Beyond Good and Evil) - Фридрих Ницшенің тағы бір өте маңызды туындыларының бірі. 1886 жылы Ф.Ницше «Жақсы мен жаман сыртында – болашақ философияның беташары»(Jenseits von Gut und Böse. Vorspiel einer Philosophie der Zukunft)деген кітабын жариялады. Бұл кітапты мағынасына байланысты «ізгілік пен пасықтық өлшемінен асып өту» деп те атауға болады. Кітап «Заратуштра солай айтқан» кітабында кездесетін кейбір идеялардың түсіндірмесі іспетті, сосын кейін жазбақшы болған «Үстемдік еркі» кітабына әзірлік болатын.
Кітап тоғыз бөлімге бөлініп, 296 арнаулы нақылдан құралған.
- Философиялық жаңылыс
- Еркін рух
- Діннің мәні
- Нақыл және қысқа әуен
- Моральдың табиғи тарихы
- Біз оқымыстылар
- Біздің ізгілігіміз
- Халық және отан
- Ақсүйек деген кімдер?
Бұл кітапта «жақсы», «жаман» деген сөздерге философиялық талдаулар жасалды, «моралсыздық» пен «бейморалдықты» ажыратты. Алдыңғысы қоғамдық пікір үшін жамандық болса, кейінгісі де қоғамдық пікір үшін жамандық, бірақ ол жаңа өмірге талпынушы үшін қажетті жол болмақ. Әсіресе, Ол бұрынғы заманғы этика өлшемдеріне қазіргі заман адамдарының барынша сай келуге тырысушылдығына назар аударып, моралдық өлшемдер мен моралдық практика ортасындағы кеше мен бүгінді сай етуден туатын қайшылықты ашып көрсетеді. Ол табиғи тіршілік этикасын дәріптеді, адамдыққа сай келетін, ішкі сұраныстардың талабы ретіндегі, адамды күшейтетін, құлпыртаттын, күшке, билікке жеткізетін жақсылықты дәріптеді.
Ф.Ницше философтар көңіл бөлетін «ақиқаттың өлшемі не? Жақсылық пен жамандықтың ортақ өлшемі бар ма?" дегенді зерделеді. «Ұлы нәрселер ұлылар үшін сақталуда. Шыңыраулар тұңғиық адамдарды күтуде. Жұмсақ және қалшылға толы нәрселер нәзік ойластыратын епті адамдарды күтуде. Яғни, барлық сирек кездесетін нәрселер сирек кездесетін адамдарды күтуде.» Адамзат ұлы, терең, нәзік мәселелерді табуы, сондайға бойлауы керек, тіршіліктің жақсылығы дегеніміз сол!
Дін Ф.Ницше бойынша, кейбір адамдар мен топтардың өз билік еркін іске асыру құралы ғана. Олар дерексіз жоғары күшке бойсұнуды, өз болмысы мен талабын теріске шығаруды, рухани әлемін бұлдыратуды және өмірге деген жігер мен құлшынысты әлсіретуді жақтайды, орташа талапқа сай болуды көздейді. Дін "адамның түкке тұрғысыздығы мен мәнсіздігін" айтады. Өз-өзіңді қинасаң, нәпсіні тежесең өлгеннен кейін бақытты болатыныңа уәде береді. Бұл өзін қор көретін, әлсіз сезінетін, өмірге ренішті қарайтын әр адамның өз өмірінің маңызын жоққа шығаруы үшін таптырмайтын сылтау. Ең маңыздысы, діннің таралуына ыңғайлы жағдай - адамдардың көп сандысы өмірге қарата жасырын саналық түңілісті көңіл-күйде, үрейлі сезімде болады.




