
Дастарқан жасау (сервировка)
Егер үстелдің беті түскі ас кезінде дастарқанмен жабылатын болса, оның астына клеенка төсеген дұрыс. Ол үстелді ыстық ас құйылған ыдыстың түбі бүлдірмеуі үшін және дастарқанның үстел бетіне қыртыстанбай тегіс жайылуы үшін керек. Үстелдің орта тұсына қыша, сірке су құйылып, бұрыш, тұз салынған арнаулы ыдыстар, нан салынған тарелка қойылады. Кішкене тарелкаларды үстел жағалай өзара ара қашықтығын бірдей етіп орналастырады. Әр тарелканың оң жағына қасық, жүзін тарелкаға қаратып пышақ, ал сол жағына – шанышқы қойылуы тиіс. Қасық пен шанышқының дөңес беті төмен қарайды. Егер дастарқан мәзірінің құрамында салқын тамақ болса, тарелкалардың үстіне одан кішілеу тағы бір тарелка қояды. Матадан жасалған сулық орамалды (салфетка) төрт бүктеп, тарелканың оң жағын ала қасықтың қасына қойған жөн.
Үстелден салқын тағамдар мен оларға арналған тарелкаларды жинағаннан кейін ыстық сорпа беріледі. Сорпа құйылған ыдыс, ожау, шұңғыл ыдыстар ас құюшының оң жағынан орын алады. Ыстық сорпа ішіліп болған соң, біріншіге арналған барлық ыдыс жиналып алынып, олардың орнына қою тағам (екінші) салынған ыдыстар әкелінеді. Ал, тәтті тағам әкелінбес бұрын осының алдында пайдаланылған ыдыстар, қасық, шанышқылар жиналып, дастарқан үстіндегі ас қалдықтары мұқият сыпырылады.
Таңертегілік немесе кешкі тамақтану кезінде де дастарқан жасаудың осыдан айырмашылығы болмайды (тек ас қасық орнына шай қасық беріледі және шұңғыл тарелкалар қойылады).
Кешкі шайға арналған үстелдің бетін түрлі-түсті дастарқанмен жабуға болады. Әркімге бір-бірден десертті тарелка беріліп, олардың үстіне салфетка, оң жағына – десертті пышақ, сол жағына – десертті шанышқы қойылады. Печенье салынған және тосап (варенье) құйылған ыдыстардың, тосаап салып алатын розеткалардың, лимон салған тарелкалардың орны – үстелдің орта тұсы. Шай ыдыстары мен шәйнек (чайник) шай құюшының жанында болғаны ыңғайлы. Самаурынды немесе үлкен шәйнекті арнаулы кішкене үстелге қойып, оны шай құюшы отырған үлкен үстелге таяу орналастырған қолайлы.
Мерекелік дастарқан жасау. Мерекелік түскілікке немесе кешкі қонағасыға арналған үстелдің беті ақ дастарқанмен жабылады. Үстел үстіне гүл қойса тіпті жақсы.
Әдетте үстелдің орта тұсында жеміс салынған ыдыс, сауыттағы бұрыш, қыша, сірке су қойылады. Әр жерде ұнтақ тұз тұрғаны жөн. Салқын тағамдар ортаға жақын жерге, нан салынған ыдыстар үстелдің әр бұрышына орналасады. Әр түрлі сусындар үстелдің ұзынына жарма ортасын бойлай әр жерде тұрады. Үстел бетін жағалай ара қашықтығы бірдей етіліп тарелкалар қойылады. Кішкене тарелканың үстінен салқын тағамға арналған ыдыс, оның сол жағынан пирожкиге арналған ыдыс орын алады. Пышақ, қасық, шанышқылардың орны күнделікті сияқты. Ерекше салтанат кезіндегі дастарқан жасағанда әдеттегі асхана ыдыс-аяғына салқын тағам мен балық салатын ыдыстар қосылады. Мұндай жағдайда асханалық шанышқылардың жанына балық пен салқын тағам үшін бөлек пышақ қойылады.
Сусынға арналған бокалдар мен фужерлердің орны – тарелканың тұсы. Егер үстелдің көлемі мүмкіндік берсе, десерттерге арналған құралдарды сусын ыдыстарынан кейін орналастырады. Десерттік пышақ, қасық, шанышқыларды десерттік тарелкалармен бірге беруге болады. Ішіп-жейтін тағамның әр түріне бөлек-бөлек қасық, шанышқы, қалақша немесе қысқыш берген дұрыс.




