
Жүктілік
Жүкті әйел организмінде әр түрлі функционалдық өзгерістер болады. Әйел бойында жүктіліктің алғашқы белгілері білінісімен – етеккірдің кідіруі, кейде жүрек айнып, бас айналуы – ол дереу әйелдер консультациясына барып көрінуі қажет. Бұл дәрігерге екіқабаттылық мерзімін және босанғанға дейінгі демалыс уақытын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Жүктілік орта есеппен 40 аптаға созылады.
Жүктіліктің бірқалыпты өтуіне және нәрестенің дамуына әсер ететін негізгі шарттардың бірі – дұрыс тамақтану. Ұннан жасалған және майлы тамақтарды шамадан тыс жеуге болмайды, өйткені ол кейде баланың салмағын ауырлатып, әйелдің қиналып босануына себепші болады. Жүктілік кезеңінің бірінші жартысында күніне 4 реттен кем тамақтанбау керек. Ал екінші жартысында нәрестенің интенсивті өсуіне және әйел организміне түсетін ауыртпалықтың көбеюіне байланысты күніне (аз-аздан) 5-6 рет тамақтанған жөн. Көкөніс, жеміс-жидек, сүт, және сүттен жасалған тағамдар, піскен ет, балық тағамдарын пайдаланған дұрыс. Ет сорпасы мен тұзды (5 г-ға дейін) шектеген жөн. Күніне 5 стаканнан артық сұйық ішпеу қажет. Денеде ісіну пайда болса не салмақ ауырлай бастаса, дәрігердің кеңесімен, жартылай «ашығу» күндері белгінеді. Әсіресе тамақ құрамында қажетті витаминдердің (жас көкөністер мен жеміс-жидектер) жеткілікті болуына көп көңіл бөлу керек, ал қыста тамаққа сироп, не болмаса құрамында А, В, С, Д, Е витамині бар ашытқы қосу қажет. Құрамында кальцийі бар тағамдарды (сүт және сүт өнімдері) көбірек пайдаланған дұрыс. Екіқабат әйелдердің ішінің жүрмей қалуы ықтимал. Ондайда жатар алдында айран ішкен жөн, ал ашқарынға (таңертеңгі астан 30 минут бұрын) жас көкөніс пен жеміс-жидек (сәбіз, қызылша, алма, қара өрік және т.б.) жеген жақсы. Дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмек қолдануға болмайды: өйткені бұл түсік тастауға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Жүкті әйелдің дене тазалығына көп көңіл бөлген жөн. Күн сайын белуарға дейін бөлме температурасындағы сумен жуынып, аптасына кем дегенде 1 рет душ қабылдаған дұрыс. Жылы ваннаны (судың жылылығы 34-350С) 15 минуттан артық пайдаланбау керек. Жүктіліктің соңғы 3 айында ванна қабылдауға болмайды. Теңіз суына және басқа да табиғи суларға түсуге денсаулығы жақсы әйелдерге ғана рұқсат етіледі.
Жүктілік кезеңде сүт бездерін ұқыпты күтсе, ол баланы емізген уақытта қиындық тудыратын емшек ұштарының деформациясынан, сондай-ақ басқа да бірқатар емшек ауруларынан қорғайды. Кеудені күн сайын сабынды жылы сумен жуып, қаттылау орамалмен сүрту керек. Кейде әйелдер консультациясында үйрететін арнайы массаждың да пайдасы болады. Әсіресе, жыныс органдарының тазалығына мұқият көңіл бөлу керек: сабынды жылы сумен күніне рет (тік ішектен қынапқа қынапқа микроб түспеу үшін алдан артқа қарай) шайынған жөн. Екіқабат кезде бүркіп шайыну (спринцовка) тәсілін қолдануға болмайды. Жүктіліктің алғашқы 2 айында (түсік түспеуі үшін), сонымен қатар ана мен іштегі нәресте организміне ауру жұқтыру қаупінен сақтану мақсатында босануға дейінгі демалыс кезінде жыныстық қатынасты шектеген дұрыс.
Екіқабат әйелдің денсаулығы үшін ұйқының маңызы зор. Ол жеке кереуетте, кемінде 8 сағат ұйықтауға тиіс. Таза ауада көбірек болу әйелдің денсаулығына және нәрестенің дамуына қолайлы жағдай жасайды. 1 сағаттан астам таза ауада серуендеу керек. Әсіресе, ұйықтар аллында серуен өте пайдалы. Бөлмені күніне желдетіп алу қажет.
Екіқабат әйелдің киімі кеудені, белді, ішті, мықынды қыспайтындай кең болуы керек; аяқ киімнің өкшесі аласа болғаны жөн. Жүктіліктің 6-7 айлық мерзімінен арнайы бандаж киген пайдалы, ол ішті бірқалыпты ұстауға, жатырдың дұрыс орналасуына және құрсақтың шектен тыс созылып кетпеуіне септігін тигізеді. Екіқабат кезеңде ой және дене еңбегімен көп айналысып, шаршамау жағын қарастыру керек.
Кейде жүктілік организмдегі әртүрлі құбылыстар әсерінен ауыр өтеді. Мұның жүктілік мерзімінің бірінші жартысындағы алғашқы белгілері – құсу, жүректің айнуы, бас айналып, көздің қаруытуы, жалпы әлсіздікті сезіну, ал кейінірек қан қысымының көтерілуі, ісіну, т.б. арқылы білінеді. Мұндай жағдайда дереу дәрігерге көрінген жөн. Дәрігер бақылуында болып, оның берген кеңестерін мүлтіксіз орындау керек. Екіқабат кездегі кез келген ауру (грипп, қызамық, ангина, ревматизм, қант диабеті, бүйректің, жүрек қантамырлары жүйесінің зақымдануы, т.б.) сондай-ақ, дұрыс тамақтанбау, дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмек қолдану, темекі тарту және алкогольді ішімдік қабылдау нәрестенің бірқалыпты дамуына зиянды әсерін тигізеді. Тіс ауруларын емдетіп, жұқпалы ауру қоздыратындарын жұлдырып тастау керек.
Әйелдің денсаулық жағдайының жақсаруына, организмнің сыртқы қолайсыз әсерлерге қарсы тұру қабілетінің артуына, асқа тәбеті ашылып, ұйқысының бірқалыпты болуына, босану кезінде күш түсетін бұлшық еттерінің нығаюына көмектесетін арнайы комплексті гимнастикалық жаттығулар белгіленген. Екіқабат әйел оны консультациядан үйренген соң үйде қайталап отыруы қажет. Осы комплексті игерген және әйелдер консультациясынан психопрофилактикалық дайындықтан өткендер көп қиналмай, жеңіл босанады. Әйелдер консультациясында екіқабат әйелге оның денсаулығы және жүктілік мерзімінің өту барысы жайлы негізгі мағлұматтар тіркелген арнайы карта беріледі. Мұның әйелді босандыру кезіндегі маңызы зор, сондықтан да жүктілік мерзімінің соңғы айларында бұл картаны жүкті әйел әрдайым даяр ұстауға және перзентханаға ала баруға тиіс.



