Жастар порталы
Сүйінші сұрау
16.07.2019 753 0 admin

Сүйінші сұрау

Салт-дәстүр

Ыбырайым пайғамбар көпке дейін бала сүймейді. Бірде Бибіжар анамыз ұл босаныпты. Пайғамбардың қуанышы қойнына сыймай, жұрттан сүйінші сұрапты. Ұлық Алла да оның қуанышын бөлісіп:

– Мендей мәрт Құдайға жомарттық қана жарасады. Сүйіншіңе атағаным болсын. Ақырдың соңында шығатын досым Мұхамбеттің нұры осы ұлыңның белінен тарайды, – депті.

Осыдан бастап ел ішінде біреудіңі шаңырағында қуаныш болса, ол жұртпен бөлісіп, сүйінші сұрайды. Ел-жұрт та оның қуанышымен бөлісіп, байғазы береді екен.

Бұл үрдіс барлық пайғамбардың тұсында жалғасып отырған. Исламда да осыған орай мынадай аңыз бар.

Сахабалардың бірі Әбу-Лақапты түсінде көріп, оның жағдайын сұрапты.

         – Жағдайымның несін сұрайсың? Ұлық пайғамбардың жақын ағасы болсам да, Алланың рахметінен мақұрым қалдым. Мені қара басты. Алланың досымен дұшпандасып, оған зарар бердім. Ақырында Құдайдың қаһарына ұшырап, жаһаннамға түстім, – дейді. – Бірақ, соның өзінде Алла маған екі түрлі жеңілдік жасады. Ол менде ғана бар. Біріншісі: дүйсенбінің түнінде мені азаптау толық тоқтайды. Екіншісі: сол күні шаһадат бармағымды сорсам, одан салқын су шығады. Шөлімді қандырып рахаттанамын.

         – Не себептен олай? – деп сұрайды сахаба.

         – Мұхамбет пайғамбар дүйсенбі күні түнде туды. Менің күңім бұл хабарды айтып, менен сүйінші сұрады. Сол жолы шын қуанып, күңімді құлдықтан азат еттім. Соның құрметіне Алла мені бір күн азаптан босатады. Сосын күңіме: 

         – Үйдегі шұбатты алып, Әминаға апар. Күш-қуаты сарқылып, әлсіреп жатқан болар. Шұбат ішіп, әл жинасын. Омырауына құнар бітсін, – деп едім. Соның шарапатынан болар дүйсенбіде бармағымды сорсам, шұбат шығады. Жаным жай табады, – депті.

         Сахаба ертесіне көрген түсін пайғамбарға айтып береді. Сонда пайғамбар:

         – Бұдан бұлай кез келген қуанышты сүйіншілеңдер, сүйінші сұраған кісіні құр қол қайтармаңдар. Шамаларың жетсе, сыйлық беріңдер, – депті.


Нәрестеге көрімдік беру


         Мәуліт жырында пайғамбар дүниее келгенде жеті қат көк пен жеті қат жер, он сегіз мың ғалам оны көруге келеді. Бір-бірінен: «Пайғамбар дүниеге келді!» – деп, сүйінші сұрайды. Бүкіл періштелер зияраттап оның үйіне келеді. Олар дүр гауһарлар мен әртүрлі сыйлықтар тарту етеді. Жаңа туған балаға:

         – Рахымның нұры келді!

         – Үмбеті көп болсын!

         – Үмбеті Алланың досынан болсын!

– Дені сау болсын! – деп дұға-тілектер айтады.

Мәуліт жырында жиі айтылатын бұл сюжет қазақ арасына тарап, пайғамбардың сүндетіне айналды. Жаңа туған нәрестеге көрімдік беру, құтты болсын айтып сүйінші сұрау, тілек айту рәсімдері қазақ дәстүрінің бір бөлшегін құрыпты.


Дереккөз: Салт-дәстүр сөйлейді. Отбасы хрестоматиясы. / Авторлар: Б.Бопайұлы, С.Керімбай, М.Төлеген, Ә.Нәби, А.Тасболат. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, - 2014. – 288 бет. 

Құрсақ шашу салты Құрсақ шашу салты
    Әмина анамыздың бойына бала біткенде Мұхамбет пайғамбардың нұры анасының жатырына ауысады. Нұрдың шапағынан Әмина анамыздың дидары нұрланып сала
Ислам ілімі Ислам ілімі
         Ислам сенімінің негізі – бір Алла тағалаға ғана құлшылық ету және бір Алладан ған көмек сұрау (таухид).          Ислам – монотеистік таухид
Ислам дінінің қалыптасуы Ислам дінінің қалыптасуы
Ислам әлемінің ғалымдары ислам діні тек бір қауымға, бір ұлтқа ғана тән жаңа дін деп санамайды. Ислам бүкіл адамзатқа берілген ең соңғы, кемел, білім
Мазһабтардың пайда болу себептері Мазһабтардың пайда болу себептері
Мазһабтардың ортаға шығуынан ықпал еткен ең басты себептерді былайша түйіндеуге болады: Құран және сүннеттегі ерекшеліктері: исламның негізгі қайнар
ИСЛАМДАҒЫ МАЗҺАБ ҰҒЫМЫ ИСЛАМДАҒЫ МАЗҺАБ ҰҒЫМЫ
Мазһабтың сөздік мағынасы араб тілінде «жол, баратын жер» дегенді білдіреді. Ислам терминологиясында мазһаб – белгілі бір бағыт, ілім,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру