Жастар порталы
Құрсақ шашу салты
15.07.2019 488 0 admin

Құрсақ шашу салты

Салт-дәстүр

       Әмина анамыздың бойына бала біткенде Мұхамбет пайғамбардың нұры анасының жатырына ауысады. Нұрдың шапағынан Әмина анамыздың дидары нұрланып сала береді. Сыр-сымбаты бұрынғыдан да ажарланып, көркі кемелінен асыпты. Ел арасында «нұр дидарлы», «ең әдемі әйел – аяғы ауыр әйел», «жүкті әйелдің жүзінен нұр еседі» деген сөздер осыған орай айтылыпты деседі. Әмина анамыздың нұр жамалына ынтық болған періштелер оның дидарына қарау үшін аспан әлемінен ағылып келеді екен. Ұлық Алла періштелерге:

- Дүниеге менің сүйікті досым келеді. Жәннаттың дүр гауһарлары мен інжу-маржандарын Әминаға шашыңдар. Шашулар оның жүрегіндегі мейірім мен махаббаттың шексіз қайнар көзін ашады. Әминаның қуанышына ортақ болған жандарға менің рахмет нұрым жауады. Аяғы ауыр келіншектің ниеттес жақындары неғұрлым көп болса, ұрпағының да адал достары соғұрлым көп болады, – дейді.

Бұны естіген періштелер, үрлер мен ғилмандар жарыса барып, пайғамбардың анасына шашу шашады. Пейіштің жеміс-жидектерімен Әмина анамыздың жерігін басып, кәусар бұлағының суымен шөлін қандырады.

Қазақ арасында құрсақ шашу деген дәстүр осыған орай шықса керек. Әйелдің бойына бала біткенін естіген жұрт оның шаңырағына келіп, шашу шашып, ақ тілек айтатын болған. Көрші келіншектер мен ақжүрек құрбылары жәнен тату абысындары оның жерігін басу үшін әртүрлі тәтті, дәмді ас-ауқаттар пісіріп үйіне барады. Енелері «келінді ата-баба аруағы қолдап жүрсін» деп үйінің оі жақ керегесіне ақ орамал байлайды.

Құрсақ шашу дәстүрі «Алпамыс батыр» жырында да баяндалған. Байбөрі мен Аналық барлық әулиені қыдырып, етегін шеңгел сыдырып жүріп Құдайдан бала тілейді. Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің басына түнеген түні тілегі қабыл болып, бәйбішенің құрсағына бала бітеді. Осы жаңалықты естіген ел-жұрты жиналып, құрсақ шашу шашады. Ақселеу Сейдімбекұлының шалқыма үлгісімен баяндаған «Алпамыс батыр» жырында:

«...Жақсы нышанды көздері көріп, көңілі орныққан ел-жұрты сол жерде құтты болсын айтысып, Байбөрінің төбедей ақ ордасының төріне жеткізе құрсақ шашу шашты», – деп суреттейді.

«Алпамыс батыр» жырының Сұлтанқұл Аққожаев жырлаған нұсқасында:

– Әр жерден халқы келді де,

«Құтты болсын!» - деді де, 

Құрсақ шашу жеді де,

Қайтадан халқы тараған, - деген жыр жолдары бар.

Қазақстанның басым бөлігінде бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Махаббатпен, адал достықпен мағыналы өмір сүремін деген адамға бұл салт – таптырмайтын тәрбие құралы.


Дереккөз: Салт-дәстүр сөйлейді. Отбасы хрестоматиясы. / Авторлар: Б.Бопайұлы, С.Керімбай, М.Төлеген, Ә.Нәби, А.Тасболат. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, - 2014. – 288 бет.  

Сүйген әйел Сүйген әйел
Әйел ұрысқанда бейпіл боп кетеді. Сүйіктісінің жанына ауыр тиетін сөздерді айтады. Қыршаңқы мінезін көрсетеді. Шектен шығады. 
Жыныстық қуат Жыныстық қуат
Жыныстық қуат қарама-қайшылы принциптердің өзара әрекеттесуі – жағымды және жағымсыз, түнек пен жарық, ер мен әйелдің – көптеген болмысты сипаттайтын
ОТБАСЫНДАҒЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК ОТБАСЫНДАҒЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК
Отбасы татулы­ғы мен үйлесімділігі ата-ана мен бала және ерлі зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік сезімімен тығыз байланысты. Ата-ана мен бала
Жүктілік Жүктілік
Жүкті әйел организмінде әр түрлі функционалдық өзгерістер болады. Әйел бойында жүктіліктің алғашқы белгілері білінісімен – етеккірдің кідіруі, кейде
Ислам дінінің қалыптасуы Ислам дінінің қалыптасуы
Ислам әлемінің ғалымдары ислам діні тек бір қауымға, бір ұлтқа ғана тән жаңа дін деп санамайды. Ислам бүкіл адамзатқа берілген ең соңғы, кемел, білім
Пікірлер (0)
Пікір білдіру