
БАЛАҢЫЗ ЕКІ АЛЫП ҚАЛСА НЕ ІСТЕЙСІЗ?
Иә, "кезінде біз екі алып қалсақ та, қылмыс жасағандай қуыстанып жүретін едік. Әкемізден қорқатын едік. Қазіргі балаларға бұл сөз емес. Ешкімнен жасқанбайды" деген сөздерді сіз де айтатын шығарсыз. Шынымен де, бұрын адам басқа болды ма, әлде қоғамдық сана басқа ма, әйтеуір сондай еді. Ұяттың қабы әлі тозбай тұрған кез ғой...
Ал қазіргі балаға бұндай талап қоя алмайсыз. Қазір баланы жасырып емес, керісінше, ата-анасына барлығын айта алатындай, өз әке-шешесімен сырласа алатындай етіп өсіру керек. Себебі, ол өз әке-шешесімен сырласпаса, міндетті түрде сырын айтып, ойын бөлісетін біреуді тауып алады. Ғаламтордағы әлдекімдермен дос болып, соларды үлгі тұтып кетеді, не бір ойынға кіріп кетеді дегендей...
1️⃣ Балаңызға «Қандай жағдай болса да, мен сені жақсы көремін. Сен менің баламсың, мен саған сенемін, сен ақылдысың, сен адам боласың» деген сөздерді жиі айтып тұрыңыз. Сол кезде бала өзінің жалғыз емес екенін сезінеді. Жасқаншақ болмайды. Сізге деген махаббаты артады. Болашаққа деген сенімі оянады. «Әке, мен мынаны құлатып алдым», «Мен сындырып алдым», «Мен екі алып қалдым» деп кез келген істе сізбен сырласатын болады.
2️⃣ Мысалы, балаңыз екі алып қалды делік. Не істейсіз? Әрине, кінәләудің, ұрсудың, дүрсе қоюдың қажеті жоқ. Екінші рет алмайтындай жағдай жасауыңыз керек. «Екі алып қалдың ба? Бұл жаман болған екен. Қазір онда біз сені ертең бес алатындай қылайық!» деп жауап беріңіз. Сүрінген кезде үстін қағып орнынан тұрып кетуіне, қисық жерін өзі түзетіп алуына жағдай жасауыңыз керек қой. Сондықтан балаңызға жарты сағат уақыт қиып, онымен бірге өзіңіз де сабақ оқыңыз. Өзіңіз де жаттаңыз. Әлгі сабаққа өзіңіз де қызығыңыз.
3️⃣ Балам, қандай жағдай болмасын, менен ештеңе жасырма. Шындықты айт, менен жасырмаған сайын мен сені жақсы көре беремін» деп айтыңыз. «Осындай шыншыл бала берген Құдайға шүкіршілік етемін» деңіз. Сонда балаңыз сізді ең жақын адам тұтады. Құрметтейді. Үлгі алады. Сырын айтады. Әрі шыншыл, ісін аяғына дейін жеткізе алатын тиянақты болып өседі.
Автор: https://www.instagram.com/balatarbiesy/




