
Ас үйді жабдықтау
Қазіргі пәтерлердің ас үйі көптеген шаруашылық жұмыс түрлерін атқаруға пайдаланылады. Негізінен ас дайындауға арналғанымен, кейде кір үтіктеу, киім тігу сияқты үйдің басқа да ұсақ-түйек істері сол бөлмеде атқарылады. Ас үй мақсатына, жабдықталуы мен пайдаланылуына қарай тамақ әзірленетін ас үй, тамақ ішетін ас үй, яғни асхана деп бөлінеді.
Тамақ әзірленетін ас үй негізінен тамақ әзірлеуге және шаруашылық жұмыстарын істеуге есептелген. Мұндай ас үйде отбасы мүшелері тамақты әр кезде, бөлініп-бөлініп ішеді.
Тамақ ішетін ас үйде, яғни асханада отбасының барлық мүшесі бір мезгілде тамақ ішуге арналған үстел тұруға тиіс.
Ас үйде атқарылатын барлық жұмыс түрінің ішіндегі ең негізгісі – уақытты көп алып, күштің де көбірек жұмсалатыны – тамақ әзірлеу және ыдыс-аяқты жинау. Тамақ әзірлеуге әйел күніне орта есеппен 4 сағат уақыт жұмсап, бірнеше км жер жүреді екен.
Оның үстіне ас үйдегі жұмыс жағдайының қолайсыздығымен бірге (ыстық, ылғал, булану, шу, ауа құрамының өзгеруі) әйелдің тамақты негізінен тік тұрып әзірлейтінін де естен шығармау керек. Ас үйдегі жұмытар тиімді түрде ұйымдастырылса, үй шаруашылығын жүргізуге жұмсалатын уақытты қысқартып, еңбекті жеңілдетуге әбден болады.
Ас үй жабдықтарын қолайлы топтастыру және орналастыру, барлық қажетті затқа әйелдің қолы еркін жететіндей болуы, тұрмыстық техниканы кеңінен пайдалану жұмысты жеңілдетуге, дене еңбегін азайтуға мүмкіндік береді. Жұмысты тиімді ұйымдастыру, мақсаттылық принципін сақтау және тұрмыстық техникан кеңінен қолдану тамақ әзірлеуге жұмсалатын уақытты 1,2-1,5 есе қысқартып, әйелдің еңбегін азайтады және оның көп шаршамауына септігі тиеді.
Әрбір ас үйде қажетті жабдықтарды дұрыс орналастырудың маңызы зор. Ас үйдегі жабдықтың жиынтығы пәтердегі бөлмелердің орналасуына және отбасы құрамына байланысты болуға тиіс. Ал олардың қайсысын қай жерге қою керектігі ас үйдегі шаруашылық жұмыстарының қандай кезекпен атқарылатынына сәйкес келуі керек.
Жабдықтарды орналастыру. Ас үй жабдықтарын мынадай тәртіппен орналастырған пайдалы: тоңазытқыш – ыдыс жуғыш – жұмыс шкафы – үстел – газ плитасы – ыдыс-аяқ үстелі. Оның орналасуы әйелдің солдан оңға қарай қозғалуына ыңғайлы болғаны дұрыс. Жабдықтардың барлық элементінің – мебель мен аспаптардың тығыз орналасуы қажет.
Ас үй жабдықтарының негізгі бөлшектерін бір қатарға – қалың қабырғалардың бірін қуалай орналастырған анағұрлым қолайлы. Ол әйелді жабдықтардың аралығында бос айналып, басы артық бұрылыстар жасаудан құтқарады, сондай-ақ бүкіл жұмыс барысын көзден таса қылмай қадағалап отыруына мүмкіндік береді.
Негізгі жабдықтан қарсы беттегі қабырғаға немесе қарсы бетте тұрған қосымша жабдыққа дейінгі аралық кемінде 110 см болғаны жөн. Егер ас үйдің көлемі мен орналасуы мүмкіндік берсе, ас үй жабдығын жапсарлас екі қабырғаға бұрыштап орналастырған дұрыс. Мұндай жағдайда қосымша элемент – бұрыштық үстел-шкаф пайдаланылады. Жабдықтарды бұлай орналастыру бұрыштық үстел-шкафтың үстін де, ішкі қуыстарын да пайдалануға жағдай жасайды. Егер жабдықтар ас үйдің түкпіріндегі бұрышқа орналастырылса, қосымша жарық көзін қарастыру қажет.
Ас үй ұзыншалау болса, оның жабдықтарын бір-біріне қарама-қарсы екі қабырғаны қуалай (екі қатарлы етіп) орналастырған жөн. Бірақ бұл жағдайда жабдықтардың негізгі заттарын – ыдыс жуғышты, шкаф-үстел мен газ плитасын бір қабырғаның бойына қойған дұрыс.
Тамақ ішуге арналған үстелді, тағы басқа қосымша жабдықтарды орналастырғанда кісілердің еркін өтуі және үстел басына жақсы сыйысуы үшін бос жердің көп қалуын ескеру қажет.




