Жастар порталы
Индуизмдегі қайғы-қасіреттен құтылу үміті
03.06.2019 19 0 admin

Индуизмдегі қайғы-қасіреттен құтылу үміті

Дінтану

Үнді рухани мәдениеті өз бастауын “Веда” деген жалпы атаумен белгілі көнеден жеткен киелі кітаптардан алады.

Веда (санскрит тілінен аударғанда - «білім», «ілім») – ең көне деген киелі жазбалардың жинағы. Ғасырлар бойы Ведалар ауызекі өлең түрінде ұрпақтан ұрпаққа жетіп, кейінгі кезде ғана хатқа түскен. Үнді діни дәстүрде Веда апаурушея адамзатқа әулие даналар арқылы жеткен құдайдан түскен мәңгі жазба болып есептеледі.

Веданың төрт түрі бар:

Ригведа – «Гимндердің Ведасы» 

Яджурведа – «Құрбандық формулалардың Ведасы»

Самаведа – «Әндердің Ведасы»

Атхарваведа – «Дұғалардың Ведасы».

Ведалар шрути («естіген нәрсе») және мантра деген екі категорияға бөлінеді және олардың мазмұны дұға ретінде қайталанып, әртүрлі діни жораларда қолданылады. Ведалардың негізгі бөлігін Самхиталар (мантралар) құрайды және оларға Брахман, Араньяка және Упанишада (ведалық Самхиталардың түсіндірмелері болатын мәтіндер) кіреді.

Ведада ведалық білімнің шексіз болатыны, онымен салыстырғанда адамның жинаған бүкіл білімі бір уыс балшықтай ғана делінеді. Индуизмнің дәстүрі бойынша, “Махабхарата” эпосының үзіндісі болатын “Бхагавадгитада” ведалық білімнің негізгі мәні берілген деп есептеледі.

Ведаға қатысты Үнді құрлығында дамыған философиялық жүйелер мен діни дәстүрлер әртүрлі көзқараста болған. Веданың беделі мен оның құдайдан түскен аян екенін мойындайтың философиялық мектептерді астика деп атайды. Ал буддизм мен джайнизм сияқты Веданы мойындамайтын дәстүрлер настикаға жатады. Осы екі дәстүрден басқа Веданың беделін сикхизм де мойындамайды.

Индуизмде “ведалық жазба” деген ұғымның Веда мен ведалық кезеңде (шрути) ведалық санскритпен жазылған мәтіндерге ғана емес, сондай-ақ Ведамен байланысты немесе оны толықтыратын (смрити) басқа да жазбаларға қатысы бар. “Ведалық” деген термин үндологиялық, филологиялық немесе діни аяда қолданылады. Мысалы, индуистердің өздері өз дінін, яғни индуизмді “ведалық дәстүр” деп атайды. 

Индуистік діни дәстүр мағынасында “ведалық жазба” немесе “ведалық әдебиет” деп ведалық және классикалық санскритте жазылған көптеген ежелгі үнді мәтіндерін атайды. Мысалы, индуизмде “Бхагавадгита” шрути дәрежесіндегі ведалық мәтіндерге теңестіріледі және көптеген индуистер ведалық жазбаларға негізгі канондық Пураналарды, “Махабхарата” мен “Рамаяна” сияқты классикалық ежелгі эпостарды, сондай-ақ “Панчаратра” сияқты вайшнавалық мәтінді жатқызады.

Санскрит тілінде “веда” деген сөз арғы үндіеуропалық “білу, көру” деген түбірге жақын vid- “білу” деген түбірден тарайды және ол “білім”, “даналық” деген мағынаны береді. 

Зат есім ретінде бұл сөз “Ригведада” бір рет қана айтылады. Ол гректің “эйдос”, яғни “аспект”, “форма”,идея”, орыстың ведать, ағылшынның wit, witness, wisdom, vision (соңғысы лат. video, videre тарайды), немістің wissen («білу», «білім»), норвегиялық viten («білім»), шведтің veta («білім»), поляктің wiedza («білім»), белорустың веды («білім»), латынның video («көремін»), чехтің vím («білемін») немесе vidím («көремін») және голландтық weten («білу») сөздеріне жақын. 

Санскриттік veda сөзі негізгі мағынасында литургия мен діни салтқа қатысы жоқ зерттеу пәндерінде қолданылады, мысалы: агада-веда «медицина ғылымы», сасья-веда «жер өндеу ғылымы» немесе сарпа-веда «жыландар туралы ғылым» (бұл туралы ерте кезеңдегі Упанишадаларда айтылады); дур-веда «надан» деген мағынаны береді.

Веда әлемдегі ең ежелгі киелі жазбалар қатарына жатады. Қазіргі үндологиялық ғылымның айтуынша, Веда жеті мың жыл бойы құрастырылған екен. Ол “Ригведаны” жазудан бастап, Будда мен Панини замаңында б.з.д.V ғ. аяқталған. Көптеген ғалымдардың пікірінше, хатқа түспеген кезеңде көптеген ғасырлар бойы Веданы ұрпақ-тан ұрпаққа жеткізудің ауызекі дәстүрі болған.

Алғашқы кезде Веда жазылған материал ұзақ сақтауға келмеген-діктен (ол үшін ағаштың қабығын немесе пальма ағашының жапыра-ғын пайдаланған), бізге жеткен манускриптердің жасы бірнеше жүз жылдан аспайды. “Ригведаның” ең көне манускриптері ХІ ғ. жатады. Бенарес санскрит университетінде XIV ғ. жататын манускрипт сақта-лады.

Үнді брахманы, еуропалық білім алған тарихшы Бал Гангадхар Тилак (1856-1920 ж.ж.) Веда шамамен б.з.д. 4500 жылы жасалған деген тұжырымдаманы негіздеген. Б.Г. Тилак оны Веда мәтіндеріне филологиялық-астрономиялық талдау арқылы дәлелдеген. Автор жасаған қорытынды мынадай: Ведада суреттелетін аспан бейнесін жер шарының полярлық аймағына жақын жерде тұрған адамдар ғана жасаған екен. Бірақ Тилактың арктикалық болжамы ғалымдар арасында қолдау таппаған.

Индуизмнің негізіне Веданы санатан (мәңгі) және апаурушея (адам жасамаған дүние ретінде қабылдайтын көзқарас) жатыр. Ғалам жара-тылғаннан кейін әрбір ғарыштық циклдің басында Брахма ведалық білім алады. Ғарыштық цикл аяқталғанда ведалық білім айқындал-маған күйге түседі, кейін жаратылудың жаңа циклінде ол қайтадан пайда болады. Ұлы ришалар сол білімді алып, оны ауызша миллион-даған жылдар бойы таратады. 5000 жыл бұрын, Двапара-юганың соңында ұлы риши Вьяса ведалық білімнің бір бөлігін төрт Ведаға бөліп, хатқа түсірген. Вьяса Веданың негізгі мәнін нақыл сөз түрінде “Веданта-сутрада” баяндаған.

Вьяса Веданы реттеу үшін оның әрбір бөлігін шәкірттеріне береді. Пайла есімді шәкірті “Ригведа” гимндерін реттеген. Діни және қоғам-дық жораларда пайдаға асатын мантраларды Вайшампаяна есімді шәкірті жинаған. Джаймини деген шәкірті “Самаведада” музыкалық әуені бар гимндерді жинаған. Суманта деген шәкірті гимндер мен чара жинағы болып табылатын “Атхарваведаны” ретке келтірген.

Әуелде ведалық қоғамдағы барлық варналар Веданы зерттеуге құқығы бар болған, бірақ кейін Веданы зерттеу үш ең жоғары тұрған варнаның, яғни брахман, кшатрий және вайшьяның діни міндеті болады дегенді енгізген Дхарма-шастра әйелдер мен шудраларға Веданы зерттеуге тыйым салған.

Ведалық санскрит тілінде жазылған негізгі жазба - Самхиталар (“жинақтар”), ол – ведалық діннің тарихында болған заманда өртеу арқылы құрбан шалуға арналған мантралардың жинағы. Олар Веда-ның ең ежелгі бөлігі болып саналған.

Төрт Самхита белгілі:

Ригведа – басшы дін қызметшілері айтатын мантра-гимндер. 

Яджурведа – адхварью көмекші дін қызметшілеріне арналған мантралар.

Самаведа – удгатри әнші дін қызметшілері қайталайтын мантралар.

Атхарваведа – дұғалар-мантралардың жинағы.

Самхиталардағы мантралар гимн, дұға, жоралық формула, чара және т.б. түрінде беріліп, санскриттік “дева” терминімен белгіленеді (сөзбе-сөз аударғанда ол “нұр, жарқыраған”, “аспан жаратылысы”, “жартылай құдай” немесе “періште” деген мағына береді), әйел және еркек жынысты құдайлардың пантеонына арналады. 

Ең көп гимндер айтылып, ғибадат етілетін ведалық пантеонның негізгі девалары – Рудра, Индра, Агни және Варуна. Әрбір Самхитаның үш түсіндірме жинағы болады. Олар: Брахман, Араньяка және Упанишада. Олар жоралық дәстүрдің философиялық қырларын ашады және самхитаның мантраларымен бірге киелі жол-жорада пайдаланылады. Негізгі Самхитаға қарағанда, Веданың бұл бөлігі проза тілімен жазылған. Әрбір Самхитаның бірнеше нұсқасы немесе редакциясы (“шакхах”) сақталған және олардың арасында үлкен айырмашылық жоқ.

Самхиталар мен Брахмандар – карма-канда (салт, ғұрып) кате-гориясына жатса, Араньяка мен Упанишада – джняна-канда (білім туралы бөлім) категориясына жатады. Самхита мен Брахман жоралық тәжірибені қамтыса, Араньяка мен Упанишаданың негізгі тақырыбы рухани өзін-өзі түсіну мен философия болған. Атап айтқанда, онда Брахманның табиғаты, атман мен реинкарнация талданады. Араньяка мен Упанишада үнді философиясының алты теистік мектебінің бірі болатын ведантаның негізіне алынған. Ведалық жазбалардың басқа категориясы, яғни Брахмандар – құрбан шалуды сипаттап, құрбандық жораның мағынасын түсіндіретін жоралық мәтіндерге жатады. Брах-мандар бір Веданың Самхитасымен байланысып, Самхитаға енетін Шукла Яджурведаны қоспағанда, жеке мәтіндер болады. Брахманның ең маңыздысы – “Шукла Яджурведаға” жататын “Шатапатха-брах-мана”. Брахмандардың құрамына Араньякалар мен Упанишадалар да кіруі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, Брахмандарды, Араньякаларды және “мукхья” канонының негізгі Упанишадаларын құрастыру ведалық кезеңнің соңына қарай аяқталған. Ал “Муктика” канонына жататын қалған Упанишадалар ведалық кезеңнен кейін жасалған. 

“Яджурведа” (“Құрбандық формуланың Ведасы”) жартылай “Ригведа”-дан алынып, бейімделген прозалық мантралардан құралған. “Яджурведа” мантраларының практикалық мақсаты бар: әрбір мантра-ны құрбандық шалу жорасының белгілі бір бөлімінде пайдаланады. Бұл Веданың мантралары “Самаведадағы” Сома жорасындай емес, барлық ведалық ғұрыптарға арналып жасалған. Бұл Веданың екі нұсқасы бар – “Шукла Яджурведа” және “Кришна Яджурведа”. Олар-дың шығу тегі мен мағынасы қазір айқын емес. “Шукла Яджурведада” құрбан шалу үшін қажетті мәтіндер мен формулалар бар, ал олардың ұғымдары мен философиялық түсініктері   “Шатапатха-брахман” деп аталатын жеке мәтінде берілген. Бұл оның мантралардан кейін негізгі мәтінде түсініктері бірден берілетін “Кришна Яджурведадан” негізгі ерекшелігі болады.

“Самаведа”  – “Әуендердің Ведасы” немесе “әуен туралы ғылым”. Бұл Веданың атауы метрикалық гимнді немесе мадақтау әнін белгілеу үшін қолданылатын “саман” деген санскрит сөзінен шыққан. Ол 1549 шумақтан құралған және олардың бәрі (78-шумақты есептемегенде) “Ригведадан” алынған. “Яджурведадағы” ригведалық шумақтар сияқты Саманалар да өзгертіліп, ән айтуға бейімделген. Ригведалық мәтіндердің кейбірі бірнеше рет қайталанады және “Самаведада” 1875 мәтін бар. 

“Самаведа”, негізінен, ғибадат етуде және практикалық мақсатта құлшылық етуге қатысатын діни әнші қызметшілер қолданатын гимндер жинағы болған. “Ведалық” жоралардың барысында “Самаведа” гимндерін әнге қосып айтқан діни қызметшілерді удгатри деп атаған. Удгатри сөзі удгай (ән айту, мадақтау) деген санскрит түбірінен тарайды. 

Құдайға құлшылық етудің гимндерін қолдануда мадақ айтудың стилі ерекше маңызды болған. Әрбір гимн белгілі бір әуенмен ғана айтылуы тиіс болған соң, Веданың атауы да соған лайықталып қойылған.    

“Атхарваведа” – Атхарван мен Ангирасаға жататын жазбалар. “Атхарван” сөзінің этимологиясы көмескі. Кейбір зерттеушілер бұл сөздің мағынасын “отпен байланысты құрбан шалуды жүзеге асыратын абыз” деп түсіндіріп жүр, ал басқалары бұл сөз дін қызметшілеріне қатысы жоқ дегенді айтады. “Атхарван” сөзінің ең әуелгі қолданысы “Ригведада” кездеседі және ол кейбір ришилерге байланысты айтылған. Кейінгі әдебиетте бұл термин дін қызметшілеріне қатысты қолданылады.

“Атхарваведа” самхитасы 760 гимнен құралған, олардың 160-қа жуығы “Ригведаның” гимндеріне сәйкес келеді. Мәтіндердің біразы метрикалық түрде болса, кейбір тараулары ғана қара сөзбен жазылған. Ғалымдардың айтуынша, “Атхарваведа” б.з.д. Х ғ. жазылған, бірақ оның белгілі бір тараулары ригведалық кезеңге жатады.

Лингвистикалық тұрғыдан алғанда бұл Веданың мантралары ведалық санскриттің ең ежелгі деген үлгілеріне жатады. Қалған үш Веда-мен салыстырғанда, дін қызметшілері-брахмандардың “Атхарваведаның” мантраларын құрбан шалуда жіберілген қателіктердің жағымсыз әсерін жою үшін қолданатын жеке тәжірибелерін есептемегенде, “Атхарваведа” мантраларының салтанатты құрбан шалуға тікелей қатысы да болмаған сияқты. “Атхарваведаның” бірінші бөлімі жындар мен апаттардан қорғануды, аурудан айығуды, өмірді ұзартуды, түрлі тілектерді жүзеге асыруды, өмірде белгілі бір мақсаттарға жетуді көздейтін магиялық формулалар мен дұғалардан тұрады. Оның екінші бөлімін философиялық гимндер құрайды. Үшінші бөлімі үйлену мен жерлеу ғұрыптарын орындағанда айтылатын мантраларға арналған. 

Ведалардың ішіндегі ең бастысы – Ригведа (Гимндердің Ведасы). Ригведаның қашан пайда болғаны белгісіз. Кейбір болжамдар бойынша, ол б.з.д. XXV-XX ғ.ғ. пайда болған сияқты.

“Ригведа” самхитасы сақталған үнді мәтіндерінің ең көнесі. “Ригведа” ведалық санскритте жазылған 1028 гимннен және санскритше мандала деп аталатын он кітапқа бөлінетін 10600 мәтіннен құралған. Гимндер көптеген ригведалық тәңірлерге арналған.

Ғалымдардың айтуынша, “Ригведаның” кітаптарын бес жүз жыл бойы дін қызметшілері арасынан шыққан ақындар жазған. Зерттеуші Макс Мюллер филологиялық және лингвистикалық ерекшеліктерді негізге алып, “Ригведа” б.з.д. XVIII - XII ғасырлар аралығында Пенджаб маңындағы өлкеде жасалған деген болжам айтқан. Басқа зерттеушілер бұдан ерте, не кеш даталарды атайды, ал кейбір ғалымдар “Ригведаның” жасалуы ұзаққа созылмаған және ол б.з.д. 1450-1350 жж. аралығында жасалған деген пікір айтады.

Ригведа мен ертедегі ирандық Авестаның арасында үлкен лингвистикалық және мәдени ұқсастық бар. Бұл жақындықтың тамыры ежелгі ирандық заманда жатыр және оның андрондық мәдениетпен де байланысы бар. Жылқы жегілген ең ежелгі күймелер Орал тауындағы Синташта-Петровка ауданында қазылған андрондық қазбаларда кездеседі, олар, шамамен, б.з.д. ІІ мыңжылдыққа жатады.

Ригведа гимндерінің авторлары “ришилер”, яғни “йыршы, жыршылар” болған. “Риши” сөзінің мағынасы мен тұлғасы түркі тіліндегі “йыршы, жыршы” сөзімен, орыс тілінде “речь” сөзімен ұқсас келуі кездейсоқ емес. Өйткені, “риши” деген санскрит сөзі (“айтушы адам, дана, әнші”) біздің қазіргі тілімізге жақын және бұл жақындықты тілдердің тектілік туыстығымен, санскрит тілінде көне тұлғалардың тарихи жазба ескерткіштерінде сақталуымен түсіндіруге болады.

Ригведаны жұмбақ арийлер деп аталатын тайпа жасаған. Олардың көшпелі халық болғаны және бұрынғы Үндістанның Харап өркениетін қиратқаны, оның орнына жергілікті тұрғындармен бірге жаңа мәде-ниеттің негізін қалағаны белгілі.

Ригведа мәтіндеріне қарағанда, арийлерді материалдық дүние, фәнилік өмір мүлде қызықтырмаған сияқты. Оларды бақилық әлем, құдайлар мен тәңірлер мекендейтін аспан әлемі қызықтырған. Ригведа мәтіндерінде құдайлардың атауы өте көп кездеседі. Ведалық пантеонның сюжеттік байланыстары ежелгі грек мифологиясындағы пантеонынан ешқандай кем емес. 

Ригведаның басты құдайлары – Агни (от, құрбандық жалын), Индра (өзінің жауы Вритраны өлтіргені үшін мадақталатын құдай) және Сома (киелі сусын немесе сол сусын жасалатын өсімдік). Тағы басқа елеулі құдайларға – МитраВарунаУшас (арай) және Ашвина жатады. Сонымен бірге, Савитар, Вишну, Рудра, Пушан, Брихаспати, Брахманаспати, Дьяус Пита (аспан), Притхви (жер), Сурья (күн), Вайю (жел), Апас (су), Парджанья (жаңбыр), Вак (сөз), Марута, Адитья, Рибху, көл-сулар (әсіресе, Сапта Синдху (жеті ағыс, жеті су және Сарасвати өзені), сондай-ақ әртүрлі кішігірім тәңірлерге құлшылық жасалады. 

Ведалық жыршылар құдайларға мадақ айтумен қатар, сол құдай-лар мен жалпы әлемнің шығу тегі мен мәні туралы пайымдаған.

Ғаламды жаратқан кім?

Бәлкім, ол өзі жаратылған болар?

Немесе ол жаратылмай мәңгі өмір сүрген шығар?

Ал құдайлар ше? Оларды кім жаратқан?

Осы және басқа да философиялық сауалдарға Ригведа анық, түбегейлі жауап қайтармайды, бірақ оның кейбір гимндері мен шумақтары ежелгі арийлердің қандай да бір бірыңғай ғаламның бастауы бар деген және ол (бастау) ғаламның көзге көрінбейтін, жасырын, нәзік мәні деген қорытындыға келгенін дәлелдейді. Сондықтан алуан түрлі құдайлар атау берудің өзі қиын сол жалғыз құпия бастаудың әртүрлі көріністері болады. 

Бұл гимнның мәтіні мынадай болып келеді.


Ригведа. Әлемнің жаратылуы туралы гимн


1. Бұл өзі бар мен жоқ болмаған кез еді.

Ауа кеңістігі де, аспан да жоқ еді.

Кезекпен келіп, ауысатын ол не еді? 

Ол өзі қай жерде? Оған қорған болған не?

Сол кезде тұңғиықтың суы қандай еді?


2. Күн мен түннің нышаны да білінбейтін.

Ажал да, мәңгілік те әлі жоқ еді.

Ауада тыныштық, тек бірдеңе өз заңына сай тыныстайды,

Одан басқа ештеңе де жоқ еді.


3. Әуелде түнекті түнек жасырған еді.

Мұның бәрі белгісі жоқ тұңғиық еді:

Жалғыз нәрсе оттың қызуынан жаралды –

Ол бостықтан туған қуыстық еді. 


4. Алдымен оған жетті бір-ақ тілек.

Ол – ойдың себілген алғашқы ұрығы.

Даналар өз жүрегіне сауал қойып,

Жоғалуын мәннің ашып берді.


5. Жіптей еді ол көлдеңен тартылған.

Асты бар ме еді? Үсті қайда сол кезде?

Ұрықты жасап, созған бір күш бар еді.  

Астында ұмтылыс, ал үстінде тұрды қанағат.


6. Ақиқатын кім білген? Жария еткен кім?

Бұл жаратылыс қайдан, қалай пайда болған?

Кейін құдайлар келді, өйткені әлем жаралды.

Оның қайдан пайда болғанын кім білген?


7. Бұл жаратылыс қайдан пайда болды?

Өзін-өзі жаратты ма, әлде олай емес пе,

Ол - ең биік көктен әлемді бақылайды - 

Сол ғана мұның жауабын біледі.

Әлде білмей ме?


Ежелгі үнді киелі жазбалар әлемнің сол құпия біртұтас әуелгі бастауын Абсолют (яғни, бірыңғай, жоғарғы Құдай) деп атаған, кейде атау болмаған жағдайда “анау, сол нәрсе”, - деп атаған (санскритше – “тат”). Бұл оның тануға келмейтінін білдірсе керек, өйткені біз де әңгіме барысында құпия нәрсе туралы “анау” немесе “аталмыш” дейміз.     

 Дегенмен, қарапайым адамның қолы жетпегенмен, Абсолют (немесе құдайлардың өмір сүретін қайсыбір мекені) адам йогамен, яғни ерекше психотехникалық өнермен айналысқанда ғана ашылатын. Йога – тыныстауды меңгеру, бір затқа зейінді бұрып, қадалуды, ойлардың ағымы мен елес бейнелерді тоқтата білу қабілеті. Соның нәтижесінде адам қайсыбір басқа, бұрын өзі байқамайтын, “фәнилік емес”, “құдіретті” нақтылықты сезініп, көретін болады. Йогалық тәжірибенің ең биік сатыларына көтерілген адам, шын мәнісінде, қайсыбір жоғарғы, асқан жаратылысқа айналып, өзін Абсолюттей, құдайдай сезінеді екен.

Сонымен, Ригведаның философиялық тақырыптары мен идеялары негізгі үш нәрсеге саяды: 

1) Абсолют бар және оның алуан түрлі көріністері де болады; 

2) Адам құдайлармен және бейдүниелік, бейфизи-калық нақтылықпен тілдесе алады; 

3) Белгілі бір шарттар орындалса, адам кемел, құдайлар тәрізді жаратылысқа айналып, өз санасын Абсолют дәрежесіне дейін кеңейте алады.

Алайда, мұндай философиялық идеяларға Ригведада басты орын берілмейді, олар ведалар көтерген мәслелердің даму барысында дербес мағынасы мен басты рөлін кейін иеленеді.

Жайнизмдегі Шексіз Құдаймен, Мәңгілікпен бірлікте болу жолы Жайнизмдегі Шексіз Құдаймен, Мәңгілікпен бірлікте
Веданта ұғымы. “ Ведантаны” сөзбе-сөз аударғанда “веданың аяқталуы” деген мағынаны білдіреді. Әуелде бұл сөз упанишаданың мәтіндері (ұстазбен болған
Дінтанудағы ұғымдар мен терминдердің топтары Дінтанудағы ұғымдар мен терминдердің топтары
Дінтануда ұғымдар мен терминдердің бірқатар топтары баса көрсетіледі:  1) онда жалпыфилософиялық және әлеуметтік-философиялық категориялар —
Қазақстанға ислам дінінің келуі мен орнығуы Қазақстанға ислам дінінің келуі мен орнығуы
Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ислам өркениеті мен мәдениеті аясында өмір сүріп, ислам дінін ұстанып келеді.  V ІІІ ғасырда Қазақстан және Орта Азия
Қасиетті кітап - Құран Қасиетті кітап - Құран
Исламның қасиетті кітабы – Құран Кәрім. Құран Кәрім әз-Мұхаммедке (с.а.у) Хира тауының үңгірінде Жәбірейіл періште арқылы аян етілген. Құран-Кәрімнің
ИСЛАМДАҒЫ МАЗҺАБ ҰҒЫМЫ ИСЛАМДАҒЫ МАЗҺАБ ҰҒЫМЫ
Мазһабтың сөздік мағынасы араб тілінде «жол, баратын жер» дегенді білдіреді. Ислам терминологиясында мазһаб – белгілі бір бағыт, ілім,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру