
Cтуденттің өзіндік жұмысын орындауға әдістемелік нұсқаулар
СӨЖ – оқытушының тапсырмасы бойынша аудиториядан тыс уақытта (аудиторияда) орындалатын студенттердің жоспарланған оқу, оқу-зерттеу, ғылыми-зерттеу жұмыстары. Өзіндік жұмыс оқу сабақтарының бір түрін құрайды. Сондықтан шығармашылық іс-әрекеттің бір түрі ретінде өзіндік жұмыстың рөлі сапалық оқу үрдісін көтеру жолында өте жоғары болып табылады.
СӨЖ мақсаты – болашақ мамандық бойынша іргелі білімді, кәсіби шеберлікті және дағдыларды, шығармашылық, зерттеу тәжірибесін игеру, дербестікті, жауапкершілікті және ұйымшылдықты, оқу және кәсіби деңгейдегі мәселелерді шешуге шығармашылық көзқарасты дамыту.
СӨЖ міндеттері:
- студенттердің алған теориялық білімдері мен практикалық іскерліктерін жүйелеу және бекіту;
- теориялық дайындықты тереңдету және кеңейту;
- нормативтік, құқықтық, анықтамалық құжаттарды және арнайы әдебиеттерді қолдана білуді қалыптастыру;
- студенттердің танымдық қабілеттері мен белсенділігін дамыту: шығармашылық, дербестік, жауапкершілік және ұйымдастырушылық;
- ойлау дербестігін, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі жүзеге асыру қабілетін қалыптастыру;
- зерттеу дағдыларын дамыту;
- тәжірибелік сабақтарда, курстық және бітіру біліктілік жұмыстарын жазу кезінде, қорытынды сынақтар мен емтихандарға тиімді дайындалу үшін өзіндік сабақтар барысында жиналған және алынған материалдарды қолдану.
СӨЖ функциялары:
- дамытушы (ақыл-ой еңбегінің мәдениетін арттыру, шығармашылық қызмет түрлеріне баулу, студенттердің зияткерлік қабілеттерін байыту);
- бағдарлаушы және ынталандырушы;
- тәрбиелеу (маман мен азаматтың кәсіби қасиеттері қалыптасады және дамиды);
- зерттеу (кәсіби-шығармашылық ойлаудың жаңа деңгейі).
СӨЖ негізінде келесі принциптер жатыр:
- шығармашылық қызметті дамыту;
- нысаналы жоспарлау;
- тұлғалық-іс-әрекеттік тәсіл.
СӨЖ-ден күтілетін нәтижелер:
- болашақ маманның білімін меңгеру, кәсіби біліктерін, дағдылары мен құзыреттіліктерін қалыптастыру;
- теориялық материалды практикалық жолмен бекіту;
- өзін-өзі дамытуда тәрбиенің де қажеттілігі;
- тұлғаның танымдық және шығармашылық қабілеттерін барынша дамыту;
- ғылыми-зерттеу жұмысына ынталандыру және білім беру процесінің сапасын және қарқындылығын арттыру;
- таңдаған мамандығына қызығушылықты қалыптастыру және оның ерекшеліктерін меңгеру;
- өз ұстанымын, теориясын, моделін қалыптастыру үшін, кез-келген жағдайға анализ жасау және дұрыс шешім қабылдау үшін алған білімі мен тәжірибелік дағдыларды қолдану.
СӨЖ әр оқу пәні бойынша СӨЖ кестесіне сәйкес жүзеге асырылады. Тапсырмалары оқу жоспары бойынша анықталады.
СӨЖ деңгейлері, формалары және түрлері
СӨЖ-ді негізгі және қосымша деп екіге бөлуге болады. Негізгі СӨЖ оқу жоспарының барлық пәндері үшін студенттің ағымдағы аудиториялық сабақтарға дайындығын қамтамасыз етеді. Бұл дайындықтың нәтижелері студенттің сабақтардағы белсенділігінде және орындалған бақылау жұмыстары, тест тапсырмаларында, жасалған баяндамаларында және т.б. көрінеді.
Негізгі СӨЖ-дің формалары:
- дәріс материалдарын терең қарастыру;
- дәрістер мен әдебиеттерді конспектілеу;
- тақырыпқа байланысты әдебиеттер мен электронды ақпарат көздерін іздеу (таңдау) және шолу;
- практикалық сабақтарда берілетін үй тапсырмасын орындау;
- өз бетінше материалды зерттеу;
- практикалық сабақтарға дайындық;
- бақылау жұмысына дайындық;
- сынаққа, аттестацияға дайындық;
- тақырыпқа байланысты реферат (эссе) жазу.
Қосымша СӨЖ студенттің білімін тереңдету және бекітуге, оқу пәнінің мәселелері бойынша аналитикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Оған жататындар:
- емтиханға дайындық;
- курстық жұмысты немесе жобаны орындау;
- зерттеу жұмысымен айналысу және ғылыми студенттік конференцияларға, семинарларға және олимпиадаларға қатысу;
- оқытушымен алдын ала анықталған тақырып бойынша ғылыми жарияланымды (мақала) талдау;
- берілген тақырып бойынша статистикалық және нақты материалдарды талдау, есептерді жүргізу, статистикалық материалдар негізінде схемалар мен модельдерді құру және т. б.
Жоғары оқу орнының оқу процесінле өзіндік жұмыстың екі түрі бар: аудиториялық және аудиториядан тыс.
Пән бойынша аудиториялық өзіндік жұмыс оқу сабақтарында оқытушының тікелей басшылығымен және оның тапсырмалары бойынша орындалады. Оқытушының қатысуымен қабылданатын СӨЖ-дің негізгі түрлері:
- кеңестер;
- коллоквиум – пәннің теориялық мазмұнын меңгеруді бақылау түрі ретінде;
- үй тапсырмаларын қабылдау және талдау (практикалық сабақтар сағаттарында);
- пән аясында курстық жұмыстарды (жобаларды) орындау;
- бітіру біліктілік жұмыстарын (диплом, диссертация) орындау және т. б.
Аудиториядан тыс өзіндік жұмыс оқытушының тапсырмасы бойынша, бірақ оның тікелей қатысуынсыз орындалады. Оның негізгі түрлеріне мыналар жатады:
- дәріскер ұсынған оқу әдебиеті негізінде, ақпараттық білім беру ресурстарын (электрондық оқулықтар, электрондық кітапханалар және т. б.) қоса алғанда, дәрістер конспектісінің мазмұнын түсіну және өз бетінше қосымша іздену;
- реферат эссе жазу;
- практикалық сабақтарға дайындық (хабарламалар, баяндамалар);
- ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді тереңдетіп талдау (рецензиялар, мақалаға аннотациялар дайындау, оқу құралы және т.б.);
- рефераттар, курстық және біліктілік жұмыстарын жазу үшін қолданылатын материалдарды таңдау;
- презентацияларды дайындау;
- нақты тақырып бойынша глоссарий, кроссворд құрастыру;
- сабақты оқытудың белсенді түрлерін (дөңгелек үстелдер, диспуттар, іскерлік ойындар) пайдалана отырып өткізу;
- іскерлік жағдайларды талдау (мини-кейстер).
Студенттердің өзіндік жұмысының әдіс-тәсілдері
Ғылыми әдебиеттермен жұмыс
Кітаппен жұмыс істеу кезінде әдебиетті таңдап, оны дұрыс оқып, жазба жүргізуді үйрену қажет. Кітапханада әдебиеттерді таңдау үшін алфавиттік және жүйелі каталогтар қолданылады. Кітаппен жұмыс істеудің тиімді дағдылары уақытты үнемдеуге және өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін есте сақтау керек.
Қандай оқулықтарды таңдау керектігін дәріскер ұсынады. Қажетті әдебиеттер осы курс бойынша әдістемелік нұсқауларда да көрсетілуі мүмкін.
Оқулықтармен және кітаптармен өз бетінше жұмыс істеу (сонымен қатар дәрістерде көтерілген мәселелерді өз бетінше теориялық зерттеу) – танымның ғылыми тәсілін қалыптастырудың маңызды шарты.
Әдебиеттермен жұмыс істеу тәсілдері:
-танысу керек әдебиеттердің тізімін құру және ол туралы оқытушымен ақылдасу;
-тізім жүйеленген болуы қажет (қайсысы семинарға, қайсысы емтиханға, қайсысы курстық, дипломдық жұмыстарға т.б. қажет екендігін анықтап алу);
-қандай кітаптарды мұқият оқып, ал қандай кітаптарды тек қарап шығу керек екенін анықтау керек;
-оқыған кітаптардағы маңызды ақпараттарды конспектілеу т.б.
Реферат жазу
Бұл студенттің өзіндік жұмысының басқа түрлеріне қарағанда көлемді, аудиториялық сабақтарда оқылатын негізгі тақырыпты толықтыратын және дамытатын ақпаратты қамтитын жұмыс болып табылады.
"Реферат "сөзі (латын тілінен – referre – баяндау, хабарлау) ақпаратты сыни шолу негізінде қандай да бір мәселенің немесе тақырыптың мазмұнын ауызша немесе жазбаша түрде қысқаша баяндауды білдіреді. Рефератты дайындау барысында мына ережелер басшылыққа алынуы тиіс:
- реферат идеясы мен міндетін анықтау;
- тақырыпты немесе мәселені анық және нақты тұжырымдау. Ол тым жалпылама болмауы керек;
- таңдалған тақырып бойынша қажетті әдебиеттерді табу. Міндетті түрде оқылуы тиіс әдебиеттер тізімін құру;
- рефератты кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімі деп бөлімдерге бөлу қажет.
Рефераттарды жазудың мақсаты: студенттердің әдебиетпен өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру, оларды талдау және сараптай алуы.
Конспект жазу
Конспектілеу ақпараттарға қысқаша шолу жасау бойынша студенттің аудиториядан тыс орындайтын өзіндік жұмысының түрі болып табылады. Конспект дереккөздің деректемелерін (автордың аты-жөні, жұмыстың толық атауы, шығарылған орны мен жылы) көрсетумен басталуы тиіс. Жұмыс жазбаша түрде орындалады. Студенттің міндеттері:
-конспект жазатын материалды оқып шығу;
-негізгі керекті жерлерін жазып алу;
-кілттік сөздер мен ұғымдарды түртіп алу;
-мәтіннің қысқаша мазмұнын дұрыс жаза білу және т.б.
Эссе жазу
Эссенің тақырыбы пәнді оқыту саласының заманауи мәселелерін қозғаушы, өзекті тақырып болуы тиіс. Студент мәселенің мәнін ашып, өзге көзқарастарды көрсетіп қана қоймай, оған өз көзқарасын да білдіруі керек. Жұмыстың бұл түрі студенттен өз ойын жазбаша түрде, сондай-ақ логикалық пайымдаулар арқылы анық білдіруді, өз көзқарасын анық білдіруді талап етеді. Студенттің міндеттері:
-тапсырманы мұқият оқып, тақырыптың өзектілігін ғана емес, мазмұны бойынша ерекше және қызықты жақтарын көрсету;
-тақырып бойынша ақпарат көздерін таңдау және зерттеу;
-негізгі және қосымша әдебиеттерді бөлу;
-эссенің жоспарын құру;
-мәселенің мазмұнын және оны шешу жолдарын қысқа, бірақ толық ашу;
-эссені белгіленген уақытта тапсыру.
Аннотация жазу
Бұл кітаптың, мақаланың, қолжазбаның қысқаша сипаттамасын жазу бойынша студенттердің аудиториядан тыс орындалатын өзіндік жұмысының түрі. Онда сол кітаптың негізгі мазмұны баяндалады, кітаптың оқырмандардың қай тобына арналғаны туралы мәліметтер беріледі. Аннотация бойынша жұмыс бір тақырыптағы бірқатар дереккөздерге, сонымен қатар әдебиетке шолу жасауға көмектеседі. Студент автор қозғаған негізгі ойларды, мәселелерді, оның қорытындыларын, ұсыныстарын атап, мәтіннің маңыздылығын анықтау керек. Студенттің міндеттері:
-ақпаратты мұқият зерттеу;
-аннотация жоспарын құру;
-аннотацияланатын ақпараттың негізгі мазмұнын қысқаша көрсету;
-аннотацияны белгіленген мерзімде тапсыру.
Дайындаған: Сагнадина Айгерим




