
Құдайға құлшылық пен ғұрыптар: авраамдық діндердегі діни күйлер
Діни құлшылық Құдайға сыйынып, табынушылық, діни парызын өтеушілік.
Құлшылық жасалуы үшін және кімге жасалуы үшін әр адам өзінің жаратушысын тануы керек.
Діндерде құлшылық ету ғибадаттың маңызды мәнін айқындайды. Құлшылықтың негізгі міндеті діндарлар санасында догмалық қағидаттарды бекіту және діни дүниетанымды қалыптастыру болып табылады.
Құлшылық ету рәсімі бекітілген ережелермен айқындалады. Түрлі діни жүйелердегі құлшылық ету практикасы әрқилы болып табылады. Құлшылық ету формалары тарихи даму барысында қалыптасты.
Құлшылық сәті — адамдардың біріне-бірі ең жақындасатын кезі. Сондықтан діни рәсімдер қоғам мүшелерінің бірлігін нығайтады, олардың етене араласуына септігін тигізеді. Сонымен қатар жалпы дүниежүзілік діндердің қай-қайсысы болсын, адам қоғамындағы бейбітшілік, келісім, жарастықты нығайтуға күш салады.
Ибраһимдік (аврамдық) діндердің ең көнесі болып табылатын иудаизм, одан кейін христиан діні мен ислам келеді.
Иудаизм діні – б.з.б. II-I мыңжылдықтар аралығында еврей тайпаларының арасындағы пайда болған дін. Иудаизм – төрт мың жыл бойы еврейлердің тұрмыс салтын айқындап келген құқықтық, моральдық-этикалық, философиялық және діни көзқарастарының жиынтығы. Иудей құқығының ерекшеліктері көп. Мысалы: иудей дінін еврей ұлтынан басқа ұлт өкілдері қабылдай алмайды. Олардың ойынша, еврей ұлты Құдай таңдаған ұлт. Құқығының негізгі қайнар көзі: Тора, Талмуд.
Иудаизмнің негізгі қағидаттары XІІ ғасырда өмір сүрген атақты философ-талмудшы, рабби Моисей мен Маймон (1135-1204) іліміне сүйенген төмендегідей 13 ережелерден тұрады:
- Құдай бар.
- Құдай бір.
- Құдай денелік пішінде болмайды.
- Құдай мәңгі.
- Иудейлер тек бір Құдайға табынуы тиіс.
- Құдаймен қарым-қатынас тек пайғамбар арқылы болады.
- Моисей (Мұса) – ең ұлы пайғамбар.
- Тораның шығуы қасиетті.
- Тора өзінің мән-мағынасын еш жоғалтпайды.
- Құдай адамдардың барлық іс-әрекетін біледі.
- Құдай зұлымдықты жазалап, қайырымдылықты мадақтайды.
- Құдай өзінің Мессиясын жібереді.
- Құдай өлілерді қайта тірілтеді.
Иудаизм – монотеистік дін. Құдай жалғыз, ол мәңгі жасайды, ол барлық жерде, бәрін көреді, бәрін біледі, заттық сипаты, айқын кескіні жоқ. Сондықтан христиан дініндегідей оның суретін салу мүмкін емес. Тіптен оның есімін тура атауға болмайды. Құдайдан өзгеге (періштелерге, әулиелерге, жұлдыздарға т.б.) құлшылық жасау - күнә.
Иудейлерде Құдай аты — Яхве (Яху, Яго, Иегова немесе Адонай).
Сенбі күнін тыныштық пен дұға жасау күні ретінде қастерлеу. Ивритте сенбі – шаббат деп аталады. Сенбі күні жұмыс жасауға болмайды (малаха);
Іс-әрекеттің шұғыл формалары: жедел жәрдем, полиция, өрт сөндірушілер және т.б. рұқсат етіледі. Үйде жұмыс істеуге тыйым салынады. Сенбі күні өлген адамдарды жерлеуге болмайды және т.б.
"Шаббат басында, яғни жұма күні күн батар кешқұрым мезгілде отбасы анасының батасымен сенбілік шырағдан жағылады. Отбасы синагогаға барады. Үйіне келген соң ол балаларына бата береді және әйелін Соломон Өсиет кітабының 31-тарауының сөздерімен мадақтайды. Отбасы сенбілік тамақ ішуге кіріседі. Тамақ ішер алдында нан және шарап негізінде бата жасалады. Шаббат күні от жағуға болмайды. Егер от бұрыннан жанып тұрса, онда жанып тұра береді.
Сенбі күні ұзақ сапарға шығуға болмайды. Кеме бортында отырған жолаушыларға борттан түсуге болмайды. Ортодоксалды еврей синагогадан жаяу жүретіндей қашықтықта тұрады. Өйткені, ол сенбі күні автомобиль жүргізе алмайды. Ол қоғамдық көлікті де пайдалана алмайды”.
Күшейтілген дұға жасау, (тфила) дұға жасауға (кавана) толық берілу қажет. Қол жуарда, тамақ алдында және тамақтан кейін дұға оқу керек. Тамақтың әрбір түрі үшін өзіндік дұға мәтіні болады. Сенбілік, мерекелік шырағданды жағар алдында да дұға оқылады.
Синагогада біріккен құлшылық ету он ересек адамның, яғни "діни қатынаста құқығы бар еркек болғанда ғана жүргізіледі. Бірақ, ерекше жағдайда жалғыз дұға жасауға болады”.
Мұсылмандық ғибадатты былай жіктей аламыз.
1. Денемен жасалған ғибадат-намаз оқу, ораза тұту, Құран оқу. т.б
2. Дүние-мүлікпен жасалатын ғибадат – зекет беру, садақа беру т.б
3. Дене және дүние-мүлікпен жасалынатын ғибадат – Қажылық т.б
Ислам дінінде иман келтіруден кейінгі парыздардың ең маңыздысы, діннің діңгегі - намаз. Намаз дұға ету дегенді білдіреді. Исламда намаз - тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, өзіндік іс-әрекеті жасау және белгілі бір аяттарды айтумен болатын құлшылық. Мұсылман бес уақыт намазында Жаратушысымен рухани байанысқа түседі. Намаз Жаратушы мен адам арасындағы байланыс негізі. Намаз - бұл адамның Жаратушыға деген ғибадаты мен шүкірі. Намаз адамның рухы мен ерік жігерін күшейтіп пенде бойында сабырлықты орнатып, адамды Жаратушыға жақындатады.
Христиан дінінде ең басты құлшылық ету литергия деп аталады. Литургияда нан үзу құпия рәсімі өткізілді. Католиктерде құлшылық ету месса деп аталады. Литургия барысында ғұрыптар орындалып, дұғалар, діни әндер, уағыздар оқылады. Православиеда литургия шіркеу ережелері бойынша бекітілген күндерде өткізіледі.




