
ҚазҰУ-білім ошағы
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «біздің жастарымыздың басты байлығы — сапалы білім» деп өзінің сөйлеген сөздерінде бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Осы сапалы білімнің қара шаңырағы, Қазақстандағы білім беру жүйесінің тірегі, 85 жыл бай тарихы жинақталған ұлттық университетте еліміздің түкпір түкпірінен, алыс — жақын шет елдерден келіп, оқып жатқан студенттер жетерлік. Шығыстың атақты пәлсапашысы Әбу Насыр ибн әл-Фарабидың есімімен аталған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Қазақстан Республикасындағы жетекші жоғарғы оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта еліміздің ірі білім және ғылым орталығы Қазақстандағы нөмірі бірінші университет, сонымен қатар білім мен ғылымның ұлттық көшбасшысы.
Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар. Қазақстанның жетекші әрі әлемдік білім нарығындағы бәсекеге қабілетті, әлемдегі ең үздік 800 университет арасында 275-ші орынды иемденген.
1934 жылы еліміздің ең алдыңғы қатарлы университеті, қара шаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің іргетасы қаланды. Бүгінгі күні университетте 20 000-ға жуық студент білім алады. Он үш факультеттен тұратын университетте үш мыңға жуық профессор-оқытушылар құрамы студенттерге білім беріп келеді.
Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр.
Қазақ ұлттық университеті студенттің жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, қоғамда өзіндік орнын таба білетін саналы азамат етіп қалыптастыруда. Көшбасшылық қасиеттерді әр білім алушының бойына дарытып, студенттің өзін-өзі басқаруға мол мүмкіндіктер тудырып,осы мәселеде үлкен рөл атқарып келеді. «Жастар - бұл елдің болашағы», - деген сөзі арқылы мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев жаңа, тәуелсіз Қазақстанды құратын жастар екенін атап көрсетті. Қорытындылай келе, университет жастардың жарқын болашағы үшін барлық жағдай жасап отыр деп сенімді түрде айта аламыз.
ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры,
фил.ғ.д. Құрманалиева А.Д.,
дінтану мамандығының 2 курс магистранты Орынбеков Н.А.




