
Қазақ Ұлттық университетінің 85 жылдық мерейтойы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 1934 жылы негізі қаланған Қазақстандағы іргелі университеттердің бірі де бірегейі. Университет өзінің қанша жылдық тәжірибесімен, әсем қалашығымен, жетекші профессорларымен танымал.
Университеттің 85-жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде. Студенттерге ыңғайлы корпустары, тамақтану комбинаты, кітапхана, интернет орталығы, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы бар университетте барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар «Керемет» атты орталықта студентке қажетті банк қызметі, медицина қызметі, кинотеатр, шаштараз, дүкендерге дейін керек нәрсенің бәрін табасың.
Алғаш рет Қазақстандық университет - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 220 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 16 орынға алға шықты. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кіреді: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті.
Сонымен қатар, QS Агенттігінің 2018 жылы жүргізген дербес бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «QS Stars Development Road map» халықаралық рейтингісі бойынша «Төрт жұлдыз» үстемдік белгісіне ие болды. Мұндай беделге ие болу Орталық Азия аймағындағы университеттердің арасында тұңғыш болды.
ҚазҰУ-ға QS «Төрт жұлдыз» артықшылық белгісінің тағайындалуы университеттің жоғары халықаралық беделі мен жаһандық ғылыми және білім беру кеңістігінде көшбасшылық орынға ие екендігінің дәлелі.
2019 жылы қаңтарда өткізілген «Webometrics» халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеу қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің 28 мың ЖОО арасында 2503 орынды иеленді.
ҚазҰУ рейтингте алға жылжудың оң динамикасын көрсетіп, Қазақстан университеттері арасында екінші орынға тұрақтады. Мәселен, «Openness» («ашықтық») индикаторы 164 пунктке өсіп, «Рresence» («қатысу») және «Impact» («ықпал») сияқты көрсеткіштер бойынша университет басқа қазақстандық ЖОО-дан озық шықты.
Бүгін ҚазҰУ-дың таңғаларлық тәжірибесі әлемдік жетекші университеттермен сайысқа түсе алатын жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады.
ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры,
фил.ғ.д. Рысбекова Ш.С.,
дінтану мамандығының 2 курс магистранты Рысбек Т.Ж.




