Жастар порталы
Исламдағы отбасы құқығы
22.11.2019 2 0 admin

Исламдағы отбасы құқығы

Дінтану

Исламдағы  отбасы - отбасылық-неке қатынастарын реттейтін исламдық құқықтық жүйенің бөлігі болып табылады. Мұсылман отбасылық құқықтың негізгі ерекшеліктері: 

1. діни идеологиямен және моральмен тығыз қарым-қатынас; 

2. отбасының қолдауына ерекше назар аудару; 

3. еркек пен әйел арасындағы теңдік тұжырымдамасына сараланған көзқарас. Неке және отбасылық қатынастарды, әйелдердің мәртебесін, ажырасуды, мұраны және басқа да жеке мәртебелерді реттейтін отбасылық құқықтың нақты және айқын нормалары Құран мен Мұхаммед пайғамбар Сүннетінде көрсетілген.

Ислам  отбасылық қарым-қатынасты бірізділікке түсіріп, әйел мен ердің, ата-ана мен балалардың құқықтар мен міндеттерін  нақты анықтап берді. Отбасы - адамның өз бақытын тауып, ұрпақтың жалғасуы, әрі ислам діні бойынша күнә деп саналатын жаман әрекеттерден қорғайтын бірден-бір қорған. Ислам діні бойынша отбасы түрі - патриархаттық негізде қалыптасты. Алайда, бұл қараңғылық дәуірдегі ер адамның отбасыдағы үстемдігінен өзгеше еді. Бірақ, отбасын басқаруда отағасы белгілі құқықтарға ие болды. Мысалы, әке өз баласын сатуға мен өлтіруге шешім қабылдауына құқығы болмады. Осыған байланысты қараңғылық дәуірде орын алған жас сәбиді өлтіру әдетіне тыйым салынды. Сондай-ақ, мұсылман құқығында әйел күйеуінің алдында кейбір мәселелер бойынша тәуелсіз болды. Алайда, еркектің қоғамдағы атқарар жұмысы ауыр болғандықтан, әйелден кейбір мәселелерде үстемдікке ие.

Ер мен әйелдің өзара міндеттері:

Ер мен әйелге қатысты міндеттердің ең маңыздысы төмендегідей. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар» - деп айтқан.   Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадистерінде көрсеткендей мұсылман ерге әйелінің алдында бірнеше  міндеттер жүктеледі.

Бірінші: Сүйікті жұбайыңа жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болу. Өйткені әйел адам – ер азаматтың өмірлік адал жары, кеңесер қабырғасы, қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын сүйеніш досы. Ата-бабаларымыз әйелзатын бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен дүниені тербеткен абзал жан, асыл ана деп бағалаған. Сондықтан да ол – жұмсақ мінез бен көркем мәміле жасауға ең лайықты пенде. Әйелге лайық, отағасылық мiндеттi атқару әрбір мұсылман ерге парыз. Себебі, әйелзаты Жаратқан Иенің ер адамға тапсырған аманаты болғандықтан, сол аманатқа қиянат.

Екінші: Әйелдің киімін, ішер асын, тұрар ұйын қамтамассыз ету, балағаттамау, елдің алдында дауыс көтеріп сөкпеу. Ислам діні – отбасын материалдық һәм рухани тұрғыдан қамтамасыз етуді ер адамға жүктеді. Өмірлік жарының киім-кешегі мен ішіп-жеуі күйеуінің мойнында.  

Үшінші: Бала тәрбиесінде  жұбайына жәрдем беріп, отбасы мүшелеріне пайдалы білім үйрету. Білім үйрету дегенiмiз жұбайы мен бала-шағасына екі дүниенің де азабынан құтқаратын пайдалы бiлiм алуына жағдай жасау және дініміздің талаптарын орындауға баулу.   

Мұсылман әйелдің күйеуі алдында­ғы  міндеттері:

Бірінші: Күйеуінің көңілін тауып, Құдайдың тыйым салмаған істерінде оған бойұсыну. Дінімізде жұбайының күйеуіне мойынсұнуы-ның жоғары болғаны сондай тіпті, нәпіл ораза құлшылықтың өзінде ерінің бір ауыз рұқсатына тәуелді. Сондай-ақ, әйел адам шаңырақ иесінің абыройын сақтап, намысын қорғауға, оның рұқсатынсыз бөтен кісілерді үйге кіргізбеуі керек.

Екінші: Әйел күйеуінің сырын сақтап, оны ешкімге жар салып таратпауы тиіс. Сонымен қатар, күйеуін ренжітіп мұңайтатын әрекеттер мен қылықтардан бойын аулақ ұстап, үй шаруасы мен тамақтың уақытында әзір болуын жіті қадағалауы маңызды. Сондықтан да, әйел адам өзіне қатысты міндеттерді үлкен жауапкерші-лікпен орындап, үй иесі ерін қуантатын болса, мұндай жардың барар орны – жәннат болмақ. Қысқасы, күйеуін риза етуге тырысқан жар пейішке барады.

Ата-ананың бала алдындағы міндеттері 

1) Болашақта бала анасымен жамандалмауы үшін, балаға ана болатын қызды жақсы жерден таңдау керек. Салиха қыз болуына үлкен мән беру керек!

2) Балаға жақсы есім қою керек! Хадис шәрифте: «Балаға жақсы есім қою – перзенттің әкесіндегі ақыларынан» делінген.

3) Балаға жақсы тәрбие беру керек! Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Балаға жақсы тәрбие беру, баланың әкесіндегі ақыларынан.» (Бәйһақи)

«Балаларыңа игілік етіңдер, оларды әдепті, тәрбиелі етіп өсіріңдер!» (Ибн Мажә).

«Баланы тәрбиелеу, немерелерге садақа беруден де асқан сауап.» (Тирмизи).

4) Балаға мейірімді мәміле жасау керек! Сүйікті пайғамбарымыз немересін сүйген кезде, біреу көріп: «Йа Расулаллаһ! Менің он бала-шағам бар. Бірақ ешбірін сүймеймін.» - деді. Оған: «Мейірімділік етпеген, мейірімділік көре алмайды» - деп жауап берді. (Бұхари) 

5) Балаларға бетдұға (қарғыс) айтпау керек. Хазіреті Ибн Мүбәрәк баласынан шағымданып келген адамға «Балаңа бетдұға еттің бе?» - деп сұрайды. «Иә» деп жауап бергенінде «Онда балаңның мінезін сен бұздың!» - дейді.

6) Бала-шағаға жақсылық ету керек! Хадис шәрифте былай бұйырылған:

«Бала-шағаларыңа игілік етіңдер, ата-аналарыңның сендерде ақысы болғанындай, балаларыңның да сендерде ақысы бар» (Табарани)

7) Балаларды халал азықпен қоректендіру керек! Харам азықтың әсері баланың табиғатын бұзады, балада бұзық әрекеттердің пайда болуына себеп болады. Хадис шәрифте: «Жеп ішкендерің халал, таза болсын! Балаларың осылардан қалыптасады.» - деп бұйырылған. (Риядун-Насихин) 

8) Әкенің баласына ілім, әдеп және кәсіп үйретуі парыз. Алдымен Құран кәрім оқуды үйрету керек. Кейін иманның және исламның шарттарын үйрету керек. Жеті жасынан бастап намаз оқуға әдеттендіру керек. Дүниеде және ахыретте құтылу ілім арқылы жүзеге асады. Балаға дін ілімдерін үйреткеннен кейін оқуға жіберу керек, колледж және университет оқыту керек. Дінін үйренбестен мектепке жіберілсе, бұларды үйрену үшін бос уақыт таба алмайды. 

9) Бала балиғат жасына келіп, ес тиып, үйленгеннен кейін оған былай деу керек:

«Балам, саған тәрбие бердім. Оқыттым, үйлендірдім. Дүниеде пәлекетке ұрынбауың үшін, ал ақыретте азапқа ұшырамауың үшін Аллаһу та’алаға сиынамын. Есіңді жиып, осы айтқаныдарым бойынша өміріңді ретте!» (И.Хиббан).

10) Хазіреті Ахнеф бин Қаис айтады:

«Бала-шаға үшін қиыншылықтарға төзу керек, олардың аяғының астына жұмсақ жер, бастарының үстіне көлеңке болуымыз керек! Оларға қатал болмайық, бізден алыстамасын. Бізден жалығып өлімімізді күтпесін. Дұрыс қалауларын орындап, ашулы, өкпелі кездерінде жұбатуға тырысуымыз керек!»

11) Балалар арасында әділеттілікке мән беру керек. Хадис шәрифте былай делінген:

«Сыйлық беретін кезде балаларыңның арасында теңдікке мән беріңдер!» (Табарани).

Бауырлардың бір-біріне деген міндеттері:

Қандай жағдай болмасын айғайынды бауырлар бір-біріне құрмет етіп жақсы мәміледе болуы қажет. Кішкентайлары үлкендеріне мойынсұнып, үлкендері кішкентайларына мейіріммен қарап үлгі болуы керек. Бір-біріне деген қызғаныш, көре алмау деген сезімнен бойды аулақ ұстау керек. Бір-бірінің көзқарастарына, пікірлеріне құрмет көрсетіп, талас-тартыстан аулақ болу керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  жігіт пен бойжеткенді кәмелетке толғаннан кейін мүмкіндігінше тез үйленуге  уағыздады: «Неке -менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіммен амал етпесе, бізден емес. Үйленіңдер, себебі мен қиямет күнінде басқа үмметтердің қасында сендердің көптігіңмен  мақтанамын. Кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін»,- деді.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) негізін салған мұсылман құқы бойынша үйлену парыз, уәжіп, сүннет, харам,  мәкруһ, мубах болып алтыға бөлінеді.

1. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынасқа баратыны анық болған адамға үйлену парыз. Бірақ ер кісі әйелінің материалдық (ішіп-жемі, киімі, тұрғын үй, ауырған жағдайда дәрі-дәрмек қаражаты) жағдайы және мәһр  ақысымен қамтамасыз етуі тиіс. 

2. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынас жасау  қаупі бар адамға үйлену -уәжіп. Мұндай жағдайдағы еркекке қойылатын шарт әйелдің мәһр  және материалдық жағдайын қамтамасыз етуі тиіс. 

3. Үйленгеннен кейін жұбайына жәбір көрсетуі анық, белгілі болған адамға үйлену - харам (тиым салынады). 

4. Ауру болып, үйленгенде бұл ауру жұбайына жұғатын болса, немесе жұбайында да ауру болып, үйленгенде бұл ауру еріне жұғатын болса, онда мұндай неке харам.

5. Жұбайына жәбір көрсетуі мүмкін болған  адамға үйлену -  мәкруһ (Аллаһ сүймейді).

6. Үйленбесе жыныстық қатынасқа баратын қаупі жоқ, үйленсе жұбайына жәбір көрсету қаупі жоқ адам үшін үйлену - сүннет. 

Мұсылман құқында некеге тұрудың үш шарты бар. 

Бірінші шарты бойынша, үйленуші ер адам мен әйелдің кәмелетке толуы, ақыл-есінің дұрыс болуы және Құранда некелесуге тыйым салған негіздер сақталуы керек. 

Екінші шарты бойынша, екі тараптың өзара келісімі қажет. 

Үшіншісі бойынша, неке куәландырылып, жариялануы ша 

Мұсылман құқы көп әйел алуға мынандай себептердің болуы керектігін алға тартады: 

1. Физиологиялық тұрғыдан күшті болып, бірінші әйелінің келісімімен  әйел алуға болады.

2. Бірінші әйелінің физиологиялық тұрғыдан кемістігі (тумайтын бедеу немесе әртүрлі ауруларға ұшыраса) болса, келесі бір әйелмен некеге тұруға болады. 

3. Туған жерінен түрлі  себептермен басқа елге өтіп кеткен жағдайда, алты айдан кейін басқа әйелмен некеге тұруға болады. 

4. Соғыс жағдайында ері қайтыс болған жесір әйелдердің ешқандай қараушысы болмаған жағдайда немесе жоқшылықтан зина жасауға баруы мүмкін басы бос әйелмен некеге тұруға болады.

Еркек мына қасиеттерде әйелден үстем болуы керек. Тең болса да болады:

1- Кәсіпте еркек әйелден үстем болуы керек немесе тең болуы керек. Төмен кәсіпті еркек жоғары кәсіпті әйелдің теңі саналмайды.

2- Еркек әйелден бай болуы керек немесе табысы әйелдікінен көп немесе бірдей болуы керек. Бай әйел кедей еркектің теңі саналмайды. Еркек мехри муәжжалын немесе бір айлық нафақасын бере алатын жағдайда болса, бай әйелдің теңі болып саналады. Ауылдық еркек қалалық қыздың теңі саналады.

3- Еркектің әйелден де діндар болуы немесе тең болуы керек. Пасық (ашықша күнә істейтін) еркек салиха (дінге амал ететін) қыздың тіпті салих адамның қызының да теңі бола алмайды.

Осы шарттарға жауап бере алатын болса жасы өзінен кіші болған жігітке де тұрмысқа шығуға болады. 

  Ер адамның «маған талақ айту құқы берілген» екен деп жөн-жосықсыз талақ айта беруі - қателік, күнә. Осындай қателікке жол бермеу үшін, шариғатта ажырасудың қарастырылған өзіндік жолдары бар.

         Талақтың өзіндік рүкіні мен шарттары бар. Талақтың рүкіні әйелін талақ етердегі айтылатын арнайы сөзі мен тәсілі. Шарты – негізгі бөлшектерден тыс бірақ сол негіздердің құралуына арқау болған бөлшектер. Талақтың іске асуы үшін мынадай шарттар қажет. Олар: Талақ ететін ердің ақыл-есі түзу, балиғатқа жеткен болуы. Талақ етілетін әйелдің сол ерге некесі қиылған әйелі немесе «иддат» мерзіміндегі әйелі болуы шарт. Одан қала берді шариғатта талақтың түрлері бар. Олар: 

1. Ражиғий талағы. Бұл талақпен идда ішінде қайта табысуға болады.

2. Байн талағы. Бұл талақпен некені қайта қидырмай табысу дұрыс емес.

3. Ғализ талағы. Бұл талақпен қайта табысуға тыйым салынады. Ол әйел басқа күйеуге тиіп, ол күйеуі онымен қосылмай, сол күйеуі өлмей немесе талақ етілгеннен кейін әйел иддасынан шықпай алдыңғы ерімен қайта табысуы мүмкін емес.

Мұсылман құқығында «талақ» етудің ерекше негіздері бар:

1. Құран мен Сүннет тәртібіне қайшы негіздегі талақ ету тыйым салынған.

2. Тәртібі мен іс-әрекетінде кінәрат болмаса да кемшіліксіз әйелді талақ ету мәкрүһ.

3. Ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу сүннет.

4. Отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз.

5. Араларында махаббат болмаған жанұялардың ажырасуы тұрғысында әр түрлі көзқарастар бар. Бұл ерлі зайыптылардың өздеріне қалған шешім. («Талақ» сүресі, 6-7).

1- Ажырасу үшін қолданылатын сөздерді еркектің әйеліне қарата айтуымен талақ яғни ажырасу жүзеге асады. Ажырасу үшін қолданылатын сөздер екіге бөлінеді: Ашық сөздер және астарлы сөздер.

“Талақсың”, “сенен ажырастым” секілді сөздер «ашық сөздер» болып саналады. Бұл сөздерді қалжыңдап немесе қателесіп, байқамай айтқан кезде мағынасын білмесе де ажырасқан болады.

“Болды сені тастадым”, “сені қойдым” деген секілді сөздер де ашық сөзге жатады. Бір немесе екі рет мұндай ашық сөзбен ажырасуға, яғни кері қайтуы мүмкін болған ажырасуға «талақи рижи» делінеді. Бірақ бәрібір үш рет талақ айту ақысының біреуі кеткен болады. Бұл сөздердің кез-келген біреуі бір рет айтылғанда өкінсе, ескі некесіне қайту ниетімен әйелінің қолын ұстаса немесе сүйсе қайтадан неке қидырып отырмай қалған екі неке бауымен жанұялық өмірін жалғастыра береді.

2- Некенің үш бауы болады. Яғни ажырасуға, некені бұзуға себеп болатын "Болды сені тастадым", "қойдым", "талақсың" , секілді сөздер үш рет қайталанып "Талақсың, талақсың, талақсың" деп айтылса немесе "сені үш рет қойдым, үш талақсың" десе, некенің үш бауы бірден үзілген болады. Енді артқа қайтуға болмайтын ажырасу жүзеге асқан болады. Бұлай үш талақ жүзеге асқан жағдайда талақи рижи талақи баинға айналады.

3- “Әкеңнің үйіне кет!”, “Құры кет!”, “Бұдан былай сенің күйеуің емеспін” деген секілді басқа мағыналарда да қолданылатын сөздер “астарлы сөздер” деп аталады. Бұл сөздер ажырасу ниетімен айтылған болса, ажырасқан болады. Бұған талақи баин делінеді, яғни иддет мерзімі ішінде кері қайту мүмкіндігі болмаған ажырасу.

Бұл түрдегі ажырасуда иддет мерзімі өтіп жаңадан неке оқылмайынша ерлі-зайыптылар бірге бола алмайды.

4- Қайын атасына “мен сенің қызыңды қаламаймын кімге тием десе тисін” деп айту және әйелі сыртқа шығу үшін сұранғанда “мен сені жіппен байламадым бара бер”, “Қалаған жағыңа кете бер, маған әйел болмайсың” немесе “бұдан былай сені қаламаймын”, “сенен ажырасуды қалаймын” секілді сөздер айтылса, ажырасуды ниет етпейінше ажырасқан болып саналмайды.

5- Ажырасу мағынасында қолданылуы әдет болған басқа сөздер әйеліне айтылған кезде ажырасуды ниет етпесе де бір “талақи баин” жүзеге асқан болады.

6- Әйеліне анам, қызым, қарындасым деп айтумен талақ болмайды. Бірақ «Қазірден бастап анам, қызым, қарындасым бол» десе талақ болады. Бір талақи баин болады.

7- Астарлы сөзбен ажырасқанда, талақи баинның иддет мерзімінде күйеу әйелінің бөлмесіне кіре алмайды. Әйелі сәндене алмайды, әтір, иіс су себе алмайды, бөтен әйел секілді талақ берген күйеуінен ұзақ тұрады. Иддет мерзімінен кейін жаңадан неке қию керек болады.

8- Талақта мөлшері айтылмаса бір талақ болады. Үш немесе одан көп сан айтылса, үш талақпен ажырасқан болады. “Денемдегі қылдардың санындай”, “теңіздегі балықтардың мөлшеріндей”, “көктегі жұлдыздардай” дегенде де үш талақ болады. 

9- Әйеліне талақ беретін еркектің зерек және көзі ашық болуы керек. Мастың, аурудың және күштеп, қорқытылған адамның сөзі, хаты, e-mail, смс, факс арқылы да талақ өтеді. Бұлар әйелдің қолына жеткен кезден бастап ажырасқан болады. Яғни әйел бұл ажырасуды естігенде, хабардар болғанда талақ жүзеге асады. 

10- Жындының, алжыған, талып қалған адамның және аурумен және ашуланып не айтып тұрғанын білмейтін адамның айтуы ажырасу болмайды. Бұл екі түрлі болады:

a) Мағынасын білмей, олай айтуды көздемей, қаламай айтылғанда талақ болмайды. Бұл астарлы сөздер үшін. Әйтпесе ашық сөздермен яғни мен «сенен ажырстым», «талақсың» десе, олай айтуды көздемей, қаламай айтса да бәрібір талақ болады.

б) Мағынасын біліп тұрып және өзі қалап айтып, кейін айтқанын ұмыту, білмеу. Бұл сөзін екі куә естіп кейін өзіне айтса ажырасқан болады. Яғни сенен ажырастым деп айтып бірақ кейін мұны ұмытса, «сен осылай деген едің» деп айтылғанда «жоқ мен олай дегенім жоқ, менің есімде жоқ».десе, егер екі куәгер “иә біз естідік ол әйелімен ажырасты” десе ол кезде ажырасқан болады. Егер олай айтылмаса адам мойындамағаны үшін ажырасқан болмайды.

11- Еш қосылмаған болса немесе бір бөлмеде немесе оңаша жерде мүлдем бірге қалмаған болса, бір рет талақ берумен әйел иддет мерзімін күтпестен сол күні де басқа адамға тұрмысқа шыға алады.

12- Күйеуіне немесе басқаларға тілімен, әрекеттерімен зиян беретін, кез-келген бір парызды орындамайтын, мәселен парыз намаздарды оқымайтын, қиянат жасады деген күдік астында болған әйелден ажырасу шарт емес мүстаһаб болады, ажырасу жақсы болады.

13- Парызды орындамайтын мәселен намаздың парыз екендігіне сенгенімен оқымайтын әйелден ажыраспау күнә емес. Күйеуі оған жылы сөзбен намаз оқытуға тырысуы керек, тырыспаса күнәға кіреді.

Отбасылық міндетін атқара алмайтын, мәселен дуаланған (сиқырланған), жыныстық қатынаста әлсіз болған еркектің әйелі ажырасқысы келсе оны жіберуі (ажырасуы) уәжіп болады.

14- Әйелімен басқа басқа үш уақытта бір реттен ажырасқанын білдіретін сөздер айтса немесе бір уақытта "үш талақ" десе, артқа қайтпайтын түрде некесі бұзылады.

Бұндай жағдайда ол әйелмен  қайта некеге тұру үшін Хуллә керек болады. Хуллә дегеніміз әйел 3 ай иддет уақытын күтеді. Сосын басқа бір еркекке тұрмысқа шығып, онымен қосылады. Екінші күйеуі одан ажырасады. Әйел тағы 3 ай иддет уақытын күткеннен кейін барып бұрынғы бірінші күйеуімен қайта некеге отыра алады.

Иддет – ажырасқаннан кейін әйелдің жаңадан үйленуі харам болған уақыт. Бірінші таза болған күннің басынан үшінші хаиздың соңына дейінгі уақыт. Хаиз көрмесе талақ үшін үш ай, өлім үшін төрт ай он күн күтіледі.

Күйеу әйелімен жақсы мәміледе болуы, оған күлімдеп қарап, жылы жүз танытуы, әдемі сөздер айтуы тиіс. Оның қате әрекеттеріне, ақылға қонымсыз сөздеріне сабыр етуі тиіс. Оның дәрежесіне, түсінігіне бейімделуі қажет. Онымен қалжыңдасып ойнауы керек. Азық-түлік, киім-кешек мәселесінде қолдан келгенше кең болуға тырысу керек. Дінімізде әйелдердің білуі парыз болған нәрселерді әлбетте үйретуі керек.

Исламға дейінгі араб қоғамындағы тұрпайы әдеттердің бірі -тайпалық дәстүр бойынша шеше, әйел, қыз, сәбилер мирас ала лмайтын. Тек соғысуға жарайтын ер адам ғана мирасты иеленетін.  Осыдан араб қоғамында дүние-мүлікті мұра  қалдыруда үнемі келіспеушіліктер  мен  реніш туатын еді. Ал, мұсылман құқы бойынша отбасының барлық мүшелері белгілі мөлшерде мұрадан үлес  алу құқына ие.  Қайтыс болған  адамның артында сәби ер мұрагері қалған болса, мұраның үштен екісі оған берілді. Әйел немесе қызға қарағанда ер баланың мұрадан алар үлесі екі есе жоғары болды. Ал, мұрагер қыз бала болса, мұраның жартысы оған берілді. Кәмелет жасына толғанға дейін, сәбилердің мұрасын мұсылман қазысы (соты) сенімді бір адамға аманат ретінде тапсырады. Мұрагерлер ержетіп, оң- солын танығаннан кейін, мұра оған тапсырылуы тиіс.

Ал, қайтыс болған адамның баласы мен әке-шешесі болмаса, онда әйеліне мұраның жартысы қалдырылды. Қайтыс болған адамның әке-шешесі жоқ, бірақ, балалары болса, онда әйелге мұраның төрттен бірі тиесілі. Қайтыс болған адамның әке-шешесі мен баласы болмаса, қайтыс болушының аға-іні, әпке-қарындастары мұраның алтыдан бірін ала алды. Ал, егер қайтыс болушының туыстары көп болса, онда мұраның үштен бірі солардікі. Қайтыс болушының артында жалғыз қыз баласы қалған жағдайда, мұраның үштен бірі қызына қалдырылып, мұраның қалған бөлігі жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға берілді. Исламға дейінгі араб қоғамындағы тағылық әдеттердің бірі, қайтыс болған адамның жесірін де, қайтыс болған адамның ағасы немесе інісі мұра ретінде қарап, оған зорлықпен үйленетін.

Ажырасқанда баланы жетілдіру өзгеге үйленбеген анасының ақысы. Анадан кейін нағашы әжесіне, кейін өз әжесіне (әкесінің анасына) беріледі. Бұдан кейін қыз бауырына, кейін нағашы әпкесіне беріледі. Бала кімнің қолында болса да, напақасын әкесі береді. Әйел кедей болса, әкесі берген напақаны баламен бірге жей алады. Әкесі жоқ болса, баланың мүлкінен жұмсалады. Баланың мүлкі жоқ болса, напақаны өз қалтасынан беруі уәжіп болады.

         Кішкентай қызды өзгеге үйленген анасы, анасының нағашы әпкесі және тәтесі (әкесінің қыз бауыры) сұраса, анасының нағашы әпкесіне беріледі. Бала жеті жасқа толған кезде, қыз балиғатқа жеткенде әкесіне күштеп беріледі. Әкесі жоқ болса, пасық (күнәхар) болмаған әкесі тарапынан туысқандарының алуына болады. 

КАНОНДЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ: ПӘНІ, ПРИНЦИПТЕРІ, ТҮРЛЕРІ КАНОНДЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ: ПӘНІ, ПРИНЦИПТЕРІ,
Дінтанулық сөздікте:  Канондық құқық – шіркеулік билік жариялаған және шіркеулік канондарда бар қағидалардың жиынтығы, шіркеулік мекемелердің
ОТБАСЫ ТИПОЛОГИЯСЫ ОТБАСЫ ТИПОЛОГИЯСЫ
Отбасы типологиясының өлшемдері: отбасы құрамы; ерлі-зайыптылық өмір өтілімі; балалар саны; мекен-жай орны және түрі; рөлдерді бөлу ерекшеліктері,
ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ
Қазіргі отбасы және оның мәселелері психология, педагогика, әлеуметтану, демография, экономика сияқты бірқатар ғылымдардың зерттеу нысанына айналып
Ислам ілімі Ислам ілімі
         Ислам сенімінің негізі – бір Алла тағалаға ғана құлшылық ету және бір Алладан ған көмек сұрау (таухид).          Ислам – монотеистік таухид
Ислам дінінің қалыптасуы Ислам дінінің қалыптасуы
Ислам әлемінің ғалымдары ислам діні тек бір қауымға, бір ұлтқа ғана тән жаңа дін деп санамайды. Ислам бүкіл адамзатқа берілген ең соңғы, кемел, білім
Пікірлер (0)
Пікір білдіру