Жастар порталы
Соқырлық әлеуметтік мәселе ретінде: зағип жандардың қоғамға интеграциялануы
01.10.2020 638 0 aiko

Соқырлық әлеуметтік мәселе ретінде: зағип жандардың қоғамға интеграциялануы

Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс

Барлық әлемде мүгедектер денсаулықтарындағы ауытқушылықтар мен өмірлік іс-әрекет шектелуінің салдарынан өздерін экономикалық, әлеуметтік, моральды және саяси аспектілерде теңсіздікті сезінетін тұрғындардың бір бөлігі болып табылады. Шамамен осыдан 1000 жыл бұрын оларды кемсіту, мойындамау, оқшаулау, басымдық көрсету қарым-қатынасы орын алған болса, ал 100 жылдан бері ол аяушылыққа және ізгі ниеттілікке ауысты. Қазіргі таңда мүгедектерге, соның ішінде соқырларға деген жағымды қарым-қатынас байқалады (Sood, Nada, Nagpal, 2004). 

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы Заңы бойынша мүгедек ұғымына тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам деген анықтама беріледі. Ал мүгедектiк деп организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi айтылған (Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы, 2005). 

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік оңалту қазіргі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қызмет көрсету жүйелері үшін ең маңызды және қиын міндеттердің бірі. Мүгедектер құқығы жөніндегі декларация 1975 жылы қабылданды. Мүгедектерді қоғамға бейімдеуде, олардың әлеуметтік топ ретіндегі ерекшеліктерін, психологиясын білудің маңызы зор. Мүгедектер тәуелсіздігі Декларациясы оларға әлсіз адам ретінде қарамауға, тең серіктестік тұрғыдан қарым-қатынас жасауға, олардың өмірге белсенді позициясын қалыптастыруға, құрметтеуге шақырады. Бұл құжатта мүгедектерге қалай қарау, қатынас жасау керектігі, мүгедектердің көңілкүйі, ортадан не қажет ететіні көрсетілген. Аталған құжат мүгедектермен әлеуметтік жұмыс жүргізу туралы нұсқау десек болады. 

Мүгедектер құқығы туралы декларацияға сәйкес (БҰҰ,1975) мүгедек денелік және ақылой мүмкіндіктеріндегі кемшіліктеріне қарай жеке және әлеуметтік өмірдегі қажеттіліктерін өздігінше қамтамасыз ете алмайтын әрбір адам (The convention on the rights of persons with disabilities, 1975). 1992 жылғы 5 мамырдағы Европа кеңесі Ассамблеясының 44 сессиясының реабилитациялық бағдарламасына сәйкес мүгедектік денелік, психологиялық, әлеуметтік, мәдени, заңдық және басқа да кедергілерге байланысты адамның қоғамның дені сау мүшелері сияқты болуына мүмкіндік бермейтін шектеулердің болуы ретінде анықталады (Епифанова, 2017). 

Мүгедектіктің түрлері, себептері. 

I Жасына қарай мүгедектікті: 1) мүгедек балалар; 2) ересек мүгедектер; 

ІІ. Пайда болуына қарай: 1) бала кезінен мүгедек болғандар немесе туа пайда болған кемістік; 2) соғыс мүгедектері; 3) еңбек мүгедектері; 

ІІІ. Жалпы аурулары бойынша: 1) еңбекке жарамды; 2) еңбекке жарамсыз; 

ІV. Мүгедектік дәрежесіне қарай: 1-топтағы мүгедек-еңбекке жарамсыз; 2-топтағы мүгедек уақытша еңбекке жарамсыз немесе белгілі бір ауқымдағы жұмысқа ғана жарамды; 3-топтағы мүгедек – еңбекке жарамды; 4-топтағы мүгедекеңбекке жарамды, – деп бөліп көрсетуге болады. 


Мүгедектерге өмірде қиындық келтіретін кедергілер: 

- денелік шектеулер, ақыл-ой, денелік басқа да кедергілер мүгедектің өздігінше кеңістікте қозғалуын қиындатады; 

- еңбектік шектеулер, патологиялық жағдайына байланысты мүгедектің жұмыс орнына бару мүмкіндігінің қиындауы немесе тіптен болмауы; 

- аз қамтамасыздандырылғандық, әлеуметтік-еңбектік шектеулердің салдарынан төмен еңбекақымен күнелтуге немесе абыройлы түрде өмір сүруге мүмкіндік бере алмайтын төлемдерге қарап қалу; 

- кеңістіктік-орталық, қоршаған ортада еркін түрде қозғалуға жағдайлардың жеткіліксіздігі; 

- ақпараттық, өте маңызды жалпы ақпараттар мен жеке өздерінің өміріне тікелей қатысы бар ақпараттарды алудағы кедергілер; 

- эмоционалдық, бір жағынан қоршаған ортадағы адамдардың таңдана, күлкімен, мүсіркеумен, қорқынышпен қарауы, екінші жағынан мүгедек адамның өзін аяуы, қоршаған адамдарға өшпенділікпен қарауы, өзінің жағдайына біреулерді кінәлау, оқшаулану, аса қамқорлықты күту т.б. сияқты екі жақты түрде көрінеді;

- коммуникативтік шектеулер, дене мүшесіндегі кемістіктердің негізінде шектеулердің болуынан, эмоционалдық тұрғыдан қорғану мақсатында оқшаулану, ұжымнан шеттеп қалу, қалыпты ақпараттардың жеткіліксіздігінен болатын толыққанды қарым-қатынас жасаудың бұзылуы (Абдикерова, 2014).

Соқырлық – бұл терең эмоционалдық және экономикалық мәнге ие физикалық жағдайдың бұзылуына байланысты мүгедектіктің түрі. Медицина тұрғысында соқырлық дегеніміз жарықты қараңғыдан ажырату қабілетсіздігін тудыратын екі көздің көруінің қайтарымсыз жойылуы. Дегенмен бұл адам жағдайының сипаттамасы болғанымен, әлеуметтік тұрғыда бұдан көп мағынаны білдіреді. Адам кеңістікте өздігінен қозғала алмай, біреудің көмегіне мұқтаж болады, адамның араласатын адамдар шеңбері тарылады, жалпы әлеуметтену процесіне кері ықпалын тигізеді. Салдары тек өзіне ғана емес, сонымен қатар оның отбасына және қоғамға да елеулі әсер етеді. Әсіресе, ауру немесе жарақаттан кейін көру қабілетінің жоғалуы өмір сүру салтында, әдеттерінде көптеген өзгерістерді тудырып, нәтижесінде психологиялық түзетулерге алып келеді (Foxall, 1992). 

Толықтай соқырлық жарықты түбегейлі сезбеу ретінде анықталады. Кейбір елдерде «тәжірибелік соқырлық» деген ұғым бар. Тәжірибелік соқырлық (көруге деген біршама қабілеттілік) – адамның қараңғы мен жарықты ажырата білу жағдайы, кейде тіпті визуалды ақпараттарды да қабылдай алу қабілетінің болуы, бірақ бұл қабілеттілік нақты еместігі сондай, оған сенім артудың қажеті жоқ. 

Соқырлық туа біткен және жүре біткен болып екіге бөлінеді. Туа біткен соқырлық – бұл бас миының көру жүйкесінің, көз торларының кейбір бөліктерінің дамуының бұзылуы. Жүре біткен соқырлық көз ауруларының салдарынан пайда болады: глаукома, трахома, кератит, көру жүйкесінің бұзылуы, сондай-ақ көз алмасының жарақаты, көз шарасы мен бас сүйек-ми зақымы. 

Соқырлық жағдайында адам мүгедек болып саналады. Көзге байланысты мүгедектік екіге бөлінеді: соқыр және әлсіз көруші. Бұл бөліністің көз өткірлігінің көрсеткішіне байланысты. 0 мен 0,04 аралығындағы көрсеткіштегілер соқыр болып, ал 0,04 пен 0,2 аралығындағы көрсеткіштегілер әлсіз көретіндер болып саналады. Олардың арасындағы басты айырмашылық әлсіз көрушілер үшін көз ақпараттың негізгі қайнар көзі ретінде қала береді және әртүрлі іс-әрекеттерде пайдаланылады (оқу және жазу) (Гельмутдинова, Сабитова, 2012). 

Көзінің көрмеуіне байланысты мүгедек болып қалған зағип жандар осы жоғарыда айтылған барлық кедергілерге ұшырайды. Бұл әлеуметтік топ мемлекет тарапынан аса әлеуметтік қорғауға, айналасындағылардың оларға әрқашан қол созуына мұқтаж. 

Осындай көзі көрмейтін зағип жандарға әлеуметтік көмек көрсету қазіргі таңның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Заңнамаларымыз кез келген топтағы мүгедектердің білім алуына, жұмыспен қамтамасыз етілуіне тиым салынбағанымен, тәжірибе жүзінде тек үшінші топтағы мүгедектер ғана жұмыс істеуге қабілетті. 1-2 топтағы мүгедектер жұмыссыздар ретінде есепке тұра алмайды. 1-2 топтағы мүгедектерге анықтама бергенде, оларға «жұмыс істеуге қабілетсіз» деп жазып береді. Сондықтан да 1-2 топтағы мүгедектер тек зейнетақы алады. Сондай-ақ зағип жандар тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етіледі. Тифлотехникалық құралдар дегеніміз – мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар (Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы, 2005). 

Бұзылыс, өмірлік іс-әрекеттің шектелуі және әлеуметтік жетіспеушіліктің Халықаралық номенклатурасына сәйкес көру қабілетінің бұзылуының мынандай түрлері қарастырылған: 

• екі көздің де көруінің терең бұзылуы; 

• бір көздің көруінің терең бұзылуы, ал екінші көз көруінің төмен болуы; 

• екі көздің де көруінің орташа бұзылысы; 

• бір көздің көруінің терең бұзылуы, ал екіншісінің қалыпты көруі. 

Көзілдірік немесе көзге арналған линзалар арқылы көруге болатын болса, бұл көз көрудің бұзылуына жатпайды. Дүниежүзілік статистика бойынша халықтың 1% соқырлыққа ұшыраған екен (Холостова, 2006). Ал Қазақстан бойынша олардың саны 2015 жылғы статистика бойынша 5236 адамды құраған (Knpk.kz).

Әрине көз соқырлығы адамды көп нәрседен шектеп, қоғамға толықтай енуіне кедергісін тигізеді. Дегенмен қазіргі таңда бұрынғы уақыттарға қарағанда олардың да білім, кәсіби білім алуларына, жұмыспен қамтамасыз етулеріне мемлекет тарапынан қолдаулар біршама жетіл­ген. Зағип балалар мен нашар көретін балаларды арнайы оқытатын мектептердің барлығы, ЖОО-да білім алу мүмкіндіктерінің болуы, арнайы жасалған технологиялық құрылғылар, көзі көрмейтін адамдарға арналған жұмыс орындарының ашылуы олардың қоғамға енуіне ықпал етеді. Қазіргі таңда технологияның көмегімен нашар көретін адамдар өздерінің сыныптастарымен, оқытушыларымен, жұмыстағы әріптестерімен, клиенттері мен достарымен, компьютерлік құрылғылар мен бағдарламалық қамтамасыздандырулардың үнемі инновациясының арқасында бір-бірімен сөйлесе алады (Lisi, 2005).

Бірақ көздері тіпті көрмейтін, яғни абсолютті соқырлық адамның өз-өзіне қызмет етуін төмендетіп, физикалық тәуелділікке алып келеді. Олар қоршаған ортаны қол арқылы сипап, ұстап білу, заттың формасына, иісіне мән беру, аяқ арқылы басып көру, тілмен дәмін сезу арқылы таниды. Ал есту қабілеті оларда өте жоғары дамыған. Есту арқылы кеңістікте бағыт-бағдар жасауға тырысады. Сондықтан да қоғамға енуде және бейімдеуде дауыстарды бақылауға мән берген маңызды. Оларға көмек көрсетуде осы ерекшеліктерді ескеру қажет. 

Мүгедектердің қоғамға интеграциялануы олармен әлеуметтік жұмыс технологияларының тиімділігіне байланысты. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау – мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөнiндегi шаралар кешенi. Ал мүгедектердi әлеуметтiк оңалту дегеніміз мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi болып табылады (Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы, 2005). 

Жалпы оңалту ұғымына қамауда болғаннан кейін, қауіпті әдет немесе аурудан кейін оқыту және терапия арқылы адамның денсаулығын немесе өмірін қалпына келтіру іс-әрекеті деген анықтама беріледі (Definition of rehabilitation). 

Медицинадағы оңалту (фр. rehabilitation, лат. re жеке + habilis ыңғайлы, икемделген) бұл – жүре пайда болған (реабилитация) немесе туа біткен (абилитация) аурулардың, сондайақ жарақаттардың нәтижесінде физикалық және психикалық шектеулі жандардың денсаулықтарын, еңбек қабілеттіліктерін қалпына келтіру бойынша медициналық, психологиялық, педагогикалық, кәсіби және заңдық шаралардың кешені. Көзі көрмейтін мүгедектерді оңалту қалпына келтіруге, қызмет көрсетуі бұзылған немесе жойылған ағзаны компенсациялауға, мүгедектің қандай да бір іс-әрекетті атқару қабілеттілігін орнына келтіруге бағытталған іс-шараларды ұйымдастырумен анықталады (vos.org.ru). 

Қайта қалпына келтіру медициналық, әлеуметтік, білім беру және кәсіби шараларды адамның функционалды қабілетін барынша жоғарғы деңгейде оқыту немесе қайта оқыту үшін жинақтай және бағыттай пайдалануды қамтиды. Мүгедектерді оңалтудың негізгі үш стратегиясы бар. Олар: институциялануы, насихатталуы және қоғамға бағытталуы (Mishara, 2003; Sharma, Vashist, 2002). 

Жалпы, мүгедектерді оңалту мыналарды қамтиды: ертерек ауруды анықтау, диагноз және араласу; жақсарту, жеңілдету, ынталандыру және/немесе қабілетсіз адамдарға, олардың отбасыларына және қызметшілеріне қызмет көрсету; медициналық қалпына келтіру, мүмкіндігінше қабілетсіздігін жою; кеңес және көмек берудің әлеуметтік, психологиялық және т.б. түрлері; өзін әлеуметке енуге, этикетке, қозғалуға, коммуникацияға және арнайы жағдайларда өзіне қажетті күнделікті өмірлік дағдыларын оқыту; техникамен, қозғалумен және т.б. құрылғылармен қамтамасыз ету; арнайы оқу қызметтері; кәсіби оңалту, соның ішінде кәсіби басқару, оқыту, орналастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету; мүгедектік тобына байланысты құжатының болуы және тиесілі көмекті алуы (Punani, Rawal, Sajit, 2004; Vanneste 1998 ). 

Оңалту көзі көрмейтін барлық жас ерекшелігіндегі топтарды және мүгедектер категорияларын қамтиды: соқырлар, әлсіз көрушілер, жұмыс істейтіндер және денсаулығы мен жасына байланысты жұмыс істемейтіндер. 

Соқырларды оңалтудың қазіргі орталықтарында мынандай кешенді оңалдандырулар жүзеге асырылады: 

- медициналық – көру функциясын қалпына келтіру, қалған көру қабілетін алдын ала емдеуге бағытталған; 

- әлеуметтік – емдеу-сауықтыру, мәденисауықтыру шараларының кешені; 

- әлеуметтік – зағиптардың әлеуметтік интеграциясына, жойылған қоғамдық байланыстарды қалпына келтіруге, өз-өзіне қызмет көрсетудің қарапайым дағдыларын қалпына келтіру мен қалыптастыруға, физикалық және әлеуметтік ортаға, Брайль жүйесінде оқуға бағытталған шаралар кешені;

- психологиялық – тұлғаны психологиялық қалпына келтіру, соқырлық жағдайында өмір сүруге дайындау; 

- педагогикалық – оқыту және тәрбиелеу; 

- кәсіби – кәсіби бағдар, кәсіби дайындық және денсаулығына, біліктілігіне, жеке қабілеттеріне сай жұмысқа орналастыру; 

- теплотехникалық құралдарды өңдеу және енгізу, соқырларды онымен қамтамасыз ету. 

Оңалту жүйесінде мүгедектерді медициналық-әлеуметтік оңалтудың алар орны ерекше.

  Мәліметтер алынған дереккөз:
 Нұран Д.Н. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Психология және социология сериясы.3(62). 2017 

Қайырымдылық – әлеуметтік институт ретінде Қайырымдылық – әлеуметтік институт ретінде
айырымдылық – универсалды жалпыадамзаттық құндылық, азаматтық қоғамның маңызды нысындарының бірі. Бұл өнегелік іс және көмек берушінің моральды
Мүгедек балаларды қоғамға бейімдеу арқылы сауықтыру жолдары Мүгедек балаларды қоғамға бейімдеу арқылы
Әр ата-ана бауыр еті-баласының дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді. Ал балалардың өмірге мүгедек болып келуі кімкімге де ауыр
Мүмкіншілігі шектеулі жастар әлеуметтік жұмыстың объектісі ретінде Мүмкіншілігі шектеулі жастар әлеуметтік жұмыстың
Жастар кез келген қоғамда үлкен немесе кіші деңгейде көрсетілетін топ болып табылады. Қазіргі кезде жасөспірімдерді, бозбалалар мен бойжеткендерді,
«Құндылық» және «құндылық бағдар» ұғымдарына психологиялық талдау «Құндылық» және «құндылық бағдар» ұғымдарына
Ғылыми дереккөздерінде «құндылық» сөзі философия, әлеуметтану, педагогика және психология ғылымдарындағы негізгі тұжырымдамалардың бірі. Бірқатар
ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру