Жастар порталы
Зағип аналардың ата-аналық әлемдік тәжірибесі
25.09.2020 293 0 aiko

Зағип аналардың ата-аналық әлемдік тәжірибесі

Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс

Кіріспе 

Адам өмірінде көздің атқарар қызметі өте жоғары. Көз арқылы қоршаған ортаны танып, өзімізді дамытуға, түрлі қауіп-қатерлерден қорғануға мүмкіндік аламыз. Көз арқылы өз эмоциямызды білдіріп, басқа адамдардың эмоциясын дұрыс қабылдауға мүмкіндік алып, бір-бірімізбен дұрыс коммуникация орнатуға жеңілдіктер аламыз. Адамның көзі арқылы оның ішкі жандүниесін, ауырып тұрғандығын, немесе қатты қуанып, бір нәрсеге алаңдап тұрғандығынан хабар ала аламыз. Көзді бағалағандығымыз соншалықты қазақ халқының арасында жақсы көрген адамды көзімнің қарашығы, көзімнің жанары, әке-шешемнің көзі көрген адамы деген сияқты теңеу сөздер қалыптасқан. Адамдар барынша көз жанарын күтуге, сақтап қалуға тырысады. 

Өкінішке орай, ортамызда осы көз жанарынан айырылған, тек қараңғыда өмір сүріп жатқан соқырлар да бар. Соқырлық маңызды, өзіндік бір мәнін жоғалтқан үлкен шығын болып табылып, адамды үлкен психологиялық жарақатқа алып келеді (Douglas, Pavey, Corcoran, 2008). Соқырлық туа пайда болған және жүре пайда болған болып екіге бөлінеді. Екі соқырлық түрінің де қоғамға бейімделуінің өзіндік ерекшеліктері бар. Көре жүріп, соқыр болып қалған адам күнделікті ісәрекетте қалаған ісімен, қызығушылығымен айналыса алмай қалады (Douglas, Pavey, Corcoran, 2008). Сондай-ақ, зағиптылық өзінің имиджі жайында өзіне сынға ұшырап, тіпті олардың стигматизациясына да алып келеді (Percival, Hanson, 2005: 189-205). Сондықтан да көру қабілетінен айырылу эмоционалдық қолдау қажеттілігін ұлғайтатындығы таңғаларлық жайт емес (Conley-Jung, Connie, Olkin, Rhoda 2010). 

Әсіресе, осы топ ішіндегі зағип аналар мәселесі өте өзекті тақырып болып табылады. Өйткені зағиптылықта туындайтын көптеген қиыншылықтарға қарамастан, ана болуды, болашақ ұрпақты тәрбиелеуді өздеріне міндет етіп таңдаған зағип аналар алдында көптеген қиындықтар туындайды. Осы тұста мемлекет тарапынан, айналасындағы адамдардан қолдаудың қажеттілігі өсе түседі. Мемлекет тарапы деп отырғанымыз, тек қаржылай қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар зағип аналарды болашақ ана болуға әлеуметтік оңалтудан өткізу, бала күтіміне үйрету, сондай-ақ перзентханаларда зағип аналармен жұмыс істеу ерекшелігін білетін медициналық қызметкерлерді, әлеуметтік жұмысшыларды дайындау өте маңызды болып табылмақ. Зағип ананың толықтай ана қызметін атқаруға көмектесуде туыстарының, көршілерінің атқарар рөлі де зор болмақ. 

Қазақстан Республикасында зағиптармен әлеуметтік жұмыс ерекшелігіне, зағип аналарды зерттеуге байланысты ешқандай да зерттеу жүргізілмеген. Тіпті әлем бойынша зағип аналар мәселесі жеткіліксіз зерттелген. Зағип аналарға көзі көретін аналардың бала тәрбиелеуде қолданатын әдіс-амалдары сәйкес келмейді. Мақаланың мақсаты – зағип аналардың атааналық тәжірибесін жеңілдету үшін зағип аналар пайдаланатын әртүрлі әлемдік тәжірибелерді жинастыру. 

Міндеттері: 

– зағип аналардың ата-аналық тәжірибесіне жүргізілген ресейлік және шетелдік ғылыми еңбектерге талдау жасау; 

– зағип аналардың ата-аналық тәжірибесінде туындайтын негізгі мәселелерді анықтау; 

– зағип аналардың бейімделуіне кеңестер мен ұсыныстар өңдеу. 


Материалдар мен әдістер 

Зағип аналардың бейімделуінің әлеуметтік технологияларын өңдеу үшін алдымен зағип аналарда туындайтын мәселелерді анықтап алу қажет. Осы мақсатта жалпы зағип аналар мәселесіне қатысты ғылыми еңбектерге онлайнізденіс жасалынды. Соның негізінде Қазақстанда ешқандайда ғылыми еңбек шықпады, Ресейлік база мәліметтері бойынша 6-7 ғылыми еңбек, АҚШ-тың Бостон Колледжінің кітапханасының база мәліметтері бойынша нақты осы тақырып бойынша 20 шақты ғылыми еңбектер шықты. Мақала мақсатына қол жеткізу үшін ғылыми зерттеулерге талдау жасалынды.

Орыс ғалымдары Конюхова мен Ларионова 2014 жылы кішкентай нәрестелері бар зағип аналардың ата-аналық тәжірибесіне зерттеу жүргізген. Зерттеу бойынша барлық зағип аналар ата-аналық тәжірибесінің негізгі мәселелері ретінде балаларымен далада қыдыру, үй жағдайында баланы емдеу (дәрі мөлшері) және гигиеналық процедураларды (шомылдыру, тісін тазалау, тырнақтарын алу) жүзеге асыруды көрсеткен. Сондай-ақ, зағип аналар әдебиеттерді өз беттерінше оқып беруде, құрастырмалы ойыншықтарды құрастыруда, сурет салуда, суреттерді бояуға үйретуде дәрменсіз екендіктерін айтқан. Сауалнамаға қатысқан барлық зағип аналар ертегілер мен өлеңдерді айтып беретіндігін және аудио таспаларда жазылған балаларға арналған әдебиеттерді пайдаланатындықтарын сөз еткен. Сондайақ, көзі көретін балаларды Брайль шрифтінде жазылған әдебиеттермен қызықтырудың өте қиын екендігін айтқан. Үй жағдайында балаларға дамытушы сабақтарды өтуде электронды дыбыстық кітаптар мен ойыншықтардың рөлінің зағип аналардың өмірін жеңілдететуде үлкен септігін тигізетіндігі сипатталған (Konyuhova, Larionova, 2017).

2012 жылы Бразилияда Джорж Херла Марияның тобымен жүргізілген зерттеу бала бағып отырған зағип аналардың тамақ дайындауға, үйлерін таза ұстауға және балаларын өздері тамақтандыруға қабілеттілігін, яғни бұл мәселеде ешкімге тәуелді емес екендіктерін көрсеткен. Сондай-ақ олар үйлерін жазатайым оқиғалардан алдын-алатындай етіп жайғастырып қойған. Тіпті әйелдер өздерінің кемтарлығына қарамастан, қоғамда және отбасыда бәріне үлгергісі, балаларына жақсы білім бергілері келетіндігін айтқан (Jorge, Herla Maria, 2014: 1013-1021).

Ал 2001 жылы АҚШ-та 42 зағип әйелдің қатысуымен өткен зерттеуде әйелдер бір қолымен таяқ немесе ит-жолнұсқаушыны ұстап, ал екінші қолымен бала отырған бесік арбаны сүйреудің қиын екендігін айтқан. Сондай-ақ олар үйден тыс жерде балаларының жөргектерін ауыстыруда қиналатындықтарын айтқан. Зағип аналардың біршамасы балалары қозғалғанда дауысы шығатын қағаз жөргектерді жақсы көретіндіктерін сөзге тиек еткен. Зағип аналар үшін балаларының қайда жүргендігін білу үлкен мәселе болып табылады. Сондай-ақ, дәрілердің нұсқауларында Брайль шрифті болмағандықтан дәрілердің мөлшерін анықтау қиынға соққан. Балаларының қызуы көтерілгенде термометрдің көрсеткішін көрмейтіндігі, ал сөйлейтін термометрлер қымбат болғандықтан оны сатып ала алмайтындықтары айтылған. Балаларына түстерді үйрету үшін зағип аналар түрлі әдістерді пайдаланған. Кейбір аналар әр түске әр түрлі иіс беретін борларды пайдаланса, бір ана түрлі текстурадағы материалдарды пайдаланатындығын айтқан. Зерттеуге қатысқан әйелдердің 14%-ы балаларының дене тазалығын, киімдерін және ойнайтын алаңдарын таза ұстауда біраз уайымдайтындығын көрсеткен. Әсіресе, балаларының киімдері сыртқы ортаға көрінетін болғандықтан олар осы мәселеге аса назар аударған. Көздері көретін аналардың өлшемдеріне сай келу үшін зағип аналар тырысып-тырмысатындықтарын мойындаған. Зерттеу нәтижесі зағип аналардың көздерінің көрмеуі олардың ана болуларына көптеген аспектілерде ықпал етпейтіндігін анықтаған (Conley-Jung, Connie, Olkin, Rhoda, 2001: 14-29).

Анжела Фредрик (Angela Frederick) АҚШтың перзентханасында зағип аналар арасында зерттеу жүргізген. Зағип аналар балаларын тәрбиелеу философиясына қатты алаңдаушылықтарын білдірген. Сондай-ақ медициналық сарапшылардың зағип аналарға деген сенімсіздігі мен дискриминация тәжірибесі олардың ана болу құқықтарына қауіп төндіретін қорқыныш сезімін ұялатқан. Зағип аналардың сөздері бойынша перзентханада медициналық қызметкерлер балаларын бағуға байланысты жеткіліксіз ақпарат берген. Дегенмен оңалту бағдарламалары зағип аналарды өз беттерінше өмір сүру әдістеріне оқытатын болғанымен, олар бала тәрбиелеу бойынша жеткілікті дайындықты қамтамасыз етпейтін болып отыр. Сондықтан бұл аналар көбінесе қажетті ақпараттарды әлеуметтік желілерден алып отырған. Зағип аналардың көбісі өздерінің арасында құрылған Фэйсбук парақшасына және тарату (рассылки) тізімдеріне тіркелген, ал біршамасы Зағиптардың Ұлттық Федерациясында (NFB) зағип аналардың қызығушылықтары бойынша жыл сайын өтетін жиналысқа қатысатын болған. Әлеуметтік желілер қауымдастығында жаңадан туылған сәбилер мен балаларға күтім жасау бойынша көптеген кеңестер берілген. Зағип аналар балаларын әрі-бері көтеріп жүру үшін рюкзак-қолтырауын (жаңадан туылған сәбилер мен нәрестелер үшін арнайы киім). Өйткені бұл қондырғы аналарға балаларын денесіне жақын ұстауға, сондай-ақ қолдарына таяқ немесе итнұсқаушыны ұстауға мүмкіндік тудырады. Ал бесік арбаны зағип аналар итеріп емес, итке немесе таяққа жүгінгендіктен сүйретіп жүреді. Балалар кішкене өсіп, еңбектей бастағанда, әдетте, зағип аналар балаларының киіміне немесе қолдарына білезік ретінде қоңыраулар тағып қояды

Қатысушылар сұхбат және фокус-топтар барысында перзентхана ең өкінішті және кері көп әсер қалдырған орын болғандығын айтты. Медициналық қызметкерлер олардың жаңа туылған сәбилеріне күтім жасау біліктілігіне, әлеуметтік атқаратын рөліне, жалпы ана рөліне сенімсіздік танытқан. Медициналық қызметкерлердің сәбилерге төнуі мүмкін қауіпқатерлеріне алаңдауларын зағип аналар олардың құқықтарын таптау ретінде қабылдаған. Сондайақ зағип аналар бірінші балаларын босанған соң әлеуметтік жұмысшыларға жолығулары керек болған. Әлеуметтік жұмысшылармен кездесу, әлеуметтік мекемелерге бару зағип аналарда қорқыныш тудырған. Кездесу барысында зағип аналарға әлеуметтік жұмысшылар балаңызды асырап алуға басқа отбасыға бересіз бе деген сұрақ қойылған. Бірақ олар балаларын асырай алатындықтарын бар күшімен дәлелдеген. Зерттеуде 57 күнге аналық құқығынан айырылған 27 жастағы Эриканың оқиғасы айтылған. Медициналық персонал, әлеуметтік жұмысшы және сот Эриканы балаға қамқорлық көрсете алмайды деген шешім шығарып, баланы өзге отбасыға асырауға беріп жіберген. Бұл оқиға БАҚ-та үлкен шу тудырған. Бірақ ол бірге тұратын жігітімен сотты жеңіп, баланы қайтарып алған (Frederick, 2015: 1127-1141).

Ал 2009 жылы Бразилияда Лоританың зағип аналар арасында жүргізген зерттеуі негізінде балаға күтім жасауда келесідей мәселелер анықталды: баланы шомылдыру қиындықтары, емшекпен емгізу, судың температурасына сенімсіздік, сұйық дәрілерді ішкізу. Осы зерттеудің Мария есімді қатысушысы сұйық дәріні беру үшін бір рет қана пайдалануға арналған ыдыстарды пайдаланып, толғантолмағанын қолымен ұстап көріп, тексеретіндігін айтқан. Үйді тазартуға арналған заттарды, улы тағамдарды биікте арнайы орындарда ұстаған. Балаларды пештен, терезе мен баспалдақтардан алыс ұстаған. Баласын босанғаннан кейін баланы шомылдыруға, тамақтандыруға әпкесі көмектескен. Сондай-ақ күтпеген жағдайларда көршілеріне жүгінген. Баласын қасықпен тамақтандыру үшін басын қолмен ұстап тамақтандырған. Бразилияның заңы бойынша дәрілерде Брайль шрифті жазылу керек, бірақ бұл заң толықтай жүзеге аспаған. Сондай-ақ, зерттеу медициналық қызметкерлердің зағип аналармен жұмыс істеуде білімі жоқтығын көрсеткен (Marlena, Pagliuca, Uchoa, Tavares Machado, 2009).

Захра Бехбуди 2017 жылы герменевтикалық феноменологиялық амалды пайдаланып, Ирандағы зағип аналардың балаларды тәрбиелеу тәжірибесін зерттеген. Сапалы мәліметтерді алу үшін он шақты зағип аналардан жартылай құрылымдық тереңдетілген сұхбат алған. Зерттеу көрсеткендей, зағип аналар балаларының қайда жүргендігін және іс-қимылдарын біліп отыру үшін балаларының дауыстарын аңдып жүрген. Баланың кез келген дауысына, қойған сұрақтарына мұқият мән берген. Бір ана берген сұхбатында: «сіздер көзбен көрсеңіздер, мен қызымды құлағыммен көремін!» деген. Ал бір ана баласының тамақты жеп қойғанына сенімді болу үшін баласын қасықпен емес, қолмен тамақтандырған. Сондай-ақ, бір ана баласының анасына ыңғайлап ықпал ететіндігін айтқан: «Балама тамақты қасықпен берсем, менің балам аузын қасыққа қарай бұрып ыңғайланады”.

Бір зағип ананың сөзі бойынша, ана баласын жерге қойса жоғалтып аламын ба деп, жерге қойғысы келмейтін болған. Ал қызы 8 жаста болған Малихе: «Қызым өсіп келеді, теледидардан дұрыс емес ақпараттарды көруі мүмкін, ал мен оны қадағалай алмай қаламын ба деп қорқамын», – деп өзінің алаңдаушылығын білдірген. Сондай-ақ, Захра зағип ана мен көзі көретін баланың арасындағы қарым-қатынастың жетіспеушілігін анықтаған. Зағип аналар көру қабілеттері болмағандықтан, балаларына күтім жасауда және оқытуда баларының бет қимылы мен дене қозғалыстарын пайдалана алмайды. Бір зағип ананың айтуы бойынша баласы қолымен бірдеңе сұрап тұрғанын көрмеген. Оны көршісі айтып жеткізген. Зерттеуге қатысушы Шабнам: «жақында баламда лихорадка болды; сол уақытта әпкем айқайлап, баламның құлап жатқандығын айтты. Мен сонда көрудің қалай маңызды екендігін түсіндім», – деген. Дегенмен, қатысушылардың арыздарын саралай отырып, бұл мәселенің балалар сөйлей бастағанда сейілетіндігін ескеруге болады. Зерттеу нәтижесі зағип аналар көзі көретін балаларымен бірегей тәсілдермен қарым-қатынас орнататындығын көрсеткен. Соқырлық ана мен бала қарым-қатынасын жақсарту үшін зағип аналарды осыған ыңғайлануға мәжбүрлеген. Зағип аналар аналық махабатты білдірудің негізгі әдістері болып табылатын баланың қолынан ұстау, құшақтау, сүю сияқты әдістерді көптеп пайдаланған (Moghadam, Behboodi, Shahrzad, Samira, 2017)

Келесі зерттеулердің бірі тағы да Бразилияда жүргізілген. Бразилияда жалпы баланы емшекпен емгізу 41% ғана құрағандықтан, бұл зерттеудің мақсаты зағип аналар арасында бұл тенденция қалай орын алатындығын анықтау болды. Мақала авторларының айтуынша, емшек сүті бала денсаулығын нығайтатын негізгі тағам болып табылады. Зерттеу нәтижесі зағип аналардың басым бөлігінің емшекпен емгізуді қолдайтындығын және оны жүзеге асыруда жоғарғы деңгейді көрсеткен (Angelo Dias, Silva, Venâncio, Lopes Chaves, Gonçalves Do Oliveira, 2018). 

Ал Чиеса бастаған авторлар тобы 2015 жылы Италияда балаларының бет қимылын, дене әрекетін көзбен көре алмайтын көру қабілеті төмен аналардың кішкентай балаларымен қалай қарым-қатынас жасайтындығына зерттеу жүргізген. Автор зағип аналардың балаларымен қарым-қатынасында қолданатын физикалық байланысты, вербалды қойылымды, бет қозғалысын негізге алған. Ол осы әрекеттерді көзі көретін аналардың балаларымен қарым-қатынасын салыстырмалы түрде жүзеге асырған. Зерттеу ойын түрінде жүргізілген. Зағип ана мен бала бірге ойнап отырған. Ойын барысында шылдырмақ (6 айлық балаларға), жасы біршама үлкен балаларға құрастыратын ойыншықтар берілген. Ойын 22-35 минутқа созылған. Зерттеу нәтижесі зағип аналардың балалары көзі көретін аналардың балалары сияқты бет қимылдарын, дене қимылдарын жасаған. Зағип ана мен бала қарым-қатынасында туындайтын анасының кемтарлығын дене байланысы мен сөйлеу алмастырып отырған. Зағип ана мен баланың өзара байланысында дене байланысы мен сөйлеудің орны өте маңызды. Жалпы алынған зерттеудің нәтижесі зағип ана мен баланың үйлесімді байланысына зағиптылық ешқандайда ықпалын тигізбейтіндігін көрсеткен (Chiesa, Galati, Schmidt, 2015). 

Бұл феноменологиялық зерттеу Ұлыбританияда жүргізілген. Зерттеуге 32-47 жас аралығындағы әр қайсысының 10 жасқа дейінгі балалары бар тоғыз британдық зағип ана қатысқан. Ана болу тәжірибесі олардың өміріне қалай ықпал еткендігін зерттеу мақсатында телефон арқылы сұхбат жүргізілген. Зерттеу барысында бір ана оның тың, әрі иісті мықты сезетіндігін айтқан. Оның айтуынша, мұндай сезімтал болуына соқырлық ықпал еткен. Зағип аналар көзі көретін адамдардың эмоционалдық тұрғыда, жалпы өмірлерінде қолдау көрсетпейтіндігіне ыза болған. Әсіресе, медициналық қызметкерлердің икемсіздігі бұларды қатты қынжылтқан. Медициналық қызметкерлердің іс-әрекеттері зағип аналарды дискриминацияға ұшыратып, олардың ана болу сенімділіктеріне кері әсерін тигізген. 

Зерттеуде зағип аналар «vi mums» онлайн тобының пайдасын жоғары бағалаған. Осы вебсайт арқылы зағип аналар қоғамнан алшақтану сезімін төмендетіп, білім мен тәжірибе байланысудағы ерекше орнын көрсеткен. Бұл вебсайт олардың мәселелеріне жауап алуға, сондайақ зағип ананың жалғыз емес екендігін сезінуге мүмкіндік тудырған. 

Зағип аналар өзгелердің қолдауына зәру, дегенмен олар балаларын тәрбиелеуде дәрменсіз екендіктерін көрсетуден қорқады. Сондай-ақ, балалар алаңында, мектепте басқа ата-аналармен қарым-қатынасының жақсы емес екендіктерін айтқан. Оларға көзі көретін әйелдердің зағип аналар туралы көзқарастары мен ойлары ұнамаған. Бір ана қара көзілдірікті сәндік үшін емес, басқа адамдар сұрақпен, көзқарастарымен мазаламасын деп тағатындығын айтқан. Келесі бір ананың айтуынша: «Біз қайда барсақ та қала тұрғындарының бәріне танымалмыз. Біздердің қолымызда ит-нұсқаушы, екі бала. Меніңше, бұл жақсы сияқты. Менің зағип екенімді түсініп қолдауларын көрсетеді. Жалпы менің бұған кері көзқарасым жоқ». 

Бұл зерттеудің авторы зағип аналарға интернет көзінде психологиялық қызметтерге қолжетімділік жасау керек екендігін және осы қызметті кеңейтуді ұсынған (Molden, 2014: 136- 147). 

Нәтижелер мен талқылаулар 

Зағип аналардың ата-аналық тәжірибесіне арнайы жазылған ғылыми мақалалар зағип аналарда туындайтын мәселелерді жан-жақты ашып, олардың пайдаланатын әдіс-тәсілдерін өзге аналардың да пайдалануына мүмкіндік туғызады. Әлемдік тәжірибе зағип аналардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, ана болуға деген сенімділіктерін арттыра түседі. 

Әртүрлі елдердегі зағип аналардың атааналық тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, зағип аналардың ата-аналық тәжірибесінде туындайтын мынандай негізгі мәселелер анықталды: жас нәрестені шомылдыру, гигиеналық күтім көрсету, баланы емгізу және тамақтандыру, ауырған уақытында дәрінің мөлшерін дұрыс бере алмау, өз бетімен далада қыдырта алмау, бала еңбектей бастағанда, жүре бастағанда олардың қауіпсіздіктерін толыққанды қамтамасыз ете алмау, балаларына түстерді, сандарды үйрете алмау, аналық сенімсіздіктің басым болуы, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан зағип аналармен жұмыс істеуде білімнің жеткіліксіздігі және т.б. 

Қорытынды 

Зағип аналардың ата-аналық тәжірибесіне қатысты жасалған ғылыми талдау арқылы зағип аналарға балаларына күтім жасауда, тәрбиелеуде пайдала алатын мынандай әдіснамалық нұсқауларды ұсына аламыз: 

налар түстерді балаларына үйрету үшін түрлі әдістерді пайдалануларына болады. Соның бірі әр түсте әртүрлі текстурадағы материалдарды пайдалану, мысалы қызыл түс – жібек, көк түс – сатин, сары түске – кашемир, жасыл түс – драб, ақ түс – атлас, қара түс – жүн және т.б. 

Зағип аналарға жаңадан туылған балаларын немесе нәрестелерін қолына алып көтеріп жүруде рюкзак-кенгуру деп аталатын арнайы киімді пайдаланған жеңіл болып табылады. Бұл арнайы киім, біріншіден, ана баласын денесіне жақын ұстап, оны сезінуге көп мүмкіншілік туғызса, екіншіден жол нұсқаушы итін немесе таяғын ұстауға қолы бос болады. Балалар еңбектеп, көп қозғала бастағанда олардың қолына немесе киімдеріне қоңыраулар іліп қою арқылы баланың қайда жүргенін оңай тауып алуға болады. 

Зағип аналарды жүкті кезінде, босанатын уақыты жақындағанда баланы дұрыс емгізуге ақпарат беріп, дайындау қажет. Әлемдік зерттеулерді ескеретін болсақ, мемлекеттік қызметкерлер балаға төнетін қауіптен қорқып, баланы бөтелкемен арнайы нәрестелер тамағымен тамақтандыру ұсынылған. Бірақ ана сүті өте маңызды тамақ болып табылады. Барынша ананың баласын емізгендігіне ықпал ету керек. 

Үйді тазалайтын улы заттарды және тамақта пайдаланатын әр түрлі қоспаларды балалардың қолы жетпейтін қауіпсіз биік жерлерде сақтау қажет. 

Оттан, терезеден және баспалдақтан балаларды алыс ұстау. 

Баланы қасықпен тамақтандыру қиын болған жағдайда тамақты қолмен беруге болады. Баланың тамақты жеп қойғандығына көз жеткізуге оңай болады. 

Еліміздің әлеуметтік саясатын жақсарту барысында, зағип жандарды қоғамға бейімдеу, зағиптармен әлеуметтік жұмысты дамыту мақсатында мынандай ұсыныстар жасалынады: 

Дәрілерге Брайль шрифтін енгізу. 

Перзентханадағы медициналық қызметкерлерге зағип әйелдермен жұмыс істей алатындай білім беру. 

Біздің елде де зағип аналарға арналған вебсайт ашу, фэйсбук және басқа да әлеуметтік желілерден арнайы парақшалар ашу. 

Жаңадан туылған нәрестесі бар аналарды өзі сөйлейтін термометрмен қамтамасыз ету. 

Қоғам арасында зағиптарға деген қалыптасқан стеоретипті өзгертуге жұмыс жасау.


Мәліметтер алынған дереккөздер: Д.Н. Нұран, М.С. Садырова. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Психология және социология  сериясы.   №1(72). 2020

Өз-өзіңізді бағалау Өз-өзіңізді бағалау
Жақсы, дұрыс өз-өзіңді бағалай білу өте маңызды деген көзқараспен барлығы келісетін шығар. Бірақ, өзінің маңыздылығын түсіну кез келгеннің қолынан
Қазақстандағы зағип аналардың ата-аналық тәжірибесі Қазақстандағы зағип аналардың ата-аналық
Ана болу – әрбір әйел адамның басты армандарының бірі. Сол сияқты көзі көрмейтін әйелдер де өмірінде кездесетін қиын жағдайларға қарамастан отбасы
Өзіңе зиян тигізбей өзгеге көмектесудің екі ережесі Өзіңе зиян тигізбей өзгеге көмектесудің екі
Елге көмектесу – қайырымды іс. Бірақ көмектесудің де өзіндік ережесі бар. Баяғыда йогадан сабақ беретін Евгения Петерсонның басынан мынадай оқиға
Ер мен әйел арасында махаббат Ер мен әйел арасында махаббат
Ер мен әйел арасында махаббат бір сәтте, бір көргеннен туындайды Бұрындары бір жерден ер мен әйел арасында махаббат бір көзқарастан туады дегенді
Егер сені сатып кетсе Егер сені сатып кетсе
Егер басыңа күн туғанда сатып кетсе – бұл жақсылыққа бастайтын жол. Қиындықтан тезірек құтылып, рухани өсуге мүмкіндік мол.  Кейде бізді ең қиын
Пікірлер (0)
Пікір білдіру