
ҒАЛАМДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ПАТРИОТТЫҚ ТƏРБИЕ МƏСЕЛЕСІ: ҚАЗАҚСТАН ҮШІН САБАҚТАРЫ
Əлемдік қауымдастық жаңа мыңжылдық табалдырығын ғаламданған экономика, космополиттенген сана, нарықтық қатынастардың тереңдеуі сияқты күрделі процестермен жəне өзгерген құндылықтар жүйесімен аттап отыр. Мұндай тарихи кезеңде ұлттық болмысымызды сақтап қалуға, қазақстандық ұлтжандылықты тереңдетуге барынша күш салғанымыз жөн. Алайда өмір шынайылығы өзінің ережелерін орындатуға мəжбүрлейді. Қазіргі дүниедегі өмір шынайылығы – адамдарда өзіндік эго күшейгені, олар өз армандарын жүзеге асырудың құралы мол ақша деп ұғынатын нарықтық қатынастардың тереңдегені, жеке меншіктің қасиетті саналуы, тұтынушылық психология белең алып бара жатқаны алаңдатады. Еңбек қатынастарының түпкі мəні табыс табу болғанымен, оны “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүзеге асыру жолдарын туындатқан тетіктер өмірге келуде. Сырттан жау шаппай-ақ, адам ниетінің тарылуынан заман өзгерген осындай алмағайып кезеңде отаншылдыққа тəрбиелеуді қалай жүзеге асырамыз?
Бұған жекешілдік пен ортақ мақсаттың өзара үйлесімдігі арқылы ғана қол жеткізуге болады: “өз бизнесіңді дамыта отырып, еліңді көркейтуге үлес қос” деген принцип нарық заманындағы отаншылдықтың ұранына айналуы тиіс, сол сияқты елдің білімді азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту арқылы өз Отаны үшін еңбек сіңіруге тарту патриотизмді дамытуда ерекше рөл атқарады. Енді осы мəселені тарқатып, саяси тұрғыда талдайық. Қазіргідей ғылым мен инновация өмірді билеп тұрған заманда білімді қызметкер нағыз капиталға айналды, яғни, адами капиталдың сапалық деңгейіне барынша назар аударылуда. Сол себепті де көптеген ірі компаниялардан бастап тұтас мемлекеттерге дейін түрлі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға ден қоюда. Бұлардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар, оған "білімді ұрпақ, білікті мемлекеттің тұтқасы" деген қағида негізінде Елбасымыз Н.Ə. Назарбаевтың жеке бақылауымен жүзеге асырылып жатқан “Болашақ” білім беру бағдарламасы дəлел. Көрегенділікпен жасалған аталмыш бағдарламаның негізінде əлемдегі 32 мемлекеттің 630 жетекші оқу орнында ондаған қазақ жастары білім алуда.
Экономикасын əр тараптандырып, инновациялық технологияларды дамытуға, индустриалды əрі ақпараттық қоғам құруға ұмтылып жатқанда білім берудің алдыңғы орынға шығуы заңдылық. Сондықтан, қандай да бір ел, аймақ, корпорация, ұйым т.б. өз мүшелерінің білімін арттыруға қаншалықты қаржы-қаражат құйса, ол соншалықты дəрежеде табысты болмақ. Бұл – əл-ауқаты күшті, əрі жан-жақты дамыған елдерде дəлелденген жəйт.
Бір əттеген-айы, зерттеушілердің көрсетуінше “Еуропа мен АҚШ-та білім алған мамандар көбінесе ұлттық мəдениеттерін қабылдамай, өз елінің дəстүрлеріне салқындық білдіруде. Ол түсінікті де. Бүгін 2 млн.-нан астам студент шет елдерде білім алуда. Соның 565 мыңы АҚШ-та, 270 мыңы Ұлы-британияда, 227 мыңы Германияда, 125 мыңы Францияда, 140 мыңы Қытайда оқиды. Бұл мемлекеттер жастарға білім беріп қана қоймай, олардың бойына батыстық, америкалық сана мен көзқарасты да сіңіреді. "Болашақ" бағдарламасымен шетелдерде білім алып жатқан қазақ жастарының ұлттық, елдік ұстанымы бізді де алаңдататыны анық” [1].
Бұл алаңдаушылық негізсіз емес: ҚР Парламент Мəжілісінің депутаты З. Алшынбаев “2009 жылы “Болашақ” бағдарламасымен оқып келген 40-тан астам жастың бір де біреуі қазақ тілін білмейді екен” - деп дабыл қағуында өткір мəселенің ұшы шығып тұр [2].
Осындай көкейкесті мəселеге өз заманында Алаштың асыл заматтары да ерекше мəн берген. Ж. Аймауытов бұл тұрғыда: “Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, əне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан “ұлтым” деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың əр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері [3].
Ал дамушы елдерде жағдай қалай болмақ? Таяқтың екі ұшы бар демекші, бұл мəселеде де жағымды жəне қайшылықты ұрымтал тұстар баршылық. Өйткені білім əр адамның ішкі жан дүниесіне тəн рухани байлық, оның “жекеменшіктік” қасиеті бар. Білім əр адамның басында болғандықтан, ол адаммен бірге кеңістікте бір орыннан екіншісіне орын ауыстыруға қабілетті. Сол үшін де ғаламдану жағдайында жəне азаматтардың бір елден екіншісіне еркін көшіпқонуға мүмкіндігінің кеңеюі білімге құйылған ақшаның ел үшін, отандық компаниялар үшін қайтарымды болуына қатысты күмəн туындайды, себебі ғаламшарымыздың білімді адамдары бүкіл əлем ауқымында жүріп-тұруға, өзінің көңілінен шыққан елде, ұйымдарда, трансұлттық корпорацияларда еңбек етуіне құқығы бар. Мұндай процестерді шартараптың кез-келген нүктесінен байқауымызға болады.
Үндістен қоғамтанушысы Ч. Хэнди өз елінің Кералы штаты тəжірибесін талдай отырып, осы проблеманың себеп-салдарына үңіледі. Кезінде Кералы штатының коммунистік үкіметі тұрғылықты халықтың білім деңгейін көтеру, денсаулық сақтауын жақсарту арқылы даму жоспарын жүзеге асыра бастаған. Бұл мақсатта үлкен жетістіктерге қол жеткізілген: халықтың сауаттылығы 94 % жетсе, халық санының көптігінен қиындық көріп отырған үндістандық Кералы штатында бала туу əр əйелге шаққанда 2,3 балаға қысқарады. Бастапқы білім беру деңгейі жағынан кейбір еуропалық елдерден асып түседі. Бірақ білімнің жоғары деңгейіне көтерілуі мен штаттағы əлеуметтік өмірдің төменгі дəрежеде болуы бұл штаттың табысты дамуының шартына айнала алмаған. Кералы штатынан шыққан білімді жастар дүние жүзінің түпкір-түпкірінде – Мюнхен, Лондон, Париж, Нью-Иорк, Дубай т.б. қалаларда еңбек етуде. Орта білімділерінің өзі мұнайға бай араб елдерінде, туризм күшті дамыған Жерорта теңізі мен Оңтүстік Шығыс Азия, Океания елдерінде жалақысы жоғары жұмыстар атқарады. Олардың барлығы туған жерге тек еңбек демалысында ғана оралады, туған-туысқандарын қаржы-қаражатпен қамтамасыз етіп отырады. Өз ойын қорыта келе, Ч. Хэнди мынадай қорытынды жасайды: “Кералы мен ғаламданған əлемнің ортақ проблемасы бүгінде осылай тұр. Жастарға білім бересің де, оларды жоғалтасың” [4].
Жастар өздеріне қандай ел-жер қызық болса, қай мемлекетте жалақы жоғары, өмір сүру жағдайы оңтайлы болса сонда барады. Олар өздерімен бірге туған елінің, аймағының бəсекелестік артықшылығын бірге ала кетеді.
Мұндай процестер Шығыс Еуропада да байқалуда. Чехия, Польша, Венгрия сияқты т.б. Шығыс Еуропа елдерінің білімді азаматтары Батыс Еуропаға, Америкаға қарай ұмтылып, Германия, Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Канада сияқты елдерге табан тіреп жатыр. Ал олардың орнын Украина, Беларусия т.б. шекаралас бұрынғы кеңестік елдердің анағұрлым білімді жəне еңбекке қабілетті азаматтары басуда. Ал Ресейдің соңғы 15-20 жыл ауқымында “ақылдылардың сыртқа ағылуынан” қанша капитал жоғалтқанын ешкім дөп басып айта алмайды. Сол сияқты Қазақстаннан қаншама дарынды жастар, тəжірибелі мамандар, ғұлама оқымыстылар сырттан “жер жаннатын” іздеп кеткені беймəлім. Сондықтан, мемлекеттің білімге салған инвестициясы ертеңгі күні ел үшін қайтарыммен қалай қайтады деген сұрақтың жауабын табу қиын. Біз онсыз да дамып, асып-төгіліп жатқан алпауыт елдерге білімді қызметкер дайындап беруші болып қалмауымыз үшін не істеуіміз керек?
Бұл тұрғыда Қазақстан Үкіметі өзіндік жауап ретінде “Болашақ” бағдарламасы бойынша шет елдерде оқып келген жастар мемлекеттік қызметте, отандық компанияларда бес жыл еңбек өтілін жасауы қажет деген талап қойды. Бес жыл қысқа ғана кезең, ол да өтіп, бітер. Одан кейін білімді азаматтарымыздың алдында дүниенің төрт бұрышына есік ашық емес пе? Шет тілдерін еркін меңгерген, білімді жас маман дамыған елдерге қарай бетбұрып жатса, оған ешкім де қарсы тұра алмайды. Шет елдер мен өз отанында оқыған білімді жастар өздерінің біліктілігімен өз еліне септігін тигізуі үшін бұл жерде мəселеге басқаша келу керек сияқты.
Осыған орай Қазақстан Президенті Н.Ə. Назарбаев: “Қазір мемлекеттік қызметшіге деген сенім мен құрметті нығайту міндетін шешу өмірлік маңызды мəселе. Əрбір адам мемлекетте қызмет етуде ол өз лауазымында өзінің елі мен өзінің халқы үшін не істеуге міндетті екенін түйсінуі тиіс жəне осы сенімге сəйкес адал əрекет етуі керек.
Патриот болу біздің Қазақстанды мақтан тұту ғана емес. Бірінші кезекте бұл - Қазақстанның мүддесін қорғап өзін-өзі аямау, оның игілігі үшін жұмыс істеу. Отанға қызмет ету мемлекеттік қызмет пен барлық патриоттардың ой-ниетіне айналуы тиіс. Өйтпейінше ең прогресшіл де мінсіз əзірленген біздің барлық жобаларымыз қазақстандықтар бізден күтіп отырған нəтижелерге жеткізбейді - біз, мемлекет, қазақстандықтар үшін бар болып тұрмыз” – деуі тегін емес [5].
Білім беруді елдің əл-ауқатын, бəсекелестік қабілетін жақсартушы институт ретінде қарастыру үшін ол бірқатар өзге де факторлармен сабақтасуы тиіс. Мұндай сабақтас факторларға патриоттық сезімді жаңаша жандандыру, адами капиталдың қадірін бағалай білу, сəйкесінше, еңбекақы, зейнетақы жəне өзге де əлеуметтік-экономикалық маңызы бар төлемдерді өркениетті елдердегі деңгеймен шамаластыру, өндірістік-инновациялық дамуда сөзден нақты іске көшу, орта жəне шағын бизнес үшін салықты төмендету, керісінше, тек қазба байлықтарын сатып, шаш-етектен пайда тауып жатқан компанияларға салықты көбейту, жаңа өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдайлар жасау, тұралаған ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге бағытталған жаңаша ісшараларды жүзеге асыру, банк жүйесін реформалап, несиелеуді дамыған елдердегі бағамдарға сəйкестендіру, елдің дамуына іш жегі құрттай кедергі жасап келе жатқан сыбайлас жемқорлық үші аса қатаң жазалар қолдану жəне т.с.с. аса өзекті мəселелер жатады. Көріп отырғанымыздай, бұл жерде жоғарыда аталған іс-шараларды кешенді түрде қолға алмаса, ішінара жүзеге асырғаннан айтарлықтай нəтиже болмасы анық. Енді осылардың ішіндегі біздің қарастырғалы отырған факторымыз - патриоттық сезімді жаңаша жандандыру мəселесі.
Осыған байланысты жапондықтардың екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басшылыққа алған “Жапондық рух, еуропалық білім мен технология” ұстанымы елдің керемет жетістіктерге жетуіне, сонымен бірге отаншылдық сезімдерін дамытуларына үлкен серпін берді. Олардың өз еліне деген патриотизмінің өзі жұмыс істейтін фирмаға деген патриотизміне ұласып жатқаны жарқын мысал болып табылады. Жапонияда өмір бойына жалданып еңбек етудің қайталанбас жүйесі қалыптасқан, жұмысшылар жоғары жалақы алады, олардың мəдениетінде басқа бір компанияға жұмысқа ауысу тіптен сатқындықпен теңестіріледі екен. Басқа корпорацияға ауысу - өзіңнің адамгершілік бет-əлпетіңді жоғалтумен тең. Сол үшін де жапондық корпорациялар өздерінің қызметкерлерінің білім деңгейін арттыруға, білімін байытуға дүние жүзі бойынша ең көп ақша жұмсайды [6].
Жалақы жоғары, тұрмысқа қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Сондықтан жапондық басшылар өздеріне бағынышты білімді жұмысшылардың “бақыт іздеп”, ешқайда қашпайтынына сенімді. Қайтарымы мол болатынына сенімді болғандықтан, білім алуға жұмсалатын қаржы-қаражат та орасан зор. Оның нəтижесі бүгін бəрімізге белгілі: сапалы жапондық техника мен технология, жан-жақты дамыған бай мемлекет, өркениетті ақпараттық қоғам.
Сонымен қатар, білімнен шынайы түрде қайтарым əкелуге ықпал етуші фактор ретінде патриотизмді пайдалануды басқа да елдер тиімді пайдалануда. Кезінде мұны АҚШ пен Еуропада білім алған эмигрант-корейлер көмегімен Оңтүстік Корея экономикалық, ғылымиинновациялық салаларын құру мақсатында тамаша қолдана білген. Қазір “Самсунг” деген атауы бүкіл əлемге əйгілі корпорацияда 1970 жылдардың басында ғылыми зерттеулермен айналысатын бөлімдер де, не оқымыстылары да болмаған. Мұндай қиын жағдайды түзету үшін жоғары басшылық Кремний алқабында сол кездегі өзекті саналған ғылыми бағыттар – электроника мен биотехнологиялар бойынша екі бөлім құруға шешім қабылдайды. Бұл бөлімдердің басқарушы құрамы отан үшін еңбек етуге шақырылған американдық корейлерден құралады [7].
Жоғары технологиялық компания ретінде танылған “Самсунгтің” қол жеткізген табыстары олардың өз уақытында дұрыс стратегия таңдай білгенін жəне ол өзін-өзі толық ақтағанын көрсетеді. Білімді кадрлар тек жоғары жалақы арқылы ғана емес, сонымен қатар патриоттық сезімнің арқасында тұрақты, қарқынды еңбек етті.
Көріп отырғанымыздай, корпоративтік патриотизмнің өзі ұлттық патриотизммен ұштасып жатыр. Мұның екеуі де білімді кадрларды тұрақтандырып, жекелеген ұйымның ғана емес, қандай да бір елдің өркендеуіне ықпал ете алады. Осындай екі тағанды патриоттық тəрбие болмайынша қызметкерлердің білімін арттыруға арналған білім беру бағдарламаларына мол қаражат салу тəуекелді іске айналмақ. Патриотизмнен жұрдай қызметкерге көп ақша жұмсап оқытып, кəсіби шеберлігін арттырудың ақырын болжау қиын. Ол не бəсекелес компанияға мол жалақы үшін ауысып кетеді, болмаса мүлдем шетелге ауып кетуі ықтимал. Нарық жағдайындағы патриотизмнің сипаты осылай болмақ. Қазақстан үшін Жапонияда қалыптасқан өмір бойына бір компанияға жалдану мен өз еліне, өзінің жұмыс орнына деген адал берілгендіктің тəжірибесінен үйренетін нəрсе көп-ақ.
Бірақ та бұдан жиырма шақты жыл бұрын Қазақстанда осыған ұқсас шаруашылық жүйесі болғанын ұмыта бастаған сияқтымыз. Көптеген кеңестік адамдар ірі өндіріс орындарына, білім беру мекемелері мен ғылыми-зерттеу институттарына, ауыл шаруашылық кешендеріне өмір бойы еңбек ету ниетімен келетін. Олар туған жерге деген отансүйгіштікпен қатар, өзі еңбек ететін ұйымның патриотына қалай айналғанын байқамай қалатын, себебі өзі еңбек ететін кəсіпорынның табысты дамуына оның жеке əлауқаты мен болашағы тікелей тəуелді болатын. Осылайша, мұрагерлік жолмен берілетін малшылар, диқандар, кеншілер, теміржолшылар, оқымыстылар т.б. династиялары қалыптасқаны тарихта тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Дəстүр бойынша ірі кəсіпорындар “мемлекет ішіндегі мемлекет” деген мақтанышқа ие болатын. Ал мемлекет деген ұғым бар жерде патриотизм деген қасиетті түсінік міндетті түрде болуы тиіс.
Өз заманында Кемал Ататүрік: “Керемет тек шетелде ғана емес. Сырттағыға табынғанша, батыс жұмысшысы, инженері жəне банкирінен кем түспейтінімізді дəлелдейік” деген ұран көтерген. Халықты өз күшіне сендіру тəжірибесі, шын мəнінде, көпке ортақ. Толассыз соғыстарда зиялы қауымының елеулі бөлігінен айырылса да түріктер жаңа құрал-сайманды тосырқамай, технология тілін тез меңгерді. Туған ұлтына Ататүрік қалай сенсе, халқы да оны медет тұтты. Осы ұлы сенім қыруар қиындықтарды жойды. 1933 жылы Түркия Республикасы 10 жасқа толғанда Ататүрік халыққа арнаған лебізін “Түрікпін деген адам қандай бақытты!” деген сөзбен аяқтады. Ұлтына деген зор мақтаныш пен сарқылмас сүйіспеншілік сезімін ол осы бес сөзге сыйғызды” [8].
Ал енді осы сарындағы ұстанымдар қазіргі Қазақстан жағдайында қандай күйде тұр? Əрине, мүлдем керісінше жағдайда: ішкі нарықты импорттық заттар басып тұрған, тұтынушылық психология адамдардың санасын жаулап алған қазіргі кезеңде мұндай даңғаза ұранға ешкімнің мəн бермейтіні анық əрі кекесін күлкі туындатары һақ.
Соған қарамастан "Атамекен" одағы" Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының отандастарға бағыттаған германдық отаншылдық сарынындағы мəлімдемесі өзіне еріксіз назар аудартады. Оған себеп болған 2007 жылдың орта шенінен бастап, əлемдік экономиканың келеңсіз тенденциясы қазақстандық бизнеске кері əсерін тигізе бастауы. Қаржы жəне құрылыс саласында басталған ғаламдық қиындықтар азық-түлік жəне тұтыну нарығында жалғасын тауып, барлық саланы толықтай қамтыды. Осы ретте сынақтың негізгі ауыртпалығы еліміздің экономикасындағы шынайы сектор болып табылатын шағын жəне орта бизнестің иығына артылды. Сол кезде қалыптасқан экономикалық жағдайды ескере отырып, "Атамекен" одағы отандастарды патриоттық танытып, қазақстандық өнімді сатып алуға шақырды: “Біз қазақстандықтарды бүгінгі жағдайда тауар таңдауда, (сүт, кəмпиттен бастап жиһаздар мен автокөліктерге дейін) отандық өнімдерге артықшылық беруге шақырамыз. Бұл ұран бүгінгі таңда ұлттық идеяның бір бөлшегі, əрбір адамның жəне бүтіндей бір ұжымның, қоғамдық бірлестіктің, бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанымына айналуы тиіс: Егер Сіз бір нəрсе сатып алып жатсаңыз, алдымен Өзіміздің өнімге - Қазақстанның өніміне назар аударыңыз. Қазақстандық тауарды сатып алып жатып, Сіз мыңдаған кəсіпкерге – яғни, нарықтық экономиканы қалыптастырушы жəне тауар молшылығы, өмір сапасы, əлемдік өркениет жетістіктерінің қолжетімдігі, бəсекелестікті қамтамасыз етушілерге көмектесесіз дер. Бұлардың қатарында Сіздің досыңыз, туыстарыңыз бен жақындарыңыз да бар.
Отандық тауар өндірушілерге көмектескеннен бөлек, Сізден түскен қаражат, Сіздің жерлестеріңіздің еңбекақысы, бюджетке түскен салық жəне экономикамыздың, еліміздің дамуына қосылған үлес болып қалмақ. Тарихтан белгілі қоғамдық қолдау қиындықтарды жеңуде шешуші қадам болып жатады” – делінген мəлімдемеде [9].
Бұл мəлімдемені қатардағы қарапайым қазақстандықтар қалай қабылдады? Дағдарыстан бұрынғы кезеңде мұнай мен табиғи шикізаттарға баға шарықтап, экономикамыз қарқынды дамып, шетелден алған қарызды банктеріміз халыққа несие ретінде үлестірген шақта отандық бизнесмендердің де тасы өрге домалағаны белгілі. Сол кезде қазақстандық бизнесмендер осындай отаншылдық мəлімдемені неге жасамады? Асығы алшысынан түсіп, айы оңынан туған кезде бизнесмендер өзімшіл, ал дағдарыс кезінде отаншыл болатыны неліктен? Сонда Қазақстан бизнесмендерінің отаншылдық сезімдерін дамыту үшін еліміз үнемі дағдарыс жағдайында өмір сүруі тиіс пе? Қазақстанда қалыптасып келе жатқан орта тап бар. Осы таптың патриоттық сезімі қалай, бар ма, жоқ па? Бұл таптың негізінен көздейтіні тек қана пайда табу. Олай болуының себебі, ол меншік иесі. Орта тап Отан үшін адал, жаппай ерлік жасай ала ма? Істің ақиқатын ашатын ашы сұрақтар көп-ақ.
Міне, отаншылдық мəселесінің ойланыптолғандыратын көп тұсының бірі де осында. Отаншылдық тек қиындықты еңсеру үшін ғана емес, гүлденіп көркейген шақтың өзінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің айнымас қағидасына айналса ғана шынайы қалыптасып, тамырланып дамиды. “Сыйға сый, сыраға бал” демекші, дағдарыс кезінде бизнес халыққа иек артуы үшін экономикалық мамыражай уақытта əлеуметтік жауапкершілік, қайырымдылық, демеушілік, серіктестік сияқты қоғам үшін маңызды істерге үнемі атсалысуы керек. Қазақстандық бизнесмендер нағыз отаншыл боламыз десе осынау айсберг сынды үлкен мəселенің су астындағы бөлігінде не жатқанын да білгені жөн. Оның үстіне мемлекетіміздің экономикасында тауар өндіру, өндіріс пен инновациядан гөрі шикізат сатудың үлесі анағұрлым басым тұрғаны тағы бар. Сол сияқты, Қазақстан экономикасының көпукладты əрі əлеуметтік бағыттағы нарықтық қатынастарға негізделуі де өз кезегінде қалыптасқан идеялық ұйыстырушы құралдарды, адами капитал мен əлеуметтік-мəдени ортаны тиісінше трансформациялануын қажетсінеді. Бұл тəжірибелерден Қазақстан үшін алатын сабақтарымыз көп-ақ. Ғаламдану ғасырында отаншылдықты қалыптастырудың əлемдік тəжірибесіне жасаған салыстырмалы саяси талдауымызды қорыта келе, төмендегідей түйіндер мен ұсыныстар жасауды ұйғардық:
1. Жапондық отаншылдықтың тəжірибесінен алатын сабағымыз көп. Жапондықтардың ділі мен психологиясына тəн дəстүрді сыйлау, үлкенге ізет, кішіпейілділік, ұлттық рухқа тағзым ету сияқты құндылықтар қазақ халқының да ұлттық ерекшеліктерін құрайды. Олармен салыстырғанда біздің басты кемшілігіміз – қазақтар еліктегіш, бізде өзіндік ұлттық ерекшеліктерімізді кейінге ысырып, бөгде тіл мен мəдениеттің жетегінде кетушілік басым. Ал жапондар болса ұлттық рухтарын сақтай отырып, əлемдік өркениеттен білім мен инновацияны сорғышша сіңіріп, өздері ғылым мен жаңа технологияларды жарық дүниеге əкелетін деңгейге шықты. Олар бойларына бейне бір рухани сүзгіш орнатып алған сияқты əсер қалдырады. Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт болғандықтан осынау көкейкесті мəселеге терең ойланып, елеп-екшеп, тиісті нəтиже шығаруы тиіс. Жəне мұны тез арада істеуіміз қажет. Егер біз “қазақы рух, өркениетті ілім мен технология” деген ұстанымды мықтап басшылыққа алмасақ, қазіргідей ғаламданған дүниеде ұлттық бет-бейнемізден қалай айырылып қалғанымызды байқамай қаламыз. Сол сияқты, өзегінде қазақы “исі”, яғни, қазақтың ұлттық рухы болмаған жерде нағыз қазақстандық отаншылдықты көзге елестету қиын.
2. Қазақстандағы отаншылдықты дамытуда зиялы қауымның, білімді жастардың орны мен рөлі ерекше болмақ. Тек олардың өздерін жеке тұлға, кəсіби маман ретінде аяғына тұрып, жүзеге асуына мемлекет тарапынан мүмкіндіктер беріліп, жағдайлар жасалуы тиіс. Бұл жерде өндірістік инновациялық даму мен агроөнеркəсіптік кешенді қалпына келтіруде жалаң ұран мен құрғақ сөзден нақты іске кірісу жолдарын мықтауымыз қажет. Оның бірінші сатысы аталған іс-шаралардың жүзеге асуын тежеуші факторларды жоюда болып отыр. Екінші саты - өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуға əсер ететін алғышарттарды жасау: құқықтық-нормативтік, салықтық, қаржылық, транспаренттілік, еркін бəсекелестік, заңдылық, бақылау жасау т.б. Үшінші сатысы – отандық нарықтағы импортты отандық заттармен алмастыруға барынша күш салу, ғылым мен өндірісті ұштастыру. Бұлар бір жағынан экономикалық тəуелсіздігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Төртінші саты - əлемдік нарықта сұранысқа ие тауарларды шығаруға шамамыз келгенше талпыну, сонда ғана Қазақстанды бəсекеге қабілетті ел деп ауыз толтырып айта аламыз. Осы сатылар жүзеге асып, оның орындалуында əрбір қазақстандық азамат “алып механизмнің бір бұрандасындай” қызмет атқарса да, қазақстандық отаншылдықтың экономика саласындағы айқын көрінісі болып табылар еді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Айталы А. Жаһандану жəне ұлт мəселесі // Егемен Қазақстан. 2008 жыл 27 ақпан. –Б. 5.
2. Алшынбаев З. Мемлекеттік тілді қолдану аясы көңіл көншітпейді. Неге? // Егемен Қазақстан. 2009 жылғы 28 наурыз. 4 бет.
3. Аймауытов Ж. Ұлтты сүю // Қайта оралған қаламгер. Алматы, 2003. -87 б.
4. Хэнди Ч. Слон и блоха: будущее крупных корпораций и мелкого бизнеса. М., 2004. –С. 13.
5. Назарбаев Н. Мемлекет пен халықты ұлттық мүдде тұрғысынан ұйыстыру – ұлы міндет // Егемен Қазақстан. 2008 жыл 18 маусым. -1-2 бб.
6. Потапов М.А., Салицкий А.И., Шахматов А.В. Возрождение Азии: горизонты модернизации. Москва: Теис, 2007. -208 с.
7. Иванова Н. Империя Самсунг // Эксперт. 1997. № 40. –С. 49.
8. Смайыл С. Ататүрік. Алматы: Жас Түркістан, 1998. -114 б. –Б. 87.
9. "Атамекен" одағы" Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының отандастарға бағыттаған мəлімдемесі // Егемен Қазақстан. 2008 жылғы 6 маусым. -2 б.
Авторы: М. Н. Маяузов
Дереккөз: ҚазҰУ хабаршысы. Философия сериясы. Мəдениеттану сериясы. Саясаттану сериясы. № 1 (32). 2009




