Жастар порталы
Ұлттық идея саясаттанудың категориясы ретінде
1 759 0 aiko

Ұлттық идея саясаттанудың категориясы ретінде

Саясаттану

Тəуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанда ұлттық идеяны жасау мəселесі бойынша терең пікір таластар жүріп жатыр. Бұл қазіргі уақыттың маңызды əдіснамалық, саяси мəселесі. 

Алдымен, идеяның ұғымдық мазмұны мен əлеуметтiк мағынасына үңiлелiк. Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сана формасы, адамның басты сенімі болып табылады. 

Идеяны, бiрде рухани бастама, инициатива түрi, бiрде субъективтi сананың, оның өзiндiк санасының тұрақталған тұтас түрi деп дұрыс ескертемiз. Ал ұлттық идеяның құндылықтарын ұлттық мəдениет, ұлттық мүдде, ұлтқа қоғамдық бетбұрыс құрайды. Содан ұлттық идея қоғамдық дамудың нəтижесiнен, ұлттық мəдениеттiң деңгейiнен, ұлттық мүдденiң бағдарына тəуелдi, солардан ұйытқы табады деген тоқтамға тұрақтаймыз. Айтпағымыз, қоғамдық өмiрдiң қозғаушы күштерi көбейген жəне олардың iсəрекетi қарқындаған сайын елдiң ұлттық идеясы маңызға ие болып, оның мағынасы арта түседi. 

Идея, тұлғалық рух бейнесінің өзі адамзат мəдениетінде рухани бастауы терең ой, түсінік, көзқарас, тарих тəжірибесінен өткен халық мұрасы: даналық пен ғылымның əлеуметке берер мүмкіндігі. Адамның тұлғалық феноменін айқындаушы субстанция оның руханилығы болса, ал идея интеллектуалдылықтың ішкі мазмұны, зиялылықтың əлеуметтік бейнесі, тұлғалықтың тарихи көрінісі. Мəдениет бойындағы əрбір рухани адам кейінгі ұрпаққа идеяны ұсынушы бейнесінде емес, сол идея арқылы халықты игілікке жетелеуші де. И. Кант арнайы зерттеген интеллектуалдық субстанцияның тұлға ұғымының негізіне айналу себебі осында. Адамның ішкі рухани толғанысынан, түсінігі мен зиялы ойлауынан туған идея ғана рухани мəнге ие. Қоғам болмысының өзі ұрпақ үшін тарихи мəндер мен əлеуметтік құбылыстарды тану мен таңдаудың мүмкіндігі. Идея сол мүмкіндіктен туатын шындық. Мүмкіндікті жүзеге асырудың тұлғалық қадамы. Ұлттық қажеттіктер негізінде, халық философиясы деңгейінде қалыптасқан елдің мұраты мен ақырғы мақсаты [1]. 

Ресей саясаттанушысы жəне философы А. Рубцовтың ойынша: «Идея – бұл айқын нəрсіздік, күтпеген шынайылық». Ол анықтамасы бойынша көлемді негіздеуді қажет етпейді. Доктрина идеяны туғызбайды, керісінше Идея – доктринаны туғызады. Идея жалпы идеологиялық жағдайды реттейді жəне бояйды. Егер ұсыныстың өзегі өзі өзінен жұмыс істемесе, түсінідіру мен үгіт–насихатты қажет етсе бұл идея емес [2].

«Ұлтық идеяның»мəнін бүгінгі күнде нақты анықтау мүмкін емес. 

Ұлттық идея дегеніміз не?

 Алдағы болашаққа ел мен ұлттың дамуына қолайлы бағыт беретін идея. Егер мұндай идея бар болса қоғам өзінің тағдараның қожайыны бола алады, ол оны мақсатты түрде құрады. Бұл құрылыстың аясында жеке тұлға өзінің саналы тағдырына ие болады. Егер мұндай идея жоқ болса қоғам құрылымды болмайды ол аморфты атомдарға бөлінген жағдайға айналады, онда əр адам-атом өзі үшін ұсынылады жəне өзінің қатысады, ел мен ұлт жалпы алғанда саналы тəртіптен айыралады жəне өзінің болашағын жақсылап жоспарлаудан жəне оған ұмтылуды қояды. 

Ұлттық идея қандай болуы керек? 

Біріншіден, ол жаңа болу керек. Себебі біз ауыспалы, жаңарған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Алдыға артқа бұрылған баспен баруға болмайды. Өткен мен алдыңғыны сабақтастыра отырып, келешегі бар болжам жасау керек. 

Екіншіден, ол алдыңғы қатарлы болуы керек. Бұл техника, экономика, саясат пен мəдениет саласында адамзаттың даму тенденцияларына сай келуі тиіс. 

Үшіншіден, ол құрылымды, саналы болуы тиіс. Ол қоғамның нені қаламайтындығы туралы білімге сүйеніп қоймай, ең бастысы қоғамның нені қалайтынына сүйенуі керек. 

Бұл идея ұлттың жақсы өмір сүруіне бөгет болатынның барлығын құртып қана қоймай, оның гүлденуі үшін нақты жағдайлар жасауы керек. Оның іске асырылуының нəтижесі адамдардың əл ауқаты мен қорғалуының, қоғамдағы тұрақтылықтың өсуі болуы тиіс. 

Соңғысы, ұлттық идея ұлтсыз болмайды. Яғни бұл қай ұлттың топырағынан туындайтын қажеттеліктер мен мүдделерден шығуы тиіс. 

Ұлттық идея дегеніміз, белгілі бір тарихи кезеңге ұлттың сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық мұраттар жəне оларды жүзеге асырудың жолдары. Оның негізгі нысанасы, ұлттық мемлекет құру. Бұл мынандай үш өмірлік міндетті алға тартады. 

1 .Ұлттық саяси элита қалыптастыру. 

2. Ұлттық экономикалық буржуазия қалыптастыру. 

3. Ұлтты жетілдіру. 

Ұлттық идея ұғымын былай анықтауға болады: 

Бұл халықтың өмірінің құрылысының принципі. 

Бұл принцип халықтың жаны мен санасына, ақылына сай келетін өмір құрылысы. Бұл болашақта жүзеге асыруға тиіс өмір сүру принципі. 

Бұл қазір барынша нəтижесіз іске асырылып жатқан өмір сүру принципі. 

Бұл болашақ туралы нақты айқындалған арман. 

Өмір сүріп жатқан ұрпақтың болашақ туралы алдыңғы ұрпақтың арманымен бірдей арман. 

Алдыңғы, қазіргі болашақтағы барлық ұрпақтың ақылын, санасын жəне жан дүниесін бейнелейтін халықтың біртұтас өмір сүру принципі. 

Ұлттық идея – халықтың өмір құрылысын бейнелейтін танымдық түсінігінің қалпы ғана емес, сонымен қатар өмір құрылысын өзгертуге бағытталады. Ол алдыңғы жəне қазіргі ұрпақтың болашақ туралы арманын, сондай ақ қазіргі ұрпаққа қол жетімді өзгеру мүмкіндігін бейнелейді. 

Халықтың өмірін қайта құруға бағытталған таным формасы ретінде ұлттық идея халықтың болашақ өмір құрылысының негізгі принципін мазмұндайды. 

Жалпы айтқанда ұлттық идея əрқашан арман болған бүгінгі күннің ертеңгі күнге айналуына бағытталған. 

Ұлттық идеяның қалыптасу міндеттері: 

– «Болмыс сананы анықтайтын» құлдық санадан «сана болмысты анықтайтын» еркін адам санасына өту. 

– Болашақ өмір құрылысы туралы арманды жаңғырту, қазіргі жəне болашақ ұрпақ қабылдайтындай жəне алдыңғы ұрпақтың арманына қайшы келмейтіндей формада қалыптастыру. 

– Халықтың алдыңғы ұрпағына тəн болашақта осы арманның жүзеге асырылу əдістерін зерттеу. 

– Қазіргі ұрпақтың болашақ арманы болатындай ұлттық идеяны жүзеге асыратындай қазіргі формаларын табу жəне соған сай жобалар, бағдарламалар, саясаттың қалыптасуы мен іске асырылуы үшін күш салу. 

– Халық бұл – алдыңғы, қазіргі жəне болашақ барлық ұрпақтың біртұтас жиынтығы. Халықтың ақылы, санасы жəне жан дүниесі – алдыңғы, қазіргі жəне болашақ барлық ұрпақтарының ақылы, санасы жəне жан дүниесінің біртұтас жиынтығы. 

– Бұдан шығатыны: əр ұлттың идеясы – сол мемлекеттің территориясында тұратын барлық адамдарының идеясы. 

– Халық əр адамға тең əр адам өзінің халқына тең. Ұлттық идея əр азаматтың барлық шарттарына жауап беру керек. 

Ұлттық идея сол ұлттың дербес болмысының сан ғасырлық өмір сүру жолын айқындай түсетін феномен жəне зиялылар қызметінің жүйесі. Ұлттық идея негізінде бір ұлт пен зиялылардың тарихи кеңістіктегі қызметін ғана емес, бүкіл адамзаттық мəдениеттің, соның негізіндегі ұлттық мəдениет пен зиялылар қызметінің əлеуметтік-мəдени негіздерін де айқындауға болады.

Ұлттық идеяның мəнi ұлттың тiлегi, ниетi, ой. Сондықтан да ұлттық идея ұлт мақсаты. 

Əр мемлекетте өзінің құндылықтар мен идеалдар, əлемдік құрылысқа өзіндік көзқарас пен қатынасы бар. Əр халық өзінің тарихи дамуы барысында өзі жүзеге асыруға тырысатын бір ұлы идеяның ұстанушысы болады. Ұлттық идея жоғары идея ретінде өмірдің мəні, мақсаты, бағытын анықтайды. Ұлттық идеяның тарихтың бұрылыс сəттерінде ықпалы мен мəні зор. 

Ұлттық идея – ел халқының шынайы немесе болжамды ұмтылыстарының, оның жетістіктерінің адамдардың санасында бейнеленетін ұғым. Ол халықтың түпкі, тарихи, тамырлас мүддесін бейнелейді. Сондықтан ұлттық идея абстрактілі құрылған идея бола алмайды. Сол елдің өзінше болмысын, сол немесе басқа халықтың тарихи тағдырын ескеретін нақты тəсіл қажет. 

Ресей зерттеушісі А.А. Вальковтың пікірінше: «дамудың ұлттық деңгейіне жеткен əр халық өзінің қайталанбас жеке рухани актілерін, өзіндік жеке идеясын шығарады. Баяу, қинала қалыптаса отырып, ол өз тамырын ғасырлар тереңінен ала отырып, азаматтарды біріктіретін бір дауыспен айтылып, жүзеге асырылуға келеді [3]. 

Ұлттық идея ұлттың сана-сезімінің қойнауынан туады, өзінің тарихи дамуының, сондай ақ қазіргі жəне болашақтағы өз тағдырының ұлттық сезімін жинақтайды. Сол не басқа мемлекеттің, халықтың дамуын сипаттайтын рухани ауа-райының түзілуі ретінде пайда болады. Міне осы халықтың өзінің ашылуы мен көріну құралы болып табылады. 

Қазіргі уақытта ұлттық идеяны зерттеудің түрлі тəсілдері анықталды: онтологиялық, мəдени, саяси, азаматық, этникалық жəне т.б. Ұлттық идея-бұл кез келген халықтың тамыры мен шығу тегін сақтауға ұарұынды ұсынысы. 

Қазіргі уақытта біз «ұлттық идеяға» тек өз тамырымыз бен дəстүрімізді сақтау жоспарында ғана келмейміз. Бұл мəселенің мемлекеттік құрылыспен байланыстылығы айқын. 

Ұлттық идеяның қызметi əрқилы, анықтамасы көп, түсiнiгi жалқы бола бермейдi деудiң астарынан ұлттық мəдениеттiң жетiлуiне керағар қағидалар қалқып шығады. Ұлттық мəдениеттiң тетiгi — тiлдiң, дiлдiң, дəстүрдiң рухани қазынасында, оның тұлғалық, əлеуметтiк, өлкелiк деңгейдегi қызметi мен ықпалын көтермелейтiн демеулiкте. Идеяға деген əлеуметтiк демеулiк – ынталандырушы жүйе, мəдениеттi жүйелi жəне субъективтi қабылдауға, соны ұйымдастыруға себеп болады. Ұлттық идеяның мотивi елдiк өмiрдiң мəдениетiн ұйымдастыру барысында, оның өзектi мəселесiн шешу бағытында жүйеленедi. Жетiстiк ұлттық идеяны дамытуды жоспарлаудан басталады, сол ниетке шоғырланған əрекеттен жағымды жалғасын табады. Ұлттық идеяға сүйенетiн əлеует өзiндiк өнердi басшылыққа алады. Бұл - өзiндiк серпiлiс.Ұлттық мəдениеттiң мотивтiк өлшемiнен шындық табиғатын, қоғамдық қажеттiлiк деңгейiн, əлеуметтену аясының құндылығын пайымдаймыз. Ұлттық идея адамның əлеуметтiк-мəдени ортаға бейiмделу аумағы мен дəстүрiн қамтиды. Ұлт болмысы мен рухынан нəр алған идея əсерлi танымда жалғасын да, əлеуметтiк қолдаушы күшiн де табады. 

Идея – адамнан, көзқарас – көпшіліктен, қолдау – мемлекеттен, сырттан басталса да, олар бiрiн-бiрi толықтыруы шарт. Осыдан ұлттық идея табиғатының күрделi болуына – ұлттық сана-сезiм, ұлттық саясат, түрлi мəдениеттiң ұлттық болмыста тоғысуы себепкер демекпiз. Демеулiк – осы құрамдас дəнекерлiктiң сəйкестігінде. Бiз осы құрылымдық құндылықтардың функциональды қызметтерiнiң бiрiн-бiрi толықтыруын қалаймыз. Бүгiнгi таңда өкiнiшке орай, идеология мен саясат саласында, ниет пен əрекет арасында үлкен алшақтық жалғасып жатқанын жасыра алмаймыз. Ұлттық мəселе қоғамдық қатынастың да, саяси-əлеуметтiк жəне гуманитарлық көзқарастың да өзектi мəселесiне айналуда. Ұлттық идеяның əлеуметтiк рөлi артса да, оны ғылымдардың ортақ ұғымы, категориясы ретiнде жүйелi, арнайы зерттеу баяу жүруде, кешiге қолға алынуда. Ұлттық идеяны қамтитын, қолдайтын күш қандай? Қолдаушы күш дегенiмiз – қоғам ба, мемлекет пе, этникалық топ па, əлде жеке тұлға ма? 

Қоғамда ұлттық идеяның жақтаушыларын былай топтауға болады: 

1) философиялық тұрғыдан ойланатындар, 

2) ойдың логикалық, диалектикалық, ғылыми əдістерін қолдана бiлетiндер, 

3) танымның теориясын жалғастыратындар, 

4) əлеуметтiк-мəдени орта мен адамның байланысын жандандыратындар, тек солар ғана ұлттық идеяның мəнін зерттеп, оның əлеуметтiк мазмұны мен рөлiн көрсеттi. Оларға сауаттылық, сабырлылық, сенiмдiлiк, серiктестiк тəн. Идея бұл аяда рефлексивтi, ретроспективтi қызметiн көрсетедi. Осыдан мынандай тұжырым туындайды: Ұлттық идеяға деген қажеттілік төрт тұрғыдан: талғамдық ұстанымнан, азаматтық əрекеттен, əлеуметтiк талпыныстан, рухани бiтiмнен əрқалай жəне өзара үйлесiмдiлiкте көрінеді. Бұдан ұлттық идея мəдениеттiң түрлi көрiнiстерiнiң жиынтығы жəне түрлi пəндердiң зерттейтiн ортақ құбылысы, өзектi мəселе екендігі көрінеді. 

Ұлттық идея жалпы мемлекеттік кешенді идеологияға тəн емес, бірақ идеологиялық құрылыстың жалпы кешенінің негізі болып табылады. 

Оның үстіне ұлттық идея қарапайым жəне түсінікті шынайылықтардың байланысы болмауы тиіс. 

Сонымен ұлттық идея – атамекенiнде өсiпөнетiн халықтың тоқтамы мен үмiтi, елдiктi ту ететiн еркiндiк пен естiлiктiң есесi болып табылады. 

Басқа сөзбен айтқанда ұлттық идея – бүгінгі күнде елдің барлық ұлттары үшін өзекті болып табылатын, бір ұранның астына жиналған ең маңызды жəне ынталандырушы идеялар. 

Жалпы алғанда, ұлттық идея – халықтың уақытша қиындықтары мен кезеңдік қажеттіліктерін өзек ете салатын идея емес, халықтың сан ғасырлық, одан əрі ғасырлық мұратын айқындайтын, келер ұрпақтарға рухани мұра бола алатын болуы тиіс. 


Әдебиеттер:

1. Ерғали И. Е. Философия как духовная деятельность / Под общ. ред. А.С. Серикбаев. - Астана: Академия гос. службы при Президенте РК, 2003. - 283 с. 

2. Рубцов А. «Россия в поисках Идеи». – М.: 2005. – С.12. 

3. Вальков А.А. Идея нации в свете русской социально-философской мысли / Уфа: Изд-е Башк. унта, 1996. - 100 с. (7, 8).


Мәліметтер алынған дереккөздер: Ə.С. Қайдарова. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Философия сериясы. Мәдениеттану сериясы. Саясаттану сериясы.  №1(34). 2010

Этносаралық қатынастардың қазақстандық моделінің қалыптасуы Этносаралық қатынастардың қазақстандық моделінің
Волюнтаристік жылдар кезеңінде Қазақстандағы ұлттардың, халықтардың, ұлттық жә­не этникалық топтардың ұлттық психологиясына жағымсыз әсер еткені
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы қазақстан тәжірибесі Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті
Азаматтардың демократиялық мінез-құлық мәдениеті мен сананың қалыптасуы, ынтымақтық, әртүрлі экстремизм түрлерін болдырмау және оларға қарсы тұру
Идея және идеология ұғымдарының мәні Идея және идеология ұғымдарының мәні
«Идеология» деген ұғым гректің ideia және loqos деген сөздерінен шыққан. Идея – көзқарас, логос – ілім, ой. Ал идеология сөзінің мәні – «идея туралы
Ұлттық мәдениет және саяси мәдениет Ұлттық мәдениет және саяси мәдениет
«Саяси мәдениет» деген түсінікті «рухани мәдениет» және «ұлттық мәдениет» ұғымдарынан айыра білу қажет. Әрбір қоғамдағы рухани мәдениеттің даму
Саяси білімнің маңызы Саяси білімнің маңызы
Саяси ғылымның басты мақсаттарының бірі - болашақ мамандарға саяси білім беру, олардың саяси мәдениетін жоғарылату. Бүгінгі күні саяси мәдениет
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×