Жастар порталы
ЭЛЕКТОРАЛДЫ МƏДЕНИЕТ ҰҒЫМЫ ЖƏНЕ ОНЫҢ САЯСИ МƏДЕНИЕТТЕ АЛАТЫН ОРНЫ
13.01.2022 14 0 admin

ЭЛЕКТОРАЛДЫ МƏДЕНИЕТ ҰҒЫМЫ ЖƏНЕ ОНЫҢ САЯСИ МƏДЕНИЕТТЕ АЛАТЫН ОРНЫ

Саясаттану

«Мəдениет» жəне «саяси мəдениет» ұғымдары екі жүз жылдан бері қолданылып келе жатыр. «Мəдениет» сөзі бірінші рет ХYIII ғасырдың соңғы ширегінде неміс кітаптары мен сөздіктерінде кездесе бастайды. Ал «Cаяси мəдениет» түсінігін бірінші болып ХYIII ғасырда неміс философы И.Герье қолданды.

ХYIII ғасырға дейін Батыс пен Шығыста «Саяси мəдениет» ұғымына ұқсас түсініктерді осыған сай келетін құбылыстарды түсіндіру үшін қолданылды. Əрине «Мəдениет», «Саяси мəдениетте» кеше немесе бүгін пайда болған түсініктер емес, ол адамзат қоғамы қалыптасқаннан бастап, пайда болып дами түсуде. Тек қана əр қоғамда бұл құбылысқа өзіндік түсініктер беріліп отырды. Г.Алмонд Библияны, Платон мен Аристотельдің жəне де ежелгі Греция мен Римнің басқа да ойшылдарының еңбектерін талдай келе, саяси мəдениет түсінігіне ұқсас жақын ұғымдардың кездесетінін жазады. «Адамдар саясат туралы айтып жазғандықтан, саяси мəдениет түсінігіне жақын ұқсас түсініктер қолданды» [1].

Саяси мəдениет туралы концептуалды түсініктер жəне бұл ұғымға жүйелі сипаттамалар ХХ ғасыр ортасында дүниеге келді. Қоғаммен ғылымның дамуы саяси мəдениет теориясының қалыптасып дамуына əкелді. Осыдан кейін саяси мəдениет саясаттың теориясына ғылымның негізгі категориясы ретінде енгізілді. Көптеген ғалымдардың пайымдауынша саяси мəдениетті зерттеудің нағыз ғылыми сипатқа айналуы Г.Алмондтың 1956 жылы жарық көрген «Салыстырмалы саяси жүйе» деген мақаласынан бастау алады.

Саяси мəдениет адамдардың саяси қатынастардағы шығармашылық қызметінің нəтижесінде туындайды. Ол саяси институттар мен құндылықтарда кездеседі. Саяси мəдениет арқылы қоғамның құндылықтары жүзеге асырылады жəне жаңа құндылықтар дүниеге келеді. Биліктің сипаты, оның түрі, əрекет ету əдістері жəне азаматтар мен қарым-қатынасы қоғамның мəдени деңгейіне тəуелді, яғни саяси жүйеде қалыптасқан саяси мəдениетке байланысты.

Саяси мəдениет сөзінің авторы неміс ағартушысы И.Гердер (1744-1803 жж). Ол саясат пен мəдениеттің арақатынасын зерттеді. Өзінің «Адамзат тарихындағы философия идеясы» (1784ж) деген еңбегінде ол бірінші рет «Саяси мəдениет», «Саяси мəдениеттің пісіп жетілуі», «Саяси мəдениетті таратушы» деген сөздерді, сөйлемдерді ғылыми айналымға енгізді [2].

Ресейдің белгілі саясаттанушысы К.С.Гаджиевтің пікірінше, «Саяси мəдениет» дегеніміз – азаматтардың, қоғамның саяси субъектісі ретінде өздерінің саналарына қабылдайтын құндылықты–нормативті жүйе. Бұл жүйеге саяси жүйе бағыттаған негізгі сенімдер, белгілер, ұстанымдар, бағыт-бағдарлар кіреді [3].

Саяси мəдениет адамдардың қоғамдағы саяси идеяларды, көзқарастарды, концепцияларды, бағдарламаларды қабылдаудың деңгейін, өткен шақ пен қазіргі кездегі саяси ойлардың қоғамға жəне азаматтарға қажеттілік дəрежесін, сонымен қатар саяси құбылыстарды бағалауға дайындығын, əділдігін сипаттайды. Ол саяси бағыт-бағдардың ерекшелігін көрсетеді. Оған саяси жүйеге жəне саясаттағы өзіндік рөліне қатысты адамдардың ұстанымдары жатады. Біз қоғамның саяси мəдениеті туралы жазғанда немесе айтқанда қоғам мүшелерінің білімдерінде, сезімдерінде көрсетілген саяси жүйені еске түсіреміз. Саяси мəдениет белгілі бір ұлттық мəдениеттің немесе əлеуметтік – кəсіби қауымдастықтың немесе топтардың саяси əлемі, саяси қарым-қатынастар, заңдар мен тəртіптер туралы түсініктердің жиынтығы.

Д.Н.Ушаковтың редакциясымен шыққан сөздікте «сайлау» дегеніміз «лауазымды тұлғалардың өкілдері дауыс беру арқылы сайлау» дегенді білдіреді, ал «таңдау» (выбирать) – көптің арасынан бөліп алу, сұрыптау» [4].

Ағылшын сөзі «elector» - сайлаушы, таңдаушы, «electoral» сөзі – сайланбалы, ал «electorat» сөзі сайлаушылар, сайлаушылар құрамы дегенді білдіреді.

Электоралды мəдениет – сайлаушылардың бағыт-бағдарларының, қалауларының рационалды жəне иррационалды жүйесі. Сонымен қатар қоғамдағы электоралды процестерді реттейтін нормалар, тəртіп пен дəстүрлер жиынтығын электоралды мəдениет деп атауға болады. Электоралды мəдениеттің рационалды жүйесіне сайлаушылардың білімдері, сенімдері, сапалы қалаулары жəне электоралды мінезқұлықтың рационалданған модельдерін жатқызуға болады. Сайлаушылардың иррационалды таңдауы элктораттың көңіл-күйіне байланысты жүзеге асырылады. Айталық, таңдау, қорқу, сақтану, сенімсіздік негізінде психо-эмоционалдық деңгейде жүреді.

Сонымен электоралды мəдениет дегеніміз – сайлау процесіндегі субъектілердің қызметтері мен өзара қарым-қатынастар, саяси таңдау, көзқарастар, бағалау, білімдер жүйесі.

Электоралды мəдениет тек қана сайлау процесіне емес, сонымен қатар азаматтардың басқа да саяси қатысуымен жəне таңдауымен тығыз байланысты. Оған сайлау, рефрендум, саяси қатысулар жатады, яғни белгілі бір партияның сайлаушылары ретінде саяси процеске баға беру. Кез-келген қоғамдық құбылыс саяси сипатқа, яғни саясаттың жоққа шығарылмас фактісіне айналады. Ресейлік саясаттанушы, ғалым И..Гомеров жазғандай, «қоғамдық құбылыстардың барлығы мемлекеттік билікті қалыптастыруға, реттеуге немесе қолдануға байланысты болуы қажет» [5]. Бұл жағдайда автордың түсінігі бойынша сайлау, мемлекеттік лауазымды тұлғаларды немесе саяси қызметкерлерді сайлағанда ғана саяси сипатқа ие болады. Ал кəсіподақ коммерциялы сайлауларды саяси сайлауларға жатқызуға болмайды. Сондықтан да кез келген саяси құбылыс өзінің негізінде мемлекеттік құбылыс болып табылады. Бұған дəлел ретінде саясат (politics) терминін келтіруге болады. Деректерге сүйенсек, бұл ұғым ежелгі грек сөзі «polis» мемлекет деген мағынаны білдіреді.

Батыс жəне Шығыс дəстүрлері бойынша, мəдениет жəне саяси мəдениет рухани, идеалды, материалдық емес деңгейде қарастырылды. Айталық ежелгі Қытай ұғымы «жэнь» - адамның ерекше қасиеті. Осы қасиет адамдар арасындағы қарым-қатынастың негізі жəне барлық ғаламшарды қамтиды. Ол тек қана адамгершілік, адамшылдық, адами бастама, махаббат ретінде емес, сонымен қатар ақыл, адамгершілік саясат, ақылды саясат арқылы түсіндіріліп отырды, яғни адамгершілікке, ақылға негізделген саясат [6].

Г.Алмонд пен С.Верба өздерінің 1963 жылы жарық көрген «Азаматтық мəдениет» кітабында саяси мəдениетті рухани сала ретінде қарастырды. Олар бойынша, саяси мəдениет саяси əрекетке бағытталан белгілі бір бейнеден, бағыт-бағдарлардың (ориентация) жиынтығынан, яғни саяси жүйеге жəне оның əр алуан бөліктеріне қатысты білімдер мен бағалаулардан құралды [7].

Дегенмен саяси мəдениетке нақты анықтама беру қиын. Оның 50-ден астам анықтамасы бар. Пікірлердің əр алуандығына қарамастан, саяси мəдениетті зерттеуде екі негізгі концептуалды амалдарды көрсетуге болады. Оның біреуінің негізін жоғарыда аталған саяси мəдениет зертеушілері американдық əлеуметтанушылар Г.Алмонд пен Г.Пауэлл қалады. Олар алғаш ретінде саяси ғылымның айналымына саяси мəдениет ұғымын енгізді жəне қазіргі таңда барлық ғалымдар келісетін классикалық деңгейдегі анықтаманы берді. Олар бойынша, «саяси мəдениет саяси жүйе мүшелерінің саналары, сезімдері жəне көзқарастары арқылы саяси жүйені интернационализациялау» [8].

Поляк саясаттанушысы А.Боднер пікірінше саяси мəдениет саяси жүйе қатысушыларының бағыт-бағдары мен ұстанымдар (позиция) жиынтығы. Сонымен қатар саяси əрекеттің негізінде жатырған субъективті сала болып табылады. А.Боднер бойынша «жеке бағытбағдарлар бірнеше элементтерден тұрады:

А) танымдық бағыт-бағдар саяси объектілер мен идеялар туралы шынайы жəне өтірік білімдер;

Ə) аффекттілі бағыт-бағдар саяси объектіге қатысты қарсы əрекетті, араласуды, байланысты сезіну;

Б) бағалаулы бағыт-бағдар - саяси объектілер туралы пікірлер мен əңгімелер...» [9].

Жоғарыдағы анықтамаға сай көріп отырғанымыздай саяси мəдениет субъективті жəне өзінің табиғаты жағынан жеке болып келеді. Оның құрамынан саяси институттар жəне ұйымдар, тіпті, объективті элементтердің жиынтығы алынып тасталған. Əрине, көзге көрініп отырғандай, жылы қарастырылған амал.

Саяси мəдениетті анықтаудағы екінші концептуалды амал бойынша, саяси мəдениет субъективті – объективті феномен жəне рухани-тəжірибелік қызмет амалы ретінде қарастырылады. Бір қарағанда, бұл абстрактілі болып көрінеді. Дегенмен ол Г.Алмонд, Г.Пауэлл жəне А.Боднер көрсеткен мəдениеттің жеке аспектісін анықтамайды. Ал поляк саясаттанушысы Е.Вятр көзқарасынша, «саяси мəдениет – билік пен азаматтар арасында өзара қатынасқа қатысы бар ұстанымдардың, құндылықтардың жəне мінез-құлықтың жиынтығы. Осының негізінде саяси мəдениетке төмендегілерді жатқызамыз:

А) Саясат туралы білім, фактілермен танысу, қызығушылық;

Ə) Саяси құбылыстарға баға беру, билік қалай жүзеге асырылуы керек деген сұраққа байланысты құндылықтар көзқарастар;

Б) Отанға деген махаббат, оның жауларына өшпенділік сияқты саяси ұйымдардың эмоционалдық жағы... [10].

Саяси мəдениет саяси жүйеге қатысушылардың мінез-құлқын басқаратын негізгі тəртіптерден де құрылады, яғни саяси идеалар, басқарудың нормалары жəне т.б., тіпті саясаттың негізінде жасырған мінез-құлық, бейне, құндылықтарда саяси мəдениетке кіреді.

Жалпы қызметтің көрініс табуына саяси мəдениет пен электоралды мəдениеттің қатысы бар. Электоралды мəдениеттің атқаратын қызметтерінің ішінен модельдеу қызметі маңыздылардың бірі болып табылады. Осы қызмет арқылы электоралды мəдениеттің мəнін ашуға болады. Мəдениет өзінің табиғатына орай иерархиялық негізде өмір сүреді. Оның əрбір деңгейі басқа деңгейдегі субмəдениеттерден тұрады.


Сонымен қатар мəдениет, кəсіпкерлік мəдениет, экономиалық мəдениет, діни мəдениет деп бөлінеді. Ал саяси мəдениет парламенттік мəдениет жəне сайлаушылар, яғни элеторалды мəдениеттен тұрады. Саяси мəдениет немесе субмəдениет саяси бағыт-бағдардың жиынтығы ретінде қарастырылады. Ол қоғамда үстемдік ететін мəдени бағыт-бағдар дан ерекше болып келеді. Қоғамдағы субмəдениеттердің арақатынасынан елдің саяси тұрақтылығы жəне сайлаудың нəтижелері тəуелді болуы мүмкін. Саяси мəдениет қоғамның субмəдениеті бола тұра, сол қоғамның жалпы белгілерін сақтайды. Л.Дион көрсеткендей, саяси мəдениет мəдениеттің жалпы түсінігінің ерекшелігі жəне осы ерекшелік мазмұнды сипатқа қарағанда талдаулық сипатқа ие [11].

Электоралды мəдениет туралы да осылай айтуға болады. Өйткені ол «саяси мəдениет» деген жалпы түсініктің ерекшелігі электоралды мəдениет саяси мəдениет элементі, яғни субмəдениет, ал субмəдениет қоғам мəдениетінің құрамдас элементі. Сонымен мəдениет, саяси мəдениет жəне электоралды мəдениет түсініктері бір-бірімен тығыз байланысты.

Егер мəдениет адам өмірінің элементі болса, онда саяси мəдениет саяссаттың элементі, ал электоралды мəдениет саяси сайлаулардың, электоралды процестің жəне адамдар қатынасының элементі. Өз кезегінде электоралды мəдениет өзінің элементі ретінде бірқатар субмəдениеттерден тұрады. Олардың қатарына, мысалы, əлеуметтік қауымдастықтар, жастар, зейнеткерлер, зиялылар, кəсіпкерлер, қоғамның маргиналды қабаттары, аймақтар, облыстар, аудандар, қала немесе ауылдар. Бұлардың барлығы бірбіріне ұқсайды. Белгілі бір елдің айталық, АҚШ, Үндістан, Қытай, Ресей жəне Қазақстанның электоралды мəдениеті немесе аймақтық, латынамерикалық, Батыс Еуропа жəне Азия елдерінің электоралды мəдениетінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, зерттеушілер Францияның екі негізгі субмəдениетін көрсетеді: пролетарлық жəне католиктік [12].

Электоралды мəдениеттің қалыптасып дамуында өркениеттілік фактор маңызды рөл ойнайды. Өркениеттілік фактор көп жағдайда адамдардың электоралды таңдауына тарихи дəстүрлер, мəдени құндылықтар жəне белгілі бір мəдениеттің өкілі болып табылатын адамдардың менталитеті арқылы ықпал етеді. Міне осылар ғана елде ұлттық саяси лидердің белгілі бір түрін қалыптастыруға жəне оны электоралды қолдауын қамтамасыз етеді.

Қазақстанда этатизмнің ұжымдықтың, қауымдық, рулық-тайпалық өркениеттің архетиптері қазіргі адамдардың электоралды мəдениетінде көптеп көрінуде. Бұл əсіресе сайлау кезіндегі сайлаушылардың мықты лидерді қолдап, мемлекетті қолдауынан көрінсе, екінші жағынан жергілікті жерлерде (облыс, аудан, ауыл) радикалды қарсылық дауыс берулердің нəтижесінде туындап отырады.

Қоғамдық өмірдің демократизациялануы жəне электоралды мəдениеттің институционалдануы екі ажырамас процестер. Демократиялық электоралды мəдениеттің қалыптасуы саяси өмірдің тұрақтылығына, қоғамның дамуында демократиялық принциптердің бекітілуі мен қалыптасып дамуына алып келеді. Əсіресе біздің қоғамда демократиялық электоралды мəдениеттің қалыптасып дамуы бірнеше мəселелерді шешеді.

Бірінші, қазақстандық қоғамның дəстүрлі құндылықтар жүйесін жаңартады. Əсіресе, қазақ қауымының.

Екіншіден, аймақтық субмəдениеттердің белсенділігін жүзеге асырады, ал ол өз кезегінде «орталық-периферия» сияқты дəстүрлі қарамақарсылықты жояды.

Үшіншіден, əлеуметтік өмірден радикализмді ығыстырады.

Төртіншіден, тұлғаның саяси əлеуметтенуіне жағымды ықпал етеді.

Бесіншіден, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпалын тигізеді.

Бірақ та жоғарыда аталған жағымды үрдістердің бекітіліп жүзеге асырылуы үшін саяси өмірдің тұрақтылығы қажет. Ол əрине, Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан экономикалық, саяси жəне əкімшілік реформалармен тығыз байланысты.

Сонымен электоралды мəдениет дегеніміз – сайлау процесіндегі субъектілердің қызметтері мен өзара қарым-қатынастар, саяси таңдау, көзқарастар, бағалау, білімдер жүйесі. 


Пайдаланған әдебиеттер тізімі: 

1. Almond G.A. Comporative Political systems// Journal of Politics. Aug.1956, p.17. 

2. Гердер И.Г. Идеи к философии истории человечества М.,1977, с.339,368. 

3. К.С.Гаджиев Политическая наука М., 1995, с.338. 

4. Толковый словарь русского языка под ред. профессора Д.Н.Ушакова 

5.И.Н.Гомеров Политическая система общества: компоненты, структуры, функции. Новосибирск, 1991, с.32. 

6. Общая и прикладная политология. Ответственный редактор Б.Н.Краснова, М., 1997, с.90. 

7. Политология. Учебное пособие. Авторы: Г.М.Козлов, Ю.О.Булуктаев, Алматы, 1995,с.87. 

8. Ф.Бро, Политология / перевод с французского, М.,1992, с.52. 

9. А.Боднер Политическая культура общества и ее обусловленность// Политология вчера и сегодня, М.,1990, с.216-217, 218,225,229. 

10. Е.Вятр, Социология политических отношений, М., 1979, с. 56. 

11. В.В.Смирнов «Круглый стол» по проблеме политической культуры// Политические отошения: прогнозирование и планирование: Ежегодник советской ассоциации политических наук, 1977. М.,1979, с. 127- 128. 

12. Франция глазами французских социологов // М., 1990, с.122.


Авторы: Кеңесов А. А.


Дереккөз: ҚазҰУ хабаршысы. Философия сериясы. Мəдениеттану сериясы. Саясаттану сериясы. № 1 (32). 2009

Негізгі конфуцийшілдік категорияларды түсінудің заңдылықтары («Лунь Юй» еңбегі негізінде) Негізгі конфуцийшілдік категорияларды түсінудің
Ұлттық əдебиет өз өмірімен тіршілік етеді. Əрине, ол сол халықтың күллі тарихымен, оның барлық даму жағдайларымен шартты түрде байланысты жəне басқа
Ұлттық идея саясаттанудың категориясы ретінде Ұлттық идея саясаттанудың категориясы ретінде
Тəуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанда ұлттық идеяны жасау мəселесі бойынша терең пікір таластар жүріп жатыр. Бұл қазіргі уақыттың маңызды
Араб мұсылман философиясының өзіндік ерекшеліктері Араб мұсылман философиясының өзіндік ерекшеліктері
Орта ғасырда пайда болып, жаңа заманға дейін философия тарихында көрнекті орын алған, еңбектерін араб тілінде жазған, негізінен мұсылман елдерінен
Саясат ұғымы Саясат ұғымы
«Саясат» ұғымын түсінудің екі негізі бар. Бірінші негізі ежелгі гректің «politike» ұғымы (мемлекетті басқару өнері) деген мағнаны білдіреді. «Саясат»
Мемлекет және дін арасындағы қатынастардың қалыптасуы Мемлекет және дін арасындағы қатынастардың
Дін – бұл әлемдік тарихтағы қол жетімді деректерге қарағанда, адамзат баласы пайда болғалы бері ең көне және әмбебап қоғамдық сана болып табылады.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
×