
Қазақстан Республикасының дін туралы заңнамасы
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан Республикасы елдің экономикалық дамуындағы ғана емес, азаматтардың діни-мәдени өміріндегі басымдықтарға да күрделі өзгерістер енгізді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың конфессиялық қатынастар саласындағы сарабдал саясаты тәуелсіздік жылдарында қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуде маңызды роль атқарды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабына сәйкес Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып табылады. Ар-ождан бостандығы – Ата заң арқылы танылған адам құқықтарының ең маңыздыларының бірі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында былай деп жазылған:
1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.
Сондай-ақ Конституцияда төмендегідей құқықтар көрсетілген:
– тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап);
– әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (19-бап);
– республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді (20-бап).
Ата заңда айшықталған нормалар негізінде 1992 жылдың 15 қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданды. Заңда көрсетілген талаптар мен көзделген мақсаттар осыдан сол кезеңдегі Қазақстан қоғамының нақты ахуалына негізделген болатын.
Соңғы екі онжылдық ішінде еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Діни қызмет белсенділігі күшейіп, діни бірлестіктер саны еселеп артты, теріс пиғылды діни іс-әрекеттер де бой көрсете бастады. Сондықтан заңдық нормаларды заманауи ахуалға сәйкестендіру мақсатында аталмыш Заңға 1994, 1997, 2004, 2005 жылдары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2011 жылдың 18 мамырында дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы әзірленіп, 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды.
Заңның преамбуласында халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған қазақ ұлтының және Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ата діні болып табылатын исламның, сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы Қазақстанмен ортақ христиан дініндегі бірқатар этностардың сенімдік бағыты – православиенің ел халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды.
Аталмыш заңда мемлекеттік-діни қатынастардың негізгі қағидаттары көрініс тапты. Заңның 3-бабында төмендегі нормалар қамтылған:
1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.
3. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
Осы нормалар аясында мемлекеттердің діни бірлестіктерге бейтараптығы (нейтралитет), діни бірлестіктердің заң алдында теңдігі (паритет), ешбір дінге басымдық берілмеуі арқылы барлық діндерге бірдей қатынас пен көзқарастың орнықтырылуы (толеранттылық) қағидаттары қамтылған.
Сонымен қатар дін туралы заңнамада көзделген нормалар бойынша дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекет:
- Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның дінге және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындауына, ата-аналардың немесе олардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне, мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда, араласпайды;
- діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді;
- егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметіне араласпайды;
- дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бiрлестiктер арасында өзара төзушілік пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдеседі.
Өз кезегінде діни бірлестіктер дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес төмендегі міндеткерліктерге ие:
1) мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды;
2) саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.
Дін туралы жаңа заңнаманы жүзеге асыру аясында Дін істері агенттігі тарапынан діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмысы жүргізіліп, Қазақстанның конфессиялық кеңістігі ретке келтірілді. Дінтану сараптамасын жүргізу, діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдардың заңмен белгіленген орындарда таратылуын қадағалау, ғибадат үйлерін салуды келісу және олардың ғимараттарын діни бірлестіктерге беру, миссионерлік қызметті реттеу, ақпараттық-ағартушылық шаралар аталмыш заң аясында жүргізіліп, елдегі діни ахуалды реттеуде, теріс пиғылды және радикалды идеологияның таралуының алдын алуда маңызды роль атқарды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар //«Дінтану негіздері» пәнінің оқытушыларына арналған практикалық көмекші құрал / құраст. Ыбраев Е.Е., – Астана: ҒЗТО, 2014. – 140 б.




