Жастар порталы
ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ: ҰҒЫМЫ, МӘНІ, СИПАТЫ
02.05.2020 2 963 0 admin

ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ: ҰҒЫМЫ, МӘНІ, СИПАТЫ

Дінтану

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық діни дүниетаным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Зайырлылық пен мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды. 

Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау.  Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. 

Зайырлылық қазіргі әлемдегі көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарының бірі болып саналады. 

Саяси-құқықтық тұрғыдан зайырлылық мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік дүниетанымның және басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.

Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Тарихнама тұрғысынан алғанда зайырлылықтың отаны Франция болып саналады. Дегенмен діннің мемлекеттен бөлінуі Ежелгі Антикада байқалған. 

Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісіне сәйкес – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісінде мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі. 

Бірінші үлгідегі діннің мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасы төмендегідей:

- ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді;

- мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды;

- мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады. Осы қағидат дүниетанымдық бірлік негізінде азаматтар құрған қоғамдық бірлестіктерге де таралады;

- діндер (әлеуметтік институттар, көпшілік-құқықтық қатынастардың субъектілері ретінде) мемлекеттік саясатты (діни нанымдарына байланыссыз барлық азаматтарға қатысты саясат) жасау мен жүргізу үдерісінен алыстатылады. «Діни мәселе» саяси арнадан қоғамдық өмірге, азаматтардың жеке өмірі салаларына өтеді;

- мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатындағы тұжырымдамалық негіздерде діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды.

- мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде біріншінің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни институтпен шектеледі.

Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды. Мұндай қатынас түрін сепаративтік деп атайды. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл қатынас түрі АҚШ-тың заңнамаларында баянды көрініс тапқан.

Діни қатынастарды құқықтық реттеудің екінші түрі Еуропа елдерінде кең таралған. Оны дифференциациялық түрі деп атайды. Бұл мемлекеттің діни бірлестіктерге қатынасының әртүрлілігіне негізделеді. Еуропалық үлгіде адамның наным-сенім бостандықтарына шектеу қойылмайды, алайда мемлекеттегі діни бірлестіктердің мәртебесі бірдей емес. Діни бірлестіктердің мәртебесін реттеудің дифференциациялық түрі мемлекет пен конфессиялық қарым-қатынастың кооперациялық үлгісінің қалыптасуына негіз болады. Зерттеушілер осы үлгінің аясында діни бірлестіктердің құқықтық қалпының үш түрі болатынын атап көрсетеді. Олар: мемлекеттік конфессия мәртебесі, келісімді (консенсуалды) мәртебе және ресми танылған конфессия мәртебесі. 

Аталмыш үлгі бойынша мемлекеттік мәртебеге ие болған дінге (конфессияға немесе діни ұйымға) бірқатар ерекшеліктер тән болады. Мәселен, мұндай дін меншік иелену немесе заңды тұлға құқығына ие, сонымен қатар, мемлекет дінге қаржылық немесе басқа да материалдық қолдау көрсетеді, дінге бірқатар заңды өкілеттіліктер беріледі (неке қию, азаматтық хал-жағдайды тіркеу және т.б.), жастар мен балаларды тәрбиелеу ісіне белсенді араласу, кейбір елдерде діни қызметкерлер саясатқа араласу мүмкіндігіне ие болады.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделе отырып, ал зайырлы мемлекеттілік заңдылық пен құқыққа негізделе отырып, аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады. Осы негізде зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.


Дереккөз: Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар //«Дінтану негіздері» пәнінің оқытушыларына арналған практикалық көмекші құрал / құраст. Ыбраев Е.Е., – Астана: ҒЗТО, 2014. – 140 б.

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ
Білім беру –  тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге көзқарасын жетілдіру үдерісі; қоғам
ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.
Дінтанудың мазмұндама ұстанымдары Дінтанудың мазмұндама ұстанымдары
Дінтану пәнінің мазмұнын ашқанда, теориялық материал мен деректерді орналастырғанда, дінтану дидактикасы мен әдістемесінде кейбір ұстанымдар іске
Мемлекет пен діни ұйымдар қатынасын реттеу дәстүрлері Мемлекет пен діни ұйымдар қатынасын реттеу
Жалпылай алғанда, қазіргі таңда мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынастарын реттеудің кеңінен таралған екі құқықтық дәстүрі қалыптасты: олар
Мемлекет және дін арасындағы қатынастардың қалыптасуы Мемлекет және дін арасындағы қатынастардың
Дін – бұл әлемдік тарихтағы қол жетімді деректерге қарағанда, адамзат баласы пайда болғалы бері ең көне және әмбебап қоғамдық сана болып табылады.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
×