
Хауа Ана
Құран Кәрім аңыздарының кейіпкері, Адам Атаның (ғ.с.) зайыбы, адамзаттың анасы. Інжілдегі аты – Ева. Аңыздарда Хауа Ана аталуының себебін Адам Атаның қабырғасынан тірідей жаратылуымен (хауа – тірі) байланыстырады. Хазірет Хауа Ана теңдесі жоқ сұлу, көрікті болады, Адам Ата (ғ.с.) оған ерекше ынтызар болып, мейірім махаббаты түседі. Құтба оқылып, некесі қиылғаннан кейін екеуі ерлі-зайыпты болып, жаннатта мамыражай ғұмыр кешіп жатады. Ібілістің азғыруына ілескен Хауа Ана тыйым салынған жемістен дәм татып, Адам Атана (ғ.с.) да одан жеуге үгіттеп көндіреді. Осы күнәларының себебімен Құдайдың қаһарына ұшырап, екеуі пейіштен шығарылған соң, күнәларына кешірім табу үшін жер бетіне жіберіледі. Араб еліндегі Джидда тауына келіп түскесін, жасаған күнәсына налып, көп жылдар (үш жүз жыл) жылаумен өткізеді. Ақырында Қағбаға келгесін Алла күнәларын кешіріп, Хауа Ана Адам Атаға қосылады. Хауа Ана бір ұл, бір қыздан егіз тауып, бірнеше ұрпақ дүниеге әкелді. Діни аңыздардағы Абыл мен Қабыл және Шиш пайғамбар Хауа Анадан туады. Хауа Ана Адам Атадан кейін дүниеден өтеді.
Мұсылман аңыздары бойынша, Хауа Ананың күнәсі үшін әйелдер бала көтеріп, бала туу сияқты тән жазасын тартатын болған. Бірақ Алла дін жолына адал әйелдерге рақым жасап, о дүниеде жұмаққа жібереді екен.
Алла Тағала Хауа Ананы қалай жаратқаны туралы «Ықылас» сүресінде (112:1-4) былай делінген: «Сен айт: Алла жалғыз де, Алла – мәңгілік. Ол тумаған да туылмаған. Оған ешбір теңдес жоқ», яки Алла Адам Атаға не Адам Ата Аллаға ұқсас болуы мүмкін емес. Адам Ата жұмақта жаратылып, жұмақта ғұмыр кешті. Аспаннан түсті делінетін киелі кітаптардың қай-қайсысы да жұмақтың жан рақат ғажабын тамылжыта жазған. Жаннат бағында адамға қорек болатын жеміс ағаштарымен қатар өмірлік мәні зор киелі ағаштар да жеткілікті. «Өмір ағашы», «әлемдік діңгек ағашы», «қайырымдылық ағашы», «қуаныш ағашы», «мерей ағашы», «билік ағашы», т.б. Адам Ата жұмақта жай ғана серуендеп жүрмейді, жеміс ағаштарын бағып-күтіп бағбандық қызмет те атқарады. Құдіреті күшті Алла оны алғашқыда бағбан етіп жаратқан еді, кейін бақташылық жұмысты да қосып берудің қолай көрді. Алла өзінің сүйікті жаратқанын сыртынан бақылап жүріп, оның сұхбаттасатын серігі болмағандықтан көңілі жүдеп жалғызсырайтынын аңғарды. Алла тағала оны ұйықтатып таста да, қабырғасын шығарып алып, Хауа Ананы жаратты.
Дереккөз: Қазақ халқының тарихи тұлғалары: Қысқаша анықтамалық / Құраст.: Ә. Көпіш. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2016. – 3-кітап. – 424 б.
Авторы: Әшірбек Көпіш




