Жастар порталы
Христиан дініндегі  әйел статусы
1 782 0 aiko

Христиан дініндегі әйел статусы

Дінтану

Әлемдік діндердің алғашқысы христиан дінінің киелі кітабы Тәуратта: “Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел етіп жаратты” (Киелі кітап, 2010:9) делінген. Сондай-ақ әйел Адамның қабырғасынан жаралған: «Және Құдай Адамды қатты ұйқыға салып, адам ұйықтап қалғаннан кейін, оның бір қабырғасын алған, оның орнын бұлшық-етпен жапқан. Және Құдай адамнан алған қабырғадан оған әйел жасап берді...» (Киелі кітап, 2010:11). Иса Мәсих жастайынан анасына мойынсұнып жүретін болған «Иса Назарет қаласына бірге оралып, оларға мойынсұнып жүрді. Осы сөздердің бірін шешесі көңіліне түйіп алды». Ата-анаға құрмет көрсетуді «ата-анаңды сыйла!» (Киелі кітап, 2010: 1136) деп ең жоғарғы өсиет етті. Христиан дінінде әйелдің ой-өрісі тұрғысынан Иса Мәсихке дейін адами құқықтарға ие болмаған. Әйелдерді еркектерге қарағанда білімге қабілетсіз деп білген. Ал Мәсих Иса келгеннен кейін, білім жалпыға бірдей ашылатынын көрсетіп, тіпті Иса Мәсихтің үздік әйел ерушілері болған. Інжілдік баяндауларда әйелдердің аштық пен жол қиыншылықтарына қарамастан Мәсих Исаның артынан еріп, оның құтқару ілімін тыңдаған (Киелі кітап, 2010:1128). Ол ешқашан әйелдерді өз тыңдаушылар қатарынан алыстатпаған және олардың түсіну қабілеттерінің төмен екендігін бірде-бір рет айтпаған. Керісінше әйелдермен әрдайым сұхбаттасып отырған.

«Бірінші пасхадан кейін Мәсих Иса Иерусалимнен Галилейге қарай жолға шығады. Жолда Самария аймағы арқылы Сихар қаласының жанындағы Жақып (Иакова) құдығының басына барып отырады. Шәкірттері қалаға азықтүлік алып келуге кетеді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келеді. Мәсих Иса одан: «Маған ішетін су берші? деп сұрады. Самариялық әйел таң қалды. Себебі яһудилер (діни сенім бойынша арамданбау үшін Талмұдта: «Жұбайы, қызы, әпкесі болса да, көпшілік алдында әйелдермен сөйлесу – Равиндер үшін кешірілмейтін ақымақтық») самариялықтармен араласпайды. Сондықтан әйел: «Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден су сұрайсың? – деген сауал қойды. Иса: «Егер құдайдың өзіңе не сыйлағысы келгенін және су сұраған адамның кім екенін білсең, сен оның өзінен су сұрар едің. Сонда ол саған «өмір суын» берер еді деп жауап қатты (Киелі кітап, 2010:1204). Сонда әйел: «Мәсих деген құтқарушының келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді, – деді. Иса: «Сенімен сөйлесіп тұрған мен соның өзімін, – деп әйелге жауап берді (Киелі кітап, 2010:1205). Бұл оқиғадан Христиан дініндегі Иса Мәсихтің әйел жаратылысына деген қарым-қатынасын көреміз. Қарапайым әйелге руханилық, құдайға құлшылық ету, мәсихшілдік секілді христиандықтың негізгі принциптері туралы ақпарат беруі әйелдің тыңдау құқығын және шынайы ақиқатты қабылдаудағы қабілеттілігін аңғартады. Бұл самарияндық қарапайым әйел шынайы ақиқатты түсініп, Иса Мәсихтің алғашқы әйел шәкірттерінің бірі болған.

Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер болды. Олар Исаға қызмет етіп, Ғалилеядан еріп келгендер еді (Киелі кітап, 2010:1153). Олардың ішіндегі тұрақты серіктері – Мария Магдалина, Хузаның жұбайы Иоанна, Жақып пен Жүсіп шешесі Мәриям, Саломия – Зебедей ұлдарының шешесі, сонымен қатар Иса Мәсихтің өз анасы – Мәриям т.б. болған. Бұлардың барлығы басқа еркектер тәрізді Мәсих Исамен бірге жүріп, ғибадат құлшылықтарын жасаған және нәзік жандылар қатарынан болғандары үшін ешқандай шеттетілу көрсетілмеген. Исаның өміріндегі маңызды жәйттардың көбінде әйелдердің орны көрініс тапқан.

Алайда, ерте және дамыған орта ғасырларда бірқатар христиан дінбасылары әйел адамның құқығына қатысты жазбаларды назардан тыс қалдырып, олардың құқығын мүмкіндігінше шектеуге тырысқан. Христиан теологтарының тіпті «әйел адам ба, адам емес пе» деген мәселе көтеріп, орта ғасырларда Батыста әйелдердің «мыстан», «азғырушы», «арбаушы», «көзбояушы», «сиқыршы» деген жаламен шіркеу тарапынан тірідей отқа жағылғанын, өртелгенін білеміз. Тіпті, шіркеу тарапынан «мыстандар мен сиқыршы әйелдерді аулау» үшін арнайы топтар құрылған. Олар көрікті, білімді қыздар мен ажарлы әйелдерді «еркектерді азғырушы» ретінде айыптап, сотсыз, шіркеудің үкімімен тірідей өртеп отырған. Католик шіркеуі мен протестандық сенім арасындағы қақтығыс кезінде бұдан ең көп зардап шеккендер тағы да әйелдер болды. Англияда бертінге дейін «лас» деп есептелгендіктен, әйелге «Інжіл» ұстауға тыйым салынды. Францияда Жанна д’Арк сияқты сан мыңдаған әйелдердің түрлі жаламен тірідей отқа жағылғанын тарихтан білеміз.

Әулие Августин мен Иоанн Злотоустың көзқарастарындағы әйелдің орны: «Әйелдер тыныштықпен әр жағдайда (қауым жетекшілерінің басшылығына) мойынсұнып тәлім алсын (Киелі кітап, 2010:1431). Симон Петр: «Мәриям бізден кетсін, өйткені әйелдер өмір сүруге лайықты емес» – деген (Киелі кітап, 2010:1415) деген, сондай-ақ әулие Павел «Олардың (әйелдер) Құдайдың ілімі жайлы тәлім беріп, ер адамдарға билік жүргізулеріне жол бермеймін, олар тыныш болсын» (Киелі кітап, 2010:1432). «Сондай-ақ еркек әйелге бола емес, әйел еркекке бола жаратылды», «бірнәрсе туралы сұрағылары келсе, үйде күйеулеріне сауал қойсын. Өйткені әйелдердің шіркеуде сөйлеулері ұят» (Киелі кітап, 2010:1380) делінген әйелдерге қатысты пікірлерді көре аламыз.

Христиан дінінде әйел барлық күнәһарлықтың бастауы деп айыптайды және ол бүкіл адамзатқа кесірін тигізді делінеді. Тауратта көрсетілгендей: «... және Адам ата емес, әйел әзәзілге алданды. Осылай ол Құдайдың бұйрығын бұзды» (Киелі кітап, 2010:1432). Христиан діндарларының әйел тегін айыптаулары Еуропа мен христиан әлемінде әйелдерге деген теріс пікірлер қалыптастырды. Августин Блаженный үйіне ешқашан әйелдерді, тіпті бірге туған монах әпкесін де жолатпаған. Әулие Тертуллианда: «Сендердің әрқайсың Хауа екендеріңді білесіңдер ме?» Құдайдың әйел тегіне қатысты жазасы әлі күнге дейін жарамды, күнәнің жазасы да жалғасуы керек. Сендер шайтанға жол ашатын қақпасыңдар және әйел Құдайдың рухани Ұлы Иса Мәсихтың құрбан болып өлгеніне күнәлі. Шынайы христиан әйелі өзінің сұлулығын жек көруі тиіс, себебі ол еркектерді азғырады», – деген. Көптеген ортағасырлық христиан дін қызметшілері «... әйел жыланнан да қауіпті» деп білген. Тіпті әйелдің көлеңкесінен де жанымыз ластанады деп қашатын болған. Ортағасырлық христиан діни философиясында әйел жаратылысына деген олқылықтық пен ластық тән болды. Әулие Томас «шынайы христиан болу үшін ешқандай әйел атаулысына жоламай, үйленуден бас тартып ант бергендер ғана киелі рухты алып жүре алады», – деп айтқан. Сондай-ақ әулие Иероним «Барлық жамандық әйелден» деген сөздері тағы бар. Христиан дінінде әйел адамның құқығын қозғамастан бұрын христиан дін қызметкерлері ұзақ уақыттар бойы әйелдің жаны бар ма, жоқ па? деген сұраққа жауап таба алмаған. Тек 585 жылы Маккондық шіркеулік соборда (Маконе, Франция) әйел төменгі сатылы жаратылыс болғанымен жаны бар деген шешімге келген. Христиандықтағы әйел статусын қарастыра келе апостол Павел «Барлық күнә бастауы әйелде және соның кесірінен бәріміз өлім дәмін татамыз», – деген.

Рим империясындағы әйелдердің заңды мәртебесі римдік құқықта бекітілген. Заңнамаға сәйкес, әйел толығымен бағынышты болды. Ол тұрмыс құрғаннан кейін, оның меншігі толығымен күйеуінің иелігіне өту керек. Әйелді күйеуі сатып алғаннан кейін тек соның пайдасын өтейтін құл сияқты оның меншігіне айналады. Әйел ешқандай да азаматтық және қоғамдық лауазымға ие бола алмайды.., ол куәлік беруші, тапсырушы, қамқоршы бола алмайды, бала асырауға немесе асыранды болуға құқы болмайды, өсиет қалдыра, келісім жасай алмайды. Ортағасырлық христиан философы Филон Александрийскийдің түсінігінше, еркектік – саналы, рационалды, құдайлық, ал әйелдік – лас денелік әлемінің бейнесі» деген.

Христиандық отбасылық қатынастарды әйел күйеуіне толығымен бағынуы қажет. «Қауымның Мәсихке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнулары керек» (Киелі кітап, 2010:1410). Әйел орны – отбасында, үй шаруасымен айналысу, ал ер адам үй шаруасына алаңдамауы тиіс. Сонымен қатар ер адам әйеліне құдайға құлшылық ету, разылығына жету жолдарын үйрету міндеттеледі. Яғни күйеуі тек қожайыны ғана емес сонымен бірге ұстазы, рухани жетекшісі болып табылады. Әйел еркектің жеке мүлкі ретінде қарастырылғандықтан ажырасуға тек еркек құқылы болған.

Христиандық неке сипаты – бір некелілік. Ал егер әйелдің күйеуі қайтыс болса, басқаға тұрмысқа шықпай, неке адалдығын сақтап жесір қалу абзал. Себебі христиандық ілім бойынша адам өлімін ұйқымен теңейді, яғни күйеуі қайтыс болған әйел ол ұйқыда деген түсінікпен рухани бірге болуы жақсырақ деп саналады. Бұл жайлы киелі кітапта: «Ал ең қолайлысы қайтадан тұрмыс құрмау» (Киелі кітап, 2010:1385). «Жесірлік жақсырақ және жоғары, ал екінші неке жаман және төмен» деп жесірлік пен монахтық өмірді дәріптейтіндігі көрінеді (Беседа о вдовицах). 

Яhудиліктегі кейбір Ысырайыл деректерінен мынаны оқимыз: «...еркек отбасының басшысы, ал қыздары үйлеріндегі қызметші болып, жұмыс істейтін сорлылар. Тіпті кейде әкелері кез келген уақытта саудаға шығарып сататын тұтқындар... Негізінде олар мұндай азапқа лайықты, себебі, әйел Адамды алдаған және оны жамандыққа итермелеген. Сондықтан ол лағынетке ұшыраған...».

Міне, осы діни аңыздардағы Хауаның әуел бастапқы күнәhарлығы туралы ақпар әйелдердің төменгі жағдайда болуына сеп болып, бұл христиан дінінде одан ары жалғасын тапты. Бүкіл ортағасырлар бойы әйел жұмақтағы алғашқы күнәнің себепкері болғандықтан, Інжілге қол тигізе алмайтын.

Христиан теологиясында әйел бейнесі адамды азғырушы, ібіліспен ымыраға келуші, сайтанның тапсырмасын орындаушы, АдамАтаны алғашқы күнәға итермелеуші ретінде суреттеледі. Көптеген әдебиеттерде жыншайтан мен ібіліс әйел бейнесінде көрсетіледі. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский: «Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегенінің өзі оның құндылығының төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан... Әйелдер оларды мәңгі билеушінің немесе ұстаздың басқаруымен ұстап отыру үшін туады» деген.

Күнә мен әйелдің аты қатар аталғандықтан, христиан діндарлары әйел атаулыға жоламай, дүниеден үйленбей өтті. Шіркеу үйленбей өтуді «Хазірет Исаның жолы – күнәдан пәк болу» деп түсіндірді. Католик шіркеуі Папаларды тек үйленбеген кардиналдар арасынан ғана сайлады. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Христиандық діни көзқарас бойынша, руханилықтың бәрі, біріншіден, адамға жоғары құдайдан дарыған, ол өзінің тәндік, заттық болмысында индивидуалды, яғни күнәлі, ұсқынсыз. Адамның тәні рухына қарама-қарсылықта қойылған. Екіншіден, христиан діні әйелдің биполярлық бейнесін көрсеткен. Бір жағынан Хауа ана – адамның анасы, екіншіден ол күнәһар, қараңғы күштің символы болып табылады. Сонымен қоса, Дева Мария – Христостың анасы тазалықтың, пәктіліктің рәмізі.

Үшіншіден, христиан философиясында жеке адамның қайталанбас құндылығы мен еркіндігі мәселесі бірінші орынға қойылған. Батыс дүниетанымында индивидуализм ең негізгі түсінік болды. Қоғам индивидтердің жиынтығынан тұрады. Оның нәтижесінде батысеуропалық мәдениетте адамның еркіндік құқығы заңында демократиялық құндылықтар құрылды.

Әйел мен еркектің қоғамда алатын орнын айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени құрылым ретіндегі ұғымы он тоғызыншы ғасырдан бастап, батыстық елдердің жаңа капиталистік нарықтық қатынастарға тартылуымен қалыптасты. Капитализмге өту сатысында Батыста әйел мен баланың еңбегі қаналды, олардың құқықтары аяққа тапталды, еткен еңбегіне мардымсыз ақы төленді. Осыған орай, әйелдердің өз құқықтары үшін күресі басталып, эмансипация түсінігі мен феминизм идеологиясы өмірге енді. Дегенмен, шіркеуді былай қойғанның өзінде, зиялылар мен оқымыстылардың өзінде де әйелді кемсітуші ескі патриархаттық дәстүр сақталып қалды. Мәселен, И. Милтон әйелге «жаратылыстың қателігі» деп қараса, әйгілі Ф. Ницше «әйелмен сөйлескен кезде қолыңда қамшы болсын» дейді.

Да Еуропа мәдениетіне грек мәдениеті зор ықпал еткен. Прометей батыс өркениетінің рәмізі ретінде саналады. Антикалық дәуірдегі ежелгі грек және рим мәдениеттерінде әйелдердің алатын орны төмен болған. Демократияның отаны саналатын Афинының өзінде әйелдер қашанда еркектерге – әкесіне, ағасына, күйеуіне және өз әулетінің басқа да еркектеріне бағынышты жағдайда болды. Грек мифологиясына сай, Прометей аспандағы құдайлардан адамдар үшін от ұрлағаны үшін гректердің басты құдайы Зевс адамдарға жаза ретінде балшықтан әйелді жасаған. Зевстің жоспары бойынша, әйел – ұятсыз әдемі құбыжық, сондықтан енді ер адамның бақытсыздыққа, сәтсіздікке ұшырағаны, жеңіліп қалған жағдайлары әйелден болу керек. Осы «классикалық» грек мәдениетінің ұлы тұлғаларынан қалған мына пікірлер әйел жағдайын айшықтап береді: «әйел – тозақтың есігі және мал-мүлік» (Платон), «әйел жаратылыстан жартылай қалған еркек» (Аристотель) және т.б. Атақты римдік шешен әрі философ, мемлекет және мәдениет қайраткері Цицеронның пікірінше, әйел еркекке кедергі келтіру ретінде жаратылған. Ол жаратылмағанда еркек тәңірге айналар еді деген.

Мұндай біржақты пайымдаулар христиандықта ғана емес, басқа да діндер өкілдерінде қазіргі күні де ішінара кездесіп қалатыны жасырын емес. Дегенмен өркениетті сана деңгейінде ойлайтын христиан дінінің кез келген тармағының дін ғалымдары – православ, католик немесе протестант болсын, қасиетті кітаптарда әйел-ана теңсіздігін тудыратын ешбір қағиданың жоқтығына бірауыздан келіседі. Сонымен қатар құдайлық миссияның әйел-ана арқылы жүзеге асырылуы, әйел бейнесінің Құдай-ана дәрежесіне дейін көтерілуі, Тәуратта дінге қызмет еткен әйелдер бейнесінің кездесетіні христиан дінінде де әйел-ана тұлғасына елеулі мән берілгенін аңдатады.


Мәліметтер алынған дереккөз: Кагазбекова С.Б., Затов К.А., Әділбаева Ш.А. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршы. Философия, мəдениеттану, саясаттану сериясы. №1 (63). 2018

Ислам дініндегі әйел орны Ислам дініндегі әйел орны
Қасиетті кітап Құранда да, ислам дінін әкелген Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде де әйел мен еркектің тең екені айтылған. Алайда, теңдік пен
Буддизм дініндегі әйел статусы Буддизм дініндегі әйел статусы
Үнді діни наным-сенімдерінің тарихи түрлері және оның үнді халқының мәденирухани өміріндегі рөлі зор болды. Үнді тарихында көптеген ағымдар мен діни
ӘЛЕМДІК ДІНДЕРГЕ ТӘН ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ӘЛЕМДІК ДІНДЕРГЕ ТӘН ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Әлемдік діндер ішкі мазмұны арқылы бір арнада тоғысады. Оларға ортақ алтын көпір мынау: «Жалғыз Жоғарғы Тәңірі бар. Ол адамды және ғаламды жаратқан,
ХРИСТИАН ДІНІ: ДІНИ ІЛІМІНІҢ НЕГІЗДЕРІ, ТАРИХЫ ХРИСТИАН ДІНІ: ДІНИ ІЛІМІНІҢ НЕГІЗДЕРІ, ТАРИХЫ
Христиан діні – әлемдегі ең көп тараған діндердің бірі, қазіргі таңда оның 2 миллиардқа жуық ұстанушылары бар.  Христиандық православие, католицизм,
КӨНЕ НАНЫМ-СЕНІМДЕР: ФЕТИШИЗМ, ТОТЕМИЗМ, АНИМИЗМ, МАГИЯ КӨНЕ НАНЫМ-СЕНІМДЕР: ФЕТИШИЗМ, ТОТЕМИЗМ, АНИМИЗМ,
Осы күнге дейін діннің шығуы мен дамуы туралы ілімдік және ғылымдық көптеген көзқарастар бар. Олардың барлығын діни-теологиялық және
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×