Жастар порталы
Саясаттану мен саяси-құқық саласындағы гендерлік зерттеулер
15.05.2020 747 0 admin

Саясаттану мен саяси-құқық саласындағы гендерлік зерттеулер

Студенттерге

Батыс елдерінде гендерлік саясаттың күрделі өзгерістері, әйелдер қозғалысының екінші толқынының әсерімен ХХ ғасырдың 60 жылдарында басталады. Бұл мемлекеттік механизмдерді жасауға, тең құқықты мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, тіршілік әрекетінің барлық саласында әйелдердің мәртебесін көтеруге ықпал етті. 60-70-жж. стратегияның бірінші кезеңінде формальді - құқықтық принципін қамтамасыз ету тең құқықтық “гендерлік-бейтарап” тәжірибені бекітуге алып келеді. 80-90-жж. тең мүмкіндіктер стратегиясына өту “позитивті әрекет” пен әйелдердің арнайы құқығының “гендерлік-сезімталдық” саясатын бекітті.

Саясатқа белсенділікпен қатысудың теориялық мәселелері. Тарихилық принципіне сәйкес реcейлік зерттеуші О.А.Хасбулатова11 (2001) әйелдерге қатысты мемлекеттік саясаттың бірнеше түрлерін бөліп көрсетеді.

Бірінші түрі – патриархаттық саясат. Патриархатты саясат - отбасы және қоғамдағы әйел мен еркек арасындағы қызметті нақты бөлу тұжырымдамасына негізделген. Мұнда әйелдің “табиғи” үлесі ана болу, бала тәрбиелеу және үй шаруашылығын жүргізу болып есептеледі. Ал, ер адамға отбасы мен жалпы қоғам арасындағы түйінді байланыстыратын мемлекеттік, кәсіби және қоғамдық қызмет, отбасының басшысы және “асыраушысы” рөлдері белгіленеді.

Екіншісі – патерналистік саясат. Саясаттың бұл түрінің негізгі компоненттері: әйел мен еркектің тең құқықты заңды әлеуметтік жағдайына қол жеткізу; қоғамдық өндіріске әйелдердің кең түрде қатыстырылуы; әйелдің үш рөлді: жұмысшы, ана және үй иесі міндетін қатарынан атқаруына жағдай жасау, көмек беру, демалыс беру және әйел еңбегін қолдануды, т.б. шараларды ұйымдастыру.

Мемлекеттік саясаттың үшінші түрі – бұл эгалитарлы саясат. Оның негізгі мақсаты, жынысына қатыссыз әлеуметтік саланың бәрінде жеке адамның өзін-өзі жүзеге асыру үшін тең жағдай жасау. Яғни, адамды “орташаландыру” да, жыныстық-рөлдік айырмашылықты оны әлуметтендіру үрдісінде шеттету де емес, керісінше, әйел мен еркекке өздерінің шығармашылық және жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктерге кепілдеме беретін қоғамдық жағдайға қол жеткізу болып табылады.

Эгалитарлы саясаттың негізгі бағыттары: әйелдердің мемлекеттік басқару мен қоса кәсіби қызметтің барлық саласына қатысуы, өндірістік сала мен өндірістік емес кәсіби қызмет бойынша еңбекақы төлеуді өзара теңестіру; үйдегі жұмыстарды орындауда отбасы мүшелеріне барынша жағдай жасау; ата-ананың екеуіне де баланы күтуге байланысты мемлекеттік жеңілдікті тарату; қоғамдағы әйел мен еркек рөлінің патриархатты таптаурынның алдын алу, жыныстардың әлеуметтік теңдігі туралы қолайлы қоғамдық пікір қалыптастыру.

Әйелдің қоғамдағы мәртебесіне қатысты мәселелерге жауап іздеу, әйелдердің тең құқықты идеологиясы мен әлеуметтік - саяси қозғалысы ретінде ұзақ уақыт бойы  феминизм төңірегінде қарастырылды. Онда мынадай негізгі тәсілдерді белгілеуге болады: либералды, марксистік және радикалды.

Осындай жіктеуге сәйкес мысалы, либералды феминизм әйелдердің заңды және саяси құқықтарға ие болуы керек екенін мәлімдейді. Либералды феминистер әйелдердің білім  және еңбек ақысын алуға, саясатқа қатысуға толық заң құқығы берілуі үшін күресті. Либералды феминизмнің негізгі алғы шарты бойынша әйелдер топ ретінде, қолайсыз жағдайда болғанмен саяси және заң құқығына қол жеткізісімен, ұсынылған мүмкіндіктерді кең түрде қолдану әр жеке әйелдің өзіне байланысты деп есептелінді.

Маркстік феминизм тұрғысынан қарағанда өз кезегінде таптық қоғамда мұндай құқықтарға орта таптың тек, аз ғана өкілдерінің қолы жететіндігін дәлелдейді. Қоғамда коммунизм орнағанша, әйелдердің көпшілігі еркектер сияқты капиталистік экономикалық жүйенің қаналушысы болып қала береді. Бұл өзгерістерге әділдіктің талабына сай қол жеткізу мүмкін емес, себебі олар экономикалық дамудың нақты сатысының өнімі болып табылады. Коммунизмде жеке меншік формацияның бөлігі ретінде моногамды еңбек дамиды, ал капитализм жағдайындағы отбасы таптар арасындағы әлеуметтік қатынастардың шағын әлемі болып есептелінеді.

Радикалды феминистердің пікірінше, бұл екі теория еркек билігінің мәнін жаппай жоққа шығарады. Радикалды феминизм идеялары алғаш рет тұтас түрде ХХ ғ. 60-жж. аяғында пайда бола бастады. Бұл тәсілдің негізінде еркектің патриархатты билігі қоғамдағы алғашқы билік екенін бекіту және осы теорияға сәйкес еркектің әйелге билігі қоғамдық саланың экономикалық және саяси қызметіне ғана таратылмайды, сонымен бірге, ол жыныстар арасындағы қатынастың да барлық түріне тән.

Феминистік ой дамыған елдерде кең қолданылатын жетекшіліктің үш негізгі түрін дамиды және толықтырады. Феминистік көшбасшылық теориясы - көшбасшының ағартушылық табиғатын атап, оны жетекші мен сайлаушылар арасындағы саяси әділетсіздіктің нышаны және еркек көшбасшылығының негізгі айырмашылығы ретінде қарастырады. Феминистік билік моделі билікті басымдық мүлдем болмауы керек деп анықтайды. Саяси қатысу тұжырымдамасы бойынша саяси қатысу бұл тек электоралды белсенділік ғана емес, сонымен қатар, саяси ойын ретінде басқаларға әсер ету үшін саяси ұйымдар мен үрдістерді әйелдердің қолдану мүмкіндіктері мен тілектерін білдіреді деп есептелінеді.

Жалпы, әйелдің қоғамдағы жоғары мәртебесі және олардың маңызды мемлекеттік шешім қабылдауға қатынасуы арасындағы тығыз тәуелділік бар екенін халықаралық тәжірибе көрсетеді. Яғни, әйелдің саяси іске қатысуын белсенді жүргізу үшін әлеуметтік және экономикалық құрылыс жағынан қолдау қажет екені, сонымен бірге, білім мен жаппай ақпарат құралдары жүйесіндегі әйелдерге қатысты жағымсыз таптаурындарды шеттеу қажеттігі туындайтыны белгілі.

Әйелдердің саяси іс-әрекетіне ықпал ететін жағдайларды зерттеуші А.А. Темкина12 (1996) саяси қызметтің әлеуметтенушілік, құрылымдық және жағдай факторларын бөліп қарастырады. Осы факторларды жеке қарастырып көрелік. Әлеуметтену үрдісінде еркек пен әйелдің түрлі рөлге, саясат пен белсенді қызметке деген жалпы түсініктері қалыптасады. Мысалы, саяси сала әйелдің өмірлік қажеттілігін және мақсаттарын қамтамасыз ету үшін қолайсыз сала деп есептеледі. Әлеуметтену үрдісінде ұлдардың бойында сенімді мінез-құлық және мақсатқа жетуге бағытталған модель қалыптастырылса, ал қыз баланың бойында айналасындағыларға қамқорлық жасауға бағытталған тәуелді мінез-құлық қолдау табады.

Себептердің екінші тобына қатысудың құрылымдық факторлары, яғни, қоғамның әлеуметтік құрылысымен байланысты факторлар жатады. Оның ішінде, еркектер мен әйелдер саясатта қолдана алатын ресурстарды бөлудегі біркелкіліктің болмауымен ерекшеленеді. Гендерлік жүйемен анықталған білім, кіріс, жұмыс тәжірибесі деңгейіндегі теңсіздік нәтижесінде әйелдердің саясатқа ұсынылуы өте аз, сондықтан, олардың саяси іске қатысу мүмкіншілігі едәуір төмен болады. Өйткені, әйелдердің еркектерге қарағанда саясаттағы саяси тәжірибесі аз болады және көбінесе олар білім мен денсаулық сақтау саласының өкілдері. Алайда, соңғы жылдары жағдай өзгеруде, саяси тәжірибесі мол, заңгерлік пен бизнестегі әйелдердің саны өсуде.

Үшінші топты жағдай немесе өмірбаяндық факторлар құрайды. Олар қазіргі қоғамдағы әйелдің өмірлік жолының ерекшелігімен байланысты. Әлі күнге дейін әйелдер көбінесе үй шаруашылығын жүргізуге және балаларды тәрбиелеуге жауапты, сондықтан, саяси қызмет үшін уақыты мен қуаты жоқ.. Әдетте әйелдердің саясатқа қатысушыларының ішінде жалғыз басты, айырылысқан және жесірлер жиі кездеседі. Бұл саяси мәнсап пен отбасы өмірі арасындағы қарама-қайшылық еркектерде болмайды дегенді білдірмейді. Бірақ, еркектер мұндай қарама-қайшылыққа қарамастан, саясатпен айналысады, ал әйелдер осындай кикілжің үшін саяси мансаптан бас тартады.

Фактордың осы үш тобы әйелдердің саяси белсенділігіне кедергі жасайтын дискриминациялық себептер олардың саяси өмірге қатысуының төмендігіне әкелетінін көрсетеді. Ресейлік зерттеушілердің пікірінше, әйелдердің биліктен және меншіктен шеттелуінің айқын себептері мыналар:

- күрделі әлеуметтік-саяси жағдайлар;

- елдің экономикалық өмірінің қылмыстылығы;

- әйелдің қоғамдағы рөліне қатысты да, әйел- саясаткерге қатысты да терең тамырланған ескі наным-сенімдер;

- саяси үрдісте, әсіресе шешім қабылдау деңгейінде әйелдің ролін жете бағаламаумен сипатталатын идеологиясы әрқалай саяси партиялардың позициясына тәуелділігі;

- әйелдердің елдің жоғары заң ұйымдарына қол жетуді қиындататын сайлау жүйесінің өзіндегі ақаулар;

- қоғамның саяси өмірінің факторы ретінде әйелдер қозғалысының бытыраңқылығы мен әлсіздігі.

Саясаттағы әйелдер мен еркектердің серіктестігі мен теңдігі, қоғамдағы көп өрісті мүмкіндіктердің есепке алынуы толық және өкілетті демократияның мақсаты. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, жоғары заң ұйымында әйел өкілеттігінің жалпы өсуін көрсететін үш басты фактор бар. Олар:

- парламенттегі әйел-кандидаттарды көбейту мақсатымен саяси партиялық квота немесе пропорционалды сайлау жүйесінің болуы;

- партиялардан ұсынылған кандидаттардың тізімінде жыныстардың өзара қатынасы мемлекеттегі жыныстардың өзара қатынасына сәйкестігін талап ететін заңдардың болуы;

- сайлау жүйесінің бір мандаттыдан (мажоритарлық) пропорционалды өкілеттікке өзгеруі.

Осы жоғарыдағы айтылған мәселелер әйелдерге қатысты мемлекеттік саясат дербес бағыт ретінде қажеттілігін көрсетеді, себебі, әр тарихи кезеңде әйелдің қоғамдағы жағдайымен байланысты арнайы мәселелер тобы болып отырады.

Батыс әдебиетінде әйелдердің шешім қабылдауға қатысу деңгейі мен әйелдердің мемлекет басқару ісіне белсенді қатысуын негіздеу үшін, әдетте бес негізгі себептерді келтіреді. Бұл пайымдауларда демократияға мыналар кіретіні айтылған:

- эгалитаризм, жыныстар теңдігі;

- cаяси құрылысты заңдандыруды негіздеу;

- мүдделердегі айырмашылықтар;

- саясат тұжырымдамасын анықтаудағы жаңа көзқарас;

- адам ресурстарын тиімді қолдану.

Осылардың әрқайсысы әдебиетте қалай түсіндірілетінін қарастырайық.

Жыныстардың теңдігі, эгалитаризм. Адам құқығының әмбебаптығын толық жүзеге асырылуы, жыныстар теңдігі, адам құқығының негізі ретінде қарастырылуын талап етеді. Бұл құқық ұлттық та, халықаралық та заңдарда мойындалған. Әйелдер халықтың жартысынан жуығын құрайды, сондықтан олар шешім қабылдау деңгейінде пропорционалды ұсынылуы қажет.

Саяси құрылысты заңдандыруды негіздеу, өкілетті демократия ұстанымдарын сақтау. Демократия жағдайында үнемі талдау жүргізу, кім заң жүзінде адамдарды ұсынып, солардың атынан шешім қабылдайтынына бақылау жасауды білдіреді. Статистика саясатта еркектердің сандық жағынан көп екендігін көрсетеді. Әйелдердің саяси құрылымдағы толық емес өкілеттілігі мәселесін көтереді.

Мүдделердегі айырмашылықтар. Әйелдердің топ ретінде арнайы мүдделері бар. Олар: а) тарихи себептермен әйелдер ұзақ уақыт бойы (саяси) құқықтан айырылып қалғандығы; ә) еңбек саласында көлденең және тігінен әйелдердің сегрегациясының сақталуы; б) әйелдердің жұмыс күшін қайта өндіру және балаларды тәрбиелеу үшін жауапкершілік сезімі отбасындағы гендерлік бөлінуге алып келеді. Бұдан басқа гендерлік зерттеулерде, еркектерге қарағанда әйелдер өздерінің обьективті мүдделерін жақсы анықтай алады және артикуляция жасай алатындығын  көрсетеді.

Саяси тұжырымдамасын анықтаудағы жаңа көзқарас. Бұл дәлел саяси жүйенің, тұжырымдамалардың және саяси шешімдер мәдениетінің өз шеңберіндегі өзгерістерге байланысты. Әйелдер саяси құрылыста ”қиын көпшілікке” айналғанда, онда саясатты түсінуі өзгереді, дәстүрлі түсіндіруден шеттелу байқалады, шешім қабылдау мәдениеті өзгереді. Тағы бір айта кететін жағдай, әйелдер көшбасшылығының стилі, еркектер көшбасшылығы стилінен айырмашылығы бар: әйелдер сайлаушылардың қажеттеріне өте сезімтал, агрессивті емес және шешім қабылдауда едәуір демократиялы, ұжымдық жұмысқа бейім. Еркектердің жетекшілік стилі, көбінесе иерархиялығымен, авториторизмімен, орталықтанғанымен және технократиялығымен ерекшеленеді.

Адам ресурстарын тиімді қолдану. Еркектер мен әйелдердің түрлі тәжірибесі, білімі, ішкі түйсігі бар. Соларды және басқаларының көрінісін есепке алу мемлекеттік саясатты балансты түрде және ағартушылық тұрғыда жасап, жүргізуге адам ресурстарын тиімді қолдану қажет.

Әйелдер мен еркектерді саяси өкілеттікте тең құқықты жасаудың тиімді стратегиясы, жағымды дискриминация стратегиясы, риторикалық стратегиясы және позитивтік әрекет стратегиясы болып табылады. Жағымды дискриминация стратегиясы гендерлік квотаны қолданудан тұрады. Риторикалық (немесе декларативті) стратегия саяси жетекшілікке партия тарапынан әйелдердің қатысуын қолдайтын алғашқы саты болып есептеледі. Келесі саты - әйелдердің өзі өз кандидатурасын ұсынып, әйел кандидаттарға қаржылық көмек ұйымдастыру, оларға конференциялар мен семинарлар жүргізу жұмыстары жататын жағымды әрекет стратегиясы.

Әйелдерді мемлекетті басқаруға қатыстырудағы халықаралық тәжірибе.

Жалпы, адам құқығы декларациясында жарияланған өз елін басқаруға әйелдерді қатыстыру үшін құқықты бекіткен бірнеше негізгі халықаралық құқықтық құжаттар бар: Әйелдердің саяси құқығы туралы Конвенцияда  (1952), әйелдерге қатысты дискриминацияны жою туралы Декларацияда (1967), әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы Конвенцияда (1979) және Пекин әрекеті Платформасында (1995).

ХХ-шы ғасырдың 70-ж. басында әйелдер қозғалысының белсенді болуы Швециядағы саяси партиялар мен парламентіндегі әйелдердің өкілеттілігінің едәуір өсуіне әкеледі. 80-ж. басында Швецияда көтерілген тең құқылық мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды компонентерінің бірін құрайды. Әкімшілік қатынаста тең құқылық пен тең құқықтық бойынша мемлекеттік комиссия мәселелері жөніндегі заңдылықты бақылау министрлерге тапсырылған. Әйелдер құқығын қорғаудағы маңызды рөлді, нарық еңбегіндегі мәселелер бойынша омбудсмен маңызды рөл атқарады.

Қоғамдағы басқарудағы әйелдер рөлінің өсуіндегі кезекті әрі күрделірек кезеңді шведтер атқарушы өкіметтің жетекшілік деңгейінде, жыныстардың тең өкілеттігіне қол жеткізу деп есептейді. Бұл мақсатта арнайы өкімет бағдарламасы қызмет етеді:

- Парламент алдында мемлекеттік басқару ұйымдарындағы әйелдердің жағдайы туралы статистикалық жүйелі есеп беру.

- Әйелдердің пропорционалды өкілеттілігі.

- Осы мақсаттарға қол жеткізудің арнайы шаралары: тең құқықтық бойынша министр тарапынан өкімет жұмыстарына бақылау жасау, атқарушы және т.б. билік құрылыстарындағы әйелдердің өкілеттілігін мүдделендіру бойынша мемлекеттік емес ұйымдардың мақсаттық бағдарламаларды мемлекеттік қаржылық қолдауы.

Финлияндияда әйел мен еркектің теңдігі мәселелері 1986 ж. заңдармен реттеледі, оның жүзеге асуы осы салада, халықаралық міндеттерді орындаумен жинақталған мемлекеттік саясаттың артықшылығына жатады. Заңға сәйкес лауазымды тұлғалар белгілі мақсатпен және жоспарлы түрде әйел мен еркектің тең құқығының дамуына жағдай жасауға міндетті. Мемлекеттік комитеттерге, кеңестік және басқа сәйкес ұйымдарға, сонымен бірге жергілікті ұйымдарға әйелдер де, еркектер де ұсынылуы керек және оның әрқайсысы 40%-дан кем болмауы заңды тұрғыдан қарастырылған.

Көрсетілген салада мемлекеттік реттеудің негізгі тәжірибелік құралы 1989 ж. бекітілген және үнемі жаңартылатын тең құқықты дамудың өкіметтік бағдарламасы болып табылады. Осы бағдарламаның орындалу барысы туралы жыл сайын есеп беріп отырады.

Австрияда мемлекет істерін басқаруға әйелдердің қатысуы мемлекеттік құрылыстың демократиялық моделінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Заңдылық мемлекет қызметкерлеріне қатысты мамандандыру шешімдерді қабылдайтын комисия құруда еркек пен әйел жынысты қызметкерлер арасындағы өзара сандық қатынасты ескеру қажеттілігін баса көрсетеді.

Нидерландыда өкімет шешім қабылдау үрдісінде әйелдердің қатысуын көтеруге бағытталған кадр саясаты жүргізіледі. Бұл саясаттың негізгі мақсаты: өкіметтің сайлау ұйымдарында 30%-дан кем емес деңгейде, әйелдер өкілеттігіне қол жеткізу; жетекші басқару орындарында, сонымен бірге, министрлік құрылыстың жоғары және орта топтарында әйелдердің санын өсіруге ықпал жасау; бургомистр-әйелдердің санын 100 адамға (630-дан) дейін жеткізу.

Ирландияда 1986 ж. өкімет “Мемлекеттік қызмет бойынша ақ кітапқа” қосымша “Мемлекеттік қызмет үшін тең мүмкіндіктер мен нұсқаулар саясаты” құжатын дайындады. Бұл құжат қазіргі кезде мемлекеттік қызметке орналасатындарға барлық тұлғаларды таныстыру үшін міндетті болып есептеледі. Онда еркектер мен әйелдерді мемлекеттік аппараттағы жұмысқа қабылдағанда ғана емес, сонымен бірге лауазымын көтеру мәселесі бойынша да, мемлекеттік ұйымдар мен аға және жоғары лауазым иелерін таңдау комиссиясының кадр қызметіне байланысты нұсқау бар.

Канадада федералды өкімет жұмысқа қабылдағанда әйелдерді тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету бойынша арнайы саясат жүргізіледі. Оны қолдану саласы армияны, полицияны, қауіпсіздік қызметі мен барлауды қоса, бүкіл федералды мемлекеттік қызметіне таратылған. Нәтижесінде заңның әрекет саласында 900 мың адам, немесе жалпы жұмыс істейтіндердің 8% болған. Осы мемлекеттің 1995 ж. заңында “позитивті дискриминация” саясатының мәні былай анықталған: “жұмысқа қабылданғанда немесе қызметін көтергенде, оның қабілеті сияқты себептермен байланыссыз және жұмыспен қамтамасыз етілген орындарда, тек әйелдер болған салада бұл мақсатқа жету жолында пайдасы жоқ ережелердің шартын өзгертумен, жұмыспен қамтамасыз ету салаларында теңдікке мүмкіндігінше қол жеткізу”.

АҚШ-та жұмыспен қамтамасыз ету саласындағы теңдік мүмкіндіктерінің мәселесі 1972 ж. заңымен реттеледі. Жаппай, әйелдер қозғалысының күші мен әсері АҚШ-ғы гендерлік жүйені өзгертуді қамтамасыз еткен алғашқы маңызды фактор болады. Екінші фактор, теңдік саясатын қамтамасыз еткен әрекетті мемлекеттік механизмді жасау болады. Үшінші механизмнің бөлімі дискриминациямен байланысты арыздарды қарайтын соттардың барлық деңгейінің қызметі болды.

Қазақстанда 1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанынан отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселелері бойынша кеңес ашылған. 1998 жылы ол ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер мәселесін қарайтын Ұлттық комиссия болып қайта құрылды, соған сәйкес кеңестің қызмет аясы кеңейіп, өкілеттілігі артты. Қазіргі таңда, бұл ұйым Президент жанындағы отбасы және гендерлік саясат жөніндегі Ұлттық комиссия деп аталады. Ұлттық комиссия Пекин платформасының талаптарын ескере отырып, алғаш рет ҚР әйелдер жағдайын жақсартуға арналған ұлттық бағдарлама дайындады. Ол Үкімет қаулысымен бекітіліп, барлық мемлекеттік органдарға таратылды. Ұлттық бағдарламаның басты негіздерінің бірі (жоспар) әйелдердің саяси өмірге белсенді араласуын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік Стратегиясы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ІҮ әйелдер форумында жоспарлаған тапсырмасына байланысты, 2005 жылдың 29 қарашасында бекітілді. Қазақстан Республикасы 2006-2016  жылдарға арналған Гендерлік теңдік Стратегиясы - мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат болып саналады. Стратегия үлкен, әрі маңызды 9 бөлімнен тұрады. Қабылданған Стратегияның басты мақсаты елімізде әйелдер мен еркектердің өмірдің барлық саласында тең дәрежелі болуына бағытталған. Үкімет басқару органдарындағы әйелдер санын 30 пайызға көбейту, соған сәйкес саясаткер-әйелдерді дайындау, қабылданатын құқықтық заңнамаларға гендерлік сараптамалар жасау, балалар мен жастарға, жалпы Қазақстан халқына гендерлік мәселелер туралы ағартушылық жұмыстар жүргізуіне мән берілген. Стратегия кедейшілікпен күрес, теңдікке қол жеткізу, білімнің жалпыға ортақ және сапалы болуын қамтамасыз ету сияқты іс-шараларды қарастырады. Осындай іс-шараларды атқаруға қажетті мәселелер әр бөлімде толығымен көрсетілген. Соның ішінде 4-бөлім: Гендерлік білім беру. Құқықтық және гендерлік оқу-ағарту стратегиясына қысқаша тоқтала кетейік. Бұл бөлімді дайындау барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері өз үлесін қосты. Бөлімнің мақсаты Білім беру жүйесіне гендерлік білімді енгізу, ерлер мен әйелдерге қоғамда гендерлік теңдікке қол жеткізуіне байланысты, ағарту жұмыстарын жүргізу болып табылады. 1999 жылғы жүргізілген санақтың нәтижесіне сүйене отырып, халықтың сауаттылық жағынан 99,5%-ды құрайтыны белгілі болды. Оның ішінде әйелдер мен еркектердің жалпы орта және жоғары білімдері пайыздық сәйкестіктермен есептелінді. Жалпы қарастыратын болсақ, әйелдердің білім беру жүйесінде еркектерге қарағанда басым екендігі, жалпы орта білім беретін мекемелерде білім алатын жастардың арасында қыз балалардың ұлдарға қарағанда көп мөлшерді құрайтындығы анықталды. Стратегия мектептердегі оқулықтарға гендерлік сараптама жасауға, мұғалімдер мен оқушыларға, студенттерге гендер жайлы мағлұматтар алуға, қажетті кітаптар дайындауға аса көңіл бөледі.


Дереккөз: Беркімбаева Ш.К., Қожахметова К.Ж. Гендерлік білім теориясы мен тәжірибесі. – Алматы, 2007 ж.

Психология ғылымдарының гендерлік аспектілері Психология ғылымдарының гендерлік аспектілері
Зерттеуші Елена Иванованың17 еңбегінде психологиядағы гендерлік зерттеулердің негізгі даму кезеңдерінің мынадай сипаттамасы беріледі: кезең:
Гендерлік мәселелер қоғамдағы экономикалық қатынастарды реттеу факторы ретінде Гендерлік мәселелер қоғамдағы экономикалық
Гендерлік экономика – гендерлік зерттеулердегі жаңа бағыттың бірі. Гендерлік экономика - гендерлік және экономикалық айырмашылықтардың көлемі мен
Гендерлік теңдікті қалыптастырудың әлеуметтік- философиялық аспектілері Гендерлік теңдікті қалыптастырудың әлеуметтік-
Әлеуметтік жыныс қалай құрылды? Социологияда әлеуметтану мен стратификация деген бір-бірімен тығыз байланысты терминдер бар. Әлеметтану туғаннан
Египеттегі гендерлік қатынас Египеттегі гендерлік қатынас
Араб елдерінің арасынан ең алғаш феминистік мәселелерді көтерген Египет Республикасы болғанымен, бұл елдердегі гендерлік жағдай 1952 жылғы
Қазіргі кездегі гендерлік психология мәселелері және олардың перспективалары Қазіргі кездегі гендерлік психология мәселелері
Гендерлік психология – заманауи, қарқынды дамып келе жатқан ғылым саласы. Гендерлік зерттеулер психология ғылымындағы басқа салаларға қарағанда,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру