Жастар порталы
Өзіңізді емдеңіз
571 0 admin

Өзіңізді емдеңіз

Жан саулығы

Ақыл – ең жақсы емші.

Гиппократ

Ойлау қабілеті адамның сау немесе сырқат болуында рөл ойнай ма? Дәрігер Карл Симонтонның айтуы бойынша: «Адам санасында болып жатқан процестер оның сауығып кету кілті болып саналады». Доктор Симонтон – Калифорниядағы Пасифик Пэлйсейдста орналасқан ракты емдеу бойынша орталықтың директоры және әлем мойындаған дәрігер. Ол көзге елестетуді қолдану арқылы ауруды емдеу барысында жеткен жетістіктерін ықыласпен айтады.

«Біздің ойымызша, адамдар тек қазір ғана сана мен тәннің байланысын түсіне бастады. Біз рактың пайда болғанындай, негативті құбылысты беруге арналған жолдар арқылы адамды сауықтыруға арналған позитивті ойларды беруге болатынын айқындадық. Барлық ауруларға көзқарастың өзгергенін және адамдардың өз-өзін қалай емдей алатыны туралы айтуға болады». Доктор Симонтон мен оның әріптестері тек қана әңгіме мен философиялық ойлармен шектелмейді. Оның, негізінде, клиникалық жетістіктері, қарапайым рак дәрісін іздестіруге қарағанда, өте маңызды. Ол елде саяхат жасап, өзге дәрігерлерге өзінің әдісін үйретеді.

Соңғы жиырма жыл ішінде ми күшіне арналған дәрістерімде 100 мыңнан астам адамды үйреттім және таңқаларлық нәтижелер көрдім: менің тыңдармандарым мультимиллионер де болды, үлкен спорт жарыстарында жеңіске де жетті. Бұл ерекше жетістік, бірақ мені мынау таңқалдырды: жүздеген адамдар менің әдісім арқылы сырқаттарынан сауықты.

Сіздерді Мартин Брофманмен таныстыруға рұқсат етіңіздер. Ол сіздерге өзінің әңгімесін баяндап береді: «Мен 34 жасымда ауруханаға түстім. Дәрегер менде жұлын ісігі бар екенін айтты. Ісік қатерлі болып, мен үмітсіз қалдым. Маған мен екі айдан бір жылға дейін өмір сүретінімді айтты. Бірнеше апта бойы қамығып, мен өзіме-өзім көмек беруді жөн көрдім. Мен күніне екі рет 15 минуттан медитациямен айналысуды бастадым. Өзімің тәнім мен ісікті елестеттім. Медитацияның әр сеансы кезінде ісіктің кішірейіп бара жатқанын елестеттім. Бұл тек қана менің санамда болды. Мен өзім қалағанның бәрін елестете алдым. Рак жасушалары менің иммунитетімнің әсері арқылы жойылатынын елестеттім және мен ванна қабылдағанда рак жасушалары менің денемнен кетеді деп өзіме айттым. Ішкі дауысым менің тәуір болып бара жатқанымды айтты, ал мен өзіме өзімнің сауығып кеткенімді айттым. Медитация жасау барысында өзім сенгенге дейін былайша қайталап отырдым: «Күн сайын менің жағдайым жақсарып жатыр».

Менің сауығу сезімімді медитациядан басқа өзге де әдістерді қолдануды жөн көрдім. Денемде белгісіз сезімдер немесе ауырсыну туындағанда, менің күнім жақындап келе жатыр, ісік үлкейіп бара жатыр деп қорыққаным жоқ. Мен былай дедім: «Бұл ісікке әсер ететін «энергия» бар, оны кішірейтіп, менің жағдайым жақсара түседі». Мен бұған дейін өзім қорқатын сезімдерден үміттендім.

Мен тұрақты түрде, күн сайын жағдайымды жақсартуға болатын әдістерді есіме түсіріп отырдым. Жеген асым менің денсаулығымды жақсартатын энергияға толы деп өзімді сендірдім. Мені жақсы көретін адамдарды есіме түсірдім және бұл махаббат та менің сауығып кетуімді тездететін күш деп ойладым.

Бұл әдіс қандай нәтиже беретіні туралы мен білмедім. Өз жағдайыма байланысты қорытынды жасауды жөн көрдім. Күн сайын менің қозғалысым мен белсенділігім артып жатыр деп өзімді сендірдім.

Санамды қайта бағдарлағаныма екі ай өтіп, мен дәрігер тексерісінен өтуім керек болды. Дәрігер таңқалды: ол ісіктің ізін де таба алмады. Ол сенбеді. Оның түрінен мен ойлағандай таңырқағанын көрдім.

Осы жаңалықты әйеліме айту үшін үйге бет алдым. Мен жол бойы күліп бардым».

Бұндай мысалдар толып жатыр. Осындай әдістерді қолдану арқылы адамдардың сауығып кеткені туралы бірнеше мысалдар айта аламын.

Бірде осы оқиғаны студенттер тобына айтып берген болатынмын. Сол кезде бір әйел орнынан тұрып өз әңгімесін айтып берді:

«Кішкентай жасымнан бастам мен өзіме былай дедім: «Мен ешқашан өзіме салқын тигізбеймін». Мен әрдайым осылай айтып жүрдім және өмірімде ешқашан ауырған жоқпын».

Ол сөзін аяқтаған соң, жақсы киінген елу жас шамасындағы ер адам орнынан тұрды. «Бұл өте қызық, - деді ол. – білесіздер ме, мен әрдайым өзіме айтатынмын: «Жылына бір немесе екі рет суық тигізу мен үшін жетеді». Не болғанын білесіздер ме? Мен жылына бір немесе екі рет суық тигізетінмін». Біз бәріміз ду күлдік, бірақ жақсы сабақ алдық.

1981 жыды Америка президенті Рональд Рейган жалдамалы жан алғыш қолынан өкпесіне оқ тиді. Бұл оның жетпіс жасында алған ауыр жарақаты болды, бірақ мен оның жағдайы жақсы болатынына сенімді болдым. Себебі Рональд Рейган ауруханада жатқанда бір тілші одан сұхбат алыпты, сонда Рейган былай деген екен: «Мен үшін уайымдамаңдар. Мен тез сауығып кететін адаммын». Сауығып кетуге деген қандай сенімділік! Қандай күш! Сіздердің естеріңізде ме, қалай ол тез жұмысқа қайта оралғаны? Бір күн де өткен жоқ!

Ал, енді сұрақ қоюға рұқсат етіңіздер: сіз неге сенесіз? «Егер айнала толған тұмау болса, мен оны жұқтырып аламын» деп айтатын адамдар қатарына жатасыз ба? Тұмауды немесе өзге бір ауруды жұқтырып алуды күтумен өмір сүресіз бе, әлде ешқашан ауырмайтыныңызға сенесіз бе? Біздің болжамдарымыз бен үмітіміздің жүзеге асу қабілеттері бар.

Неге сенесіз, сол сізбен болып жатқан жағдайларға әсер етеді дегенді Джером Франктың баяндаған залалсыз дәрі-дәрмектің тиімді әсері туралы тәжірбиелер сериясы дәлелдейді. Франктың тәжірибесінде тестіден өтетін емделушілерге үш субстанцияның бірін берді: ауруды сездірмейтін өте әлсіз дәрі, залалсыз, бірақ тиімділігі жоқ плацебо және үлкен мөлшердегі морфий.

Тиімсіз плацебоны алған емделушілерге бұл морфий деп сендіргенде, олардың үштен екісі аурудың жоқ болғанын айтты.

Морфий берген емделушілерді әлсіз ауруды сездірмейтін дәрі беріп жатырмыз деп сендірді. Олар ауыратындарын айтты.

Ал, залалсыз дәрі-дәрмек берген емделушілерге: бұрын қабылдаған адамдардың бұл дәріден бастары ауырған деп айтқанда, олар да бастарының ауыратындарын айтқан.

Емделушілердің неге сенгендері шынайы өмірде болып жатқанға қарағанда маңыздырақ болды. Медициналық ортада плацебо әсерін ресми түрде мойындады. Бұл тәжірибеден қызықты нәтиже алса да жалғастыра берді. Бұл әдіс дәрігерлердің қатысуынсыз да болды. Емделушілерді алдағанда, нәтиже таңқаларлық болды. Дәрігерлер морфий деп плацебоны бергенде оның емделушіге әсері артты. Кейін тәжірибе өзгертілді. Дәрігерлер морфий орнына плацебо беріп жатырмыз деп ойлағанда, әсер ету әсері төмендеген. Емделушілердің сенімі сияқты дәрігерлер неге сенсе, нәтиже де сондай болды. Бұл мүмкін бе? Дәрігерлердің ойлары емделушіге қалай әсер ете алады? Немесе осы кезде емделушінің ойлайтын ойы маңызды ма? Мүмкін түйсік деңгейінде дәрігер емделушіге дәрі-дәрмек әсері туралы ақпарат беретін шығар? Егер де солай болса, досыңыздың немесе жақын адамыңыздың сырқаттануы кезінде нені еске алуыңыз керек екенін жадыңыздан шығармаңыз. Өзіміздің қарым-қатынасымыз бізді де, қоршаған ортаны да емдей алады.

Ағза – бұл өзін-өзі емдейтін тетік

Біздің тәніміз – өзін-өзі қайта қалыптастыратын тетік. Ол бойында болып жатқан процестердің бәрін қадағалайды. Бір жеріңізді кесіп алсаңыз, қанның ақ түйіршіктері инфекциямен күресу үшін осы жерге жиналады, ал тромбоциттер қанды бұрып, кесілген жерді біріктіруге тырысады. Бұл сіздің қатысуыңызсыз, автоматты түрде болады. Сіздің ағзаңыз өзін қалай жөндеуді біледі.

Сіз тамақтанған кезде сіздің ағзаңыз тамақтан құнарлы заттарды алып, денеңіздің бөлшектеріне энергия түрінде таратады. Барлық керексіз заттар ысырылып тасталынады. Бәрі автоматты түрде өтеді. Сізге осы процесті ойлап, оны басқару керек емес. Қолыңызды сындырып алсаңыз сіз дәрігерге барасыз, солай ма? Мүлде де олай емес. Бірде бір дәрігер бір рет те сынған қолды емдеген емес. Дәрігер сүйектерді біріктіріп, олардың бірігіп кетуі үшін таңғыш тартады, болғаны сол. Тек қана сіздің ағзаңыз сынықты емдей алады.

Ағза табиғи жолмен өзін-өзі емдейтінін жиі есіңізге салып отырыңыз. Миыңызға денсаулығыңыз мықты деп құйыңыз, бұлай етіп сіз оны іс-әрекетке итермелейсіз. «Менің ағзам – өзін-өзі емдейтін тетік».

Денсаулыққа арналған екі минуттық тоник

Күн сайын бірнеше минут бойы деніңіз сау, күш-қуатқа толы деген ойларға шомыңыз. Осы ойларды қан жүйесіне, ұлпаларға, жасушаларға жіберіңіз. Энергияның сіздің ағзаға қалай таралып бара жатқанын елестетіңіз. Сиқырлы емдейтін тетік ретінде өзіңіздің тәніңізді зерттеңіз. Бұл жаттығу – екі минутты ғана қамтитын сауықтырушы, күш беретін тоник.

Сіздің қарым-қатынасыңыз өте маңызды

Адам өзінің сырқат екенін анықтағанда, оның ең алғашқы көңіл-күйі – бұл байбалам. Ақылды қорқыныш басып алады. Ауру қаншалықты қатерлі болса, қорқыныш соншалықты жоғары. Біз өз-өзіміздің ауруымызды процесс ретінде көрмей, бейтаныс объект немесе «зат» ретінде көреміз. Ал, бұл проблема. Бұрынғы хирург, психиатр Уоллес Эллеброук былай деген екен: «Ауруға ат берер кезде дәрігерлер зат есімді қолданады (қояншық, қызылша, рак, ісік). Сондықтан да ауруды зат ретінде көреді. Егер де бір зат есімді – «қызылша» - алып, одан етістік жасасақ, онда мынадай болады: «Миссис Джоунс сіздің балаңыздың денесіне қызылшалық бөртпе таралып жатыр» немесе «ісік» орнына «Миссис Бейкер сізде шамалы түрде қажетсіз жасушалар пайда болып жатыр». Бұл дәрігер мен емделуші санасында ауруға деген жаңа тұжырымды ашады: ауру – бұл процесс, ол басталып, кейін аяқталады». Әрине, дәрігер Эллеброуктың ауруға деген қарым-қатынасы өте дұрыс.

Стэнфорд университетінің медицина мектебінің дәрігері Кеннет Пеллитердың айтуы бойынша, ағза «шынайы» қатер мен оны алдын ала сезудің айырмашылын білмейді. Біздің толқуларымыз бен негативті күтулеріміз материалды ауруға айналады: ағза біздің, егерде ол ойша жасалса да қауіпке тап болғанымызды сезеді. Басқаша сөзбен айтқанда, аурудан қорқатын адамдар, расында да, ауруға шалдығып қалу мүмкіндіктері көп, себебі ағза қорқыныш сезімі әсеріне толы.

Бұл құбылыс ұрықтану саласында көптеп кездесетін. Мысалы, Бостонда жасалған тәжірибе бойынша, түсік тастағаннан кейін көтерген әйелдердің 60 пайызы тағы да «бесіктегі өлім» синдромынан түсік тастаған. Жасалған баяндама бойынша, баласынан айырылған әйелдерге «ағза қайғының салдарынан айыққанға дейін күту керек» деген кеңес берілді. Бала-шағасы жоқ отбасылар туралы естігендеріңіз бар ма? Олар қаншама жыл бойы бала көтере алмай, ақыры асырап алды. Бір ай өтпестен әйел бала көтерді. Себебі әйелді баланың жоқтығы ауыр сезімдерге жетелеп жүрген еді, шынайы қатер жоқ еді.

Күлкі мен қуаныш емдей алады

Көңіл-күйі жабырқау, депрессиядағы адамдар бақытты және алаңсыз адамдарға қарағанда ауруды өте жиі жұқтырып алатыны ешкім үшін құпия емес. Зерттеулер көрсеткендей, қиын психологиялық жағдай: сараңдық, қобалжу, алаңдау және қорқыныш сезімдері иммунитет жүйесінің жұмыс жасауына кедергі келтіреді. Мұнымен күресу үшін алдыңғы қатарлы емханалар «күлкі бөлмесін» жасаған. Мұнда қызықты кітаптарды, жазбаларды, видео, мультфильмдерді, кинокартиналарды көре аласыз. Бұлар емделушіге қуаныш әкеледі.

Күлкі және денсаулық саласында соңғы медициналық зерттеулер бойынша күлген адамның миынан екі типтегі гормон бөлінеді: энцефалин және эндорфин. Олар ауруды, депрессияны, қысымды жояды. «Мамандықтарға арналған әдебиетте және ауызекі шығармашылықта адамдардың күлкі және юмор арқасында жазылғандары немесе жағдайлары жақсарғаны туралы айтылады», дейді Онтарио штатының Гамильтон терапевты Ширли Роутлиф. Бүгінгі таңда дәстүрлі медицинаны ұстанатын адамдар да осы әдісті қолданады.

Әр адам идивидуалды

Өз науқастарын аурумен күресу үшін ми күшін пайдалануды үйреткен, Карл Меннинг қорының докторы Патрисия Норрис тоғыз жасар баланың оқиғасын айтып берді. Ол бала «Жұлдыздар соғысын» пайдаланып, көзге елестету әдісін қолдану арқылы өзін қатерлі ісіктен сауықтырған: «Гаррет Поттер аурудың ең асқынған кезеңінде еді. Оған алты ай өмір сүру уақыты қалды. Гарретте өте қатерлі ісік болатын. Сәулелендіру арқылы емделу еш нәтиже бермеді. Ісіктің орналасуына байланысты, хирургиялық араласу мүмкін емес еді. Бала орынынан құлап түссе, басқа біреудің көмегінсіз өзі тұра алмайтын. Ол өзінің иммунитет жүйесін мықты әрі құдыретті ретінде елестететін. Бұл «Жұлдыздар соғысы» фильмін көзге елестету еді: ол өзінің миын күн жүйесі ретінде, ал ісікті жауыз жаулап алушы ретінде елестетті. Ал өзі космос жауынгерлері жасағының капитаны болып, ісікпен күресіп, оны жеңіп жатқандарын көрді. Гаррет түннің 20 минутын осындай сеансқа арнайтын. Басында, оның жағдайы қиындай бастады, бірақ ақырындап жақсара түсті. Бес айдан соң ми томографиясы жасалынды. Ісік жойылып кетті. Бұл оқиғадан кейін емге радиацияны қолдану нәтижесіз екені анықталды. Емдеу үшін көзге елестету әдісін қолдану керек болды».

Әр адам индивидуалды. Гаррет Поттерге көмектескен техника басқаға көмектеспеуі де мүмкін. Кей кездері бұдан да жеңіл әдіс қолданған жөн.

Лос-Анджелестегі ауруды жеңілдететін бөлімнің дәрігері Дэвид Бреслер емделушілерге қолданған әдісін сипаттайды: «Жігіт қатты ауырды. Біз қолымыздан келген әдістің бәрін қолдандық. Нәтижесінде, мен психотерапияны қолдануды жөн көрдім». Доктор Бреслер науқасқа креслоға жақсылап отыруын өтініп, ауруды нақтырақ суреттеуді сұрайды. Жігіт оның жұлынына шап берген үлкен итті көргенін айтады. Оған итпен татуласып, онымен әңгімелесу керек болды. Бұлай жасаған соң, жігіт аурудың азайғанын айтады. Кейін ауру мүлдем жоғалып кетеді. Көптеген адамдар сияқты, өзінің сырқатымен күресуді қойған соң ғана ол жігіттің ауруы жазылып кетеді.

Атлет Кевин О’Нил ми күшін пайдалану арқылы өзінің карьерасын құтқарып қалды. Велосипедтен құлап, ол үлкен жарақат алады: оның бір қолы майда-майда болып сынып, оның өзіне деген сенімін жоғатты. Бұл оқиға триатлон бойынша негізгі жарысқа бір апта қалғанда болды. Спортшы өз денесіне кіріп, өз қолдарымен қолының сүйектерін біріктіріп жатқанын елестетеді.

Көзге елестету нәтижесінде сүйектер дәрігерлер болжаған уақытқа қарағанда екі есе тез бірігіп, ол жарысқа қатыса алды.

Бұндай оқиғаларды шексіздікке дейін айта беруге болады.

Әңгімені Ванкувер докторы Пол Ренидің сөзімен қорытындылайық: «Ақыл – бұл пайдаланылмаған ресурс. Оны толыққанды зерттеу керек. Ол нақты зерттеудің пәні болуға тиіс». Ал, Нобель сыйлығының лауреаты, жетекші маман Джошуа Ледерберг бұл зерттеу саласын «қазіргі таңдағы медицинада маңызды қадам» деп атады.

Біздің денсаулығымыз өз қолымызда, сондықтан да біз оны сақтау мен емдеуде маңызды рөл атқаруымыз керек. Науқастанып қалсаңыз, ауруға жол ашудың қажеті жоқ. Сіз өзіңізді емдеу жауапкершілігін бөліп алуыңыз керек. Альберт Швейцар айтқандай: «нағыз дәрігер – біздің ішімізде».


Дереккөз: Джон Кехо. Түйсігіңмен ойлай біл. Аударған: Мырзагелді Кемел. 

Өз-өзіңізді бағалау Өз-өзіңізді бағалау
Жақсы, дұрыс өз-өзіңді бағалай білу өте маңызды деген көзқараспен барлығы келісетін шығар. Бірақ, өзінің маңыздылығын түсіну кез келгеннің қолынан
Түйсік Түйсік
Адам миы екі бет-бейнеден тұрады. Менің бұған дейін айтқандарымның бәрі санаға байланысты. Енді, сіздерді мидың екінші жағымен – сиқырлы да тылсым
Сендіру Сендіру
Маған таныс тәсілдердің ішінде, миға саналы түрде әсер ететін ойлау тәсілдерінің ішінде сендіру тәсілі ең қарапайымы болып саналады. Ол ғасырлар бойы
Демократиялық мемлекеттің мәні және негізгі белгілері Демократиялық мемлекеттің мәні және негізгі
Демократия мәселесі - саясаттанудағы негізгі тақырыптардың бірі. Оның себебі, біз жоғарыда айтқанымыздай, саяси ғылымның, яғни саясаттанудың кілті
Өзіңе зиян тигізбей өзгеге көмектесудің екі ережесі Өзіңе зиян тигізбей өзгеге көмектесудің екі
Елге көмектесу – қайырымды іс. Бірақ көмектесудің де өзіндік ережесі бар. Баяғыда йогадан сабақ беретін Евгения Петерсонның басынан мынадай оқиға
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×