Жастар порталы
Жас отбасындағы ажырасудың психологиялық негіздері
1 121 0 aiko

Жас отбасындағы ажырасудың психологиялық негіздері

Психология

Көптеген мамандардың пікірінше, қазіргі заманғы қазақстандық отбасы шынайы дағдарысты кешіруде және қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, адамдардың материалды жайлылығы мен өмір сүру деңгейі неғұрлым жоғары болса, дағдарыс соғұрлым айқын көрініс береді. Қазіргі таңда мемлекеттің, ғалымдардың тарапынан қолдауға мұқтаж жас отбасы ерекше қиындықтарды кешіруде. Танымал американдық психолог НельсонДжоунс, «.. Жолға қойылған отбасылық қатынастар бұл – тіршілік ету, өмірлік маңызы бар бірінші дәрежелі мәселелердің санатынан. Жайсыз отбасы өзін-өзі төмен бағалайтын жайсыз адамдарды тәрбиелеп, оларды қылмысқа итермелейді, ақыры жан сырқатына, ішкілікке, нашақорлыққа, жоқшылыққа және өзге де әлеуметтік қиындықтарға ұласуы мүмкін», – деп есептейді. Егер біз отбасы адамның нағыз ізгілендіруші тәрбиеге қол жеткізе алатын орынға айналуына бар күшімізді салатын болсақ, біз айналамызда едәуір қауіпсіз және адами ортаны қамтамасыз ете аламыз. Отбасы шынайы адал адамдарды қалыптастыру ортасына айналуы ықтимал.

Көптеген зерттеулердің көрсеткіші бойынша некеге отыру және жас жұбайлық қарымқатынасты қалыптастырудағы ең алғашқы мотив сүйіспеншілік «махаббат» болып табылады. Өкінішке орай, «махаббат» сезіміне нақтылы анықтама бере алмаймыз, сол себепті оның субьективті интерпретациясына және нақтылы ғылыми теорияның жоқтығының салдарынан әр адам өз индивидуалдылығына сай «махаббат» өзіндік мән енгізеді. Эмоционалды қарымқатынасты психологиялық талдауға арналған, соның ішінде махаббат феноменіне қатысты анағұрлым қызығырақ жұмыс болып Л.Я. Гозман жұмысы табылады. Ол жұмыста автор көптеген бағыттар мен теорияларға талдау жасай отырып, эмоционалдық қарым-қатынасты, соның ішінде махаббат жөніндегі теорияларды шартты түрде екі негізгі модельге бөлуді ұсынды.

Бірінші модельге сай махаббат адамды анағұрлым тәуелді және мазасыз, тұлғалық өсуінен айырады. Ал, екіншісінде махаббат психологиялық комфортқа әрекеттендіреді, ішкі шиеленістерді және мазасыздықты шешеді, тұлғалық өсуді қамтамасыз етеді. Л.Я. Гозманның көзқарасы бойынша адам басқаның өзіне деген жағымды қарым-қатынасына сенімді болса немесе адамға өзіндік жоғары бағалау тән болса, онда жанұяға оптималды модель тән екендігіне барлық негізі бар. Сондай-ақ бірінші моделіне Л. Каслер теориясын жатқызуға болады. Ол бойынша бір адамның басқа адамды жақсы көруіне 3 себеп бар. Ол біріншіден, өз бағыт-бағдарын және әлем жөніндегі білімділігін көрсетуге қажеттілік. Екіншіден, тек махаббатпен ғана әрдайым өзінің сексуалдық қажеттіліктерін ұятты сезінбей қанағаттандыруға болады. Үшіншіден, Л. Каслер бойынша махаббат қоғамдық талаптарға конформды реакция болып табылады.

«Оптимистік» моделге мысал А. Маслоу теориясы мысал бола алады. Психологиялық дені сау адамға махаббат Маслоу бойынша ең алдымен мазасыздықты шешу, толық қауіпсіздік және психологиялық комфортты сезінумен сипатталады. А. Маслоу көзқарасы бойынша ерлі-зайыптылар жыл өткен сайын әдеттегідей азаймайды, керісінше арта түседі. Жалпы оның ойы бойынша серіктердің танысу мерзімінің ұлғайюы, өсуі қанағаттану деңгейі мен байланысты болады.

Отбасы – педагогика, психология, философия ғылымдарындағы арнайы категогрия.Тарихқа көз жібертсек «отбасы» ұғымы көп ғасырлы халық мұрасымен байланысты. Біздің тәуелсіздік мәртебесіне ие болған қазақ мемлекетінің барлық жанұяларына жоғары адамгершілік, имандылық қасиеттер,ең алдымен жалпы азаматтық құндылықтарға сенім, әлеуметтік белсенділік,еңбек қорлықпен санаға сіңген тәртіп, жеке тұлғаның еріктілігі, гумандық қарым-қатынас, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа құрметпен қарау, ізгілікті парасаты мінез-құлық тән болуға тиіс. Бұл міндеттер адамгершілік тәрбиесінің негізіне алынады.

Отбасының ұйытқысы – адамгершілікке негізделген неке. Еркек пен әйел арасындағы шынайы сүйіспеншілікке негізделген некелік парызды шынайы сезіммен, ішкі жансарай байлығымен бағалау бала тәрбиесінде зор орын алады. Сондықтан, отбасы некенің табиғи түрлі жалғасы ретінде ұрпақтар қатынастарында қалыптасады. Неке жұбайлар арасында да, атаана мен балалар арасында да, азаматтық құқықтық, адамдық қатынастармен байланысты. Қазіргі кезеңде некелесуге дейінгі проблема жайлы жастар арасында әр түрлі көзқарастардың бар екендігін өмір көрсетіп отыр. Жастардың некелесуге дейінгі қатынастарын білу және олардың болашақ бақытты семьялық өмірі, неке, оның бұзылу себептері жайлы көз қарастарымен танысуымыз керек. 

Л.Я. Гозман өз жұмыстарында эмоционалды қарым-қатынасқа үш құрылым қатысатынын айта кеткен: эмоция, өзінің пәні ретінде басқа адамды игеретін, басқа адамға деген аттитюд және тұлғааралық қабылдаудағы эмоционалдық қабылдау.

Махаббат жас жұбайлардың бейімделуіне тікелей байланысты. Сол себепт бірнеше көрнекі оқымыстылардың «махаббат» феноменінің табиғатына, құрылымына байланысты көзқарасын қарастырып кетуді жөн санадым. (Э. Фромның, З. Рубиннің, А.Г. Харчевтың, Б.И. Додоновтың, М.Сеченовтың).

«Отбасы – әлеуметтік қауымдастықтың түрі, ерлі-зайыпты одаққа және туыстық байланыстарға яғни ері мен әйелінің, ата-аналар мен балалардың, аға-інілер мен апа-қарындастардың және бірге тұрып ортақ шаруашылық жүргізетін туыстардың арасындағы сан-алуан қатынастарға негізделген жеке тұрмысты ұйымдастырудың маңызды формасы. Отбасы өмірі әртүрлі материалдық (биологиялық, шаруашылық) және рухани (адамгершілік, құқықтық, психологиялық, эстетикалық) процестермен сипатталады. Отбасының әлеуметтік рөлі адамның өзін өсіруге, адам тегін ұзартуға тікелей қатысымен анықталады. Отбасы – тарихи категория» деп философиялық тұрғыда анықтама берілген. Және де отбасының типтері мен формалары, функцияларына, қоғамдық қатынастардың сипатына, қоғамның мәдени дамуының отбасына ықпалына, отбасы тарихына қысқаша шолу жасай отырып, зерттеушілердің көзқарастық ойларына тоқталады да «...адамгершілік, эстетикалық және психологиялық қатынастар алдыңғы қатарға шығып, олар жеке адамның жарасымды дамуына сәйкес жетілдіріледі» деген оймен қорытындылайды.

Соңғы педагогикалық зерттеудің жетілген тұсында жарық көрген педагогикалық және психологиялық сөздікте «Отбасы – үйелмендердің жанұялық бірлігі. Отбасы тәрбиесі – ұлттық тәрбиенің негізі болып табылады» деген қысқаша анықтама бар. Неке және отбасы туралы заңында «Отбасы – некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес, жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы» – деп, ал неке туралы «неке – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасы құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіп пен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ» – деп, толығырақ айтылады. Этнопсихологиялық тұрғыдан отбасына «бірін-бірі туысқандық қарым-қатынас байланыстырған, бірге тұратын, ортақ шаруашылығы мен бюджеті бар, адамдар тобы» – деген, некеге «мемлекеттің, шіркеудің, тұтас қоғамның реттеуімен және талабымен ер мен әйелдің қарым-қатынасының арасындағы қарым-қатынастың түрі» деген анықтамалар бар.

Л.Н. Толстой автобиографиялық трилогиясында «іс-әрекеттік махаббат» пен «әдемі махаббатты» бір-біріне қарам-қарсы қояды. Ісәрекеттік махаббат оның айтуы бойынша, барлық қажеттілікті, тілекті,еркелікті қанағаттандыруға тырысады. Осы жағдайда кез-келген эмоция іс-әрекеттің мақсаты болып табылмайды, А.Г. Лидерс айтқандай «оның механизмі мен қозғалысының нәтижесі». «Әдемі махаббат – мүлдем басқа махаббат» деп жазады. Л.Н. Толстой «адамның өзінің әдемілігімен сол әдеміліктің көрініс табуына деген махаббатмахаббат».

Ғашықтық – некедегі адамгершілік тірек, жұбайлық өмір сүрудің сәні, ғашықтық отбасы мен балаларға, сүйген адамына деген ізгілік қасиеттерімен сезімдердің көріністері. Отбасын құратындардың ішінде көпшілік қауымда кездеседі. Бірақ әлі де бір сыпыра жастардың ұғымдары қанағат етерлік емес. Кейбіреулері өздерінің отбасылық өмірге дайын емес екендігін көрсетті, ал екінші біреулері біз үшін бұл абстракты ұғым, келешекте өмір көрсетеді дейді. Яғни ғашықтық сезімінің маңызына терең бойламайды. Жастардың арасында мұндай әртүрлі көзқарастардың болу себептері,олардың некелесу, отбасын құру жөнінде өмірде кездесетін кейбір, басты мәселелерді жете біле бермейтіндіктерін көрсетті. 

Осындай негативті қылықтар нәтижесінде отбасындағылардың өміріне және жан-жақты дамуына зиян келтіреді. Сондықтан теріс қылықтарға жол бермеу отбасымен мектептің, орта және жоғары білімді мамандар даярлайтын оқу орындары жүргізілетін саяси-идеялық, адамгершілік тәрбие жұмыстарының дәрежесіне және нәтижесіне байланысты. Тұжырымдап айтқанда, қарама-қарсы жұмыстар арасындағы байланыс шын махаббаттыққа, бақыты өмірге негізделуі тиіс. Жастар арасында байқалатын жыныстық мінез-құлықтың кейбір зиянды формаларында ерекше алу керек. Отбасының мызғымас берік болуының басты себептері: жұбайлар жоғарыда айтылған факторларды болдырмаудың тәсілдерін іздестіріп берік отбасын құруға тырысулары керек; рухани жақындық, яғни қасындағы адамды сезе білу; қиыншылық жағдайда бір-біріне көмек көрсетуі керек; көз қарастары, ниеттері, мінездері үйлесімді болуы керек; ізгілік, сенімділік, әдептілік, альтуризм – жоғары мәдениеттіліктің белгісі.

Қызғануға келетін болсақ, бұл – отбасылық өмірде көптеген некеге көлеңке түсіретін ең қиын проблема. Эстон халқында «қызғаншақ пен ақымақтық бір ағашта өседі» деген данышпандық сөз бар. Қызғаншаққа ақыл ғана айтуға болады, бірақ оған көмектесу қиын. Ал шынайы махаббат сенімге негізделеді. Отбасының иесі – еркек. Отбасын да туындайтын әрбір мәселе ерінің мақылдауымен, ықтиярымен шешіледі. Осыны ұмыта бастаған әйелге әрдайым ескертпе жасап есіне түсіріп қоюдың артықшылығы жоқ. Ерлер мен әйелдер бір-біріне мейірім, сүйіспеншілік көздерімен қараса, ар алдында ашық махаббат болса,олардың барлық күнәсі бармақтарының арасынан төгіледі. Ермен әйел бір-бірін қатты қадірлесе, олардан туған балада жақсы қылықты болып өседі. Жанұя түсінігі фундаменталды жүйелік ыңғай болып гомеостаз түсінігі табылды. Осы түсінік бойынша жүйенің өз-өзінің тұрақтылығын, қалыптылығын және бұзылған жағдайда қайта құруға деген тырысушылығы түсіндіріледі. Жанұя гомеостазисі жүйе ретінде оның қалыптылығын, жанұялық жағдайларды болжау, қауіпсіздік сезімін қамтамасыз етеді. Жанұя басқа жүйелер сияқты екі тенденцияға ие – бірлікке, ынтымақтастыққа және құлауға. Екі тенденция қатар өмір сүреді және тең дәрежедегі басымдылық ықтималдылығына ие. 

XXI ғасыр шеңберінде біздің алдымызда басқа адаммен үйлесімді, тұрақты одақты қалай орнатуға болатындығы жөніндегі мәселе өте қатты толғандыруда. Осымен байланысты қазіргі заманның некелік-жанұялық институтына қызықты және өзекті мәселе болып жас жұбайлардың бейімделуі болып табылады. Қойылған тапсырманы орындамас бұрын «Жас жұбайлардың бір-біріне бейімделу» феноменін қарастырып кету қажет. 

Осыған байланысты көптеген жазушылар мен философтар өз шығармаларында қызығушылықтарын танытқан. 

Ерлі-зайыптылардың жұбы немесе диада «күйеу-әйел» ең алдымен бір-біріне бейімделуден басталады. Бейімделу ең күрделі процесс болып табылады. Себебі ол тек ерлізайыптылардың рухани өнегелік аспектісін қосып қана қоймай, сондай-ақ әлеуметтік жағынан және сексуалды-эротикалық қызығушылықтарын қосады.

Отбасылық шектеулер белгілі бір ережелермен байланысты болып келеді. Шектеулер ішкі және сыртқы, қатаң және анық емес болып келеді. Егер сыртқы шектеулер қатаң болса, онда отбасы мен орта алмасу қиындайды. Егер жүйе шектеулері тым әлсіз болса, онда арасындағы алмасу қиындайды Егер жүйе шектеулері тым әлсіз болса онда отбасы мүшелерінде қоршаған ортамен байланыс жақсарып, ал олардың өзара қарым-қатынасы нашарлайды. Мәселен, ата-ана мен бала арасындағы ішкі шектеулер тым қатаң болса, онда ата-аналар өздерімен өздері жүрген тәрізді болып көрінеді. Ал керісінше, ішкі шектеулер әлсіз болса, онда үлкендер көбіне ата-аналық рөлін атқарып, ерлі-зайыптылар ретінде қарым-қатынасы әлсірейді. Отбасы өзіне тән жалпы шеңбер (ұлт, мемлекет, мешіт, шіркеу) көлемінде мәдени ортаны жасайды. Осы орта сәби баланың адамның тұлғасын қалыптастырады. Мұнымен бірге отбасы белгілі бір деңгейде жеке тәртіп тәсілдерін құрап, оған ерекше қасиеттер дарытуы мүмкін. Отбасы типтері қоғамның және өркениеттің әр түрлі, белгілі бір тарихи кезеңінде өмір сүріп отырады. 

Отбасының мүшелерінің арасындағы барлық қатынастардың, атап айтқанда, рухани, адамгершілік, билік, бедел (авторитет) т.б. қатынастардың жиындығы – отбасы құрылымы деп аталады. Отбасы құрылымы және оның іштей ұйымдастырылуы көптеген факторларға байланысты. Отбасы құрылымы, ең алдымен, ерлізайыптылардың типіне (яғни, үлгілі түріне) байланысты болады. Тарихта ерлі- зайыптылықтың моногамдық (бірнекелік) және полигамдық (көп некелі) түрлері болған. Ерлі-зайыптыларды сұрыптау тұрғысынан қарағанда – некелік эндогендік (яғни, белгілі бір топтың, әсіресе, кастаның ішінен болуы. Бұл алғашқы қауымдық қоғамға тән. Қазіргі уақытта тек қана өз ұлтында немесе діни қауымда болатын некелік) және экзогамдық (бұл, керісінше, некелікті белгілі бір топ немесе кастаның ішінен сұрыптап алуға тиым салу, мұнда некелік әрбір топтан серіктестік негізінде құрылады) сияқты категорияларда болды. 

Отбасы өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, қоғамдық қызметте атқарады, өткені отбасы қоғамның негізі және маңызды әлеуметтік институты болып табылады. Ең алдымен, ұрпақты жалғастыру қызметін атқарады. Бұнымен қатар отбасының әр мүшесінің жеке қажеттілігін және жалпы отбасылық (топтық) қажеттіліктерді қанағаттандырады. Отбасының өз қажеттіліктерін қанағаттануы отбасылық қызметтерді жүзеге асыруға негізболады. Осы қызметтерге тоқталсақ, олар репродуктивті, экономикалық, тәрбиелеу (немесе әлеуметтендіруші), коммуникативті, демалысты ұйымдастыру, өскелең ұрпаққа құндылықтар мен салт-дәстүрлерді беру және т.б. Аталған қызметтер арасында өзара тығыз байланыс бар. Отбасы атқаратын қызметтерге психологиялық шолу жасасақ, отбасыныің ең негізгі қызметі бұл репродуктивті қызмет болып келеді. Отбасының репродуктивті қызметі адамзат тегінжалғастыру. Тәрбиелеу қызметінің негізі (немесе әлеуметтендіру қызметті) түсінікті. Өйткені бұл мәселе қай кездің болмасын өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. 

Отбасында баланың эстетикалық, адамгершілік, философиялық тәжірибесі, оның жақсылық пен жамандық, ақиқат пен жалған, мейірімділік пен қатыгездік атты түсініктер қалыптасады. Жалпы кезкелген тұлғаныңдамуын оның өмір сүретін қоғамынан,ортасынан бөліп қарастыруға болмайды. Тұлғааралық қатынастар психологиясы өзінің табиғаты бойынша күрделі болып келеді. Бұл тұлғааралық қатынастарда тұлғаның жеке психологиялық сапалары, оның эмоционалды, еріктік қасиеттері, интеллектуалды мүмкіндіктері мен құнды лықтары көрініс береді. Тұлғааралық қаты настардың барысында тұлға қалыптасады, өзін жүзеге асырады. 

Бала тұлға болып қалыптасуы – белгілі бір топта жүзеге асатын процесс. Әр топтағы тұлғааралық қатынастардың өзіне тән қайталанбас тарихы болады. Ол топ әр жас кезеңінен байланысты болуы мүмкін. Біріншіден, топтық қоғамдағы алатын орнына байланысты болса, оның екінші сипаттамасы бірлескен іс-әрекеттен тәуелділігі болып келеді. Әр бір жас тобының өзіндік әлеуметтік даму жағдайы болады. Дамудың әлеуметтік жағдайы дегеніміз Л.С. Выготскийдің айтуы бойынша баланың белгілі бір топтағы жастық ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл сол тұлғаныңжеке даму тарихы болып келеді. Бұл ұғымды көбіне балалар тобын сипаттауда қолданады. Өйткені балалардың дамуы әртүрлі әсерлерге бейімділікпен ерекше білінеді. Бұл зерттеулерден адам табиғи дүние әлеуметтік болғандықтан,ондағы табиғи дүниені әлеуметтік дүниеге қарсы қоюға болмайды деген қорытынды шығады. 

Хилл Р. жастарды зертеуде жаңа мәселелер: санадағы негізгі жаңа құрылымды бөліп көрсету және дамудың әлеуметтік жағдайын анықтау қажеттілігін қойды. Бұл жағдай әрбір шақта баламен ортаның арасындағы қатынастардың қайталанбас жүйесі болып табылады. Ол осы қатынастар жүйесін қайта құру өтпелі шақтағы «дағдарыстың» басты мазмұнын құрайды деп пайымдайды. Отбасының тәрбиелі қызметтерінің 3 негізгі аспектісі бар: 

1) бала тұлғасының дамуы, оның қабілетінің және қызығушылығының, әлеуметтік тәжірбиесінің дамуымен байланысты; баланың бойында дүниетанымның қалыптасуы, еңбекке деген дұрыс қатынастың қалыптасуы, ұжымдық пен көпшілдікке баулу, олардың ақыл-ойының дамуын қамтамасыз ету, эстетикалық және физикалық даму, салауатты өмір салтына тәрбиелеу; 

2) отбасылық ұжымның мүшесіне жүйелі түрде әсер етуі; 

3) балалардың ата-аналарға әсері, нәтижесінде ата-аналар өзін-өзі дамытумен аналасуы мүмкін. Бұл қызметтін жүзеге асуы отбасының тәрбиелік потенциялына байланысты. Ол отбасының педагогикалық мүмкіндіктерін анықтаушы жағдайлар мен құралдардан құралады. 

Отбасында бала дамуы, оның тұлға болып қалыптасуы үшін ең маңызды қыз-мет эмоционалды қызмет болып келеді. Бұл қызмет отбасы мүшелерінің симпатия, сыйластық, мойындау, сыйлау, эмоционалды қамқорлық, психологиялық қорғау арқылы көрініс береді. Бұл қызмет отбасындағы эмоционалды тұрақтылықты қамтамасыз етеді. 

Психологтар Э.Г Эйдемиллер, И.В Добряков, И.М. Никольская балалықтан ересектікке өтудің екі типін бөліп көрсетті: үздіксіз және баланың балалық шағында оқып үйренгені мен ересектің рөлін жүзеге асыру үшін қажетті іс-әрекет тәсілдері мен түсініктер арқасында үзілістер болатын типі. 

Өтудің бірінші типі балалар мен ересектерге арналған бірқатар маңызды нормалар мен талаптардың ұқсастығы жағдайларында болады. Мұндай жағдайларда даму бірқалыпты өтеді, бала ересектік іс-әрекет тәсілдеріне біртіндеп үйренеді де, ересектің статусын, талаптарын орындауға даяр болып шығады. Өтудің екінші типі балалар мен ересектерге қойылатын мәнді талаптарда алшақтық болған кезде пайда болады. Қоғамдағы әлеуметтік психологиялық өзгерістер,белсенді тұлғаны қалыптастыруға деген талаптардың жоғарылауы, іс-әрекет пен мінез-құлықтың нақты субъектісіне қатысты агрессия мәселесін маңызды әлеуметтік қажеттілік ретінде зерртеуді қажет етеді . 

А.Н Волкова баланың бойындағы агрессивтілікті зерттеу нәтижесінде, оның ең басты әрі маңызды себебі ретінде отбасындағы эмоционалды, психологиялық көзқарастарды айтады. 

Отбасындағы тұлғааралық қарым-қатынастардың. үйлесімділігі және әрбір отбасы мүшелері үшін потенциалдық мүмкіндіктердің оңтайлы жұмсалуы – отбасы қарым-қатынасы қажеттіліктерін қанағат тандырушы негізгі күш. Және де отбасындағы қарым-қатынастардың бірнеше түрлерін бөліп шығарады: 

1. Эмоционалды жағымсыз атмосфера, бұл жерде ата-аналары балаларға жеке тұлға деп қарамайды, қойылған сұрақтарға агрессивті түрде жауап беріп, қатаң тәрбиелейді. Жағымсыз эмоциялар көп кездеседі. Бұндай атмосфера баланың бойында агрессивті мінез-құлықтың, есірткіге бейімділіктің дамуының алғы шарты болып келеді. 

2. Отбасындағы эмоционалды қарымқатынастың жоқ болуы, баланың жетіс-тіктеріне және қажеттіліктеріне әрекетсіздік көрсетіп, балаға эмоционалды мейірімділік жетіспейді. Бұл жағдайда бала эмоционалды маңызды қарым-қатынас тапқысы келеді. 

3. Адамгершілік сезімдердің тәрбиеленбеуі, бұл отбасы көп жағдайда ішімдікке, нашақорлыққа бой ұрған отбасыларында кездеседі, нәтижесінде баланың бойында адамгершілік құндылықтар, сезімдер қалыптаспайды, яғни балаға рухани азық берілмейді. 

Агрессивті мінез-құлыққа әсер ететін факторлар қатарына ең алдымен дисгормониялық отбасындағы қарым-қатынасты жатқызады. 

Дисгормониялық отбасындағы ата-ананың біреуі жүйке психикалық бұзылулармен немесе ішімдік, нашақорлық тәрізді қоғам дертінің болуымен байланыстырады. 

Отбасындағы шиеліністер баланың бойында сезімдердің бағыттылығын психикалық ширығуға әкеледі. Бала жағымсыз, агрессивті мінез-құлыққа бейім болуы мүмкін. Және де әртүрлі топтарға еліктеп өмірден өз өмірін табуға тырысады. Жоғарыда айтылған теориялық мәліметтерді қорытындылай келе, ажырасудың алдын алуға байланысты әлеуметтік институттардың атқаратын қызметі – жастық шақтың танымдық, әлеуметтік-психологиялық сұранысын қанағаттандыру; Қоғамдағы отбасын бұзуға ықпал ететін жағдаяттарға қарсы тұра білушілігін; Отбасында тапсырылған болашағына қажетті жұмысты орындауда қабілетінің жетімсіздігін жетілдіруін; Жынысына сай мінез-құлқына лайық болу құлшынысын; Алдына өмірлік мақсат қоюын және соған деген талпынысын; Таңдау және талғам жөніндегі өз көзқарасының бағытын; отбасындағы әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлдерді орындауға деген қызығушылығын; отбасылық өмірге даярлауда ескеретін: «ару», «пәктік», «тектілік», «қылықтылық» – ұлттық құндылық сапаларды дәріптеу, ұғындыру, қолдау және психологиялық-педагогикалық қамқорлық қажет. 

Психологиялық жағынан ғалымдар Г.С Никифоров, М.А Дмитриева, В.М Снетковтың пікірлері бойынша, жоғары сынып оқушыларының жеке бас тұрғысынан «Мені» қоғамдық немесе арнайы ортада атқаратын зияткерлік, эмоциялық, қарым-қатынастық іс-әрекеттері әлеуметтік мәртебеге ие болуды қалайды. «Меннің» сан қырлылығы немесе қайшылығы кейде мазасыздықпен өзін-өзі жетілдіруге, кейде ісәрекетсіздікке, селқостыққа да соқтыруы мүмкін. Сондықтан, осы кезеңде танымдық әлеуметтену үйлесімді тұлғаны қалыптастырудың, оны даярлаудың қыр-сырын қарастырудың алғашқы құралы болып табылады. 

Отбасылық өмірге даярлаудың педагогикалық шарттарын білу жоғары сынып оқушыларының қызығушылығы мен өзін-өзі іске асыратын әлеуетін жинақтап, бір арнаға бағыттайды. Әрбір оқушыны тұлға ретінде қарастырар болсақ, тұлғаның сан қырлы «Мені» болашақтағы отбасылық өмірге даярлану моделіне сай саналы ойластырылып, түрлі өзгерістерге түсуі де мүмкін. Бұл процесс өзін-өзі тануға талпынысының, өзін-өзі іске асырудың, өзін-өзі маңызды етудің бастамасы ретінде жүзеге асырылып отырады. Өмірдің мәнін түсінуге ұмтылу, адами парыздарды мойындау, отбасылық бақытты бағалау, жалпы адамзаттық құндылықтар мен этномәдени құндылықтарды құрметтеуді, өмірлік салтқа айналдыруды ұғыну, отбасындағы әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлдерді орындауға деген құлшыныс, ұлттық құндылық сапаларға лайық болуға талпыныс – жоғары сынып оқушыларының этномәдени құндылықтар негізінде отбасылық өмірге даярлығының сипаттары. Біз мұны арнайы өлшемдер арқылы ұсынатын боламыз. 

Қазақстан Республикасының заңында отбасына мынандай анықтама берген: Отбасы – некеден, туысқандықтан бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарының туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы. Отбасы қарым-қатынастарына физиологиялық, психологиялық, әдеп-ғұрып және мүліктік аспектілері жатады. 

Психологиялық жетілу адамның өз жауапкершілігіне басқа адамдарды алуындағы ақылойлық және эмоционалды деңгейінің көрінісі. Психологиялық жетілудің ең маңызды көрсеткіші – тұлғалық жетілген сезімге деген қаблеттілік (махаббат). Д Фримен жетілген махаббат деп – өзінжәне сүйіктісін тануға негізделген, сезімдерді қайта жаңғыртумен ғана емес, сонымен қатар оны тануға негізделген. Жетілген махаббаттың негізінде ақыл-ойлық жетілу жатыр, шындықты бағалауға және өзіндік адекватты бағалауға әсер ететін нақтылы ойлауды түсіну; өзіндік жанұялық рөлді және басқа да жанұя мүшелерінің рөлін шынайы түсіну, өзіндік игеру, шыдамдылық, өз тілектерін, әрекеттерін жанұя мүшелерінің позцияларымен сәйкестендіре отырып, обьективті ойластыру; жағдайды дұрыс бағалауға негізделген мақсатқа бағытталған шешімге икемділік. 

Қорыта келе, отбасы қызметінің ортақ топтамасының маңызды қызметтеріне ұрпақ жалғастыру, тәрбиелеу, шаруашылық және өзара көмек көрсету деуге болады. Сондықтан, егер отбасын құруға екі жақ жоғары дайындықпен келсе, онда ерлі-зайыптылардың некедегі өмірге оңтайлы көзқарастары қалыптасады және некені бұзу салдары азайып, үйлесімділік орнайды.


Мәліметтер алынған дереккөздер: Шайжанова Қ.Ү., Байдербесова А.Ж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Психология және социология  сериясы.   №1(52). 2015

Классикалық неміс философиясындағы қауіпсіздік жөніндегі тұжырымдамалар Классикалық неміс философиясындағы қауіпсіздік
Классикалық неміс философиясы әлемдік философиядағы ерекше құбылыс. Оның 100 жыл ішіндегі жеткен жетістіктерін ерекшеліктері ретінде көрсете аламыз.
Жас мамандардың еңбек нарығына әлеуметтік интеграциясы Жас мамандардың еңбек нарығына әлеуметтік
Қазіргі таңда қоғамның қарқынды дамуы барысында жұмыс орындарының бәсекеге қабілетті болуы үшін жас мамандардың маңызы аса зор. Жастардың мобильді,
ОТБАСЫДА ТАТУЛЫҚ ПЕН СЫЙЛАСТЫҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУГЕ АРНАЛҒАН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ОТБАСЫДА ТАТУЛЫҚ ПЕН СЫЙЛАСТЫҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУГЕ
Мақсаты : отбасы мүшелерінің үйлесімді қарым-қатынасына ықпал ету, өзара сыйластығы мен бірін-бірін құрметтеу, баланың отбасындағы өмір сүру деңгейін
ОТБАСЫ ТИПОЛОГИЯСЫ ОТБАСЫ ТИПОЛОГИЯСЫ
Отбасы типологиясының өлшемдері: отбасы құрамы; ерлі-зайыптылық өмір өтілімі; балалар саны; мекен-жай орны және түрі; рөлдерді бөлу ерекшеліктері,
ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ
Қазіргі отбасы және оның мәселелері психология, педагогика, әлеуметтану, демография, экономика сияқты бірқатар ғылымдардың зерттеу нысанына айналып
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×