Жастар порталы
Экономика саласындағы гендерлік қатынастар
623 0 aiko

Экономика саласындағы гендерлік қатынастар

Саясаттану

Қазіргі экономика саласының жаңа бағыты – гендерлік экономика. Гендерлік экономиканың негізі – ерлер мен әйелдердің экономикалық айырмашылықтарын анализдеу. Заманауи экономистер гендер мәселесіне аса көп қызығушылық танытпауда, ал қазақстандық қоғамда бұл сала жаңадан қалыптасу деңгейінде. Гендерлік экономиканың даму кезеңдерін бірнеше этапқа бөліп көрсетуге болады. 1840-1870 жылдары Ұлыбританияда ең алғаш жеке меншік пен жұмыспен қамтылу саласын зерттеген алғашқы гендерлік экономистер Джон Стюарт Милль, Хэриет Тэлор Милль және Барбара Бордишон болды. Джон Милль өзінің «Әйелдің мойынсынуы туралы» атты еңбегінде әйелдердің экономикалық сферада маргиналдануын зерттеді (John Mill Stuart, 1970:242). Гендерлік экономиканың зерттелуінің келесісі маркстік кезеңге жатады. Бұл кезеңдегі зерттелу көрінісі Ф. Энгельстің «Отбасының қалыптасуы, жеке меншік және мемлекет» (1884) атты еңбегіне негізделді (Энгельс, 1985). К. Маркс пен Ф. Энгельс гендерлік теңдік мәселесін көтергендердің алғашқылары болды. Энгельстің пікірі бойынша еңбектің үй шаруасынан тыс болып бөлінуі әйелдердің үй шаруашылығындағы басыбайлығын арттырады. Әйелдердің өнеркәсіп өндірісіне атсалысуын әйел бостандығы деп санады. Марксистік пікір бойынша егер үй еңбегі отбасы шеңберіне шығып, қоғамдық еңбек саласына айналса ғана шешіледі деді. 

Келесі кезеңдегі гендерлік феминистерді (1890-1920) еңбекақының төленуі қызықтырды. АҚШ-та Шарлотт Пекинс Джилман үй шаруашылығындағы әйелдердің жағдайын зерттеді. Оның пікірі бойынша үй шаруашылығындағы еркіндікті орнату гендерлік теңдік болып табылады деді. Сондай-ақ ХХ ғасырдың 70-80 жылдары гендерлік экономиканың жаңа классикалық теориясы пайда болды. Бұл теорияның негізін салушылардың бірі – америкалық экономист Гэри Беккер болды. Ол ең алғаш гендерлік экономикаға ғылыми түсініктеме беріп, «Үй шаруашылығының жаңа экономикасы» концепциясын құрастырды. Концепцияда үй шаруашылығындағы еңбекті бөлісудің жаңа тәсілдерін, отбасының қаржылық кірістерін үйлестіру, еңбек нарығындағы дискриминация, некелік және туыстық қарым-қатынас қарастырылады. Концепция бойынша әйелдің үй шаруашылығындағы еңбегін экономикалық категория ретінде қарастыру керек деді. Бұл бағытты ұстанушылар үй шаруашылығын бөлісуді «адами капитал» түсінігімен ұғындырды. 

Соңғы жылдарда гендерлік экономика саласында еңбектер жазып жүрген Джойс Джакобсеннің пікірінше: гендерлік экономика экономикалық проблемалардың 3 түрін қамтиды: ерлер мен әйелдерді қамтитын теориялық модельдер, қауымдастықты зерттеуге арналған эмперикалық зерттеулерде ерлер мен әйелдер айырмашылығы және әр жынысқа әсер ететін экономикалық саясатты талдау (Варонина, 2001:77). 

Гендерлік экономиканың негізі – ерлер мен әйелдер арасындағы экономикалық айырмашылықтарды талдау және гендерлік теңсіздіктің себептерін анықтау болып табылады. Бүгінгі таңда бұл бағыт экономикалық теорияның әртүрлі бағыттары аясында ұсынылған ұғымдардың кең спектрін қамтиды. Осы бағыттардың әрқайсысы гендерлік мәселелерге қатысты өзіндік талдаулары мен түсініктерін ұсынады. Неоклассикалық бағыт үшін – бұл үй шаруашылығы, отбасы ішіндегі еңбек бөлінісі, еңбек нарығына шығу туралы шешімдер, күйеуі мен әйелі бірлесіп қабылдаған шешімдер, еңбек нарығындағы әйелдерге қатысты дискриминацияны зерттеу және түсіндіру және соңғы жылдары – неке мен репродуктивті мінезқұлықты талдау болып табылады. Марксистік ағым үшін бұл әйелді отбасының ішінде және одан тыс пайдаланудың себептері мен формалары, гендерлік теңсіздіктің көрінісі факторлары мен бағыттары, патриархия мен капитализм арасындағы қатынастар туралы сұрақтарға жауап іздеу болып табылады. Осы салалардың ішіндегі ең жасы – институционалды экономика. Ол – гендерлік қатынастарды реттеудегі мемлекеттің рөлін, әлеуметтік саясат проблемаларын және некелік қатынастарды т.б. мәселелерді зерттейді (Варонина, 2001:78). 

Қазіргі қазақстандық қоғамдағы гендерлік экономикаға бірнеше факторлар әсер етуде: 

– Барлық салада гендерлік теңдікті бекітетін құқықтық заңнаманың болуы; 

– Қоғамдағы өткір және шешілмеген гендерлік теңсіздікті мойындау; 

– Тарихи факторлардың әсері: 

а) Қазақстан қоғамында өткен ғасырларда қалыптасқан, бірақ жаңа жағдайларға бейімделген ерлер мен әйелдердің дәстүрлі қарым-қатынасы; 

ә) Өткен кеңестік кезеңнің мұрасы, оның ішінде әйелдер мен отбасына қатысты коммунистік режим саясатының әсерінен қалыптасқан сана мен мінез-құлық стереотиптері;

б) Қазақ қоғамының ашық және демократиялық жағдайында басқа мәдениеттер мен үрдістердің әсер етуінен қалыптасып келе жатқан гендерлік позициялардың жаңа шындықтары. 

Гендерлік теңдікті орнатудың негізгі міндеттерінің бірі еңбек нарығының барлық саласында гендерлік жалақының айырмашылығы мәселелерінде ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі әлеуметтік экономикалық зерттеулердегі ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі еңбекақысындағы гендерлік айырмашылықтар. Әлемдік экономикалық форумның «Гендерлік айырма­шылық туралы жаһандық есептер 2006-2020» көрсеткен мәліметінде Қазақстан 153 мемлекеттің ішінде 72 орынды иеленген (Gender Gap, 2019:205).


Мәліметтер алынған дереккөз: С.Б. Кагазбекова, С.С. Рахипова, Қ.А. Затов, Ш. Әділбаева. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Философия, мәдениеттану, саясаттану сериясы.   №3(73). 2020

Дінтану саласында гендерлік қатынастардың көрініс табуы Дінтану саласында гендерлік қатынастардың көрініс
Гендерлік зерттеулер әлеуметтану саласында, оның ішінде дінтану саласына да өзіндік жаңалықтар мен зерттеу алаңдарын кеңейтуде. Бұл ең алдымен
Саясаттану саласындағы гендерлік зерттеулер Саясаттану саласындағы гендерлік зерттеулер
Әлемдік тәжірибе көптеген елдерде гендерлік мәселелер мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатынын көрсетіп отыр. Халықаралық қоғамдастық
Гендерлік мәселелер қоғамдағы экономикалық қатынастарды реттеу факторы ретінде Гендерлік мәселелер қоғамдағы экономикалық
Гендерлік экономика – гендерлік зерттеулердегі жаңа бағыттың бірі. Гендерлік экономика - гендерлік және экономикалық айырмашылықтардың көлемі мен
Египеттегі гендерлік қатынас Египеттегі гендерлік қатынас
Араб елдерінің арасынан ең алғаш феминистік мәселелерді көтерген Египет Республикасы болғанымен, бұл елдердегі гендерлік жағдай 1952 жылғы
Қазіргі кездегі гендерлік психология мәселелері және олардың перспективалары Қазіргі кездегі гендерлік психология мәселелері
Гендерлік психология – заманауи, қарқынды дамып келе жатқан ғылым саласы. Гендерлік зерттеулер психология ғылымындағы басқа салаларға қарағанда,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×