Жастар порталы
Саясаттану саласындағы гендерлік зерттеулер
667 0 aiko

Саясаттану саласындағы гендерлік зерттеулер

Саясаттану

Әлемдік тәжірибе көптеген елдерде гендерлік мәселелер мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатынын көрсетіп отыр. Халықаралық қоғамдастық гендерлік теңдік саласындағы рейтингтерді үнемі қадағалап отырады. Солардың беделділерінің бірі Дүниежүзілік экономикалық форумның (бұдан әрі – ДЭФ) гендерлік алшақтық индексі болып табылады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ДЭФ-тің индексіне сәйкес гендерлік теңдік бойынша Қазақстан 153 мемлекеттің арасында 72-орынға ие болды. Бұл әлемдік зерттеуде ерлер мен әйелдерге 14 түрлі критерий бойынша анализ жасалған (Global Gender Gap, 2019: 20-206). 

Батыс елдерінде гендерлік саясаттың күрделі өзгерістері әйелдер қозғалысының екінші толқынының әсерімен ХХ ғасырдың 60-жылдарында басталды. Бұл мемлекет саясатының шеңберінде әйелдер құқықтарын қамтамасыз етуге, әйелдердің қоғамдық өмірдің барлық салаларында мәртебесін көтеруге өз ықпалын тигізді. ХХ ғ. 70 жылдары гендерлік бейтараптылыққа бет алса, 80-90 жылдары гендерлік сезімталдық саясатына қол жеткізді. Осылайша гендерлік саясат 90 Қазіргі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы гендерлік қатынастарды анализдеу жылдан жылға жаңа заңдармен толықтырылып, гендерлік теңдік шеңбері кеңейе түсті. 

Ресейлік зерттеуші О.А. Хасбулатова гендерлік мәселелерге қатысты мемлекеттік саясатты бірнеше түрге бөледі: 


Патриархалды саясат. 

Патриархалды саясатта – отбасы мен қоғамда әйел мен еркек арасында қызметтер нақты бөлініп көрсетілген. Бұл патриархалды қоғамда әйел адамның негізгі қызметі – ана болу, бала тәрбиесімен айналысып, үй шаруашылығын жүргізу болып есептеледі. Ал, ер адам отбасы мен қоғамның арасындағы түйінді байланыстыратын қоғамдық, кәсіби және мемлекеттік қызметтер, отбасының басшысы және «асыраушысы» рөлдері белгіленген. Қазақ қоғамында заманауи әйелдер қоғамы білім алып, еңбек етіп, қызмет қылғанымен патриархалды пікірдегі отбасының басшысы, асыраушысы – ер адам екендігі қанға сіңген қасиет. 


Патерналистік саясат. Әйел мен еркектің әлеуметтік ортада тең құқылы болуы, өндірістік салаға әйелдердің теңдей қатыстырылуы, әйел – жұмысшы (қызметкер), ана және үй иесі міндеттерін атқаруына жағдай жасау, көмек беру, демалыс беру және әйел еңбегін қолдауға байланысты шараларды ұйымдастыру патерналистік саясаттың негізгі компоненттері болып табылады. 


Эгалитарлы саясат. Негізгі мақсаты адамды жынысына қарай бөлместен әлеуметтік салаларда жеке тұлға болып қалыптасуы үшін теңдей жағдай жасау. Адамды «орташаландыру», жыныстық-рөлдік айырмашылықты әлеуметтендіру үрдісінде шеттетпей, керісінше, әйел мен еркекке өздерінің шығармашылық және жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктерге кепілдеме беретін қоғамдық ортаға қол жеткізу болып табылады. 

Эгалитарлы саясаттың негізгі бағыттары: әйелдердің мемлекеттік басқару мен кәсіби қызметтің барлық саласына қатысуы, өндірістік сала мен өндірістік емес кәсіби қызмет бойынша еңбекақы төлеуді теңестіру, үйдегі жұмыстарды орындауда отбасы мүшелеріне барынша жағдай жасау, ата-ананың екеуіне де баланы күтуге байланысты мемлекеттік жеңілдікті тарату, қоғамдағы әйел мен еркек рөлінің патриархатты таптаурынның алдын алу, жыныстардың әлеуметтік теңдігі туралы қолайлы қоғамдық пікір қалыптастыру (Беркімбаева, 2007:54). 

Қазіргі қазақ қоғамында эгалитарлы саясаттың көрінісі болғанымен, патриархатты саясаттан толығымен арылған емес. Еңбек нарығында әйел адамдардың саяси-басшылық қызметтерінде аз болуының бірден бір себебі қазақ қоғамында қалыптасқан менталитет пен қазақи мәдениеттің көрінісі. Фридрих Эберт фондының жасаған әлеуметтік зерттеуінің нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 51,6% саяси және бизнес басшылыққа ер адамдар лайықты десе, ал 44,1% әйел адамдардың лайықты екендігін көрсеткен. (Исмуханова, 2019:47). 

Қазіргі кезде гендерлік теңдікке қатысты өзекті мәселелердің бірі – саяси және мемлекеттік басқару саласындағы әйелдердің алатын орны. ҚР-дың гендерлік теңдік туралы стратегиясының маңызды бір бағыты да осы саладағы әйелдердің рөлін арттыру болып табылады. Қазіргі қазақстандық қоғамда гендерлік саясаттың жүзеге асырылуы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Гендерлік саясаттың мақсаты – нақты гендерлік теңдікке қол жеткізу. Бұл барлық азаматтар таптаурын салттар мен дәстүрлі гендерлік жүйеден туындайтын шектеулерден тәуелсіз түрде таңдау еркіндігі мен өздерінің жеке қабілеттерін дамыту еркіндігіне ие деген сөз. Гендерлік саясаттың іске асырылуы – демократияға қол жеткізудің басты факторларының бірі (Өскембаева, 2017:5). 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап гендерлік теңдікке байланысты көптеген құжаттар қабылданып, іске асырылуда. Ұлттық концепциясында нақты мақсатты индикатор белгіленген, яғни барлық салалардың ұжымдық құрамының 30% әйелдер өкілдігінен болуы тиіс.

Бүгінгі күнгі Қазақстандағы гендерлік үдерістердің нақты ахуалына билік саласындағы әйелдердің құрамына талдау жасау арқылы көз жеткізуге болады. Әйелдердің саяси мәртебесі олардың құқықтары қалай жүзеге асырылатынының айқын көрінісі. ҚР парламенті жоғарғы және төменгі палатасының 23%-ын, жергілікті өкілетті органның (маслихат) 22%- ын әйел-депутаттар құрайды. Мемлекеттік қызметте әйелдердің – 56%, оның ішінде басшылық қызметінде – 41%, сот қызметінде – 51%, сондай-ақ елші қызметінде – 5 әйел қызмет етеді (Азимова, 2019). Қазақстанда басқару және саяси билікте ер адамдардың артықшылығы басым. Әлемдегі озық 50 елдің қатарына кіру, интеллектуалды ұлт болу үшін де, елімізге байыпты гендерлік саясаттың да қажеті мәлім. Гендер мәселесіне жан-жақты қарау керек. Көпшілік қауым гендерлік саясатты әйелден еркек жасау деп түсінеді. Гендерлік саясат дегеніміз әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады (Абдрасилкызы, 2014:108). Әкімшілік-басқару құрылымы негізінен ер адамдардан тұратын институт болып қалып отыр. Алайда, соңғы кезде бұл салада үлкен өзгерушіліктер байқалады. Бұған ең алдымен елімізде жүргізіліп отырған әлеуметтік реформалар ықпал етуде.


Құқық және гендер 

Гендерлік теңдік – әйелдер мен еркектер тең құқықтық мәртебесі және тұлғаларға жыныстарына қарамастан өмірдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени салаларына қатысу үшін өз қабілеттерін еркін қолдануға тең мүмкіндік береді. 

Қазақстан гендерлік саясатты құру кезінде адам, отбасы құқықтары және гендерлік теңдік саласындағы табысты халықаралық тәжірибелер мен БҰҰ құжаттары қолданылды. 

Гендерлік саясат негіздерінің бастамасы 1995 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген. Конституцияның 14-бабында: «Заң мен сот алдында барлық адамдардың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына және нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп, гендерлік теңдіктің негізін қалаушы тұжырым жасалған. Сондайақ бұл құжатта мемлекеттің ең басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігін айқындаған (ҚР Конституциясы. – 14-бап.). Қазақстанда 1995 жылы ҚР Президенті жанынан отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселелері бойынша кеңес ашылды. 1998 жылы ол ҚР Президенті жанынан отбасы және әйелдер мәселесін қарайтын Ұлттық комиссия болып қайта құрылды. Ұлттық комиссия Пекин платформасының талаптарын ескере отырып, алғаш рет ҚР әйелдер жағдайын жақсартуға арналған ұлттық бағдарлама дайындады. Ол Үкімет қаулысымен бекітіліп, барлық мемлекеттік органдарға таратылды. Ұлттық бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі әйелдердің саяси өмірге белсенді араласуын қамтамасыз ету болып табылады. 2003 жылы Үкімет қаулысымен гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Сонымен қатар 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың ІV әйелдер форумында жоспарлаған тапсырмасына байланысты, 2005 жылы 29 қарашасында бекітілді. ҚР 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы – мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат болып табылады. Стратегияның негізгі мақсаты елімізде әйелдер мен ерлердің өмірдің барлық саласында тең дәрежелі болуына бағытталған. Үкімет басқару органдарындағы әйелдер санын 30%-ға көбейту, соған сәйкес саясаткер әйелдерді дайындау, қабылданатын құқықтық заңнамаларға гендерлік сараптамалар жасау, балалар мен жастарға, жалпы Қазақстан халқына гендерлік мәселелер туралы ағартушылық жұмыстар жүргізуіне мән берілген. 2009 жылы ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы ҚР Заңы қабылданды. 2016 жылы ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды. «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы жолдауында: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін ананы қорғау ерекше мәселе. Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болуы үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Әйел заты әрдайым біздің қоғамның тең құқылы мүшесі. Отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолы қатаң кесілуі тиіс. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз» делінген. ҚР неке және отбасы туралы кодексінің 30 бабында «Ерлі-зайыптылар тең құқықтар пайдаланады және тең міндеттер атқарады» делінген (Кодекс, 2012:20). Осындай құжаттардың аясында Қазақстан қоғамында гендерлік теңсіздіктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұжырымдар елімізде гендерлік теңдік үрдістеріне үлкен серпіліс беретін және нақты міндеттер жүктейтін маңызды бағдар. 

Қазақстандағы гендерлік мәселелердегі негізгі проблема – үй ішінде балаларды тәрбиелеу бойынша орындалатын міндеттердің барлығы әйелге жүктелуімен сипатталатын тұрмыстық кемсітушілік болып табылады. Алайда әйелдер қоғамдық еңбекпен еркектермен қатар айналасуы мүмкін. Жасырын кемсітушілік те бар, яғни жұмысқа қабылдау, қызметтік сатымен жылжу кезінде әйелдердің құқықтары мен еркіндігін шектеу немесе қысым жасау, оның құндылығын жыныс белгісі бойынша төмендетулер де орын алады.


Мәліметтер алынған дереккөз: С.Б. Кагазбекова, С.С. Рахипова, Қ.А. Затов, Ш. Әділбаева. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Философия, мәдениеттану, саясаттану сериясы.  №3(73). 2020


Гендерлік мәселелер қоғамдағы экономикалық қатынастарды реттеу факторы ретінде Гендерлік мәселелер қоғамдағы экономикалық
Гендерлік экономика – гендерлік зерттеулердегі жаңа бағыттың бірі. Гендерлік экономика - гендерлік және экономикалық айырмашылықтардың көлемі мен
Саясаттану мен саяси-құқық саласындағы гендерлік зерттеулер Саясаттану мен саяси-құқық саласындағы гендерлік
Батыс елдерінде гендерлік саясаттың күрделі өзгерістері, әйелдер қозғалысының екінші толқынының әсерімен ХХ ғасырдың 60 жылдарында басталады. Бұл
Египеттегі гендерлік қатынас Египеттегі гендерлік қатынас
Араб елдерінің арасынан ең алғаш феминистік мәселелерді көтерген Египет Республикасы болғанымен, бұл елдердегі гендерлік жағдай 1952 жылғы
Қазіргі кездегі гендерлік психология мәселелері және олардың перспективалары Қазіргі кездегі гендерлік психология мәселелері
Гендерлік психология – заманауи, қарқынды дамып келе жатқан ғылым саласы. Гендерлік зерттеулер психология ғылымындағы басқа салаларға қарағанда,
Білім және ғылым саласындағы ерлер мен әйелдердің гендерлік рөлі Білім және ғылым саласындағы ерлер мен әйелдердің
Ғылым-білім кеңістігіндегі орын алатын гендерлік мәселелердің бірі ерлер мен әйелдердің ғылымдағы рөлі болып табылады. Ата-бабамыздың заманында
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×