
Партиялық жүйе – саяси ғылымның зерттеу нысаны
Партиялар жиылып, партиялық жүйені құрады. Партиялық жүйе деп ашық қызмет жасайтын, мемлекеттік ұйымдарды қалыптастыруға мүмкіндігі бар, елдің ішкі және сыртқы саясатына ықпал ете алатын саяси партиялар арасындағы қатынастар жиынтығын айтады.
Партиялық жүйе жеке-дара өмір сүрмейді, ол көптеген факторлардың әрекетінің нәтижесінде пайда болып, дамиды. Бұл ретте М. Дюверже түрлі елдер мен барлық мемлекеттерге тән партиялық жүйенің институционалдық, тарихи және әлеуметтік факторларын атап көрсетеді.
Әдетте, жетекші институционалдық факторларға сайлау жүйесі мен конституциялыққұқықтық дизайн жатқызылады. Себебі саяси жүйеде партиялық жүйе мен сайлау жүйесі біріне-бірі тәуелді және өзара ықпал ететін құрылымдар болып табылады. Іс жүзінде сайлау жүйесінің типі саяси партиялардың ұйымдық және саяси-идеологиялық дамуын, олардың мөлшері мен санын, партиялық коалициялардың қалыптасу деңгейін, Парламенттегі өкілдіктердің үлесін және т.б. анықтайды.
Конституциялық-құқықтық дизайн болса, кең мағынада мемлекеттің басқару түрін, мемлекеттік құрылым мен саяси режимнің түрлерін, ал, тар мағынада билік құрылымдарының арасындағы көлденең және тік деңгейдегі өкілеттіктердің үлгісін, яғни, басқару жүйесін (парламенттік, президенттік, жартылай президенттік) айқындаумен шұғылданады.
Тарихи факторларға ұлттық дәстүрлер мен тарих, ықпалды сипатқа ие тарихи қақтығыстар жатады. Осылар әр қоғамның өзіне тән жіктелу үдерісіне маңызды әсерін тигізетіні анық. Мәселен, шаруалар қабаты басым қоғамда аграрлық партиялар пайда болатыны белгілі. Ал, экономикасы көп сатылы, сан алуан мәдениеті мен тілдері дамыған, сондай-ақ, әлеуметтік, ұлттық, діни және басқа да қызығушылықтары үстем қоғамда көппартиялық жүйенің қалыптасуына алғышарттар қалыптасуы ықтимал.
Әлеуметтік факторлар қоғамның әлеуметтік стратификациясына және оның саяси мәдениетіне байланысты негізделеді. Айталық, орта тап өкілдері үстем қоғамда жетекші партиясы бар жүйенің құрылуына мүмкіндік зор болады. Егер қоғамның әлеуметтік құрылымында бірқатар страттар арасындағы қарама-қайшылықтар орын алса, онда партиялық жүйе қақтығыстық сипат алады. Ал, қоғамдағы әлеуметтік топтар ортақ құндылықтар мен мұраттар жүйесін ұстанса, партиялық жүйедегі партиялардың және партиялар мен мемлекет арасында қолайлы қарымқатынас қалыптасары анық.
Айта кетерлік жайт, партиялық жүйеге маңызды ықпал ететін жоғарыда қарастырылған факторлардың ішінде сайлау жүйесін М. Дюверже ерекше атап көрсетеді. Ойшылдың пікірінше, нақ осы сайлау жүйесінің партиялардың саны мен мөлшерін, партиялық коалициялардың құрылу деңгейін, Парламенттегі партиялар өкілдіктерінің үлесін, партиялар арасындағы қарым-қатынастардың типін жетілдіруге шешуші ықпал етуге мүмкіндігі басым.
Мәліметтер алынған дереккөз: Әуелғазина Т.Қ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршы. Философия, мəдениеттану, саясаттану сериясы. №2 (43). 2013




