Жастар порталы
Канаданың мультимәдениет саясаты
3 181 0 aiko

Канаданың мультимәдениет саясаты

Саясаттану

Халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналып отырған еліміз сыртқы саясатында әлемнің барлық елдерімен терезесі тең қағидатында дербес сыртқы саясатын жүргізіп келеді. Солтүстік Америка аймағында орналасқан, НАФТА интеграциялық құрылымының мүшесі Канада елі де Қазақстан сыртқы саясатының назарындағы ел. ХХ ғасырдың басында Ұлыбритания доминионы болып танылған Канада елі, ХХ ғасырдың соңында әлемнің дамыған индустриалды елдеріне айналды.

Канада елінде мемлекеттік саясат ретінде орын алған мультимәдениет саясатының ерекшеліктерін, даму барысын, негізгі мәселелерін зерттеудің өзектілігі төмендегідей бірқатар факторларға байланысты:

Біріншіден, Қазақстан және Канада елінің дамуы арасында ұқсастық факторлары да орын алады, атап айтқанда: көпұлттық халық құрамы, осыған байланысты Канада елінде мультимәдениет саясаты жүргізілініп отырса, біздің елімізде ұлтаралық келісімнің озық үлгісі қалыптасқан.

Екіншіден, Канада халықаралық саясат және экономика мәселелері бойынша маңызды шешім қабылдай алатын аздаған дамыған индустриалды мемлекеттердің қатарына енеді. БҰҰ шеңберінде де Канаданың бейбітшілікті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бастамалары саясатта жалғасын тауып жүр. Еуразия кеңістігінде маңызды саяси шешім қабылдауға белсене қатысып, бейбітшілік, қауіпсіздік саласында бастама көтеріп жүрген Қазақстан Республикасы да осы жағынан Канада елімен үзеңгілес болып табылады.

Осыған орай, Солтүстік Америка аймағындағы жетекші мемлекет болып саналатын Канада елінің саясатындағы мультимәдениет бағытының аспектілерін қарастыру, жанжақты талдау жүргізіп, ұтымды тәжірибелік маңызы бар қорытындылар жасау уақыт талабы.

Мультимәдениет саясатының басты қағидаты – бұл мигранттардың ұлттық және мәдени бірегейлігін сақтау және мигранттарды қабылдап отырған қоғаммен етене жақындасуға мүмкіндік ашу. Жалпы ғылыми әдебиеттерде мультимәдениет ұғымына байланысты түрлі пікірлер қалыптасқан. Г.  Терборн өзінің «Мультимәдени қоғамдар» атты еңбегінде, мультимәдениет терминінің шығу тарихын және қолдану аясын қарастыра отыра, көп дінді, көп мәдениетті қоғамның ұстанып отырған саясаты ретінде анықтайды [1, 51 б.]. Белгілі американдық әлеуметтанушы Н. Глейзер мультимәдениетті бірыңғай мәдениетке жауап ретіндегі, әр ұлттың мәдени ерекшеліктерін ерекшелеуге бағытталған үрдістердің кешені ретінде қарстырады.

А. Борисов мультимәдениет түсінігінің мәніне үңіле отыра, мәселенің екі астарын қарастырады. Ол, бір жағынаноң бағыт ретіндегі, интеграцияға жетелейтін мультимәдениет, теріс бағыт ретіндегі, сепаратистік пиғылдарды тудыруы мүмкін мультимәдениет, деп жіктей отыра, мультимәдениеттің қандай арнада дамуын қоғамдық-саясибағыт ретінде айқындайды.

А. Төлеуханқызы мультимәдениетті ‒ өзге ортада өз бейнесін сақтап қалуға қолайлы жағдай туғызуға бағытталған Еуропа елдерінің саясаты ретінде қарастыра отыра, Еуропада 1980-жылдардың алғашқы жартысында, 90-жылдардың басында «мәдени өзгешелікті құрметтеу», «өз ұлттық келбетіңді сақтау құқы» сынды терминдер алға тартылғанымен, соңғы жылдары осы идеялардың жүзеге аспағанын мойындауға тура келеді, деп тұжырымдайды.

Канада мемлекетін асимметриялық, тілдік сипаты бар, орталықтандырылған федерация деп атауға болады. Асимметриялық сипат оның 10 провинция мен 3 аумақтан тұратындығынан көрінеді. Тілдік сипат Канаданың мемлекеттік және конституциялық құрылысы ағылшын және француз тілінде жүргізілетінімен айқындалады. Демографиялық көзқарас тұрғысынан Канадалық қоғамды үш негізгі топтарға жіктеуге болады:

Бірінші топты, байырғы Канада жерін мекендеген жергілікті тұрғындар құрайды. Канада Конституциясына сәйкес, байырғы Канада тұрғындарының үш тобы қарастырылады: үндістер, аралас некеден туылған метистер, Мұзды мұхиттың жағалауын мекендеген эскимос-инуиттер.

Екінші топты, ата-бабалары XV-XVI ғасырларда Канада жеріне қоныс тепкен француздар мен ағылшындардың ұрпақтары құрайды. XVI ғасырдың 30-40-жылдары Әулие Лаврентий өзені бойымен бірнеше рет жүзіп өткен француз теңізшісі Жак Картье бұл аумақты Францияның иелігі етіп жариялаған болатын. 1534 жылы Жак Картье жариялаған Канада Жаңа Францияның провинцияларының бірі ретінде қабылданды. Кейіннен француздар қазіргі Канада жерінде отарлық қоныстарын құра бастайды. 1647 жылғы Эдикт бойына Канада территориясында француз отарлық әкімшілігі құрылды. Отаршыл әкімшілік басында, генерал-губернатор, иезуиттік миссия басшысы, Труа Ривьер, Монреаль губернаторларынан құрылған кеңес құрылды. 1600 жылы Тадусак, 1605 жылы Порт-Руаяль, 1608 жылы Квебек қаласының іргетасы қаланды. Ал 1627 жылы Порт-Ройял ауданының маңында ең алғашқы Жаңа Шотландия деп аталған ағылшын қоныстары пайда болды.

Үшінші топты, ХХ ғасырдан бастап Канада жеріне қоныс аударған халықтар, негізінен, Азия-Тынық мұхит аймағында орналасқан мемлекеттердің тұрғындарық ұрайды. Канададағы Қытай қауымының саны 1,3 млн адамды құрайды. Канада елінде қытай тілі ағылшын және француз тілінен кейін жиі қолданылатын тілдер тобына енеді.

Мәліметтер бойынша, 2011 жылы Канадаға қоныс аударушылардың 50 пайызын азиялықтар, 20 пайызын Африка және Орталық Азия елдерінің тұрғындары, 12 пайызын Оңтүстік Америка және Америка Құрама Штаттарының тұрғындары, 18 пайызын еуропалықтар құрайды.

Статистикалық мәліметтерге сүйене отыра, Канада елінің тарихы мен даму кезеңдері миграциялық ағымдармен өзара байланысты екендігін ерекшелеуге болады. Олардың өзара мәдени, тілдік түрде ықпалдасу үрдісі Канада қоғамының даму үлгісін айқындайды. Канадалық мультимәдениет саясаты ‒ канада қоғамындағы әрбір ұлттың мәдени ерекшеліктерін сақтауға және дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаты. 

1967 жылы Л. Пирсон отставкаға кетіп, орнына Пьер Эллиот Трюдо бастаған үкімет келді. Трюдо үкіметі билік басына келгеннен бастап, Канада либералдары Квебек мәселесіне қатты назар аудара бастады. Либералдардың мәселеге қатысты бағдарламасында: «Канада қазіргі кезде үлкен саяси дағдарысты басынан кешіріп отыр, оның басты себебі Квебек мәселесі», деп айқындады. Либералдар ұсынған федерализм тұжырымдамасының негізгі мәні – бір мемлекет-бір ұлт қағидаты болды. Трюдо өз бағдарламаларында Канада елінде бір ғана ұлтКанадалықтар бар, олар тек әр тілде сөйлейді деп тұжырымдады. Трюдо үкіметі Квебек мәселесіне байланысты 1971 жылы «Мультимәдениет саясатын» ұсынды.

Мультимәдениет саясатының негізгі мақсаттары ретінде төмендегілер айқындалды: 

– этномәдени топтарға ұлттық ерекшеліктерін сақтауға жағдай жасау; 

– этникалық топтардың канада қоғамына бейімделуіне, саяси өмірге белсене араласуына жағдай жасау. 

1971 және 1981 жылдар аралығында мультимәдениет саясатын дамыту үшін, этникалық топтардың тілін және мәдениетіне қолдау көрсетуге мемлекет тарапынан 20 млн доллар жұмсалды. Аталмыш саясатты жүзеге асыру бағытында, Мультимәдениет бойынша Басқарма құрылды. 1973 жылы Мульти мәдени бастамалардың жүзеге асырылуына бақылау жүргізу үшін министрлік құрылды. Үкімет және этникалық ұйымдар арсындағы ресми байланыстарға айрықша көңіл бөлінді. Өзге де этникалық топтарға байланысты кемсітушілік көріністерінің алдын алу бойынша мульти мәдениеттік бағдарламалар жасалынды.

1982 жылы, түрлі этникалық топтардың мәдени ерекшеліктеріне қолдау көрсетіп, дамыту мақсатында елде «Құқықтар және еркіндіктер Хартиясы» (Canadian Charter of Rights and Freedoms) қабылданды. 1988 жылы Б. Малруни үкіметікезінде, нәсілшілдік және кемсітушілікке тиым салушы ережелерді қамтыған, көп мәдениеттілік туралы жаңа Заң қабылданды.

Қабылданған заңнамалық құжаттар бойынша, елдің мультимәдениет саясаты төмендегі қағидаттарға негізделеді: 

  • канада қоғамының көп мәдениетті сипатын дәріптеу; 
  • плюрализмге және канада мәдениетінің екі тілді сипатына ден қою; 
  • этникалық азшылықтардың мәдени ерекшеліктеріне қолдау көрсету;
  • мәдениетке қолдау көрсету бойынша федералдық,аймақтық және жергілікті деңгейлерде өзара іс-шаралар жүргізу. 

Дегенмен, Канада мультимәдени саясатына сын көзбен қарау үрдісі де көрініс береді. Бұл саяси бағытқа негізінен канадалық француздар қарсы көзқараста. Мультимәдениет саясаты жарияланған кезеңнен бастап, бұл мәселеге Квебектік тұрғындар қарсы шығып отыр. Квебектіктердің пікірінше, бұл мәселе федералдық билік өкілдерінің провинциялардың ішкі ісіне араласуын тудырады. 

Канаданың француз тілді азаматтары елдің мультимәдениет саясатын, ағылшындық мәдениеттің үстемдігін туғызу мақсатындағы, Квебектің қоғамдық мәртебесін төмендетуге арналған саясат деп түсінеді.

Мәдени саясатпен қатар, елдің әскери саясатына да ұлттық фактор үлкен ықпалын тигізіп отыр. Бұл елдегі екі ұлттық қауымның – англоканадалықтар және франкоканадалықтардың болуына байланысты. Квебектік франкоканадалықтар әскери шығындарды өсіруге, шет елдердегі қарулы қақтығыстарға Канада әскери күштерінің қатысуына қарсылығын білдіріп отыр. Әскери саясаттағы Квебек факторының тағы бір астары, провинция басшыларының Канададан бөліне қалған жағдайда өз әскерлерін ұстауға деген ұмтылысымен ерекшеленеді.

ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап, Канада елінде халықаралық істерде тәуелсіз саясат жүргізу айқындалды. 1970 жылдың маусымында «Канадалықтар үшін сыртқы саясат» деп аталатын канада Ақ кітабы бекітілді. 1984 жылы Канада үкіметі басына Б. Малруни бастаған консерваторлар партиясы негізінен Канада елін сепаратистерден сақтап қалу бағытында мультимәдениет саясатын кеңінен жүргізе бастады. Осы кезден бастап, мультимәдени саясатын Канада мемлекеті иммиграциялық саясатты жандандырудың маңызды факторы ретінде қарастырады. 1990 жылдардың соңында Канаданың әлемдік саясаттағы орны үкімет тарапынан талқыланып, ел сыртқы саяси бағыттарын өзгерістерге арнады. Канада ғаламдық мәселелерді шешу бағытын сыртқы саяси басымдықтар ретінде қарастырып келеді.

Елдің сыртқы саясаты ғаламдық деңгейге ие. Айта кетсек, Канаданың сыртқы экономикасындағы байланыстар жаппай жоюға бағытталған қару мен терроризмге қарсы екенін көрсетеді. Одан бөлек, тағы бір маңызды аспектілердің бірі тыныштықты сақтау болып табылады. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі проблемаларды шешу барысындағы өзінің объективті көзқарасын жоғалтқан емес.

Канаданың сыртқы саясатындағы маңызды бағыттар туралы өкіметтің «Канада әлемде» атты арнайы жобасы 1995 жылы жарық көрген болатын. Онда халықаралық байланыстар межесінде Канаданың ұлттық құндылықтары мен мәдениетінің даму үдерісін қауіпсіз деңгейде жүзеге асыру қажет екендігі айқын жазылды.

ХХІ ғасырда мультимәдениет саясаты елдің сыртқы саясатының негізгі трендтеріне айналып отыр. Бұл мәдени саясатты кеңінен дәріптеу арқылы, Канада үкіметінің басшылары елдің, инвестиция, бизнес салаларында қолайлы екендігін дәріптеуде. 2010-2012 жылдары Канада инвестициялық климаты қолайлы, әлеуметтік саласы дамыған елдердің көрсеткіші бойынша жоғарғы рейтингтерге ие болған. 2011 жылдың соңында «Форбс» журналының рейтингісі бойынша Канада «бизнес үшін қолайлы ел» деп танылған. «Экономист интеллидженс юнит» аналитикалық орталығының мәліметі бойынша Канада бизнес үшін қолайлы алдыңғы қатарлы ел деп жарияланған.

Қазіргі таңда Еуропадағы миграциялық дағдарыстар бұл елдерде мультимәдениеттен бас тарту бойынша пікірлер туғызып келеді. Көптеген зерттеушілер бұл саясатты ұтымсыз бағыт ретінде қарастыруда. Дегенмен, Канаданың ішкі және сыртқы саясатының ерекшеліктеріне байланысты, елдегі қалыптасқан саяси және әлеуметтік жағдайларға қатысты, ел осы бағытты дамытуды көздеп отыр. Көп тілділік және көпмәдениеттілік саясаты демократиялық қоғамды дамытуға аса тиімді құрал ретінде жүргізіліп отыр.

Мультимәдениеттің, жергілікті халықтардың мәдениетіне және ұлттық бірегейлігіне тиімсіз екендігін алға тартылып отырғандығына қарамастан, Канада қоғам азаматтарының мәдени әр-алуандылығын сақтау, мигранттарға жағдай жасау бағыттарын институционалдық тетіктер арқылы барынша қолдау жасауда.


Мәліметтер алынған дереккөз: Мәжінбеков С.А., Құранбек Ә.А. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршы. Философия, мəдениеттану, саясаттану сериясы. №3(57). 2016

Саяси жүйе теориясының қалыптасуы Саяси жүйе теориясының қалыптасуы
Саяси ғылымда “саясат”, “саяси өмір”, “саяси құрылыс” деген ұғымдармен қатар “қоғамның саяси жүйесі” деген түсінік те кең орын алды. Бұл саланың
БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ
Білім беру –  тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге көзқарасын жетілдіру үдерісі; қоғам
ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ РЕТІНДЕ МЕДИАЦИЯНЫҢ ДАМУЫ: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ РЕТІНДЕ МЕДИАЦИЯНЫҢ ДАМУЫ:
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары АҚШ-та медиация жылдам дами отырып, англо-саксондық елдерге де әсерін тигізді.  Мысалы, Ұлыбритания, Ирландия, Канада,
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАСТАР КӨШІ-ҚОНЫ: ЖАҺАНДЫҚ ТРЕНД ЖӘНЕ АЙМАҚТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР ӘСЕРІ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАСТАР КӨШІ-ҚОНЫ: ЖАҺАНДЫҚ
Жастар - мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететін және елдің болашағын айқындайтын әлеуметтік қабат. Әлеуметтану ғылымында жастар
Мемлекет пен діни ұйымдар қатынасын реттеу дәстүрлері Мемлекет пен діни ұйымдар қатынасын реттеу
Жалпылай алғанда, қазіргі таңда мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынастарын реттеудің кеңінен таралған екі құқықтық дәстүрі қалыптасты: олар
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×