Жастар порталы
Саяси идеологиялар тарихы пен теориялары
3 871 0 aiko

Саяси идеологиялар тарихы пен теориялары

Саясаттану

Әрбір адамның іс-қимылы ойдан басталатыны баршаға мәлім. Адамзаттың саяси өмірінің дамуы да саналы адамдардың ой-пікірлеріне, ұсыныстарына, идеяларына негізделеді. Идеялардың негізгі көзі, бастауы ғалымдардың ой-пікірлері мен тұжырымдамалары. Мысалы, кезінде идея ретінде ұсынылып, кейін идеологияға, теорияға айналған Конфуцидің мемлекеттік билік пен халық арасындағы теңгергіштік заңы, Аристотельдің орташылдық, орта таптық концепциясы, Гоббстың антиэтатизм принципі, Монтескьенің билікті бөлу туралы заңы және т.б. Солардың ішінде бүкіл адамзаттың дамуына үлкен өзгерістер әкелгендері либералдық, консервативтік, реформистік, социал-демократиялық идеологиялар.

Либерализм – азаматтарға қатысты мемлекеттік және қоғамдық әртүрлі басымдықтарды жою немесе жұмсартуды мақсат ететін идеология түрі. Бұл идеологияның негізін қалаушы ағылшын философы Джон Локк. Осы ғалымның ұсынысы өз заманының қажеттілігінен туындады. ХҮІІ ғасыр адамзаттың ортағасырлық бұғаудан жаңа ғана шыға бастаған кезі еді. Адамзат тарихында орта ғасырлар баршаға әйгілі монархияның, шексіз биліктің, тұйық сословиеның, еуропа елдеріндегі шіркеу түнегінің үстемдігінде болды. Әрбір адамның өз табиғи қабілетін іске асыру бостандығы мен мүмкіншілігі болмады. Осылайша адамдарды мәжбүрлеу тәртібі қоғамдағы тоқыраушылық көріністерін күшейтті. Дж.Локк өзінің либералдық идеясында әрбір адам өз қабілетін іске асырмайынша, елдің дамуына өзінің үлесін қоспайынша қоғам қарқынды дами алмайды, адамдарды мемлекеттік дәстүрлі жіктеуліктен, дін құрсауының ықпалынан босату керек деп түсіндірді. Либералдық идеяны көпшілік жақтап шықты, әсіресе жаңа қалыптасып келе жатқан буржуазиялық таптың тез қабылдауының арқасында кейін идеологияға айналды. Экономика саласында нарықтық қарым-қатынас қалыптаса бастады, енді біреулері кішкене шеберхана ашса, біреулері жеке меншік жерге ие болды, сөйтіп өндіріс дамыды. 50-100 жылдан кейін осы кішкене шеберханалар ірі зауыттарға, фабрикаларға, ал кішкене бау-бақша жерлері үлкен фермерлік шаруашылыққа айналды, нәтижесінде халықтың тұрмыс жағдайы қалыптасып жақсарды.

Қорыта келгенде, либерализм идеологиясы капитализмнің қалыптасып дамуына зор әсер етті.

ХХ ғасырдың басында либерализм идеологиясының одан әрі дамуына байланысты бұдан өзгеше саяси идеология ретінде жаңа либерализм – неолиберализм бөлініп шықты.

Неолиберализм – азаматтар мен қоғамның экономикалық және әлеуметтік өмірін мемлекеттік реттеуге бағытталған идеялар жиынтығы. 

Егер осы екі идеологияны: либерализм мен неолиберализмді салыстырып қарасақ, алғашқыда бір-біріне қарама-қарсы бағыт сияқты көрінеді. Себебі, либерализм мемлекеттік үстемдікті жұмсарту жолын талап етсе, ал неолиберализм керісінше - мемлекеттік реттеуді күшейтуді ұсынады. Дегенмен, осы екі идеологияның арасында бітіспес қарама-қарсылық жоқ. Неолиберализм идеологиясының пайда болуы қоғамда қалыптасқан әлеуметтік жағдайлармен байланысты болатын. Либерализм ұстанымы бойынша дамушы нарықтық қатынас ең алдымен бәсекелестікке байланысты. Бәсекелестік экономиканы дамытады, бірақ бәсекелестікте адамдардың бәрі, әрине, жеңіске жетпейді, сол себепті теңсіздік күшейеді, көптеген адам күйзеліске, кедейлікке ұшырайды. Сондықтан еркін нарықтық тетіктерді реттеу, кедейшілікпен күресу үшін мемлекеттің араласуы, оның ролінің күшейуі тиіс. Неолиберализм идеологиясы бойынша мемлекеттің аса жауапты міндетінің бірі – нарықтық жағдайда азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін жасау.

ХҮІІІ ғасырда дүние жүзінде тағы бір саяси идеология қалыптасты. Ол – консервативтік (консерватизм) идеология.

Консерватизм - қоғамда тарихи қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани құндылықтарды сақтау мен дамыту идеологиясы. Консервативтік идеяны бірінші ұсынған ағылшын мемлекет қайраткері және ғалымы Эдмунд Берк болатын. Кейін бұл идеяны одан әрі зерттеп, идеологияға айналдыруға өз үлестерін қосқан француз саясаттанушысы Жозеф де Местр (1754-1821), неміс тарихшысы, заңгері Фридрих фон Савиньи (1779- 1861), австриялық саясатшы және қоғам қайраткері Клеменс Меттерних (1773-1859) және т.б. болды.

Консервативтік идея Еуропаның батыс, солтүстік және Азияның біраз елдерінде мемлекеттік қолдау тауып кейін идеологияға айнала бастады. Осы консерватизм идеологиясының басты мақсаттары: куатты мемлекет құру, саяси жүйенің, биліктің жоғарғы әлеуметтік топтың қолында болуы, тұлғаның қоғам мен мемлекетке бағынуы іс жүзінде жүзеге асып, бұл елдерді әртүрлі кездейсоқ, ретсіз реформалардан, кенет оқиғалардан, өкіметтік төңкерістерден, шиеленістерден сақтап қалды, бейбіт жағдайда нәтижелі әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуға жол ашты.

Консерватизм идеологиясы қоғам өмірінде әдет-ғұрып, дәстүрлер маңызды рөл атқарады деп түсініп, оларды мызғымастай сақтап қалуды мақсат етті.

ХХ ғасырдың ортасынан бастап консерватизм идеологиясының негізгі қағидаларына өзгерістер енгізіліп консервативтік ой-пікірдің басты бағыты жаңарған консерватизмге (неконсерватизмге) ауысты.

Неоконсерватизм –қоғамдағы саяси плюрализмді (әртүрлілікті) дамыту және саяси процестерді реттеу үшін мемлекеттің рөлін күшейту мақсатындағы идеология.

Консерватизм мен неоконсерватизмнің идеология ретіндегі маңызды нәтижесі - Англиядағы, АҚШ-тағы және Германиядағы консервативтік партия өкілдерінің мемлекеттік билік басына келуі болатын.

Келесі саяси идеология – марксизм идеологиясы. Марксизм дегеніміз қарулы төңкеріс арқылы қанаушы таптарды, жеке меншікті жойып, социализм және коммунизм құрып, қоғамдағы әлеуметтік теңдік орнату мақсатындағы идеология.

Бұл идеологияға негіз болған жоғарыда айтылған неміс ойшылы, ғалымы К.Маркстың(1818-1883) идеясы. Оның идеясы бойынша, «таптық қоғамда әділеттік жоқ, байлар, капиталистер, фермерлер – қарапайым жұмысшыларға, шаруаларға қанаушылық жасайды, олардың еңбегін толық төлемейді, соның арқасында өздері байиды. Бұл жағдай әлеуметтік экономика саласында орын алса, ал саяси салада әділеттілік, демократия жоқ. Билік басында отырғандардың бәрі байлар. Халықтық сайлауға қалай бақылау қойылса да – бәрі бір билікке байлар ғана келеді. Соңында қоғам олигархиядан шыға алмайды».

«Осындай әділетсіз жағдайдан жұмысшыларды, шаруаларды, жалпы қарапайым еңбекшілерді құтқару, оларға саяси және әлеуметтік теңдік алып беру үшін, социалистік революция арқылы биліктің басындағы олигархтарды жойып, қоғамды буржуазиялық мемлекеттен босатып, жеке меншікті құртып, меншіктің мемлекеттік ғана түрін қалыптастырып, социализм, содан кейін коммунизм орнату керек. Осындай қоғамда ғана жан-жақты дамыған, еркін адам қалыптастыруға мүмкіншілік туады» - деп есептеді К.Маркс


Мәліметтер алынған дереккөз: Б.Өтемісов, Қ.Қарабала. Саясаттану: оқу құралы. – Ақтөбе, 2011. 

Идея және идеология ұғымдарының мәні Идея және идеология ұғымдарының мәні
«Идеология» деген ұғым гректің ideia және loqos деген сөздерінен шыққан. Идея – көзқарас, логос – ілім, ой. Ал идеология сөзінің мәні – «идея туралы
Саяси жүйе теориясының қалыптасуы Саяси жүйе теориясының қалыптасуы
Саяси ғылымда “саясат”, “саяси өмір”, “саяси құрылыс” деген ұғымдармен қатар “қоғамның саяси жүйесі” деген түсінік те кең орын алды. Бұл саланың
Саяси тәртіп (саяси режимдер) Саяси тәртіп (саяси режимдер)
“Саяси режим” ұғымы саяси билік проблемаларымен тікелей байланысты. Саяси режим (тәртіп) дегеніміз – мемлекеттік билікті жүзеге асырудың тәсілі,
Саяси және мемлекеттік билік Саяси және мемлекеттік билік
Саяси биліктің мазмұны мемлекеттік биліктен де кеңірек. Саяси билік – ол мемлекеттік биліктің құрамын қалыптастыратын жүйе. Саяси билікке жататындар:
Саяси білімнің маңызы Саяси білімнің маңызы
Саяси ғылымның басты мақсаттарының бірі - болашақ мамандарға саяси білім беру, олардың саяси мәдениетін жоғарылату. Бүгінгі күні саяси мәдениет
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×