Жастар порталы
Демократияның дамуындағы қазіргі кезеңдегі негізгі проблемалар
2 692 0 aiko

Демократияның дамуындағы қазіргі кезеңдегі негізгі проблемалар

Саясаттану

Қазіргі кезеңнің өзінде демократияның даму жолында көптеген проблемалар мен қиыншылықтар кездеседі, олардың алуан түрлі болатыны сондай, әрқайсысын жеке, нақты талдап толық түсінудің өзі мүмкін емес. Сол себептен бұл проблемаларды жүйелеп зерделейтін болсақ, негізгілері ретінде төрт проблеманы атауға болады.

Бірінші, демократияның теориялық проблемалары. Демократия –тарихи құбылыс. Бұл құбылыстың даму жолында алуан түрлі теориялар қалыптасты: антикалық теория, жаңа дәуірдің классикалық теориясы, соңғы ғасырлардың даму тәжірибесі. Осы теориялардың қалыптасуына мыңдаған жылдар бойы озық ойлы, данышпан ойшылдар ерінбей еңбек етіп, әрқайсысы өз үлестерін қосты. Адамзат тарихында оларды оқып-білу арқылы саяси білім мен тәжірибе жинақталды. Сондықтан демократияның теория ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін танып – білуде өткен замандардағы ғұлама ғалымдардың, данышпан ойшылдардың саралы саяси ой-пікірлерін оқып-үйренудің маңызы зор. Бірақ өкінішке орай, осы теориялық білімді игеру барысы қанағаттанарлық дәрежеде деп айту қиын. Бұл пікіріміздің дәлелі барлық ойшылдардың тұжырымдамаларын талдап бір ғана ақиқатты табу мүмкін емес екенін ескеру. Бұған бір ғана ойшылдың демократия туралы көзқарасын келтірсек, соның өзі де жетіп жатыр. Мысалы, Платон демократияны дамыту жөнінде мынадай ескерту жасаған: “Егер мемлекетте бұрын демократия болмаған болса, елге демократияны бір мезгілде, кенеттен енгізуге болмайды. Ал демократияны кенеттен жариялаған жағдайда, қоғам төмендегідей дағдарыстарға ұшырайды:

1) охлократияға (тобыр, жиынның билігі); 

2) хаосқа, (ретсіздік, бейберекеттік); 

3) заңсыздыққа; 

4) олигархтардың, лепірмелердің, көпірмелердің диктатурасына”.

Саяси теориядағы осындай тұжырымдардың бар екендігіне мойын бұрмай бұрынғы КСРО мемлекеттік саяси билігі 1987 жылы демократияны кенеттен жариялап жіберді де, 3 жылдың ішінде Кеңестер Одағы толық демократияға жетеді деп уәде берді. Бірақ іс жүзінде олай болмады, ел жоғарыда көрсетілген дағдарыстарға ұшырап, қарапайым халық басынан көптеген тар жолдар мен тайғақ кешулер өткерді. Аяғында КСРО-ның өзі ыдырап кетті.

Демократия дамуының келесі, екінші проблемасы – олигархия. Олигархия дегеніміз - билік ең бай адамдардың шағын тобының қолында болатын мемлекеттік басқару түрі. Олигархия көбінесе қоғамның ауыспалы кезеңдерінде пайда болып, революциядан, әртүрлі соғыстардан кейін, мемлекеттегі саяси режимінің алмасуына байланысты шығады. Осы кезеңдерде қоғамдағы экономикалық қиыншылықтар күшейеді. Бұл жағдай билікке таласты шиеленістіреді, себебі билік әрбір адам үшін өз тұрмысын жақсартудың көзі болып есептеледі. Осы таласта жеңіске жетіп билікке келетіндер бай адамдар тобы (олигархтар) болады. 

Қоғамды олигархиядан тазарту жолы – мемлекеттің экономикалық жағдайын жақсартып, кедейшілікті азайту. Олигархиядан құтылудың ең басты шарты – орташа тапты қалыптастыру.

Демократияның даму жолындағы үшінші проблема – партократия. Партократия дегеніміз – демократияға негізделмеген бір партияның билігі орнатылған мемлекеттік басқару түрі. Партократияның негізгі белгісі бір партия мемлекет билігіне қолы жеткеннен кейін басқа партиялардың билікке келуіне тыйым салады. Тіпті кейбір жағдайда қоғамда көппартиялылыққа тыйым салынады. Партократияның демократияға тигізетін зияндылығы - қоғамда әртүрлі саяси қозғалыстарға, саяси бірлестіктерге, қоғамдық ұйымдардың билікке араласуына жол бермейді. Қоғам билікте тұрған тек бір партияның ғана бағдарламасымен өмір сүруге мәжбүр болады. Ол партияның бағдарламасы жүзеге аспаған жағдайда мемлекет тоқырауға ұшырайды. Партократия бұрынғы Кеңес Одағында, барлық социалистік елдерде орын алды. Қазіргі уақытта Солтүстік Кореяда, Заирде, Ливияда және т.б. елдерде сақталып келеді.

Демократияның төртінші проблемасы – бюрократтық жүйе. (бюрократизм деген термин французша “вуrеау” – кеңсе, грекше “kratos”  деген сөздерден құралған кеңсе, канцелярия билігі деген түсінік).  Бюрократизм – қоғамдағы басқарушылар мен оларға бағыныштылардың арасында қалыптасатын өзіндік саяси жүйе. Осы екі топтың арасындағы қарым-қатынастар неғұрлым жетілмеген болса, соғұрлым демократияға зиянды әлеуметтік буындар күшейе түседі. Бюрократтық жүйенің демократияға зияндылығы ол мемлекеттің саяси жүйесі мекемелеріндегі, бір-бірімен сыбайлас қызметкерлер әртүрлі мемлекеттік орындарға қызметкерлерді жеке өздері тағайындауы. Мемлекеттік қызмет басшыларын сайлау, таңдаулы, қабілетті адамдарды билік іс басына әкелу тежеледі, демократиялық ұстанымға қарсы әрекеттер жасалады.

Демократияның даму жолындағы жоғарыда аталған проблемалар тек негізгілері. Ал күнделікті саяси өмірдегі қиыншылықтарды толық зерттеп – білу мүмкін емес. Бұл неліктен? Біз осы сұраққа жауап іздейтін болсақ, ең алдымен демократияның дамып келе жатқан үрдіс екендігін түсінеміз. Себебі, демократия белгілі бір деңгейге жетіп, дамуы тоқталатын процесс емес. Оған бірнеше дәлелдері бар. Мысалы, қазіргі дүние жүзіндегі мемлекеттердің тек үштен бірі ғана демократиялық мемлекеттер қатарына жатуы. Тағы бір дәлел – тарихтың әрбір кезеңінде демократияға деген көзқарас әртүрлі болды.

Демократияның қалыптасу тәсілдері, деңгейі ғасырдан ғасырға жетіп өзгеріп отырды. Мысалы, XVIII ғасырдағы дүние жүзіндегі демократиялық деңгейі ең жоғары мемлекет Америка Құрама Штаттары болып танылды. Бірақ ол уақытта АҚШ-та әйелдердің сайлауға қатысуға құқығы да болған жоқ, бұл елде нәсілдік шектеу, мүліктік ценз кеңінен орын алды. Қазіргі кезеңде бұндай мемлекет демократиялық мемлекеттің қатарына мүлде жатпайды.

Сондықтан демократия мәселелері барлық кезде саяси ғылымдардың назарынан тыс қалған жоқ, Олар қазіргі кезеңде де демократияның даму жолдарын, оның болашағын жан – жақты зерттеу үстінде. Мысалы, демократияның қазіргі кезеңдегі негізгі принципі – көпшілік қалауы. Бірақ кейбір ғалымдар бұл принципті көпшіліктің үстемдігі, тіпті диктаты деген пікір білдіріп, азшылықтың да еркін, құқын ойластыру керектігі жөнінде үлкен зерттеу жұмыстармен айналысуда.Сондықтан демократия проблемаларының қазіргі мәселелері болашақта да дамып, жетіліп отыруына толық сенім білдіруге болады.

Демократияның проблемалары да, кемшіліктері де көп, олар демократияның даму барысында әлі де бола бермек. Бірақ солай бола тұрса да, бұл саяси процесс адамзат дамуының бірден-бір қажетті жолы. Ағылшынның көп жылдар премьер-министрі болған Уинстон Черчильдің айтқанындай: «Демократияның көп кемшіліктері бар, бірақ оның ең құндылығы сонда – бұдан артықты бүгінге дейін ешкім ойлап тапқан жоқ»

Сонымен, қорыта келгенде, демократия алғашқыда түсінуге жеңіл, қарапайым мәселе сияқты болып көрінеді. Бірақ оның даму жолы өте күрделі, шытырман, себебі – демократия билікпен тікелей байланысты. Ал елдегі билік – ол әрбір адамның тағдырына әсер ететін құбылыс.Билік болған жерде, өкінішке орай, талас та болады. Американың әйгілі саясаттанушысы Талкотт Парсонстың айтқанындай: “экономикалық жүйеде ақша қандай орын алса, саяси жүйеде билік те сондай орын алады”. Халық осы билікті толығымен, шын мәнінде өз қолына алса, міне сонда ғана демократия ең жоғарғы даму деңгейіне, шыңына жетті деп айтуға болады.


Мәліметтер алынған дереккөз: Б.Өтемісов, Қ.Қарабала. Саясаттану: оқу құралы. – Ақтөбе, 2011. 

Демократиялық мемлекеттің мәні және негізгі белгілері Демократиялық мемлекеттің мәні және негізгі
Демократия мәселесі - саясаттанудағы негізгі тақырыптардың бірі. Оның себебі, біз жоғарыда айтқанымыздай, саяси ғылымның, яғни саясаттанудың кілті
Саясат ұғымы Саясат ұғымы
«Саясат» ұғымын түсінудің екі негізі бар. Бірінші негізі ежелгі гректің «politike» ұғымы (мемлекетті басқару өнері) деген мағнаны білдіреді. «Саясат»
Саяси ғылымның объектісі және оның зерттеу тәсілдері Саяси ғылымның объектісі және оның зерттеу
Саяси ғылымның объектісі - қоғамның саяси саласы және ондағы саяси құбылыстар мен процестер. Дегенмен, қоғамның саяси саласын тек саясаттану ғана
Мемлекет және дін арасындағы қатынастардың қалыптасуы Мемлекет және дін арасындағы қатынастардың
Дін – бұл әлемдік тарихтағы қол жетімді деректерге қарағанда, адамзат баласы пайда болғалы бері ең көне және әмбебап қоғамдық сана болып табылады.
Саясаттанудың пәні Саясаттанудың пәні
Саяси ғылым да басқа ғылым салалары секілді қоғамдық ғылымдармен тұтастықта және философиямен ара-жігі ажырамаған антикалық (ежелгі) саяси-әлеуметтік
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×