Жастар порталы
XVIII ғ. Еуропадағы ағартушылық философия (Вольтер, Гольбах, Дидро, Руссо және т.б.)
751 0 aiko

XVIII ғ. Еуропадағы ағартушылық философия (Вольтер, Гольбах, Дидро, Руссо және

Философия

XVIII ғасырды Еуропада Ағартушылық дәуір деп атайды. Ағылшын, неміс, француз, орыс, қазақ халықтарының өзінің Ағартушылық дәуірі бар. Жалпы алғанда ол феодалдық қоғамға қарсы бағытталып, орта таптың, соның ішінде жас, прогрессивті буржуазияның мүддесін қорғады және негіздеді. Бірақ ағартушылық әр елде әр түрлі сипатта болды. Бұл кезеңнің ойшылдары сол кездегі тәртіпті сынға алды, әлеуметтік дамуда оқу мен білімнің және тәрбиенің шешуші рөл атқаратынын негіздеуге тырысып, «барлық қайғы-қасіреттің себебі мен адамдардың бақытсыздығы олардың надандығынан» деді (Гельвеций). Олар XVII ғасырдың метафизикасынан бас тартып, тұрмыстық мәселелермен айналысқандықтан да өзінің назарын XVIIІ ғасырдағы материалистік теорияларға аударды. Олардың мақсаты элитарлық білім емес, халықтың практикалық өмірін жетілдіру және жақсарту. «Бұл  өмір жердегі өмірге, қарапайым адамның рақаты мен қызығушылықтарын бағытталған. Антитеологиялық, антиметафизикалық, материалистік практикада олар антитеологиялық, антиметафизикалық, материалистік теорияларға сәйкестендірілуі керек» (К. Маркс).

Еуропадағы ағартушылықтың отаны – Англия (Бэкон, Локк, Гоббс, Юм және т.б.). Еуропадағы классикалық ағартушылық философияның негізін қалағандар Дидро, Д. Аламбер, Вольтер, Монтескье, Руссо болды.

Олар прогресс идеясын негіздеді, ғылым мен философияның жетістіктерін көпшілікке танытты, 30 жылға жуық уақыт бойы 35 томдық «Энциклопедия немесе ғылым тілі мен өнердің, кәсіптің түсіндірме сөздігін» шығарумен айналысты. Дидро «Энциклопедияның» бас редакторы әрі идеялық қолдаушысы болды. Өзінің соредакторы – математик әрі философ Аламбермен бірге бұл жобаға Вольтерді, Тюргоны, Руссоны, Монтескьені, Гольбахты, танымал жаратылыстанушылар Бюффон мен Добантонды және дәуірдің басқа да көптеген танымал қайраткерлерін тартты.

Бұл дәуірдің ең көрнекті өкілі Шарль Луи Монтескье (1689-1755 жж.) болды, ол табиғи факторларға сүйене отырып, қоғамның мәні мен генезисін түсіндіріп беруге тырысты. Сондай-ақ, «Әлеуметтанудағы географиялық бағыттың» негізін қалаушылардың бірі болды. Халықтың мінез-құлқы, оны басқарудың жолдары мен заңдары, Монтескьенің ойынша, сол халық өмір сүріп отырған жердің аумағына, топырағына, ауасына байланысты.

«Заңдардың рухы туралы» еңбегінде ол «табиғи» және «позитивті» заңдардың түрін анықтайды. Мысалы, әлем табиғи заң болса да, адамдардың бірін-бірі таптау сезімін тудырмайды, бірақ олар сонда да өзін-өзі «толық» және өзгелермен тең сезінбейді. Позитивтік заңдар адамдардың (халықаралық құқық), билік пен оның қол астындағылардың (қоғамдық, саяси және азаматтық құқық) арасындағы қатынастарды реттейді. Қоғамның қызмет ету, даму заңдары табиғи ортаға, яғни табиғаты мен климатына байланысты болады.

Монтескье биліктің үш тармағын – заң шығарушы, атқарушы және сот биліктердің арасындағы міндеттерді теңестіріп, аражігін ажырату керектігін негіздеуді алғашқылардың бірі болып ұсынды. Оның ілімінің логикалық соңы XVII ғасырдың соңында Францияның конституциялық актілерінде, 1787 жылы АҚШ-тың Конституциясында көрініс тапты.

Вольтер (Франсуа Мари Аруэ) (1694-1778 жж.) философияны әлемнің ақылға сыйымсыз жақтарымен күресу құралы деп түсіндіреі. Оның басты философиялық шығармалары «Фиолософиялық хаттар», «Ньютон философиясының негіздері», «Философиялық сөздік», «Кандид» деп аталады.

Қоғам, адам және бостандық мәселелерін қарастыруда теңдік деп заң мен құқық алдындағы теңдікті айтады. Өзінің «Философиялық сөздігінде» Вольтер еркіндік ұғымын еріктің еркіндігі деп түсіндіреді, ол жүйелі, мақсатпен жасалған әлемдегі тәртіпсіздіктерге жол береді дейді. Вольтер шіркеуді және феодалдық тәртіпті сатаң сынға алып, XVIII ғасырдың соңындағы француз буржуазиялық революциясының идеологиялық дайындығын шыңдаған ойшылдардың бірі болды.

Философияда Вольтер Локктың сенсуализмін жалғастырып, оның ізбасары болды. Тәжірибе – таным көзі деп есептеді. Сондай-ақ, ол белгілі бір деңгейде агностик те, деист те болды. Вольтер Құдайдың бар екенін рационалды жолмен дәлелдеуге тырысты, ал бұл сыр ақтару туралы діни-мистикалық ілімге қайшы келетін еді. Құдайдың болмысын әлемнің қатаң жаратылысымен дәлелдейді. Ол діннің «практикалық» пайдасын ғана мойындайды, себебі дін «қарапайым халықты» тізгіндеп ұстау үшін ғана керек, сондай-ақ ол «тәртіптің» де кепілі деді. Сонымен бірге, Вольтер католицизмге, ырымға, ескі нанымға, фанатизмге қарсы күресті. Оның философиясының қайшылықты жақтары көп болды: католицизмді түбірімен сынай отырып, Құдайдың бар екенін және діннің қажеттілігін мойындайы; абсолютизмді сынайды да, «ағартушылық абсолютизмді» қолдайды. Вольтер ірі буржуазияның идеологы болды, себебі теңсіздік мәңгілік бола береді және ол әлемнің мызғымас заңы деп есептеді.

Жан Жак Руссо (1712-1778 жж.) – француз философы, ағартушысы, моралист, жазушы. Ол әлеуметтік әділетсіздік орын алған қоғамдағы көзқарастарға бірден қарсы болды. Прогресс, адамға және табиғатқа табыну (адам және табиғат культі) ұғымдарын негіздеді; «мінсіз мораль» (идеалды) және «тәрбиенің мінсіз жолы» тұжырымдамасын; «қоғамдық келісім» идеясын ұсынды.

Оның шығармашылығында адамдардың теңсіздігіне ерекше мән берілді және әлеуметтік теңсіздіктің қарапайым адамға тигізетін залалынан қалай арылуға болады деген сұрақтың жауабын іздеді. «Ғылымның әдет-ғұрыпқа әсері» деп аталатын еңбегінде өркениеттің, ғылымның және өнердің дамуы адамды табиғаттан алшақтатып жіберді деп жазды. Ғылым мен мәдениет жасанды қажеттіліктерді туғызады да, адамды шын болмысында «болу»-ға емес, соған «ұқсату»-ға итермелейді. Адамдар әуел бастан теңсіз болып жаратылмайды, ол «материалдық бөліністің нәтижесінде» пайда болады. Ол – жеке меншіктің пайда болу салдарының көрінісі (ең алдымен жерге меншіктің пайда болуынан) деді.

Руссо теңсіздіктің үш түрін көрсетеді – физикалық, материалдық (мүліктік), саяси. Меншіктің бұл үш түрінің үшеуі де «табиғи жат және өте жиіркенішті». Әр азаматтың мүддесін қорғап, бейбітшіліктің кепілі болу үшін дүниеге келген мемлекеттің пайда болуымен теңсіздік одан сайын ұлғая түсті. Билеуші заңды да, халықты да алдап, билік билік емес, шоқпарға (деспотизм) айналғанда «теңсіздіктің үшінші сатысы» пайда болады. Бұл жағдайды Руссо «адам заңсыздығының теңдігі» деп атайды. Ол барлық адамдар тең, адамгершіліктері бұзылмаған «табиғи қоғам болса» деп армандайды. Себебі «меншік жоқ жерде, теңсіздік те болмайды» деп есептеді. Бұл жағдайдан шығудың бір жолын көрді – өркениеттің ұсынған игіліктерінен бас тартып, өмірдің алғашқы табиғи бастауына оралу керек деді. Өйткені өркениеттің игіліктері адамдардың физикалық әрі адами  болмысын бұзады және мүгедек қылады. Руссо «Табиғатқа бет бұр!» деген ұран тастады.

«Қоғамдық келісім» еңбегінде мемлекеттің пайда болуы «байлардың келісімі» арқылы пайда болды деді. Олай болса, деспотизмнен қалай құтылуға болады? Бұл мәселені ағартушы билікті демократияландыру арқылы, яғни халықты заң шығару қызметіне араластыру арқылы шешуді ұсынады. Тек сонда ғана мемлекет өзінің міндеттерін тікелей атқаратын болады – қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, өз азаматтарының теңсіздігі мен бостандығын қаматамасыз етеді. Оған жету үшін азаматтар екі жақтың да құқықтары мен міндеттері көрсетілген «қоғамдық келісімге» келулері тиіс.

«Эмиль немесе тәрбие туралы» деп аталатын еңбегінде Руссо тәрбиенің ескі феодалдық-таптық жүйесін қатаң сынға алды. Ол тәрбиенің мақсаты адамгершілігі жоғары, зиянды кеселдерден таза, еңбекті қадірлейтін белсенді азамат тәрбиелеу деп біледі. Өзге де ағартушылар секілді Руссо тәрбиенің қоғам өміріндегі мәнін бәрінен де жоғары қойды, оның мәнін «жаңа адам» қалыптастырудағы және басты моральдық, әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлімен түсіндірді.

Дени Дидро (1713-1784 жж.) Ламетри, Гольбах, Гельвеция және басқа да француз материалистерімен пікірлес болды, олар өз зерттеулерінде ағылшын эмпирик ғалымдарының физикадағы, математикадағы, астрономиядағы, жалпы жаратылыстану ғылымдарындағы жетістіктерін кеңінен пайдаланды. Ол үш онжылдық қатарынан жалғасқан кең ауқымды ағартушылық жобаға – «Энциклопедия немесе ғылым тілі мен өнердің, кәсіптің түсіндірме сөздігін» жариялау ісіне дем беріп, идеялық қозғау салды.

Дидро зерттеулерінде феодалдық қоғамның «адамның ақылына сыймайтын» ескі көзқарастарын сынаумен бірге, таным мен өнер теориясы, дін мен этика мәселелеріне де өзінің назарын аударды.

Дидроның философиялық көзқарастары «Табиғатты түсіндіру туралы толғамдар», «Д`Аламбердің Дидромен әңгімесі» және «Материя мен қозғалыстың философиялық қағидалары» атты еңбектерінен анық көрінеді.

Өзін француз ағартушыларының ізбасарымын деп жариялаған ІІ Екатеринаның шақыруымен Дидро Ресейде 1 жыл болады. Мемлекеттік заңдарды шығару және қабылдау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, крепостнойлық құқықты жою, Ресей университетін ашу жөніндегі мәселелерде ол күн сайын патшайымға өзінің ақыл-кеңесін беріп отырды. Екатеринаға «Ресейде халықпен сайланатын парламентке құрылған конституциялық монархия орнату» жөніндегі өзінің жобасын ұсынды. Бірақ «патшайымның көзін ашқысы келген» ағартушының әрекеті сәтсіз аяқталды. Оның жобалары жақсы қабылданғанмен, Адмиралтействоның архивінде шаңға көміліп қала берді. Осыған қарағанда, ол жобалар күнінен бұрын дүниеге келген сияқты. Үлкен өзгерістер енгізу үшін жақсы ниет, ынта-ықылас таныту тым жеткіліксіз еді.

Дидро мәңгілік шексіздік, материалдық тұтастық пен әлемнің дамуы туралы идеяларын негіздеді. Сана (ойлау) мен болмыс (шындық) бір-біріне қарама-қарсы болғанмен, екеуі біртұтастықты құрайды, себебі екеуі де бір субстанцияның – материяның атрибуты болып табылады деді. Дидроның ойынша, болмыс тек материя мен қозғалысқа ғана тән болып келеді. Табиғат материалды, ол барлығының субстанциясы, яки негізі болып табылады. Сезімділік – бейорганикалық табиғаттың белгісін көрсетеді. Бүкіл әлем белгілі бір деңгейде жанды болып келеді. Материяға белсенділік, қозғалыс тән болса, абсолюттік тыныштық – бұл дерексіз және ол табиғатта жоқ. Сол сияқты рухани субстанция да табиғатта жоқ, ол жеке адамнан тыс қаралғанда ғана рухани болады.

Таным теориясы мәселесінде Дидро өзінің замандастары секілді «сезімділік пен ойлаудың арасында ешқандай айырмашылық жоқ» деген пікірде болды. Ал білімнің көзі – әсерлену, ойлау дегеніміздің өзі «өңделген әсерлер» деді. Біздің миымызда ойдың пайда болуына сөз әсер етеді, сөз шындық өмірді жинақтап тұрған «тетіктер» секілді қызмет атқарады. Ол заттардың жекелеген қасиеттерін дерексіздендіріп, ойлаушының назарын жалпыға аударады және бұл қасиет сөздердің басым көпшілігіне тән болып келеді.

Дидро сезімдік қабылдау мен ойлаудың арасындағы байланыс пен бірлікті анықтай келіп, «деректерсіз ойлау қажетсіз алып-сатарлыққа, ал ақылмен өңделмеген көп дерек хаосқа әкеледі» деді. Басқалай айтқанда, білімнің тұрақтылығы табиғатпен, өмірлік тәжірибемен және осы тәжірибенің негізінде ойқорытындылар жасау қабілетімен байланысты анықталады.

Діни мораль қағидаларын теріске шығара отырып, Дидро адамдардың бақытқа деген ұмтылысын адамгершілік әрекетке негіз етті. Ол адамның жеке мүддесі мен қоғамдық мүдделерді ақылмен үйлестіруді насихаттады. Табиғатты материалдық тұрғыдан түсіндірсе де, осынау ұлы «энциклопедист», білгір оқымысты қоғамдық қатынастар турасындағы көзқарастарында қиялшыл-идеалист, яки утопист-идеалист болып қала берді. Қоғамның құрылысын ол қоғамның саяси ұйымдасуына тәуелділікте қарастырды. Ал қоғамның саяси ұйымдасу ерекшелігі ондағы заңнамалардан, түптеп келгенде, қоғамдағы үстем етуші идеялардан көрінеді. Байсалды қоғам құрудағы жалғыз үміт-арманын «білімді басшыға» артып қойды.

Шафтсберидің «Лайықты еңбек және рақымшыл жандар туралы зерттеулер» атты еңбегінің аудармасына қатысты ойларында Дидро діншіл католик ретінде көрінбейді. Ол кейбір мәселелерде өзінің атеистік көзқарастарын білдірген, дінге деген жалаң сенім оны ұстанушыларға рақымшылық пен адамгершілік әкелетініне күмән келтіреді.

Гельвеций Клод Адриан (1715-1771 жж.) – XVIII ғасырдағы француз материализмі мен атеизмінің аса көрнекті өкілі, Франциядағы буржуазиялық революция қайраткерлерінің идеялық көсемдерінің бірі, «Ақыл туралы», «Адам туралы» деп аталатын еңбектердің авторы. К.Маркс ол туралы: Локктың сенсуализм туралы ойларын жалғастырған бұл еңбектерде «материализм шын мәнісінде француздық мінезге, сипатқа ие болды» деген болатын. Барлық адамға қабілеттің табиғи тең берілетіні, ақылдың жетістіктері мен өнеркәсіп жетістіктерінің бірлігі және тәрбиенің құдіретіне сенім арту – оның ілімінің ең маңызды тұсы болып табылады. Жеке адамның мүддесі мен ықыласын дұрыс түсіну – ойшылдың барлық моральдық көзқарастарына негіз болған.

Гельвеций материалдық болмысты ғана мойындайды. Әлем, Гельвецийдің ойынша, «қозғалмалы материядан басқа ештеңе де емес, ал уақыт пен кеңістік – материяның өмір сүру формасы». Ламетридің және Гольбахтың ізімен, Гельвеций де адамды табиғаттағы жалпы жүйелердің бірі ретінде анықтап, оны табиғи тіршілік иесі деп атайды. Адам туралы негізделген тұжырымдары үшін Париж парламенті Гельвецийдің «Адам туралы» деп аталатын басты еңбегін отқа жағуға үкім шығарды.

Еркін ойлауға қарсы ушыққан репрессия Гельвецийдің зерттеулеріне тосқауыл бола алмады. Адамның миында пайда болатын елестер мен ұғымдарды ол материалдық шындыққа қатысына қарай екінші орынға қояды. Гельвеций нағыз атеист болды, ол Құдайға сену бір адамдардың мәдениетсіз, көргенсіз әрекеттерінің нәтижесі және олардың екінші бір адамдарды саналы түрде алдауға баруы деп түсіндірді.

Ламетри Жюльен Оффрэ (1709-1751 жж.) XVIII ғасырдың соңында француз буржуазиялық революциясының идеялық пісіп жетілуіне аса зор үлес қосты. «Қасиетті отбасы» еңбегінде айтқан батыл ойлары үшін Маркс Ламетриді Декарттың «физикасынан» өсіп-өнген бағыт беруші «орталық» деп атаған болатын.

Ламетри патша гвардиясында дәрігер болып қызмет етті, әскери амалдарға қатысып, ақыры ауруға шалдығады. Зерттеуші ретінде өзінің ауруына бақылау жүргізе келіп, адамның психикалық саулығы физиологиясымен байланысты болады деген тұжырым жасайды. Тұжырымын дамыта келе, Ламетри оның философиялық негіздерін толықтырды, жалғыз субстанция – материя бола алатындығы жөнінде өзінің идеясын ұсынды. «Жанның жаратылыс тарихы» жөніндегі алғашқы философиялық еңбегінде ол осы ойларын жинақтап, Жаңа дәуірдің материалистік идеяларын дамытуға негіз қалады. Бұл еңбек те, автор да дінге және идеализмге дұшпандықпен қарағаны үшін қуғынға ұшырады.

Жаратылыстану ғылымдарының нәтижелеріне сүйене отырып, Ламетри өзінің «Адам-машина» атты екінші еңбегінде механистік материализмнің басты ұстанымдарының негізін қалады. Басқа француз материалистері сияқты Ламетри де Декарттың физикасы мен Локктың сенсуализмін әрі қарай дамытты. «Жан» деп адамның сезу және ойлау қабілетін түсінді және сезім күнделікті өмірге ең сенімді жетекші бола алатынын айтты. Қоғамдық құбылыстарды түсіндіруде, әлеуметтік өмірдің қандай болмағы адамдардың мүдделері мен тілек-қалауларына байланысты, ал ол қоғамдағы үстем идеяларға тәуелді болады деген пікірді ұстанды.

Гольбах Поль Анри (1723- 1789 жж.) – француз буржуазиялық революциясының идеологы, «Энциклопедияны» жасауға қатысқандардың бірі, «Табиғат жүйесі» атты кітаптың авторы. Гольбах табиғатты барлық тірі нәрсенің себебі деп түсіндіреді. Оның пікірінше, материя – бұл объективтік шындық, ол адамның сезім органдарына әсер етеді. Гольбахтың зерттеулерінің үлкен жетістігі қозғалысты материяның ажырамас атрибуты деп түсіндіруінде.

Сонымен, ғылымның дамуы адамдарды білімсіздік пен тәрбиесіздіктен құтқарудың кепілі бола алмайтынын ағартушылардың пайымдаулары көрсетті. Адамдардың барлығын, тіпті монархты да, патшаны да білім мен ағарту ғана адамдардың әлеуметтік теңдігі мен еркіндігіне және бауырластығына құрылған әлеуметтік прогреске жол ашады.


Мәліметтер алынған дереккөз: В.Ф. Петрова, М.Ш. Хасанов, Б.А. Джаамбаева. Философия. Оқулық. – Алматы, 2011. – 291 б.

Чарвака (локаята) Чарвака (локаята)
Чарвака мектебі (локаята) өзінің материалистік көзқарастарында анағұрлым өз жолын ұстаушы. Бұл оқу өз бастауын көне дана Локидің ұлы, Құдайлар
Жаңа дәуір (заман) философиясы Жаңа дәуір (заман) философиясы
Жаңа дәуір (заман) философиясы
Жастар саясатын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныс Жастар саясатын жүзеге асыруға уәкілетті
I. Ағартушылық блок.  Жастардың дін саласындағы сауаттылығын мақсатты түрде арттыру мемлекеттік жастар саясатының аса маңызды бағыттарының бірі болуы
Ағарту заманы философиясындағы қауіпсіздік жөніндегі түсініктер Ағарту заманы философиясындағы қауіпсіздік
Ағарту дәуірінде өмірдің қауіпсіз шарттарын интеллектуалды тануға ерекше көңіл бөлінді. Өйткені, жеке ағартушылар санасына сенген адамның еркіндігі,
Мемлекет пен діни ұйымдар қатынасын реттеу дәстүрлері Мемлекет пен діни ұйымдар қатынасын реттеу
Жалпылай алғанда, қазіргі таңда мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынастарын реттеудің кеңінен таралған екі құқықтық дәстүрі қалыптасты: олар
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×