
Ежелгі Шығыс философиялық ілімдеріндегі қауіпсіздік, ұлттық қауіпсіздік түсінігі
Ежелгі Шығыстағы әлеуметтік-экономикалық мәдениеттің консервативтілігіне байланысты алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі анимистикалық қатынастар сақталды. Мәселен, «Ригведаның» мәтіндерінде ежелгі үнділіктер үшін қауіп мол құбылыстар мен табиғат процестері сипатталды. Аталмыш мәтіндерде ведалық құндылықтар растығы мен қорғаныс күштеріне күмән тудыратын тұстары да кездеседі.
Ежелгі Шығыстағы қытай мәдениеті әлемдегі ең ежелгі және бай мәдениеттердің бірі саналады. Мыңжылдықтар тамырымен бойлаған мәдениет дәстүр мен консерватизммен бір ізділігін танытып отыр. Ежелгі дүниеде қалыптасқан рухани құндылықтар әлі де қытайлықтар дүниетанымымен тығыз байланысты және олардың өмірге көзқарастарын айқындайды. Бүгінгі таңдағы Қытайдың экономикалық даму кезенде дәстүрлі құндылықтар жоғалмай, заманауи нарықтық құндылықтар шеңберінде және даму жолдары иеленуде.
Қытайлықтардың ежелгі дәуірдегі дүниетанымы әлеуметтік бағытта сипатталады. Ежелгі дәуірдегі қытай ойларының басты бағыттары қоғам, оның ұйымдастырылуы, құрылымы және қызмет етуіне негізделеді. Конфуций ілімдерінен бастау алатын қоғам және адам мәселесі қытай философиясының негізгі тақырыбы. Оның бастамасымен құрылған әлеуметтік нормалар мен қағидаттар негізгі теориялық білімнің қалыптасуына ықпал жасады. Өз кезегінде әлеуметтік принциптер адамда таңдау негізі бойынша танылады.
Б.э.д I мыңжылдықтың басында жазылған «Тарих кітабында» («Шу цзин») материалдық әлем бес бастаудан тұрады: су, от, ағаш, металл, жер. Б.э.д III ғасырда өмір сүрген Цзоу Ян ілімдерінде осы бөлшектер әлемнің дамуындағы негіз болып табылады және диалектикалық өзара байланыс қалыптастырады. Жалпы ежелгі қытай ілімдерінің ішінде ерекше орынды Хань дәуірінен бастап Қытайдың дәстүрлі әлеуметтік құрылымдар негізін қалаған конфуцийшілдік және ресми түрде оппозициялық әлеуметтік ұйым ретінде даосизмді көрсетеміз. Конфуций ілімдерінің кейбір кемшіліктерін көрсете білген даосизм шын мәнісінде салмақты қарсылық танытты. Сондықтан ежелгі Қытай философиясының әлеуметтік қауіптердің шығу тегін, оның салдарынан болатын бақытсыздықтар және қарсылық білдіру тәсілдерін түсіндіруге талпыныс бар екенін байқауға болады. Танымал Қытай философы Сюнь-цзы атап көрсеткендей, адам қатігездік табиғатына ие. Адам жанындағы жақсылық – сәтімен алынған қасиет. Демек, дао қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және кепілдік беретін табиғаттың көзге көрінбейтін, жалпылама жаратылыс заңы.
Мәліметтер алынған дереккөз: Абдигалиева Г.К., Қалдыбай Қ.Қ., Абдрасилов Т.Қ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршы. Философия, мəдениеттану, саясаттану сериясы. №3 (44). 2013




