Жастар порталы
Неміс классикасындағы иррационалистік сын: Гегельден Иов пен Авраамға дейін
137 0 aiko

Неміс классикасындағы иррационалистік сын: Гегельден Иов пен Авраамға дейін

Философия

Сѐрен Кьеркегор (1813-1855 жж.) – дат теологы, жазушы әрі философ, өзінің еңбектерінде Декартпен, Кантпен, Лейбницпен және Гегельмен пікірталасқа түседі. Ол шығармаларында антикалық философия туралы тамсана жазады. Ол әсіресе Сократқа ерекше бас иеді. Бірақ Кьеркегорге шынайы шабыт берген бәрінен бұрын Тәңірінің Сөзі мен догматика болатын.

Кьеркегор – философия тарихында «классикалық раионализмге және механистік жаратылыстану дағдарысына қарсы бағытта дүниеге келген «өмір философиясы» бағытының негізін салушылардың бірі.

Бұл кезеңде рационалдық философия Батыс Еуропада түбегейлі қалыптасқан болатын. Гегелдің көпшілікке танымал философиялық басты еңбектері де осы кезеңде жазылып еді. Рационализм ғылымға, мәдениетке, этикаға, тұрмысқа тіпті христиандықтың догмаларына қарамастан дінге де түптеп енген еді. Гегельдің осы танымал классикалық рационализмінен Кьеркегор «Иов пен Авраамға» келді. Ол Гегельдің философиясындағы әлемдік рух пен таза ой түріндегі жалпының абсолюттілігін біртіндеп ысырды да, оны адамның қарапайым жүрегі түріндегі жекемен алмастырды. Інжілдегі кейіпкер Иов осы жекенің жалпыланған образы болды.

Рационалист-философтардан айырмашылығы, Кьеркегор әлемнің метафизакалық «бейнесін» жасауға тырыспайды, ешқандай философиялық жүйелерді жасамайды. Л.Шестовтың ойынша, ол болмысты бұрыннан қалыптасқан жолмен – онтологиялық талдаудан бас тартып, назарын тұлғаның бірегей болмысы жөніндегі терең сезімдерге бұрды. Кьеркегор «әлемдік эволюцияның басты мақсатын әрі мәнін» адамнан іздеді. Адам шектелулілік пен шектеусіздіктің, уақытша мен мәңгіліктің, еркіндік пен қажеттіліктің, Рух пен индивидтің («Мен») синтезі деді. Осы қарама-қайшылықтардың синтезі салдары кез келген адамдағы «Меннің» әрдайым қорқынышын туғызып, торықтырады. Индивидтің өзіндік санасы жоғары болған сайын, оның беймәлім болмыс алдындағы қорқынышы мен торығуы да ұлғая түседі.

Балықшы балықшыны алыстан таниды демекші, діндар адамды атеист емес, тек діндар ғана таниды. Сенімнің не екенін түсіндіре отырып, Кьеркегор тек Құдайға деген сенім ғана адамды өзін құтқара алады деді. «Егер адам мәңгілік санаға ие болмай, барлығының бастапқы негізінде тек тылсым күш қана бар деп есептелінгенде, бұл күш беймәлім қорқыныш туғызып, ол алып-кіші нәрселердің пайда болуына әкелетін еді. Егер барлығының негізінде түпсіздік болып, ондағы түпсіздіктің орнын ештеңемен толтыра алмайтын болса, өмір торығу болмағанда не болады?». Кьеркегордың барлық шығармалары нақ осы идеяға негізделген.

Кьеркегор дәстүрлі философиядағы «категориялық тыйымдарды (императив)» алып тастауға тырысты. Себебі ондағы адамгершілік кодекстер жалпылану үстінде болатын. Оның басты жетістігі – философияны адамға қарай бұруында, «адам мәселелерін» көтеруінде, субъективтік болмыс (экзистенция) болмыс мәселелерін қарастыруында. Адам дегеніміз – бұл еркіндік, сол себепті ол өзіне-өзі төре, өзінің еркіндігін өзі анықтайды деді.

Кьеркегордың субъектілік басты ұстанымы – Entweder – Oder («иә – болмаса») ұстанымы болып табылады, себебі адам өзінің «таңдауын» өзі жасауы тиіс. «Менге» қатысты «иә мен болмаса» жақсылық пен жамандықтың біреуін таңдау дегенді білдірмейді, жақсылық пен жамандықтың екеуінің бірдей таңдауға түсетінін білдіреді. Мәселе жақсылық пен жамандықтың екеуінің бірін таңдауда емес, таңдаудағы ізгі ниеттілікте, ол жақсылық пен жамандыққа өлшем болатын негіз». Ол өзінің «Иә-болмаса» деп аталатын еңбегінде осылай жазады. Ал Гегельдің философиясы болса, адамның таңдау мүмкіндігін шектейді, сөйтіп адамды ең басты құндылығы – еркіндігінен «айырады».

Кьеркегор Гегельдің білім мен сенімді ымыраластыруға тырысқанына қарсы болды. Сенім – парадокс, оны әдеттегідей түсіндіру мүмкін емес, сенім түсіндірілетін нәрсе емес деп ойлады. Тертуллианның ұсынған «Сенемін, себебі ақылға қонбайды» деген сенім формуласы оны толық жеткізіп тұр. Бұл парадоксте «жеке индивид тұлға ретінде абсолютпен абсолютті қатынаста» деп пайымдады. Адам сенім арқылы жалпыдан да жоғары деңгейге көтеріледі, себебі сенімді жалпы арқылы түсіндіру мүмкін емес. Индивидтің «Мені» нақ осы тұста айқын көрінеді.

«Қорқыныш пен абыржу» деп аталатын еңбегінің алғы сөзінде Кьеркегор адамзат ақыл-ойының мыңдаған жылдар бойы жинаған жетістіктеріне мектеп табалдырығынан бастап-ақ күмәнмен қарайтын «алыпсатар регистраторларды», алыпсатар философияны қатаң сынның астына алады. Өздерінің «танымын» сенімнен бастайтын олар, «қас қағым сәтте» оны кері ысырып қойып, Декарт сияқты атақты адамдарға иек арту арқылы барлығына күмән туғызуын жалғастыра береді деді. Бұл айтқан пайымдауларынан Кьеркегордың заманауи көзқарасын көруге болады: ол танымда бос әурешілікке, талғаусыздыққа және асығыстыққа жол берілмейтінін, адамның шынайы болмысы мен биік мақсаттары барын ескертеді.

«Қорқыныш пен абыржу» шығармасының сюжеттік желісі Авраам хақындағы көне тағылымды өсиет әңгімелерге құрылған. «Құдай адамды еліктіріп, азғырды... Құдай Авраамға: өзіңнің сүйікті жалғыз ұлың Исаакты ал да, Мориа жеріне бар, ол жерде Мен айтқан тауға барып, ұлыңды отқа жақ» деді» (қараңыз. Болмыс 22.1-2). Авраамның әрекеті этикалық жағынан алғанда өз ұлын өлтіру болып есептелгенмен, діни жағынан оны құрбандыққа шалу болып саналады.

Кьеркегор Авраамның әрекетінің себебін жақын түсіну үшін жанының қозғалысын бақылауға тырысады. Құдай Исаакты иә босатады, иә болмаса «құрбандыққа кеткен Исаактың орнына Жаңа Исаакты» береді деп сенді. Кьеркегор Авраамды нағыз сенімнің серісі ретінде бейнелейді. Сенімнің серісі өзін-өзі талай рет құрбандыққа шалу арқылы өзінің ішкі тілек-қалауын рухани жүзеге асырады, сөйтіп сенім арқылы шексіздікке қол жеткізеді. Шын мәнісінде, адам сенім арқылы «шексіздік алдында өзінің шектеулілігінен» туған сезімді жеңіп, мойынсұнады. Осылайша, Авраам хақындағы оқиғаларда сенім парадоксы және оның мәні ашылады: «сенім парадоксы мынада: ішкі дүние сыртқы дүниеден де жоғары» деп көрсетті.

«Қорқыныш пен абыржу» еңбегіндегі Кьеркегордың көтерген екінші мәселесін былайша беруге болады: «Құдайға абсолюттік парыз болу мүмкін бе?». Бұл жерде де парадокс туындайды. Этика дегеніміз – бұл жалпыланған, сол сияқты Құдай турасындағы ойлар да жалпыланған. Сондықтан кез келген парыз түптің-түбінде Құдай алдындағы парызың болып саналады. Жақын адамды сүю әр адамға парыз – сол сияқты Құдай алдындағы да парызың. Алайда адам бұл жерде Құдаймен қарым-қатынасқа түспейді, ол өзіне жақын адамымен қатынасады. Сол себепті кімде-кім Құдайды сүю менің парызым десе, ол қайталанғандық болып есептеледі («майлы май» деген сияқты қайталау болады). Бұл жерде этика назардан тыс қалды деген ой туындауы мүмкін, алайда бұл олай емес. Сенім арқылы этика басқаша, терең сипат алады.

Кьеркегор өзінің шығармашылығында әр адамның бойында болатын қорқынышқа, оның мәніне христиандық тұрғыдан түсінік береді. Осы мәселеге арналған «Қорқыныш туралы түсінік» деген еңбегі формасы жағынан дидактикалық туынды. Ол осы шығармасын кекесінмен шығармаларының ішіндегі «ең жеңіл ұғынылатыны» деп көрсетеді. Онда қорқынышқа бастау болған алғашқы күнә туралы мәселе қарастырылады. Құдайдың пендесі Адамның күнәсі арқылы күнә әлемге енді, ал әр адамның күнәсі арқылы қорқыныш әрбір индивидтің санасына енеді. Бірақ қорқыныш күнәға әкелуі де мүмкін. Ең алғашқы күні – Адамның жасаған күнәсі қорқынышпен бірге өлімге баратын жолды да айқындады.

Кьеркегордың философиясы ХХ ғасырда ғана қайта жаңғыра бастады. Дат философының ойлары Мартин Хайдеггердің, Карл Ясперстің, Лев Шестовтың, Жан Поль Сартрдың, Альбер Камюдің шығармашылығының зор әсер етті. Оны өмір философиясының және «экзистенциализм бастауларының» жаршысы болды деуге әбден болады.


Мәліметтер алынған дереккөз: В.Ф. Петрова, М.Ш. Хасанов, Б.А. Джаамбаева. Философия. Оқулық. – Алматы, 2011. – 291 б.

М.А. Бакуниннің философиялық көзқарастары М.А. Бакуниннің философиялық көзқарастары
М.А. Бакунин (1814-1875 жж.) – ресейлік батыс радикалдардың көрнекті өкілі. Оның философиялық білімі Кант, Фихте, Гегельдің идеяларын меңгеруден
В.Г. Белинскийдің философиялық көзқарастары В.Г. Белинскийдің философиялық көзқарастары
В. Белинскийдің (1811-1848 жж.) көзқарастарында публицист және әдебиет сыншысы неміс философиясының, атап айтқанда, романтизм эстетикасының,
Философиялық бағыттар мен жүйелердің алуантүрлілігі Философиялық бағыттар мен жүйелердің
Философия тарихы үшін негізгі мәселе оның кезеңденуі болып табылады. Анағұрлым бұл мәселеге жақын Г.В.Ф. Гегельдің «дәуірдің рухани квитэссенциясы»
Классикалық неміс философиясындағы қауіпсіздік жөніндегі тұжырымдамалар Классикалық неміс философиясындағы қауіпсіздік
Классикалық неміс философиясы әлемдік философиядағы ерекше құбылыс. Оның 100 жыл ішіндегі жеткен жетістіктерін ерекшеліктері ретінде көрсете аламыз.
Мәдениет модернизациясы теорияларының философиялық аспектілері Мәдениет модернизациясы теорияларының
ХХ ғасыр ортасында әлемдік модернизацияның көптеген теориялары дүниеге келді. Олардың қатарын модернизацияның классикалық теориясы, постмодернизация
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×