Жастар порталы
Қытайдағы діни наным-сенімдердің қалыптасуы
1 247 0 aiko

Қытайдағы діни наным-сенімдердің қалыптасуы

Дінтану

Алғашқы діни сенімдер әрбір туысқан топтардағы халыққа бірдей ортақ болды, бірақ мұндай топтар бөлінген соң әрқайсысы өз дінін құрды. Рулық қауымдағы дін ру мен тайпаның өміріне байланысты дамып отырды, ата-баба сенімдері маңызды орын алды, генетикалық бірлік көрінеді. Ру көсемі топтың құрылымдық-иерархиялық тұтастығын бекітеді. Фетишистік, тотемистік, магиялық, анимистік сенімдер және культтік әрекеттер кең таралған. Рулық-қауымдық құрылыстың дамыған сатысында анимистік комплекстен бір рух образы, яғни инициация пірі, қауым құдайының ерекшеленгенін айтуға болады. Қауым құдайы осы топтың ішінде адамдардың татулығын білдіреді. 

Қытай халқының ата-бабалары да әлемдегі өзге халықтардың бағзы дәуірдегі өкілдері іспетті, алғашқы діндік кезеңдерді толық басынан кешірген. 

Қытай аңыздарында Дүниенің жаратылуына көп көңіл бөлінген. «Алғашқы тұңғиықтың (хаостың) ішінде үлкен жұмыртқа пайда болып, оның ішінен дәу алғашқы адам – Пань-Гу шықты» – дейді Қытай мифологиясы [1]. 

Ежелгі тотемдік түсініктер бейнеленетін этногоникалық мифтер дербес цикл құрайды: ежелгі түріктер өздерінің шығу тегі қасқырдан, мяо – яо тобындағы халықтар Паньху дейтін шұбар иттен тарады; бұл циклдің көптеген мифтері ата-бабасының «таза бала біту» идеясын бейнелейді. Мифтердің бұл тобы аналық желі филиациясына байланысты ежелгі шындықтың өзгерген бейнесі болуы мүмкін. 

Ал отқа табыну әлем халықтарының алғашқы діндерінің ішіндегі біршама ықпалдысы болғаны секілді, қытайларда да отқа табынудың орны бөлек. Мәселен, олардағы «ошақ тәңірісіне» сиынудың өзі о баста отқа табынудан келіп шыққан. Тарихи деректерде жазылуынша, қытайдың Шан-Чжоу бектіктері тұсында отқа табыну өзінің ең бір өрлеуіне жеткен секілді. Мәселен, ол тұстарда отқа табынуды басқаратын арнаулы мекемелердің болғандығы, ол мекемені басқарушының мәртебесі уәзірлермен бірдей болғандығы, сондай-ақ, қытайлардың төрт маусымның ауысар тұсында от жағатын саймандарын ауыстырып, маусымның ауысуын «от өзгерту» деп атап келгендігі сөз болып отырған жайдың жақсы дәлелі.

Соңғы кездегі қытай ғалымдарының зерттеулеріне қарағанда, олардың ата-бабалары доңыз, сиыр, қой, түйе, маймыл, жылан секілді хайуанаттарға да табынған көрінеді. Өсімдікке табынуда қытай мифологиясына немесе өте бағзы дәуірлерге тән қазба материалдарға негізделсек, оларда ағашқа (орман) табыну басты орында тұратын секілді. Міне, бұлар алғашқы діннің бірінші кезеңі еді. 

Жұртқа мағлұм, адам алғашқы қоғамдағы ең басты шешуші еңбек болғандықтан, оның өсіпөнуі мен құрып-жоғалуы, көбінде олардың тіршілігін қалай сақтауына байланысты болатын. Сондықтан, қауымдық қоғам қалыптасудан бұрын адамзаттың өзіндегі керемет-құдіретті алғашқы адамдар сезе алған жоқ. Тек қауымдық қоғам қалыптасқаннан кейін ғана адамзат тұңғыш рет өз тарихының дамуы мен табиғаттан пайдалану тарихының дамуына біршама айқын көз жеткізді. Міне, бұл адамзат танымы дамуындағы «зор секіру» еді, ал бұл жағдай діндегі табынуға да үлкен бетбұрыс ала келді. Яғни, адамзаттың өз басы діни танымдағы табыну объектісіне айналды. Алайда, адамзаттың өзіне табынуы ешқашан оңай, бірден жүзеге аса қойған жоқ. Ол да тотемге табыну, жыныс мүшесіне табыну, аруақтарға табыну сияқты үш түрлі құбылысты қалыптастырып барып жүзеге асты. Бұл үш түрлі құбылыс қытайдың алғашқы дініндегі екінші кезеңге жатады. Мейлі, адамзат ойлау жүйесі дамуының тарихынан алап қарасақ та, діндік табынудың түрлі құбылыстарынан алып қарасақ та, немесе табыну объектілерінің өзгерісінен алып қарасақ та, бұл екінші кезеңдегі діни танымның мән-маңызы ерекше.

Тотемге табыну алғашқы діннің маңызды бір түрі. Қауымдық қоғам тұсында адам өз тегін адамзаттың өзінен емес, көбірек табиғат дүниелерінен қарастырып, жаратылыс әлеміндегі белгілі бір затты адамзаттың (немесе өз тайпасының) ататегі деп қарап, соған табынатын. Алғашқы адамдар адамзаттың өсіп-өнуі дегенді ер мен әйелдің қосылуынан емес, белгілі бір заттың әйел адамның денесіне енуі арқылы болған деп қараған. Ол заттың хайуанат, өсімдік немесе жансыз нәрсе болуы да мүмкін. Бірақ ол адамзаттың (немесе белгілі бір тайпаның) ата-тегі ретінде адамдар танымының төрінен орын алады. Қытай мифологиясында Дүниенің екі бастауы – еркектік жағы – ян – ол жеңіл, ақшыл бөлшектерден, ал әйелдік жағы – инь – керісінше, ауыр, қараңғы түсті бөлшектерден тұрады. Олардың бір-бірімен әртүрлі өлшемде қосылуы бүкіл болмыстағы барлық заттар мен құбылыстарды құрайды.

Қытайлардың тотемі де әлемдегі өзге халықтардікі секілді әрқилы. Олардың бастыларынан айдаhар, арыстан, жылан, ит т.б. секілділерді атауға болады. Дегенмен, дәл қазір бүкіл қытайға ортақ болып кеткен басты тотем – айдаhар. Бүгінде қытай ақындарының көбінде «айдаhардың ұрпағымыз біз деген» деп жыр толғауы сондықтан. 

Қытай дәстүрінде дүниені екіге бөлу өте көне заманнан орын алса да, оны философиялық тұрғыдан талдау рәсімі чжоу текстілерінде, б.д.д. І ғасырда айқындалады. Философиялық ойлаудың түп негізін екі маңызды идея – инь-ян және усин бағдарламасы құрастырды. Дүниеге деген осы қосжақты көзқарас кейінгі чжоу дәуіріндегі философиялық тексте усин бағдарламасымен толықтырылады. Усин бағдарламасы бес алғашқы элементтердің оттың, судың, жердің, металдың, ағаштың өзара байланысымен өзара алмасуына негізделеді. Чжоулық дәуірдегі Қытайда екі идеяның инь-ян және усин бағдарламасының негізінде әртүрлі діни ағымдар таралды, даолық көзқарастарда нәрленді. Қытайдағы діни салт-дәстүр Даоны құдаймен емес, жалпылама заңдылықпен, жоғарғы ақиқатпен және әділеттілікпен теңестірілді. 

Діни сананың шығу тегі қайырымды күштерге табынуға негізделген, ал осының арқасында өмірдің өзі мәнге ие болып, тіршілік ету әдістері пайда бола бастайды. Дәл осы қайырымдылық және оның артындағы табиғи күштерге табыну алғашқы болып саналады, ал осының негізінде қыр-сыры көп өмір үшін күресте адамдарға көмек көрсетуші белгісіз күш құбылысына мәңгілік ризашылық пайда болады. 

Бұл жағдай қайырымдылар және зұлымдар күресін қайырымдылықтың бастапқы түсінігі негізінде құрастырылған деген баға беруге әкеледі. Сонда, қайырымдылық көрсетуші мен зұлымдық ойлаушының мәңгілік күресі шындыққа діни қатынас үшін екінші орында болады, ол бастапқы қайырымдылық көрсетуші күшке сенуден шығып отыр. Осылайша, Тәңірге табыну өмірге келеді.

Діннің түрлеріне келер болсақ, ондағы Құдай – дүниенің рухани алғышарты болғанымен, бірақ ол тұлға емес. Құдай – болмыстың ең биік сатысы, ол табиғаттан бөлінбеген, бірақ ол ұғымның тозағына түспейді, оны сөзбен жеткізе алмаймыз. Мұндай жағдай Құдай жөніндегі арнаулы ілімді (теологияны) талап етпейді. Сонымен қатар Табиғатқа деген табыну сезімін тудырып, оны қайта өзгертуге бағытталған ісәрекеттерді теріске шығарады. «Құдай ашыл­маған» діндерде Табиғатқа адам өз билігін жүргізе алмайды, оған табыну қайсыбір үстемдікті теріске шығарады, адам табиғатқа тиіспей, тек қана өз-өзін ғана өзгертіп, өне бойы жетілу үстінде болуы керек. Тарихқа неғұрлым терең үңілген сайын біз жеке ұрпақтардың, тайпалар мен ұлттардың мәдениеті мүлде оқшау дамиды деген «теорияның» негізсіздігін соғұрлым айқын көріп отырмыз [2].

Б.ғ.д. VI-V ғғ. Қытай елінде мифологиялық дүниетанымнан философияға көшу үрдістері басталады. Қолжазба деректерінде көп кездесетін мистикалық суреттеулер терең зерттелмеген, сонымен қатар бұл құбылыс – Ортағасырлық Шығысқа тән ерекшелік. Олар табиғаттан тыс әлемнің бар екеніне сенумен қатар, оның мәңгілік өмір сүргендігіне сенген. Мистикалық түстердің суреттелуін кез-келген сопының биографиясынан табуға болады. Мистикалық түстер әрбір әулиенің ажырамас бөлігі болып табылады [3]. 

Қытайдың алғашқы діндерінің жалпы даму барысы, өркен жаю үрдісі, міне осындай. Осыдан барып қытайдың дін тарихындағы құдайға сену мен ата-бабалар аруағына табынудың іліктескен құбылысы қалыптасты. Сонымен бірге, алғашқы діндегі рухқа табыну бірте-бірте қытай халқының салт-дәстүріне айналып, сол негіздегі жалпы халықтық дін өркен жая бастады. Әрі, бұл құбылыс қытайдың дәстүрлі мәдениет топырағында өсіп-өніп қалыптасқандықтан, қайта айналып соғып, қытай халқының дәстүрлі мәдениетіне, ойлау жүйесіне, этикасына өз ықпалын тигізбей қалған жоқ. Сондықтан қытай халқының кісілік тұрғысын, психологиясын, халықтық болмысын, өмірге көзқарасын, діни нанымын білуде, тек бүгінгі діні ғана емес, сөз болып отырған алғашқы діндерін білудің де мән-маңызы ерекше. Олай болатыны, дін қанға сіңіп кететін қасиет. Адамдар (тіпті, атеистің өзі де) көп жағдайда саналы-санасыз түрде діндік нормаларға жүрегінен орын беріп отырады. Ал қоғам жеке адамдардан құралады десек, қоғамдық этиканың қалай қалыптасатыны да өз-өзінен түсінікті болып шыға келеді.


Әдебиеттер 

1 Энциклопедический словарь «Китайская философия». – http://www. galactic.org.ua/h-ver/h-v-ic.htm. 

2 Орынбеков М., Алтаев Ж. Әл-Фараби философиясы. Қазақ даласының ойшылдары ІХ-ХІІ ғғ. – Алматы: Ғылым, 1995. – 38 б. 

3 Из истории суфизма: Источники и социальная практика. – Ташкент: Фан, 1991. – C. 40.


Мәліметтер алынған дереккөз: Смағұлова К.Қ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы.  №3 (73). 2015

Қытайдағы конфуциандық Қытайдағы конфуциандық
Шығыс Азия халықтарының көпшілігінде қалыптасқан діни жүйелердің ерекшелігі олардың терең синкретизмі еді. Келімсек діндер көбінесе жергілікті өріс
Ежелгі Шығыс философиялық ілімдеріндегі қауіпсіздік, ұлттық қауіпсіздік түсінігі Ежелгі Шығыс философиялық ілімдеріндегі
Ежелгі Шығыстағы әлеуметтік-экономикалық мәдениеттің консервативтілігіне байланысты алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі анимистикалық қатынастар
КОНФУЦИАНДЫҚ. ДАОСИЗМ. СИНТОИЗМ КОНФУЦИАНДЫҚ. ДАОСИЗМ. СИНТОИЗМ
Қазіргі Қытай халқының ең беделді ұлттық діні Конфуций ілімі болып саналады. Оның негізін қалаушы Кун-Фу-Цзы, яғни Кун - ұстаз. Конфуций б.з.б. 551
КӨНЕ НАНЫМ-СЕНІМДЕР: ФЕТИШИЗМ, ТОТЕМИЗМ, АНИМИЗМ, МАГИЯ КӨНЕ НАНЫМ-СЕНІМДЕР: ФЕТИШИЗМ, ТОТЕМИЗМ, АНИМИЗМ,
Осы күнге дейін діннің шығуы мен дамуы туралы ілімдік және ғылымдық көптеген көзқарастар бар. Олардың барлығын діни-теологиялық және
Алғашқы діндер. Тотемизм. Анимизм. Фетишизм. Магия Алғашқы діндер. Тотемизм. Анимизм. Фетишизм. Магия
Тотемизм  Алғашқы діндер ұзақ даму эволюциясынан өтті. Қоғаммен бірге дінде дамыды. Алғашқы діндердің бірі тотемизм немесе табыну. Тотемизм -
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×