Жастар порталы
Діни мəтін семантикасы жəне оның құқықтық үкім əрқилылығына ықпалы
645 0 aiko

Діни мəтін семантикасы жəне оның құқықтық үкім əрқилылығына ықпалы

Дінтану

Діни мəтіндердің ұғындыратын мəнмағыналары кесімді, нақты немесе болжамды келетіні сияқты, шариғи үкім де діни мəтінде кесімді түрде не үкімді нақты баяндамай, көмескі түрде берілуі ықтимал. Ал, бұл, мəтін мен мəтін семантикасына байланысты. 

Оны келесідей бөліп түсіндіруге болады: 

1.Мəтін де, мəтіннің ұғындыратын мағынасы да нақты кесімді түрде келуі.

2.Мəтін де, мəтіннің ұғындыратын мағынасы да болжамды (занни) келуі. 

3. Мəтін нақты келіп, семантикасының болжамды келуі. 

4. Мəтін болжамды келіп, семантикасы кесімді келуі [5, 65]. 

Кесімді мəтінге – барлық Құран Кəрім аяттары мен жалғандыққа келісіп алулары мүмкін болмаған бір топ адамдардың, өздері секілді екінші бір топтан жеткізген (мутауатир) хадистері жатады. Егер бұндай мəтіндердің мəн-мағынасы да нақты, кесімді келсе, яғни мəтіннің ұғындырған мағынасы анық, нақты үкімді белгілесе, мəтін мазмұнына əртүрлі ойпікір жүгіртіліп, ижтиһад жасалынбайды. Ал, қалған мəтін мен оның семантика түрлері, тілдің морфологиялық, грамматикалық, лексика-семантикалық ерекшеліктеріне сай өзгеруге бейім.

Болжамды мəтін – мутауатир хадистерден басқа хадис түрлеріне қолданылса, мəтін семантикасының болжамды келуіне – басым бөлік Құран Кəрім аяттары мен пайғамбар хадистерінінің мағыналарын айтуға болады. Көпшілік діни мəтіндердің мағынасы, мазмұны мен мəні көп қатпарлы келуі себепті əртүрлі ұғынылып, əрқилы интерпретацияланады. Өйткені тіл табиғатына, оның мазмұндық құрылымдық жүйесіне: тура мағына, бұрма мағына, ауыспалы мағына, астарлы мағына, жасырын мағына, көп мағына, негізгі мағына, қосалқы мағына, жалпы жəне жалқы мағыналар секілді лексика-фразеологиялық семантикалар тəн.

Мұсылман құықтанушылары көп қырлы семантикалық мəн-мағыналар мен ұғымдарды қамтыған діни мəтіндерді түсініп, одан үкім шығарудың ғылыми негіздерін бекітті. Сахабалар дəуірінде, хатқа түспеген қағидалар негізінде қалыптасқан құқық негіздері, мужтаһид имамдар кезеңінде ғылыми методологиялық тұрғыдан жүйеге түсіріліп, құқықтық ханафи жəне кəлəмдық шафиғи мектептері негізінде өз дамуын тапты. Аталған екі бағыттың басты ерекшелігі, ханафи мектебі құқықтық нормаларды айқындауда индукциялық əдіске сүйенсе, көпшілік құықтанушыларды құраған мутакаллимдер мектебі өкілдері дедукциялық тəсілге жүгінді. Ханафи ұстанымы негіздерді құқықтық тармақтардан шығарып, негізгі қағидаларды құқық тармақтарына икемдеуі себепті «құқықтық мектеп» деп аталса, Шафиғи бастаған усул мектебі методологиялық тұрғыда рационалдылогикалық ұстанымға басымдық танытқан көпшілік кəлəм ғалымдарының əдістемелерімен үйлесіп, Бақиллани, Кади Абдулжаббар, ƏлЖуайни, Əл-Ғазали, Фахруддин əр-Рази секілді кəлəм ғалымдарының еңбектерін негізге алуы себепті, «кəлəмдық» деп аталды. Шафиғи кітаптарында логикалық дəлелдер мен пікірталастарға орын беріліп, ал Ханафи кітаптарында фиқһ ілімі аясындағы құқықтық тақырыптар мен зерттеулерге баса назар аударылуы да осының айғағы. 


Сөз бен сөз тіркестерінің құқықтық үкімді білдірудегі семантикалық ерекшеліктері 

Аталған екі мектеп өкілдерінің құқықтық нормаларды айқындаудағы лингвистикалық, семантикалық əдіс-тəсілдерін зерделей отырып, сөз не сөз тіркестерін мағынаға дəлел болуы жəне мағынамен байланысуы тұрғысынан келесідей бөлуге болады: 

1. Сөздің үкімді білдіретін мағыналарға анық немесе жасырын түрде дəлел болуы тұрғысынан: 

а) Мағынасы анық сөздер: сыртқы (заһир), мəтіндік (насс), баяндалған (муфəссəр) жəне нақты (мухкəм); 

ə) Мағынасы көмескі сөздер: жасырын (хафи), үғынықсыз (мушкил), қысқа-нұсқа (мужмəл) жəне көмескі (мутəшəбиһ); 

2. Сөздің үкімдерді білдіретін мағынаны қамтуы тұрғысынан жалпы (аъмм) мен жалқы (хасс), омоним (муштəрəк) мен жорамал (муəууəл), абсолюттік (мутлақ) жəне шектеулі (мукайяд); 

3. Сөздің үкімді білдіретін мағыналарға тура жəне ауыспалы түрде дəлел болуы тұрғысынан: хақиқа (ақиқат) мен метафора (мəжəз), анық (сарих) жəне тұспал (кинəя); 

4. Сөздердің үкімдерді білдіретін мағыналарды ұғындыруы тұрғысынан: 

а) Жазбаша: Мəтін түсінігі (ибарату əннасс), мəтін ишареті (ишарату-əн-насс), мəтін мазмұны (дəлəлəту əн-насс), қажетті мағынасы (дəлəлəту əл-иктиза) деп қарастырылса; 

ə) Ауызша: Мантуқ (айтылу мағына) жəне мəфһум (ұғынылған мағына) деп екіге бөлінеді. Сөздің үкімді білдіретін мағыналарға анық дəлел болуы тұрғысынан бөліну түрлері:

Сыртқы (заһир) дегеніміз – сөздің жалқылануы, жорамалдануы жəне мансұхталуы мүмкін болған сөздік мағынасы болса, оның мəтіннен ұғынылған мағынамен айқындала түскен мағынасы – мəтіндік (насс) деп танылған. Мысалы: «Аллаһ сауданы адал, өсімді харам қылды»,– деген аяттың сыртқы (заһир) мағынасы – сауданың адал, өсімнің харам болуын білдірсе, мəтіндік (насс) мағынасы – аяттың түсу себебі мен толық аятта келгендей, сауда мен өсімді бір деп білген мүшріктерге жауап беріп, сауда мен өсімнің бір нарсе емес екендігін білдіруі. Егер сөз не мəтін пайғамбар дəуірінде мансұхталуы ықтимал болып, бірақ жорамалдануы мен жалқылануы мүмкін болмаса əрі үкімді анық білдірсе – баяндалған (муфассар) деп аталған. Сөздің муфассар мағынасы, үкімді білдіру тұрғысынан жалқыланып, жормалданбауы себепті, сыртқы (заһир) жəне мəтіндік (насс) мағыналарына қарағанда қуаттырақ болып келеді. Құран Кəрімде қысқа-нұсқа (мужмəл) келген сөздер пайғамбар тарапынан айқындалып, түсіндірілсе, онда ол баяндалған (муфəссəр) сөзге айналады. Егер сөз мағынасы баяндалған (муфассар) сөзден не мəтіннен де ашық келіп, əрі жорамал мен мансұхталуды қабыл етпейтіндей болса, ол нақты (мухкам) сөз деп аталады. Мысалы: Жаннатта мəңгі қалу жайында сүйіншілеген «Ниса» сүресінің 57- .мухкам – сөзі) خَالِدِينَ) «мəңгі «аятындағы Өйткені олардың жаннатта мəңгі қалатындықтарын اًدَبَأ тіркескен сөзімен қуатталған [6, 145].

Кейде сөзден мақсат етілген мағына айқындалмай, түсініксіз сөз сөйлемнің мағынасын тұмшалайды. Мұсылман құқықтанушылары сөз мағынасының анық білінбеуін келесідей баяндайды: 

Жасырын (хафи) – сөздің формасы жағынан мағынасы айқын болғанымен, айтушының мақсаты толыққанды белгілі болмаған сөз. Мысалы: «Ұры ер мен əйелдің қолдарын кесіңдер» (Мəида, 38) аятындағы «ұры» (قِالسَّار ( сөзі тілдік формасы жағынан анық. Алайда мағынасын түсіну барысында, біреудің қалтасына не сөмкесіне түсіп, ұрлық жасаумен қатар, біреудің қараусыз қалдырған мүлкін ұрлауды қамтып я қамтымағандығы белгілі емес. Нəтижесінде, сөз мағынасының айқын білінбеуі себепті – ұрлық жасаушыға жаза тағайындау мəселесіне əсер ететіндігі белгілі. 

Бір сөздің мағынасы түсініксіз келіп, не полисемия салдарынан ол сөзден қай мағына мұрат етілгендігі айқындалмаса, ұғынықсыз (мушкил) сөз деп аталады. Жасырын (хафи) сөздегі «түсініксіздік» сөздің өзінен емес, оның қолданылуы барысындағы барлық мағыналарды қамти алмауынан туындайды. Ал, мушкил сөздегі түсініксіздік, сөздің өзінен туындайды. Бұған омоним (муштарак) сөздерді де жатқызуға болады. 

Қысқа-нұсқа (мужмал) – айтушы тарапынан түсіндірме жасалмайынша мағынасы түсініксіз болған сөздерге айтылады. Үкім аяттары көбінесе қысқа-нұсқа келіп, оны екінші бір мəтін баяндайды. Мужмал сөз жорамалмен айқындалатын болса, ол жорамалданған (муəууəл) деп айтылады. Ал, егер, толықтай айқындалмаса, мужмəл не мушкил болады. 

Сол секілді мутəшəбиһ сөздер де негізгі ой мен мақсаттың жасырын қалуымен ерекшеленеді. Оған мағынасы айқын болмаған діни мəтіндер жатады. Мутəшəбиһ сөздер мен мəтіндерді түсіндіру барысында да мұсылман құқықтанушылары мен теологтар арасында көзқарастар орын алған. Кейбір мəтіндердің сөзінде көмескілік болса, кейбір мəтіндердің мағынасында, ал кейбірінің сөзінде де, мағынасында да түсініксіздік орын алуы мүмкін. 

Аталған, көмескі мағыналарды білдірген сөздер мен мəтіндерді нақты, айқын келген Құран не сүннет мəтіндерімен яки ижмағтың баяндауымен ғана түсіне аламыз. Яғни, белгілі бір сөздің жанама мағынасы алынатындығын, екінші бір діни мəтін немесе ғалымдардың ортақ келісімі айқындайды [7, 3/137].

Белгілі бір мəнге міндетті түрде белгілі бір мағына сəйкес келеді деп, не белгілі бір мағына белгілі бір мəнді ғана білдіреді деп айта алмаймыз. Айтқандай, белгілі бір мағынаның бір емес, бірнеше мəнді білдіруі тілде, сөз өнерінде ежелден бар. Белгілі бір мəнді жеткізудің, білдірудің тілдік құралдары да түрліше. Кейбір мəтіндерде бірнеше мағынаның сілемі, бірнеше мəн қатары бірдей көрініс тапса, көпқырлы мағыналық бірліктердің тұтастығынан күрделі метафоралық мағына туады. Метафоралық мазмұндағы діни мəтіндерге де жүгінген ислам құқығы мен теологиясында да метафора (мажаз) жəне ақиқат (хақиқа) ұғымдары əртүрлі құқықтық үкімдер мен көзқарастардың шығуына себеп болды. 

«Хақиқа» – сөздің түпкі, нақты мағынасын ұғындыруы болса, айтылған сөздің алғаш айтылғандағы мағынадан басқа бір мағынада қолданылуы «метафора» (мəжəз) деп аталады.

«Хақиқа» – метафорадан (мəжəз) яғни, астарлы мағынадан жоғары тұрады. Сөз хақиқи мағынасымен түсінілсе, үкімі нақты дəлелденіп, метафоралық мағынасына жүгінілмейді. Мысалы: Құран Кəрімде: «Əйелдеріңе тисеңдер (жақындассаңдар), сонда су таба алмасаңдар таза жерге таяммум соғып, онымен бетіқолдарыңды сипаңдар» [1, 5-6],– делінген. Əбу Ханифа секілді фиқһ ғалымдары: «Бұл аяттағы «тию» мағынасын білдіретін «لمس) лəмс)» сөзі – негізгі мағынада емес, астарлы мағынада қолданылған»,– деп қабылдайды. Аллаһ Тағала құлдарына əдептілікті үйрету мақсатында жыныстық қатынасты – «жақындау», «тию» сөздерімен білдірген деген тұжырымға барған. Сондықтан ханафилік ұстанымда ер кісінің денесі əйел адамға тисе, дəреті бұзылмайды [8, 24].

Усул (ислам құқығы негіздері) ғалымдары көптеген құқықтық мəселелерде əртүрлі үкімдердің шығуына себеп болған жалпы, жалқы мағыналарды ұғындырған сөздерді баяндауда да қарама-қайшы пікір білдірген. Мутакаллим мектебі өкілдері жалпылама келген сөздің мағынасын шариғи үкім білдіруде «болжамды» деп таныса, ханафилер «кесімді дəлел» деп білген. Мутакаллимдердің көзқарасындағы «əрбір жалпы жалқыланады» деген ережеге сай əрі мəтіндердегі жалпы мағынаны білдіріп келген сөздерді зерттеу барысында, жалпыдан əрдайым жалқы мақсат етілгендіктен, барлық жалпы келген мағына жалқылануы ықтимал. Ал, ықтималдылық орын алған жағдайда, кесімділік жойылады [9, 1/317]. Осы көзқарастардың нəтижесінде, мəтіні мен семантикасы да кесімді келген жалпы (аамм) мəтінді жалқылайтын дəлелге қатысты да қарама-қайшы пікір туындайды. Яғни, жалпы (аамм) келген мағынаны болжамды (занни) дəлел деп білген көпшілік ғалымдар, оның болжамды дəлелмен жалқыланатындығын айтса, оны кесімді дəлел деп білген ханафи ғалымдары, болжамды (занни) дəлелдің жалқылай алмайтындығын алға тартқан. Əс-Сарахси: «Мəтін мен мағына жағынан да кесімді саналған жалпы мағынаны ұғындырған Құран аяттары мен мутауатир сүннеттің, ахад хадис, қияс секілді болжамды дəлелдермен жалқылануы дұрыс емес», – деген. [10, 1/142]. Сол секілді жалқы (хасс) келген сөздің жорамал (занни) мағына ұғындыратындығына бір дəлел табылса, яғни жалқы сөздің білдірген мағынасынан басқа, екінші бір мағынаның көзделгендігіне қатысты бір дəлел болса, мұндай жағдайда жалқы сөз астарлы мағынасымен түсіндіріледі. 


Қорытынды 

Лексикалық семантика шикізат тəрізді, өңдеуді қажет етеді. Ол – сөздің барлық семантикаларын қамтитындай жүйелі логикалық тұжырым жасау арқылы жүзеге асады. Бұл жолда мұсылман құқықтанушылары араб тілінің лексикалық семантикадағы бай қорын басшылыққа алып, діни мəтін мен оның бірліктерін орынды интерпретациялап, олардан дұрыс үкім шығару үшін бар күш-жігерлерін сарп етті. Осылайша лингвистикалық жəне құқықтық қағидаларды бекітіп, ислам құқығы негіздерінің метологиясын қалыптастырды.


Мәліметтер алынған дереккөз: Қ. Құрманбаев. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы.  №2(68). 2014

Ислам құқығы негіздері ғалымының араб тілін меңгеру деңгейі Ислам құқығы негіздері ғалымының араб тілін
Барлық усул ғалымдары, діни мəтіндерден шариғи үкімдер шығаруға құқылы ғалымның (мужтахидтің) араб тілі білімін, грамматика заңдылықтарын білуі
Ислам құқығы негіздері мен араб тілі білімінің арақатынасы Ислам құқығы негіздері мен араб тілі білімінің
Қоғамның дамуы барысында түрлі жайттар, шешімі діни мəтіндерде нақты келмеген мəселелер орын алып, сан қилы сұрақтардың туындауы заңдылық. Бұл, өз
Негізгі конфуцийшілдік категорияларды түсінудің заңдылықтары («Лунь Юй» еңбегі негізінде) Негізгі конфуцийшілдік категорияларды түсінудің
Ұлттық əдебиет өз өмірімен тіршілік етеді. Əрине, ол сол халықтың күллі тарихымен, оның барлық даму жағдайларымен шартты түрде байланысты жəне басқа
Аударманың түрлері Аударманың түрлері
Аударма – тіл қызметінің бір түрі ретінде бір тілде айтылған ойларды басқа тілдің құралдарымен соған сəйкестікте немесе толық құндылықта беру
Истисхаб Истисхаб
Истисхаб сөзінің тілдік мағынасы «жолсерікті өзімен бірге ала жүру, айырылмас дос болу, үнемі соңында жүру, үздіксіз ілесу, бірге жүру, серік болу»
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×