Жастар порталы
Сопылықтың ислам шеңберіндегі заңдылығы мәселесі
583 0 aiko

Сопылықтың ислам шеңберіндегі заңдылығы мәселесі

Дінтану

Бірнеше ғасырға созылған отарлық дәуірде халқымыз өзінің тілі, ұлттық салт-санасы сияқты діни дәстүрін де ұмытып кете жаздағаны ешкімге жасырын емес. Еліміз егемендігін алып, еркін тыныс алуға қол жеткізгелі бері, Аллаға шүкір, там-тұмдап болса да өз ұлттық ділімізді қайта жандандыруға күш салып жатырмыз. Соның ішінде діни дәстүрімізді қалпына келтіру мәселесінде тосын бір қиындықтарға кездесіп отырмыз. Бұл халқымыздың дәстүрлі діні болып табылатын исламның өз ішіндегі қазіргі кезеңде орын алып отырған жағдайларға байланысты. 

Ислам діні – ақырет діні, әлемдегі ең бір кіршіксіз, таза, озық дін болуы себепті және осы дінді ұстанушы халықтарды өз үстемдігінде ұстап отыру мақсатымен мұсылман елдерінің жаулары тарапынан әртүрлі құйтұрқы жолдармен исламды қаралау, оны ұстанушылар арасына жік салу әрекеттері күн өткен сайын күшейіп бара жатқандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Мұндай әрекеттер ең алғаш рет отарлау дәуірінде, дәлірек айтқанда ХVІІ – ХVІІІ ғасыр межесінде орын ала бастаған болатын, осы кезде ағылшын отарлау саясатының ықпалымен Арабияда ваххабиттік қозғалыс пайда болғаны белгілі. Ваххабиттік қозғалыстың қалыптасуының негізгі мақсаты ислам дініне іріткі салу арқылы мұсылмандық Шығысты еуропалық отарлаушылардың билігіне мықтап бағындыру, аймақтың бүкіл ресурстарын еш кедергісіз иелену болғаны белгілі жағдай. 

Исламның жаңа бір бағыты ретінде енді ғана қалыптасып жатқан ваххабиттер өз қаруын сол дәуірдегі мұсылман елдерінің қоғамдық өмірінде ықпалды күшке айналып отырған сопылыққа қарсы бағыттады. Ағылшын отаршыларының ықпалымен билік басына келген бұл топ өздерін ислам дінін дәстүрлі түрде ұстанушы, нағыз мұсылмандармыз деп, ал өздерінен сәл басқаша ойлайтындардың бәрін исламның жаулары деп жариялаған болатын. 

Ваххабиттердің тайпалық одағының билікке келгеннен кейінгі ең алғашқы шарасы Арабия мен Ирактағы сопылық әулиелер мен шииттік имамдардың мазарларын қирату болды. Ваххабиттер мұндай мазарларды пұтқа табынушылықтың белгілері ретінде, ал әулиелерді басқа адамдардан жоғары тұратын жартылай құдайлар ретінде қарастырды. Фундаменталистер керек болса, Мұхаммед пайғамбарға халықтың шексіз құрметін де жоққа шығаруға тырысты. 

Алайда, ваххабиттік қозғалыстың пайда болуын тек сыртқы ықпалмен, яғни еуропалық отаршылдардың ықпалымен қалыптасқан құбылыс деп бір жақты ғана түсіндіруге болмайтын шығар. Мұндай қозғалыстың өріс алуы үшін сол дәуірде мұсылман елдерінің діни өмірінде орын алған белгілі бір кереғар құбылыстар негіз болғандығын да жасыруға болмайды. Тарихи тұрғыдан алғанда, кез келген құбылыс өз дамуында міндетті түрде дағдарысты кезеңдерді бастан кешіреді. Дағдарыстар тарихи дамудың өзіндік бір қажетті де міндетті кезеңі. Дағдарыстардан кейін қоғам сапалық жағынан жаңа сатыға көтеріледі. Кезінде, сопылықтың өзі Араб халифатының негізгі идеологиясы болған ортодоксалды исламдағы орын алған дағдарысқа жауап ретінде, осы дағдарыстан шығудың өзіндік бір жолы ретінде пайда болғаны белгілі. Сонау VІІІ ғасырда пайда болған сопылық қозғалыс өз даму тарихында түрлі кезеңдерді бастан кешірді. Оның үстіне сопылық әртүрлі елдерде, әртүрлі халықтар арасында өзіндік формада, өзіндік ерекшеліктермен дамыды. Оның қалыптасуына әр халықтың өзіндік діни дәстүрлері мен дүниетанымы ықпал етті. Сопылық өзінің икемділігімен, әртүрлі халықтардың діни дәстүрлерін исламға бейімдеуімен ерекшеленгені белгілі. Бұл жағдайлар сопылықтың теориясы мен практикасы арасында алшақтықтың орын алуына алып келіп отырды. Сондықтан да сопылықтың тарихын зерттеуде осы мәселелерге ден қойған дұрыс деп ойлаймыз. 

Соңғы уақытта мұсылман елдерінде дәстүршіл исламистер тарапынан сопылық бағытқа өзіндік бір шабуыл қайта жанданып кеткендей. Дәстүршілдер тұрғысынан қарағанда сопылық ортағасырлық ырымшылдықтың қалдығы, пұтқа табынушылықтың нағыз өзі. Сондай-ақ сопылықтың қарсыластары одан әулиелердің алдында бас ұратын христиандыққа тән әулиелік культі мен пантеистік грек философиясының күпірлік ілімдерінің әсерін көреді. Сопылықты мазарларға табынушылығы үшін, үнділіктерден қабылдап алған «әуеншілдігі» үшін, адал мұсылмандарды сопы шайқыларының өз пайдасына қанайтындығы үшін айыптайды. 

Фундаменталистік қозғалыстар тек Арабияда ғана емес, мұсылман әлемінің негізгі аймақтарында билікке келіп, соның нәтижесінде сопылық дәстүрлерге берік елдердің өзінде бірте-бірте өз дәстүрлерінен бас тарту сияқты үрдістер байқала бастады. Бұл жағдай әсіресе, қазіргі кезеңде үзіліп қалған діни дәстүрлерін енді ғана қалпына келтіріп жатқан Орталық Азияның мұсылман елдеріне өз ықпалын тигізуде. Бұл елдерге «дін үйрету» үшін исламның орталықтарынан келіп жатқандардың арасында дәл осы фундаменталистер басым болып отыр. 

Ал іс жүзінде Орталық Азия халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да діни дәстүрінде, сондай-ақ бүкіл қоғамдық өмірінде сопылықтың орны ерекше болғанын тарихи деректер айғақтайды. Сопылық ең алдымен, түркі халықтарының арасында ислам дінінің таралып, орнығуында негізгі рөлді атқарды. Сондай-ақ исламның бұл бағыты ортағасырлық түркілердің негізінде қалыптасқан ұлттық мемлекеттердің кейінгі тарихында да зор рөл атқарып келгендігін мойындауымыз керек. 

Сопылық сарын ортағасырлардан бастап қазіргі уақытқа дейінгі барлық түркі халықтарының ұлы ғұламалары мен ойшылдарының, ақындары мен жырауларының дүниетанымынан, шығармашылығынан айқын көрініс тапты. Сонымен бірге қазақ халқы арасында қалыптасқан сопылықтың басқа мұсылман елдеріндегі сопылықтан өзіндік айырмашылықтары бар екенін ескеру керек. ӘлФараби, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Яассауилерден бастау алатын бұл сопылық мектеп өзіндік бір ерекше, далалық исламның қалыптасуына негіз салды. Белгілі ғалым, абайтанушы М. Мырзахметұлының сөзімен айтқанда бұл мектепке тән негізгі белгі екі дүниелікті бірдей алып жүру, кез келген мәселеде, соның ішінде діни көзқараста да «алтын діңгекті» ұстану, асыра сілтеушілікке, шеткері көзқарастарға бой алдырмау болған. 

Сонымен, сопылықтың тарихын зерттеуде бұл қозғалыстың даму тарихындағы әртүрлі кезеңдерді зерделей отырып, оның практикасында орын алған қайшылықты құбылыстардың объективті себептерін ашу сопылықтың мұсылман халықтарының рухани дамуына қосқан оң ықпалын көрсетумен қатар жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз. Алайда, бұл аталмыш мәселенің бір қыры ғана. Екіншіден, дәстүршілдер көрсетіп жүргендей сопылық шынында да исламға жат, қауіпті ағым ба? Ол тек сыртқы ықпалмен, яғни исламнан басқа діни дәстүрлердің ықпалымен қалыптасты ма деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. 

Тарихнамада сопылықтағы мистикалық танымды үнді халқының діни дәстүрінің ықпалымен түсіндіру басым. ХVІІІ ғасырдағы ағылшын шығыстанушысы Дж. Малколм бұл туралы өз ойын былай деп көрсетеді: 

«Именно в Индии, а не в иных краях более всего расцвела сия обманчивая и призрачная доктрина. В обычаях сего народа и в самом характере индусской религии есть то, что особенно лелеет таинственный дух святой отвлеченности, на коей та и зиждется; и мы можем признать верным предположение, что Индия является тем истоком, из коего все иные народы производят сие мистическое поклонение Божественному» [1]. Қазіргі американ зерттеушісі Карл Эрнстің көзқарасы бойынша Дж. Малколмның сопылыққа байланысты мұндай пікірінің қалыптасуына Ирандағы сол кездегі билік басындағы дәстүршіл исламистердің көзқарастары ықпалы еткен [2]. Батыста шығыстану ғылымының қалыптаса бастаған уақытында, яғни ХVІІІ ғасырда мұсылман елдерінің көпшілігінде дәстүршіл исламистердің сопылыққа қарсы шабуылы үдеп тұрған кез болатын. Олар сопылықты қалай да болса қаралауға, оны исламға жат құбылыс ретінде көрсетуге бар күшін салып бақты. Билік басындағы дәстүршіл исламистердің бұл көзқарастары батыс зерттеушілеріне ықпал етпей қоймайтын еді. 

Ал іс жүзінде, сопылықтың, исламның дін ретінде қалыптасуының негізінде жатқандығын көрсетуге болар еді. Исламның қалыптасуына алып келген Мұхаммед пайғамбардың діни қызметіне тарихи талдау жасар болсақ, оның Алла Тағаладан алғашқы уахи алуына дейінгі іс-әрекеттері, оның рухани ізденістері, Меккенің шегіндегі Хира тауының үңгірінде тақуалықпен өткізген күндері, оның жетім-жесірлерге деген ерекше ықыласы мен қайырымдылығы және басқа да тақуалық әрекеттері сопылықтағы Алламен бірлесуге апарар басты жол ретіндегі рухани жетілу жолын еске түсіреді. 

Сонымен бірге, сопылықтағы мистикалық танымның, яғни мағрифаттың қалыптасуына бөгде діндер емес, керісінше исламның ерте тарихы, дәлірек айтқанда Құранның тікелей өзі ықпал еткендігін байқау қиын емес. Құранның Мұхаммед пайғамбарға түсуінің өзі мистикалық жағдайлармен байланысты. Бұл туралы Құранның өзі айқын көрсетеді. Мысалы, Құран Кәрімнің 97-Қадыр сүресінде: «Негізінен Құранды Қадыр түні түсірдік. (Мұхаммед Ғ.С.) Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жебірейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады» [3]. Мұсылман дәстүрі бойынша бұл сүре Мұхаммед пайғамбар 610 жылы Меккенің шетіндегі Хира тауының үңгірінде тақуалық өмір кешіп жүрген кезінде оған Жебірейіл періштенің Алла Тағаладан хабар жеткізген сәтін бейнелейді. Бұл Құраннан түскен алғашқы аят еді. Жалпы Құран аяттарының Алла Тағаладан Мұхаммед Пайғамбарға түсуі осы сәттен бастап 23 жыл бойы, Пайғамбарымыз қайтыс болғанға дейін, яғни 632 жылға дейін жалғасқан болатын. Ортодоксалды исламда мойындалатын бұл оқиға сопылықтың ислам шеңберіндегі заңдылығын дәлелдейтін маңызды айғақ деп көрсетуге болады. Өйткені Құран аяттарының Алла Тағаладан Пайғамбарымызға түсу фактісінің өзі мистикалық танымның, яғни мағрифаттың заңдылығын дәлелдейді. Дәл осы оқиғаны, яғни сопылықтың қалыптасуына ықпал еткен негіз ретінде де қарастыруға болады. 

Мұхаммед пайғамбарға Құранның ашылуы рамазан айының соңғы түндерінің бірі болатын. Құран мәтінінде бұл сәт жақсы суреттелген: көктен періштелердің түсуі Мұхаммед пайғамбар үшін күтпеген, тосын құбылыс болғандығы, Алланың бұйрығымен келген Құдірет алдындағы ерекше бір таңғалу жағдайы айқын көрінеді. 

Алла Құдіретінің ойда-жоқта, мистикалық бір жағдайда келгендігі Құранның 53-Нәжім сүресінде бұдан да жақсы байқалады: 

«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Батып бара жатқан жұлдыздарға серт. Жолдастарың Мұхаммед (Ғ.С.) адаспады да ауытқымады. Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салған уахи ғана. Оған оны өте күшті (Жебірейіл Ғ.С.) үйретті. Ол қуат иесі (Жебірейіл өз бейнесінде) тура тұрды. Ол жоғарғы көк жиекте еді. Ол жақындап төмендеді. Тіпті садақтың екі басындай, әлде жақынырақ. Сонда Алла, құлына уахи ететін нәрселерін көкейіне салды. Оның көзінің көргенін көңілі жасынға шығармады»[53:1-11]. 

Алла сөзінің (Құранның) Пайғамбарға Көктен жерге түсуімен бірге Пайғамбардың, керісінше Көкке көтерілуі, Алла Тағаламен жүздесуі іске асқан мистикалық құбылыс ретіндегі Миғраж түні жайлы да Құранның бірқатар аяттары баян етеді. Пайғамбардың жеті қат Көкке көтерілуі, әдетте оның Меккеден Иерусалимге түнгі саяхатынан басталады. Бұл жөнінде Құранда: Құлын (Мұхаммед Ғ.С.-ды) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Месжід Харамнан Ақсаға апарған Алла әртүрлі кемшіліктен пәк [17:1]. Осы жерден пайғамбар Жеті қат көк арқылы Алла Тағаланың тағына дейін көтеріледі, осы жерде: «Расында ол Раббының ірі белгілерін көрді» [53:18]. 

Құран Кәрімнің Мұхаммед пайғамбардың Жеті қат Көктегі Алла Тағаланың тұрағына көтерілуін айғақтауы бір жағынан, сопылықтағы мистикалық танымның қалыптасуына ықпал етсе, екінші жағынан Тәңірі тарапынан осындай ерекше құрметке ие болған Мұхаммед пайғамбарға деген ыстық ықыластың, ерекше сүйіспеншіліктің орын алуына алып келген болатын. Алланың сүйікті құлы ретіндегі Пайғамбарға деген ерекше құрмет кейінірек, бірте-бірте ислам тарихында өзіндік орны бар, исламның таралуына, оның орнығып, дамуына үлес қосқан діни тұлғаларға деген сүйіспеншілікке ұласты, оларды әулиелер ретінде құрметтеу, пір тұту феноменінің қалыптасуына ықпал етті. 

Сонымен бұл мақалада қарастырылған мәселелер бойынша жасайтын басты қорытындымыз, Орталық Азия халықтарының рухани тарихында ерекше рөл атқарған сопылық бөгде діндердің ықпалымен пайда болған исламға жат ағым емес, ислам дамуының объективті жемісі екендігіне көз жеткіземіз. Атап айтқанда, сопылықтың қалыптасып, дамуының басты көздері ретінде исламның Қасиетті жазбасы – Құран Кәрім мен Қасиетті дәстүрі – Пайғамбар хадистері болғандығы бұл бағыттың ислам шеңберіндегі заңдылығын дәлелдей түседі. 


Әдебиеттер 

1 John Malcolm. The History of Persia. – London, 1815. – p. 382 

2 Карл Эрнст. Суфизм: Перевод с англ. – М., 2002. 

3 Құран Кәрім. Қазақша мағынасы. Аударған Халифа Алтай. – Алматы, 1990.


Мәліметтер алынған дереккөз: Е.Т. Қартабаева. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы.  №3(69). 2014

ХАНАФИ ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ТАРАЛУЫ ХАНАФИ ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ТАРАЛУЫ
Қазақ жерінде таралған исламның өз ерекшеліктері бар.   Ескеруге тиіс басты мәселе сонда – ислам қағидаларының сенімге (ақидаға) қатысты тұстары
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ИСЛАМНЫҢ РӨЛІ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ИСЛАМНЫҢ
Ислам XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының ресми идеологиясы болып жарияланды. Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығаюы мен
Қазақ мәдениетіндегі ислам философиясының орны Қазақ мәдениетіндегі ислам философиясының орны
Еуразия өлкесінің сан ғасырлық тарихы, қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті
Ислам ілімі Ислам ілімі
         Ислам сенімінің негізі – бір Алла тағалаға ғана құлшылық ету және бір Алладан ған көмек сұрау (таухид).          Ислам – монотеистік таухид
Ислам дінінің қалыптасуы Ислам дінінің қалыптасуы
Ислам әлемінің ғалымдары ислам діні тек бір қауымға, бір ұлтқа ғана тән жаңа дін деп санамайды. Ислам бүкіл адамзатқа берілген ең соңғы, кемел, білім
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×