Жастар порталы
Мемлекет пен дін арақатынасындағы құндылықтар мәселесі
938 0 aiko

Мемлекет пен дін арақатынасындағы құндылықтар мәселесі

Дінтану

Егеменді еліміз Қазақстанның өтпелі кезеңде тоталитарлық әлеуметтік қоғамның зиянды тұстарынан толығымен айығып, өркениетті елдерге тән қоғам құруы оның ұлтаралық, діни қатынастарда дұрыс бағыт ұстауына, әртүрлі дін өкілдерінің татулығын тұрақты ете алуына байланысты. Көп ұлтты Қазақстан қоғамында түрлі діни қауымдастықтардың арасында бірлік пен татулық болса, рухани тоқыраудан шығу мүмкіндігіне ие болары сөзсіз. Сондықтан мемлекет діни қауымдастықтар арасындағы өзара байланыс пен қоғамның рухани өміріне пайдалы байланысқа түсуін қамтамасыз етуі қажет. Әрі Қазақстандағы барлық діни ұйымдардың мақсат-мүдделеріне сай іс-шаралар жүйесі атқарылып, жүзеге асырылып отырғаны дұрыс. Сонда ғана діни қатынастар орнықты болып, діни қауымдастықтар татулығы сақталары шүбәсіз. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда дінді тұтыну жағынан көп сипатты қоғам өмір сүргендіктен, дін өкілдері дәстүрлі және дәстүрлі емес бірлестіктерге де ұйымдасқан. Сондықтан қазіргі Қазақстанда қалыптасқан діни жағдайға байланысты «дін ұстану және діни танымды уағыздау бостандығының жүзеге асырылуы қоғамдық тәртіпті және басқа азаматтардың өмір сүруі, денсаулықтарын сақтау мен имандылығын, бостандықтарын қорғау мақсатында ғана заңмен шектелуі мүмкін» [1,3]. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елімізде көптеген діни ұйымдардың пайда болуының өзі дін мәселесіне байланысты саясаттың бағыт-бағдарлары анықтала түсуін қадағалай отырып, түрлі қоғамдық аймақтарға қатысты заңдық принциптер мен нормалардың бекітілуін қамтамасыз етті. Ал діни қатынастардың ерекшелігі – қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени, рухани сфералардан көрініс тауып жататыны белгілі. Сондықтан бір ғана діни қатынастар мәселесімен айналысу мүмкін еместігі діннің өте күрделі құбылыс екендігін дәлелдей түседі. Осыған орай дін мәселесіне байланысты мемлекеттік саясат рөлінің арта түсуі діннің қоғамдағы алатын орны мен қызметін анықтау қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болмақ.

Бірақ қазіргі таңда заңның ең үлкен қателіктерінің бірі – біріншіден, еркіндік принциптері басымдау, яғни діни бірлестік құруға рұқсат беру мен діни қызмет жасауға мүмкіндік алу болса, екіншіден, мемлекет мүддесін қорғау мақсатында діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салу, міндеттеу, мәжбүр ету принциптері қатаң қаралмағандығын баса айтуға болады. Тәуелсіз қазақ елі діни сенімге бостандық беру арқылы демократиялық үрдістерді қалыптастыруға ұмтылыс жасауда. Алайда шетелдік діни бірлестіктердің бағдарламасына сараптама жасайтын үкіметтік коммисияның құрамында діни бірлестіктердің сенімі мен тарихына талдау жасайтын мамандардың аздығы, кейбір діни бірлестіктердің елімізге қауіпті екендігін анықтай алмауымыздың негізгі себебі болмақ. 

Сонымен қатар соңғы онжылдықтар азаматтық қоғам мен нарықтық экономиканың құрылуы ғана емес, сондай-ақ «діни серпілістің» болуымен де сипатталады. Бұрынғы діни бірлестіктер бағыттарының күшеюімен бірге қазіргі Қазақстан үшін барынша беймәлім, жаңа «дәстүрлі емес» діни ұйымдардың пайда болуы байқалғандығын айта кетсек, Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы екендігін де ескергеніміз жөн. Ондағы деректер бойынша 1989 ж. 1 қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестік болса, 2003 ж. 1 қаңтарда Қазақстанның аумағында 3206 діни бірлестік жұмыс істеген»[2]. Құбаш Сағидоллаұлының зерттеуіне жүгінсек, тұғыры биік елімізде тәуелсіздік алғаннан бері 2000- дай мешіт, 170-тен астам православтық приход, 30-дан аса католиктік костел, 1000-нан астам протестанттық ғибадат орындары ашылған. Егер 1991 жылы Қазақстанда бір ғана еврейлік синагога болса, қазір олардың саны 20-ға жеткен. Ал Қазақстандағы діни бірлестіктер саны 2010 жылы 4427-ге жеткен. 

Осы аталған саны көп діни ошақтардың сапасы қандай екенін, олар қандай идеяларды дәріптейтінін анықтау қазіргі уақытта қандастарымыздың көкейінде жүрген мәселенің бірі екендігінде дау жоқ. Десек те, түсініксіз ағым-бағыттардың қазақ топырағына келуіне тосқауыл құру керектігі жөніндегі үндеулері аяқсыз қалмай, «діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер жөніндегі кейбір заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды. Қорытынды бойынша салыстармалы кестеге 58 түзету енгізілген. Жаңа заң бойынша бірлестіктерді орталық, жергілікті немесе діни топтар деп классификациялау енгізілді. Сонымен қатар діни бірлестіктерді тіркеу тәртібі мен оларды тіркеуден бас тартуға себеп болатын негіздер анықталған болатын [3,  10]. Дегенмен де тәуелсіздіктің нәтижесінде дінмен үндес діни-философиялық мәселелерді оң шешудің ыңғайы туып, дінді жаңаша және тәуелсіз қайта бағалаудың сәті түсті. Сондайақ қарабайыр материализмге де, жалаң мистицизмге де берілмей төзімді, жаңашыл және орта ұстанымды таңдаудың қажеттілігі туып отыр. Рационализм де, діни сезім де ақиқаттың түбіне жетуге, ақиқаттың мәнін пайымдау арқылы бақытқа жетуге, этикалық тазалыққа, шынайы еркіндікке, рухани кемелдікке ұмтылары сөзсіз. Сондықтан діни танымдық жолдың басты айырмашылығы танымның әдісінде жатқандығын айыра алған да жөн.

ХХ ғ. мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің зайырлы жүйесін таңдағандықтан, оның құқықтық реттеудегі негізгі бағыттарын меңгеру арқылы елдің ішкі тәртібі сақталары сөзсіз. Сондықтан аталмыш жүйедегі әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің төмендегідей бағыттарын көрсетуге болады:

1. Теократиялық (діннің мемлекетті басқаруы) жүйеде бір діннің ұстанымдары негізінде мемлекеттің басқару формасы мен қоғамдық қатынасты реттеу заңдары қарастырылады әрі құдайдың мемлекетті тікелей басқаруға қатысуы, құдайдың нұсқауы бойынша билеушілердің мемлекетті басқаруы (таухид діні тұсында пайда болған Рим, Византия, Омаят, Аббасит, Фатимит және Иран мен Ватикан) деп екі арнаға бөліп қарауға болады. 

2. Клерикальді (мемлекеттің дінді басқаруы немесе белгілі бір дінді қолдауы) жүйеде мемлекет халықтың басым көпшілігі қабылдаған дінге қолдау көрсете отырып, бір дінге құқықтық тұрғыдан артықшылық беруі әрі дінге қайшы келетін өзге сенімдердің насихатталуына жол берілмеуі қарастрылады. Клерикальді жүйе кей деректерде «Сезаро папизм» немесе «Византизм» терминдерімен беріледі. Бүгінгі таңда клерикальді жүйеге жақын мемлекеттер зайырлы мемлекет болып танылғанымен, өз аумағы мен халқының тарихи танымында ерекше рөлге ие бір дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіледі. Алайда дінді мемлекеттің саясатына араластырмайды. Сонымен қатар халықтың басым көпшілігі ұстанатын нақты бір діндерге қолдау көрсетіп, өзге діни ағымдардың қызметіне шектеу қоятын зайырлықтың клерикальді жүйесіне өтуі үшін бүгінгі қолданыстағы дін жөніндегі заңда төмендегідей қағидаларды қатаң саралау керектігін ұмытпауымыз қажет: 

• Мемлекеттік билікке діни бірлестіктердің араласуына жол берілмеу; 

• Мемлекеттік билікші органдар діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласпау; 

• Діни бірлестіктерге партия ретінде құрылуына жол бермеу; 

• Мемлекет тарапынан діни бірлестіктерді қаржыландырмау; 

• Дінді мемлекеттің білім бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізбеу; 

• Білім беру орындарында дінтану пәндерін танымдық деңгейде өткізу; 

• Адамдардың ар-ождан бостандығы мен діни сенімін қамтамасыз ету. 

3. Конкордато (мемлекет пен діннің ортақ келісімге келуі) жүйесі бойынша билеушілер мен дін өкілдері келісе отырып, мемлекетті ортақ басқарады. Зерттеушілердің пікірлеріне сүйенсек, конкордато жүйесі зайырлыққа жақын дегенді алға тартады. Ал орта ғасырлардағы Ислам мемлекеттерінің көпшілігінде билеушілер дін өкілдеріне құрмет көрсету арқылы халықты басқарғаны тарихи деректерден белгілі. Сондайақ Напалеон секілді билеушілер дін өкілдерімен ортақ мәмілеге келуі арқылы ел басқарған. Конкордато жүйесіне жақын зайырлы мемлекеттерге Мысыр, Ауғанстан, Ливан, Италия және Испания мемлекеттерін жатқызуға болады. 

4. Харизматика (құдайдың рахымы түскен әулие тұлғаның билігі) жүйесіндегі түсінік бойынша жеке бір тұлғаның бойына тылсымнан күш қонғаны айтылады. Сол себептен тарих беттеріндегі көптеген билеушілердің қимыл әрекеттері құдайлық сипатқа ие болғандықтан, мемлекетті басқара алған деген түсінікті де алға тартады. Мәселен, «көктегі тәңір» жердегілерге билігін жүргізу үшін жер бетіне «қағанды» түсірді деген ұғымдарды Орхон-Енисейдегі тасты таңбалардан көруге болады. Ислам тарихына зер салатын болсақ, шииттік ғулат топтардың жетекшілерінің көпшілігі «хулул» (құдай рухының адам денесіне енуі) сенімінің негізінде діни қозғалыстар жасаған болса, үнді дүниетанмындағы түсінік бойынша Вишну құдайдың рухы Прабхабутаның, Брахманың рухы Рамакришна мен Свамидің бейнесіне ену арқылы әлемнің тепе-теңдігін сақтап отырған деген түсініктерді ортаға салады. Сондай-ақ ІХ ғасырда солтүстік Африкада өмір сүрген «Фатимиттер» мемлекетінің жетекшілері де өздеріне «маһди» (ғайыптан пайда болатын киелі жол сілтеуші) атауын беріп, мемлекет құрғандығын айта кетуге болады. Сондықтан қазіргі таңда диктаторлық, яки авторитарлық мемлекеттердің көсемдерінің бойына «құдайдың рухы» дарыған деп халықтың илануы осы харизматикалық жүйенің түсіндірмесіне жақын келеді.

5. Батыс философтары Николла Макиавелли, Мартин Лютер ұстанған пікір «Лайцизм» (мемлекет пен діннің бір-бірінің ісіне араласпауы) жүйесі бойынша дін саясаттан бөлініп, мемлекет дін істеріне орынсыз араласпауы тиіс. Алайда дін мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтірген жағдайда мемлекеттің дін ісіне араласуына құқы бар. Аталмыш ұстанымға қарсы орта ғасырда еуропа елді мекендерінде дін өкілдері мен ғылым қайраткерлерінің арасындағы түсініспеушілік туындап, ішкі тартыс ұзақ уақытқа дейін созылғандығы тарих беттеріндегі «дін мемлекет ісіне араласпасын деген пікірді жақтаушыларды дін өкілдері билеушілер арқылы отқа (инквизиция) тасталғандығы» белгілі [4,43]. Дегенмен, 1776 жылы «Адам құқығы» декларациясы АҚШ-та қабылданса, 1789 жылы Францияда қабылданып, сословиелік жүйе жойылды, сонымен қатар дін мемлекет ісіне, мемлекет дін ісіне араласпайтын жаңа мемлекеттік құрылым өз қызметін бастады. Мемлекеттік құрылымдық жүйені 1831 ж. Бельгия, 1911 ж. Португалия, 1918 ж. Германия, ислам елдерінің ішінде алғаш 1924 ж. Түркия қабылдаған болатын.

Діндерге тең құқық беретін зайырлы мемлекеттерге АҚШ, Франция, Германия, Бельгия, орта Азия (Қазақстан) мемлекеттерін, сондайақ, посткеңестік мемлекеттердің бір шамасын жатқызуға болады. Алайда зайырлы мемлекет құрудың мемлекеттік құрылымдық жүйесі елдің болашағы үшін аса қауіпті болмақ. Себебі діндерге тең құқық беру демократиялық бағыты болғанымен, діни сенімі мен ұстанымы бірбіріне қарсы келетін ағымдардың бір мемлекетте бір мезілде қатар өмір сүруі, қоғамдық бір жақты тәртіпті жоғалтып, нәтижесінде мемлекеттің ыдрауына әкелуі әбден мүмкін. 

Айталық, елімізде қайта өрлеу кезеңінде дәстүрлі және дәстүрлі емес бағыттардың орын тепкені рас. Сол себептен қазіргі таңда тәуелсіз еліміз Қазақстанның топырағында тамырын терең жайған дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің тарихы мен олардың таралу ерекшеліктерін талдауды қажет етуде. Себебі Ресей империясының отаршылдық саясаты, кейін кеңестік тоталитарлық тәртіп қазақ қоғамындағы діннің мәні мен маңызын объективті тұрғыдан жан-жақты талдап зерттеуге мүмкіндік бермеген еді. Сондықтан Қазақстандағы діни жағдайды назардан тыс қалдырмай әлеуметтік қатынастардың құрамдас бөлшегі ретінде қарастыруды ескеру қажет. Себебі өтпелі кезеңдегі діни өзгерістер мәнін түсінбей жатып, жалпы қоғамдық санадағы өзгерістер мәнін ұғыну оңайға соқпасы анық. 

Киелі топырағымыз қазақ жерінде жат діндердің орын тебуі еліміздің қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келеді. Қазақстан – көп ұлтты, сондай-ақ көп дінді тәуелсіз мемлекеттің бірі. Қазақстандықтарды ынтымақ пен ортақ мақсаттар төңірегінде ұйытатын бірден-бір күш плюралистік идеология болғандықтан, қазақ даласындағы барлық діни ұйымдар мен идеология жүйелері адамгершілік принциптерін, жалпы адамзаттық мұраттар мен міндеттерді насихаттаулары қажет екендігі ескерілусіз қалмау керек. Онсыз қоғамдық өмірде татулыққа, ымыраға келу әсте мүмкін емес. Алайда әртүрлі діндер мен ұлттардың сан қилы да қайшылықты мүдделерін жалпы адамзаттық мақсаттар біріктіре алатынын есте тұтқанымыз жөн. 

Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері» кітабында көрсетілген: «Діннің тұтастығы – қашанда елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан белгілі...   Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Йассауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырады. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді. Сондықтан ұлттық сипатқа айналған дәстүр мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келетіндерге жол бере алмайтынымызды ашық айтамыз» деген ойларымен қорытындыласақ артық болмас.


Әдебиеттер 

1 Діни сенім бостандығы немесе діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының Заңы. – Алматы: Қазақстан,1993. 

2 Байтенова Н.Ж. О роли межконфессионального диалога и согласия в послании Президента Казахстана // Вестник КазНУ. Серия философия. Серия культурология. Серия политология. – Алматы, 2007. 

3 Мыңжасарқызы Д. Діни азғындарға тосқауыл болады ма? // Ислам және Өркениет. – 2008. 

4 Шкутина Л.А.Проблема межконфессиональной толерантности в системе образования. – Аlma mater. – 2012. – №1.


Мәліметтер алынған дереккөз: Д.М. Көкеева. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы.  №2(63). 2013

Жастар саясатын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныс Жастар саясатын жүзеге асыруға уәкілетті
I. Ағартушылық блок.  Жастардың дін саласындағы сауаттылығын мақсатты түрде арттыру мемлекеттік жастар саясатының аса маңызды бағыттарының бірі болуы
Қазақстандағы діни жағдай Қазақстандағы діни жағдай
Қазақстан Республикасы − 140 ұлттың өкілдері тұратын, 40-тан астам діни бағыттағы ұйымдар шоғырланған көп ұлтты, көп дінді мемлекет. Қазақстандағы
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары. діни ауызбіршілікті сақтау мен нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске
Қазақстан Республикасы – әрбір азаматқа ар-ұждан бостандығына кепілдік берілген және барлық конфессиялар ұстанушыларының заң алдында теңдігі
ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.
Дінтану мамандығы – қоғам сұранысы! Дінтану мамандығы – қоғам сұранысы!
Дін – дәстүр болымысымен ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде беріліп, дін мен дәстүр үндестігі заңдылыққа айналды. Кез-келген халықтың мәдениеті мен өмір
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×