Жастар порталы
Кеңестік дәуір саясатындағы ислам факторы және Қазақстандағы ислами ахуал
933 0 aiko

Кеңестік дәуір саясатындағы ислам факторы және Қазақстандағы ислами ахуал

Дінтану

Кеңестік зерттеушілердің пікірінше, КСРОдағы ислам мен шариғаттың «қалдықтарын жеңу» үдерісі бірнеше кезеңдерден тұрды. 1920 жылдары, бірінші кезеңде мұсылман дінбасылары діншіл халықтың басым бөлігіне ықпалын жүргізді және кеңестік билікке елеулі қарсылық көрсетті. 1920 жылдардың соңы мен 1941 жылдарды қамтыған екінші кезеңде дәстүрлі ислам таралған аудандарда шариғат соттары жойылды, діни санкциялар өздерінің заңи күштерін жоғалтты, ал мұсылман дінбасылары кеңестік билікке формалды түрде бейтараптық таныта бастады. Ұлы Отан соғысынан кейін басталған үшінші кезең мәдени, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің заңды нәтижесі ретіндегі жаппай діннен бас тартумен сипатталды [1]. 

1917 жылы Ресейдегі большевиктер төңкерісінің жеңісінен кейін және КСРОның құрылуымен оның құрамына енген Орта Азия халықтарының идеологиялық бағытбағдарлары да орасан өзгеріске ұшырады және басқа мұсылман әлемімен өзара дербес байланыстарын үзді. КСРО-ның одақтағы мұсылман халықтарына қатысты ұстанымы мен сыртқы саясатындағы өзге мұсылман әлемімен байланысының тарихы біркелкі болған емес. 

Большевиктер билікке келгеннен кейін дәстүрлі исламның таралған аймақтарында өз биліктерін нығайту мақсатында РКСФР ХКК 1917 ж. 20 қараша күні «Шығыс пен Ресейдің барлық еңбекші мұсылмандарына» жолдау жасады. «Жолдастар! Бауырлар! Ресейде ұлы өзгерістер орын алуда!.. Осы ұлы өзгерістер қарсаңында біз Ресей мен Шығыстың барлық жұмысшыларына, күйсіз, қаріп мұсылмандарына үндеуімізді жолдаймыз. ...Ресейдің мұсылмандары, Қырым мен Еділ бойындағы татарлар, Сібір мен Түркістанның қырғыздары мен сарттары, Кавказдың шешендері мен тау халықтары, барлық мешіттері мен ғибадатханалары бұзылғандар, Ресейдің қанаушылары мен патшалары тарапынан діни наным-сенімдері мен дәстүрлері қорлауға ұшырағандар! Бұдан былай сіздердің діни наным-сенімдеріңіз бен дәстүрлеріңіз, ұлттық және мәдени ошақтарыңыз еркін және оған қол сұғылмайды деп жарияланады» [2]. Бұл жолдау мұсылмандар тарапынан үлкен қолдау да тапты. 

1920 ж. 16-25 қыркүйек аралығында Уфада Г. Баруди мүфтидің басқаруымен Бүкілресейлік мұсылмандардың І съезі өтті, оның қорытындысы бойынша Мұсылмандардың діни басқармасының орталығы (МДБО) құрылады. 

1923 жылдың 10-25 маусым аралығында Уфада Қоқанд, Ташкент және Қырым мүфтилері мен 285 делегат қатысқан Бүкілресейлік мұсылмандардың ІІ съезі өтті. Бұл уфалық мүфтияттың өз аумағындағы мұсылмандардың діни басқармасының орталығы ғана емес, барлық КСРО мұсылмандарының орталығына айналғандығын, оның жоғары беделін көрсетті. 

Мұсылмандардың белсенділігінің артуынан қауіптенген РКСФР Ішкі Істер Халықтық Комиссариаты 1923 ж. 30 қарашада МДБО Жарғысын бекітті, оның құзыреті РКСФР-дің еуропалық бөлігі мен Сібірге, ҚазАКСР аумағына таралды [1]. 1923 жылдан бастап мұсылмандардың діни басқармасы орталығына қарасты аймақтарда жаппай діни оқу орындарын жабу басталды, үкіметтің бұл саясатына қарсы әр тараптан мемлекеттік және партиялық органдарға мұсылмандардың атынан діни оқу орындарын ашу ұсынысы жазылған хаттар ағыла бастайды. Мұндай мәтіндегі хаттар Верный округіндегі мұсылмандар тарапынан да көптеп жазылғанын архивтердегі құжаттардан көре аламыз. 

1929 жылға дейінгі кеңестік биліктің мұсылмандарға қатысты ресми саяси ұстанымы басқа діни топтар мен сенімдерге қатысты бағытына қарағанда анағұрлым жұмсағырақ болды деуге келеді. Мұның себебі кеңестік сыртқы саясаттағы ислам факторының алған маңыздылығымен түсіндіріледі. Мұсылман қауымдастығы кеңестік сыртқы саясатты жүргізуге үлкен септігін тигізді.

Кеңестік жетекшілердің ойына мұсылмандарды саяси белсенділікке тарту бірден келе қоймады, алайда әлемдік төңкеріс жасау мақсатын жүзеге асыру барысында Батыс пролетариатының қолдауына үміттенген большевиктер олардан күдерін үзу қажеттілігін түсінісімен-ақ Шығыс елдерімен байланыстарын орнықтыруға қарай ойысты. Шығыс елдерінің маңыздылығын жете түсінген В.И. Лениннің өзі Ресей үшін ислам факторының маңыздылығын жоғары атап көрсеткен: «біз үшін түземдіктердің сеніміне кіру өте маңызды....Бұл әлемдік мәселе...мұнымен қалжыңдауға болмайды, бұл істе 1000 мәрте мұқият болуымыз керек» [3, с. 190].

КСРО-мен ең алғаш дипломатиялық байланыс орнатқан мемлекеттердің қатарына мұсылман елдері кіреді: 1919 ж. Ауғанстан, 1920 ж. Түркия мен Иран, 1926 ж. Сауд Арабиясы. Бұл тарихи фактілер өз кезегінде осы дипломатиялық байланыстардың орнығуының арқасында Кеңес Одағының сыртқы саяси оқшауланудан аман қалғандығын дәйектейді. 1926 жылы І Бүкіләлемдік мұсылмандар конгресіне КСРО атынан МДБО өкілдері қатысады, өз кезегінде бұл Кеңес Одағының мұсылман әлемі алдында беделін арттыруға үлкен септігін тигізді. Шын мәнісінде кеңестік дипломатия мұсылман қауымдастығын өзінің Таяу Шығыстағы мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдаланды. 

Сыртқы саясатты қалыптастырудағы ислам факторы ішкі саясатқа келгенде идеологиялық үлкен қайшылықтарға әкелді. Мұсылман қауымдастығының діни белсенділігінің артуын болдырмау мақсатында діни саясатқа түзетулер енгізді. 1920 жылдардың аяғы – 1930 жылдардың басынан бастап Кеңес үкіметінің антиисламдық саясатының басты ұстанымдары айқындалды, ол, ең алдымен, мұсылман қауымдастығының дінбасыларын саяси қуғын-сүргінге ұшырату, кеңестік атеизм идеологиясына қайшы келетін діни бірлестіктерді жабу, мешіттер мен медреселерді талқандауға бағытталды. 1918-1931 жылдар аралығында Қазақстанда 1630 діни ғибадатхана оның ішінде 782 мешіт, 1931-1933 жылдары (культ) ғимараты, 879 діни ғибадатхана, оның ішінде 499 мешіт жабылды [4, 162-163 бб.]. 

Осы кезеңдегі кеңестік жазалаушы жүйенің тағы бір озбырлық саясаты тіл саясатына қатысты жүргізілді. КСРО құрамындағы мұсылман халықтарының бұрынғы қолданып келе жатқан араб әліпбиін жойып, әуелі латын, кейінірек кириллицаны енгізуі күштеп орыстандыру саясатының бастамасы еді. Орта Азия халықтарының тарихын зерттеуші белгілі ғалым Ширин Акинердің «Islamic People Of The Soviet Union» еңбегінде КСРО құрамына кірген Орта Азия және Қазақстан елдерінің әліпбиі туралы мәліметтерде 1924 жылға дейін араб әліпбиі, 1924-1929 жж. өңделген араб әліпбиі, 1929-38 жж. латын әліпбиі, 1938- 1940 жж. екінші латын әліпбиі, 1940 жылдан бастап кириллицаға ауысқаны және оның 1957 ж. модификацияланғандығы туралы және олардың діні ислам, ханафи мазхабындағы сүнниттер екендігі туралы мәліметтер келтіріледі [5, рр. 283, 300, 313, 325, 337, 344]. 

Екінші дүниежүзілік соғыс КСРО-дағы діни саясатқа қайта өзгерістер енгізді, бұл кезең кеңестік үкімет пен мұсылман дінбасылары арасындағы жылымық саясаттың оралғанын көрсетті.Бұл саясаттың астарында Ұлы Отан соғысы жылдарында ислам факторын пайдалану жатқандығы байқалады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ КСРО басшылары жеңіс жолында қоғамды жұмылдырудың басты көзі діни фактор екендігін айқын сезінді және осыған сәйкес формалды түрде болсын діни саясатты өзгерту қажеттігін түсінді. 

1941-1945 жж. Қазақстан мен Орта Азия елдерінде ислам дінінің жанданғандығы байқалады. 1941 жылы қазан айында Орта Азия мұсылмандарының беделді діни көсемі Эшон Бабахан «қылмыстық істің тоқтатылуына» байланысты түрмеден босатылды. 

1943 ж.15-20 қазанда Ташкентте Орта Азия және Қазақстан үлемдерінің бірінші құрылтайы өтті. Құрылтайда Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасын құру туралы шешім қабылданды, төрағасы болып Эшон Бабахан сайланды. 1945 жылдың аяғына таман кеңестік мұсылмандар Мекке мен Мединеге қажылық өтеуге баруға мүмкіндік алды. 

Жалпы алғанда, 1941 жылдан басталған Кеңес Одағының ислам конфессияларына қатысты «жылымық» саясаты ұзаққа созылмады, 1948 жылдан басталған діни қысым 1953 ж. Сталиннің өліміне дейін жалғасты.

1954 ж. КОКП Орталық Комитетінің «Ғылыми-атеистік үгіт-насихаттағы жіберілген ірі кемшіліктер және оларды жақсарту шаралары» «Тұрғындар арасындағы ғылымиатеистік жұмыстарды жүргізудегі қателіктер» туралы қаулылар қабылданды [6]. Бұл кезеңде діни әдебиеттерді, діни сенім заттарын жаппай жою істері қайта жанданды, қасиетті орындарды зиярат етуге, қажылық жасауға тыйым салынды. КСРО Жоғары білім министрлігі мен университтегі философия факультеттеріне халық арасында ғылыми-атеизмді насихаттайтын, терең білімді философтарды дайындау тапсырылды. Осыған байланысты философия факультеттерінің оқу жоспарлары мен бағдарламаларына тиісті өзгертулер енгізілді. Кеңестік Республикалар аумағындағы Ғылым академияларына, университеттердің философия факультеттеріне атеизм мәселелері бойынша ғылыми жобалар дайындау тапсырылды. 

1960-1970 жылдардағы атеистік бағыттағы жұмыстардың қатарына тұрмыстағы діни дәстүрлерге қарсы күрес жатты. Қазақ халқының ұлттық дәстүрлеріндегі «діни қалдықтарды» жоюға бағытталған кеңестік саясат ұлттық діни танымның әлсіреуіне әсер еткенімен, оның тұтас жойылып кетуіне әкеле алмады. 

Кеңес Одағы билігінің үстемдік құрған барлық кезеңінде де Қазақстандағы қазақтардың, басқа да мұсылман халықтарының басым бөлігі өздерін мұсылман деп санап, мұсылмандық шарттарды орындаған және діни мерекелерді де атап өтіп отырған. Дініне берік мұсылмандардың қатарында қарапайым азаматтармен қатар, саяси және мәдени элита өкілдері де тұрды. Қазақ халқының тұрмыс-салтында адамның өмірге келгенінен бастап, о дүниеге аттанарға дейінгі өмір кезеңін қамтитын мұсылмандық ғұрыптар, дәстүрлер қалыптасқан. Олардың қатарында мұсылманша «азан шақырып» ат қою, ер баланы сүндетке отырғызу, неке қию, қалың мал өтеу, әмеңгерлік, тасаттық беру, ораза тұту, жаназа шығару, т.б. ислами наным-сенімдермен байланысты салт-дәстүрлер көптеп кездеседі. 

Кеңестік дәуірдің 70 жылдық тоталитарлық жүйесінің қыспағы, ғылыми коммунизм мен атеизмнің қатаң қағидаттарының қуғын-сүргініне ұшырағанына қарамастан Орта Азия мен Қазақстан халықтарының басым бөлігі өздерінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрлерін, діни наным-сенімдерін сақтап қалды.


Әдебиеттер 

1 Королева Л.А., Королев А.А. Государство и ислам в СССР: из опыта взаимоотношений//htpp:www.rusnauka.com/2_ KAND_2009/Pravo/39669.doc. 

2 Обращение Советского правительства «Ко всем трудящимся мусульманам России и Востока».20 ноября (3 декабря) 1917 г.//http://xx-vek-istoria.narod.ru/libr/istochnik/vnpol/mus.html 

3 Ленин, В. И. Полн. собр. соч. / В. И. Ленин. – Т. 52. – С. 190. 

4 Мухтарова Г.Д. Ислам в советском Казахстане (1917-1991 годы) //07.00.02 – отечественная история (история Республики Казахстан). Диссертация на соискание ученой степени доктора исторических наук. Инв. 0507РК00175. – 290 с. 

5 ShirinAkiner. Islamic People Of The Soviet Union (with an Appendix on the non-Muslim Turkic peoples on the Soviet Union).– London, New York, Sydney and Melbourne, 1983, 1986. – P.462 

6 Постановление от 7 июля 1954 года «О крупных недостатках в научно-атеистической пропаганде и мерах ее улучшения» ЦК КПСС; Постановление от 10 ноября 1954 года «Об ошибках в проведении научно-атеистической пропаганды среди населения» ЦК КПСС//http://www.rusoir.ru/index_print.php?url=/03print/02/239/


Мәліметтер алынған дереккөз: Б.Ж. Ақтаулова. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы.  №3(64). 2013 

Ислами білім берудің қазақстандық моделі Ислами білім берудің қазақстандық моделі
Зерттеуші, дінтанушы А. Әбдірәсілқызының айтуынша, Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы
ҚАЗАҚСТАНДА ХРИСТИАН ДІНІНІҢ ТАРАЛУЫ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ  ШІРКЕУІ ҚАЗАҚСТАНДА ХРИСТИАН ДІНІНІҢ ТАРАЛУЫ.
Христиандықтың Орта Азияда Мерв қаласында пайда болуы туралы мәліметтер ортағасырлық тарихшы Бируни еңбектерінде б.з. ІІІ ғ. деп беріледі. Тарихи
Қазіргі Қазақстандағы Орыс православ шіркеуінің қоғамдағы рөлі Қазіргі Қазақстандағы Орыс православ шіркеуінің
Қазақстанда православ дініне сенушілер саны бойынша Исламнан кейінгі екінші діни бағыт болып табылады. Елімізде православтықтардың пайда болу тарихы
МҰСЫЛМАН ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУ ЖОЛДАРЫ. ИСЛАМДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚҰҚЫҚТЫК МӘСЕЛЕЛЕР МҰСЫЛМАН ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУ ЖОЛДАРЫ.
Мұсылман құқығы —  дүниежүзілік құқықтық мəдениеттің бөлігі болып табылатын, қазіргі кездің өзіндік құқықтық жүйесі.  Мұсылман құқығы — ислам дінінің
Қазақстанға ислам дінінің келуі мен орнығуы Қазақстанға ислам дінінің келуі мен орнығуы
Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ислам өркениеті мен мәдениеті аясында өмір сүріп, ислам дінін ұстанып келеді.  V ІІІ ғасырда Қазақстан және Орта Азия
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×