Жастар порталы
Сауд Арабиясы: терроризм және исламдық экстремизмге қарсы тұру мәселелері
384 0 aiko

Сауд Арабиясы: терроризм және исламдық экстремизмге қарсы тұру мәселелері

Дінтану

2001 ж. 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы әлемге танымал оқиғадан кейін Сауд Арабиясы Корольдігінің билігі исламдық экстремизмге және онымен байланысты ішкі және халықаралық террористік қызметке қарсы тұру шараларын кеңейтіп, белсендете түсті. Саудтық биліктің бұл белсенділігі ішкі және сыртқы тәртіптің негізгі екі себебімен түсіндіріледі. 

Біріншісі, исламдық экстремистер мен террористердің іс-әрекеттері ауқымының кеңеюі корольдіктің ішкі саяси жағдайының тұрақтылығына қауіп төндіре бастауы (бұған 2003 ж. 13 мамыр айындағы Эр-Риядтағы терактілер түрткі болды). Шығыстанушы мамандардың бағалауы бойынша, радикалды исламистерді жақсы ұйымдасқан және ықпалды күші зор, сондай-ақ, билеуші саудидтер әулетіне оппозициялық белсенді топтар деп қарастыруға болады.

Екіншісі, 2001 ж. 11 қыркүйегіндегі террористік терактіге қатысты деп айыпталынғандардың көбі Сауд Арабиясы құзырындағы азаматтар немесе корольдікте тұрып жатқан азаматтардың болуы Эр-Рияд басшылығы атына шетелдерде радикалды исламдық идеологияны (уахабизм) таратуға ықпал еткені туралы айыптардың барлығына қарсы тұру үшін де саудтық басшылық тек сөз жүзінде ғана емес, іс-жүзінде де корольдіктің позитивті имиджін әлемдік аренада сақтау үшін олармен күрес жүргізуге белсенді кірісті /1/. 

Саудтық басшылық мемлекеттің ресми тұлғаларының исламдық террористермен байланыстары туралы айыптарды толығымен жоққа шығарды. Осыған байланысты Эр-Рияд Вашингтоннан АҚШтың Сенаты мен Конгресстің өкілдер палатасы 2001 ж. 11 қыркүйектегі оқиғаны талқылауға арналған бірлесе отырып дайындаған 900 беттік баяндаманың жарияланбай қалған құпия бөлігін алға тартуға талап қойды. Саудтықтардың пайымдауынша, сол құжаттын жарияланбай қалған бөлігі (28 бет) Сауд Арабиясы Корольдігіне тікелей қатысы бар. Алайда, АҚШ Президенті Дж. Буш Эр-Риядты қолайсыз жағдайда қалдырмау үшін ол құжатты құпиялылықта сақтап тұруы бекер емес екендігіне саудтықтардың көзі жетті /2/. 

Сонымен, терроризм мен діни экстремизмге қарсы саудтық басшылардың қандай нақты шаралар қолданды дейтін болсақ. 

2001 ж. қыркүйегінен 2003 ж. мамырына дейінгі кезеңде Сауд Арабиясы Корольдігінде террористік іс-қимылдарға қатысы бар деген айыппен 300-ден аса адам қамауға алынып, оның 100-ге жуығы сот алдындағы жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, терроризммен байланысы бар 1000 адам іздеуге салынды. Жергілікті арнайы қызметтер көмегімен қамауға алу мен әр түрлі оперативті шаралар барысында үлкен көлемде жарылғыш заттар, атқыштық қару-жарақтар, оқдәрілер, жарылғыш құрылғыларды дайындауға арналған материалдар мен құралдар, әр түрлі құжат бланктері, сондай-ақ, ірі ақша сомалары тәркіленді. «Әл-Қаида» және басқа да террористік ұйымдардың танымал тұлғалары тұтқынға алу барысында өлтірілді. Олардың қатарында «Әл-Қаидадағы» террористік акцияларды ұйымдастырушылардың бірі Салих Әл-Әйари де бар. 

2002 ж. саудтық билік Интерпол арқылы есірткі саудасы және терроризммен байланыстары бар деген күдікпен 750 адамды халықаралық іздеуге жариялады. Сауд Арабиясы Корольдігі әр түрлі елдерге «Әл-Қаида» ұйымы мүшелерін ұстап алу және оларды корольдікке жіберу талап ететін тапсырыстар жіберіп тұрады. Саудтық биліктің діни экстремизм мен терроризмді ауыздықтау қызметі 2000 ж. 13-мамырдағы Эр-Риядтағы терактілерден кейін белсенді түрде жүргізілді. Ол терактіде қарапайым қала тұрғындарымен қатар шетелдік азаматтар да жазықсыздан зардап шекті. Нәтижесінде, 35 адам қаза болып, 200-ден астамы әр түрлі жарақат алды. 2003 ж. мамыр айынан бастап шілдеге дейін террористік қызметке қатысы бар деген айыппен 130 адам қамауға алынды. 

Алғашқы рет Сауд Арабиясы Корольдігі терроризм мен дінді ашық түрде байланыстырды. Мамыр айының соңында бірнеше улемдер (діни беделді тұлғалар) тұтқынға алынды. Сондай-ақ, исламдық істер жөніндегі Министрлік «зорлыққа үгіттеген» деген айыппен әр түрлі рангтегі 1710 діни қызметкерді өз қызметтерінен босатты. Мұндай тектес шаралар елде алғашқы рет өткізілген болатын. Сонымен қатар, саудтық билік өзінің шетелдегі діни өкілдерінің қызметін шектеу шараларын да белсендете бастады. Исламдық экстремистік ұйымдарының көптеген интернет сайттарымен күрес белсендетілді. Эр-Рияд және Жиддада орта мектептер мен Жоғары оқу орындары оқулықтарының мазмұнын өзгертуге арналған тәжірибе науқаны басталды. Онда такфир (сенімсіздікке айыптау) туралы, джихад, діни төзбеушілікті насихаттау ережелері жойылды. Берілген іс-шаралар АҚШ-тың талабымен өткізілген болатын /3/.

2003 ж. 21 тамызда Сауд Арабиясы Корольдігі Жоғары Улемдер Кеңесінің төрағасы және Жоғары Муфтий Әбдел Әзиз Әл-Шейх өзінің мәлімдемесінде терроризмді, діни экстремизм мен фанатизмді исламдық сенім-наным оқуының нағыз мәніне мүлдем жат құбылыс екендігін мәлімдеді /4/. 

Саудтық бұқаралық ақпарат құралдарында жергілікті арнайы қызметтердің мәлімдеуінше, корольдік территориясында 3-тен 5-ке дейін «ӘлҚаида» ошақтары шоғырланып, жұмыс істеп жатқандығы туралы ресми хабарламалар пайда болды. 

2003 ж. 13-мамырындағы оқиғалардан кейін саудтық қауіпсіздік органдары корольдіктің барлық территориясында заңсыз орналасқан террористік топтарды анықтауға арналған арнайы операцияларын өткізіп тұрады. Олардың ауқымдылары Эр-Рияд, Мәдине және Мекке қалаларында өткізілді. Мысал ретінде, шілде айында 16 адамнан тұратын топты тұтқынға алуды айтуға болады. Олар, корольдіктің өмірлік маңызы бар объектілеріне диверсияны ұйымдастырушы астыртын ұйымның өкілдері екендігі анықталды. Қамауға алу барысында үлкен көлемде қару-жарақтар: 18 гранатаметтер, пулеметтер, оқ-дәрілер және атқыш заттарды дайындауға арналған 20 тонна химиялық заттар тәркіленді. 

13 мамырдағы терактілерге дейін саудтық арнайы қызметтері 19 адамнан құралған аса қауіпті экстремистердің тізімін жасады. Олардың барлығы да Сауд Арабиясы Корольдігіндегі терактілерге қатыстылығында айыпталынды. Қазіргі таңда бұл тізімнің 10 адамы өлтірілген немесе тұтқындалған, ал қалғаны 9-ы іздеуде. 

Сауд Арабиясы басқа елдермен халықаралық терроризммен күресу бағытындағы ынтымақтастығы кеңейе түсті. Корольдік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы бірқатар екіжақты және көпжақты келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ, Интерпол бағыты бойынша көптеген халықаралық іс-шараларда қатыса отырып Араб Елдері Лигасының терроризммен күрес туралы келісіміне де қол қойды. Эр-Рияд Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеяның халықаралық терроризммен күрес жөніндегі барлық резолюцияларын қолдады және терроризмді қаржыландыруға қарсы тұру туралы халықаралық конвенцияға қосылды. 

Осы салада сауд-американдық ынтымақтастық қарым-қатынастарының дамуы да белсендетілді. Сауд Арабиясы Корольдігі мен АҚШ 1996 жылдан бастапақ барлау және заңдық органдар өкілдері кіретін Біріккен Контртеррористік комитет құрды. Комитет отырыстары үнемі түрде өткізілетін болды. Тараптар тұрақты негізде ақпаратпен алмасып, біріккен антитеррористік іс-шараларды жоспарлап, әрдайым өткізіп тұрады. ФБР (сондай-ақ британдық полиция) агенттері ЭрРиядтағы соңғы терактілерді тергеу өткізді. 

2001 ж. 11 қыркүйектегі оқиғалардан кейін саудтық биліктің қаржылық саладағы терроризмге қарсы тұру қызметі белсендетіліп, кеңейтілді. Корольдік үкіметі мен банк өкілдері террористік қызметтерді қаржыландыруға қарсы күрес мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар және симпозиумдарға қатысады. Сондай-ақ, «Үлкен сегіздік» елдерінің 1988 ж. құрған «Қаржылық істер бойынша оперативтік топ» мамандандырылған ұйымның мүшесі болып табылады /5/.

Елде қаржылық келісімдерді қабылдау, банктік салымдарды және қаржылық көмек беру істерін бақылайтын Жоғары Комиссия құрылды. Осы мақсатпен корольдіктегі барлық банктерде қаржылық қауіпсіздіктің арнайы қызметтері ұйымдастырылып, қызмет істеуде. Ішкі істер министрлігінің Қауіпсіздік және есірткіге қарсы күрес Департаментінде қаржылық барлаудың жеке арнайы бөлімі құрылды. Бұл бөлімнің негізгі міндеті – қайырымдылық қорларының қаражатын қылмыстық және экстремистік қызметке жұмсалмауын қадағалау. Қаржылық қызметтегі заңдар мен ережелерді орындау мәселелері бойынша корольдікте қаржылық мекемелер арнайы тексерістерден өтіп тұрады. 2003 ж. ақпанында Сауд Арабиясының Қаржылық Агенттігі (Saudi Arabia Monetary Agency. SAMA) соттар мен тергеушілерді қаржылық терроризмге қарсы тұру, қаржылық қауіпсіздіктің халықаралық талаптары және қылмыстық қаржылық ақпаратты тексеру әдістерін оқытуға арналған арнайы бағдарламасын жүзеге асыра бастады /6/. АҚШ және Сауд Арабиясы Усама бен Ладеннің жақын серіктестерінің бірі Әдел Ваиль Хамза Джубайри салымдарына тыйым салуға бағытталған біріккен шаралар өткізді (Усама бен Ладеннің шоттарына король билігі 1994 ж. тыйым салды).

2002 ж. наурызында АҚШ пен Сауд Арабиясы Корольдігі «Әл-Қаида» мен «Иттихад исламий» террористік ұйымдарының қаржы құйылуының қайнар көзі «Әл-Харамейн» саудтық исламдық қордың сомалийлык және боснийлік бөлімдерінің шоттарын оқшаулады.

SAMA басшылығы 2003 ж. мамырда Сауд Арабиясының барлық банктері мен қаржылық мекемелерінде терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес ережелер жөнінде циркуляр бағыттады. Бұл құжаттағы алға қойылған барлық талаптар тез арада іске асуы керектігі баса айтылды. 

Қаржылық құралдарды заңсыз пайдалануға қарсы құқықтық база кеңейе түсді. Осыған орай, 2003 шілде айында Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік Кеңесі (ханзада жанындағы кеңесші орган) террористік қызметті қаржыландырумен байланысты барлық кылмыстарға қатаң жазаны қарастыратын жаңа заңдарды мақұлдап, оларды бекітуге ұсыныс жасады. Бұл қылмыстарда жазалы адамдарды 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы немесе 1,5 млн. АҚШ доллары көлемінде ақшалай айыппұл салыну қарастырылды. Корольдікте кедендік бақылау мен банктік шоттарды ашуға жаңа, қатаң түрдегі ережелер енгізілді. 

Қазіргі уақытқа дейін құқық қорғау органдарының арнайы қызметтері террористік және экстремистік ұйымдарымен байланыстары бар деген күллі ұйымдар мен тұлғалардың банктік шоттарының тексерісі өткізілді. Тексеріс барысында 5697,4 мың доллар сомасындағы 41 шот оқшауланды /7/. 

Қайырымдылық қорларына бақылау күшейтілді. Саудтық басшылар қайырымдылық қызметке үнемі мониторинг жүргізіп отыра бастады. 2003 ж. мамырда корольдік «Әл-Харамейн» және басқа да исламдық қорлары басшылығынан қауіпсіздік органдары олардың персоналын толық тексермейінше шетелдік қызметін тоқтата тұруды талап етті. «Әл-Харамейннің» Хорватия, Албания және Эфиопия елдеріндегі кеңселері өз қызметін тоқтатты. Сондайақ, болашақта Кения, Танзания, Индонезия және Пәкістанда жабылуы көзделіп отыр. 

Жаңа заңдар мен басқа басқарушы құжаттар барлық қайырымдылық қорлар мен ұйымдардан олардың құрылымдары мен қаржылық құралдары қылмыстық мақсатта пайдаланылмайтындығына кепілдеме алды. Сонымен қатар, барлық қорлар мен ұйымдар тиісті мемлекеттік құрылымдар тарапынан өздерінің қызметтері туралы тексерістен өтуге міндеттелді. Олардың Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министірлігіне өздерінің шетелдегі қайырымдылық қызметі туралы хабарлап тұру талап етілді. 

Елдің Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, сыртқы барлау қызметі және SAMA өкілдерінен арнайы комитет құрылды. Бұл комитет өз кезегінде шетелдік елдер мен азаматтардың террористік қызметті қаржыландыруға қарсы күрес мәселелері бойынша тапсырыстарға жауап беруге міндетті болып табылады.

Сауд Арабия үкіметі арнайы қызметтер мен қаржылық мекемелердің дайындығының сапасын жақсарту үшін ісшаралар өткізуді шешті. Бұл іске ханзада Наиф атындағы Қауіпсіздік Академиясы (бұл ұйым қауіпсіздік органдары мен полицияға кадрларды даярлауға арналған корольдіктің негізгі оқу орны) /8/, король Фахд атындағы факультет, SAMA мамандары қатыстырылды.

Саудтық билік органдарының терроризммен, діни экстремизммен күресіне қатысты іске асырылып жатқан шараларының тізімі осындай. Әрине, оны жалғастыруға да болатын еді. Алайда, жоғарыда аталған барлық фактілер келесідей келелі мәселені алға қояды: Сауд Арабиясы Корольдігі билігінің терроризммен және діни экстремизммен күресінің перспективалары қандай? Бірақ, аталған перспективалар корольдікте нақты түрде анықталмағандығын байқаймыз. Бұған жергілікті арнайы қызметтер экстремистік және террористік топтарға қажетті деңгейдегі белсенділік және нәтижелілікпен қарсы шықпайтындығы дәлел болады. Әсіресе, олардың қызметтерін қаржыландыру мәселесінде ол анық көрініс табады. 

Осындай жағдайда діни қауымның бір бөлігі өздерінің ұйымдары арқылы заңға қарсы қызметтерін қаржыландыруын жалғастыруда. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламасы бойынша, клерикалдар мен кейбір ханзадалар өздерінің капиталдарының бір бөлігін радикалды исламның елде кең етек жаюына бөліп отыруда. Шетелдегі исламдық экстремистік ұйымдарға (ХАМАС, «Исламдық джихад») қаржы және басқа да жәрдемнің түрлері берілуі әлі де толық тоқтатылмаған. Соған қоса, жергілікті үкіметтің өзі де елдегі ішкі саяси жағдайдың ушығып кетпеуі үшін уахабиттік діни қауымымен қатынастарын тұрақты деңгейде сақтап тұруда. 

Сонымен қатар, саудтық қоғамның үлкен бөлігі консервативті және діни сипатта қалуда, бұл жағдай өз кезегінде исламның консерваторлар қызметін қолдап, корольдік тұрғындарының басым бөлігінің санасына реформистік идеяларды енгізуге кедергі келтіреді. Сол себептен корольдіктің барлық жерінде батыстық үлгі бойынша демократияны енгізу күнделікті күн тәртібіндегі мәселеге әлі де айнала қоймады. Мұндай жағдай әлі де ұзақ уақытқа дейін сақталатындығы байқалады. 

Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, Сауд Арабиясы Корольдігіне ең тиімдісі эволюциялық даму жолы болып табылады. 

Дегенмен, Сауд Арабиясы Корольдігінде терроризм және діни экстремизммен күрес мәселесінде келесі негізгі шараларды жүзеге асыру нәтижелі болмақ: 

- Діни қайырымдылық қорлар мен ұйымдардың қызметтеріне бақылауды күшейту; 

- Өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен әлемдік дертке айналған терроризммен күрес мәселесі бойынша ынтымақтастықты нығайту және күшейту; 

- Діни экстремизм және терроризммен күрес мәселелері бойынша барлау, ішкі қауіпсіздік, Ішкі істер министрлігі қызметтерін модернизациялау; 

- Білім беру саласының барлық деңгейінде реформалар өткізу, өсіп келе жатқан ұрпақты діни төзбестікті тәрбиелеуден бас тарту, антихристиандық және антииудейлік үгіт-насихатты тоқтату, жастарды қажетті белсенді еңбек қызметіне баулу; 

- Ең бастысы – экономикалық және әлеуметтік салада елде эволюциялық реформаларды жалғастыру және оларды жоспарлау мен іске асыруда жергілікті технократтарды, бизнесмендер мен діни реформаторларды тарту.


Әдебиеттер

1 Косач Г.Г., Мелкумян Е.С. Внешняя политика Саудовской Аравии. Приоритеты, Направления, Процесс принятия решения – М., 2003, 142б. 

2 «Айн Аль-Якин» таншур ан-насс аль-харфий ли баян ас-сафара ас-саудийя фи Вашингтон хауля джухуд Аль-Мамляка фи аль-харб аля аль-ирхаб («Айн Аль-Якин» Сауд Арабиясының Вашингтондағы елшілігі Корольдіктің терроризммен күрес барысындағы жетістіктері туралы мәлімдемесінің толық мәтінін жариялайды). – Айн Аль-Якин, Эр-Рияд, 13 желтоқсан 2002. – http://www.ain-al-yaqeen/com 

3 Г.Аль-Кусейбидің саудтық саяси истеблишмент бойынша әріптесі, Жоғары білім министрі Х.Аль-Анкаридің мәлімдеуінше: «Бұл жылы (2002 г.– автор), Сауд Арабиясының орта мектебтерін 200 мың, ал өткен жылы – 175 мың оқушы бітірді. Егер осы тәлімгерлердің бірнешеуі кейінгі уақытта лаңкестікпен айыпталса, онда барлық саудтық мектеп дайындығының жүйесін «лаңкестіктің қайнар көзі» деп айыптау шарт емес...» – Вазир ат-таалим аль-али ас-саудий: Хальфийят Фукуяма ля туъаххилюху ли тафсир аль-ислям (Сауд Арабиясының жоғары білім министрі: Фукуямаға исламды толық түсіну үшін білімі жетпейді). – Айн-аль-Якин, 8 ақпан 2002. – http://www.ain-al-yaqeen.com/ 

4 Ас-Саудийя туаккид фи аль-муатамар альислямий фи Тахран анна аль-ирхаб ля дин ляху (Тегерандағы Ислам Конференциясы ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінде Сауд Арабиясы терроризмде дін жоқ екендігін ашық мәлімдейді). – Аш-Шарк АльАусат, 2 наурыз 2003. – http://www.asharqalawasat.com/ 

5 Калима Аль-Мамляка Аль-Арабийя АсСаудийя амам ад-даура ат-тариа ли вузара альхариджийя Муназзамат аль-муатамар альислямий хауля аль-ирхаб (Ислам Конференциясы ұйымының сыртқы істер министрлерінің төтенше сессиясындағы Сауд Арабиясының ресми өкілінің сөзі). – http://www.mofa.gov.sa

6 Ихтитам аль-иджтимаа ат-тариа ли-ль муатамар аль-визарий аль-ислямий (Мұсылман елдері министрлері кеңесінің төтенше сессиясының аяқталуы). – Аль-Джазира, № 10605, 11 қазан 2001. – http://iplog4.suhuf.net.sa/ 

7 Уляма ад-дин ас-саудийюн юталибуна би мухараба аль-ирхаб аль-фикрий (Саудтық заңгерлер идеялық терроризммен күресуді талап етеді). – аш-Шарк ал-Аусат, 9 мая 2003. – http://www.asharqalawasat.com/ 

8 Найеф ханзада пресс-конференцияда терроризмді жоюдағы корольдіктің позициясы туралы сөйлеген сөзі. – Аль-Джазира, № 10595, 1 қазан 2001/ – http://iplog4.suhuf.net.sa/




Мәліметтер алынған дереккөз: Ж.Қ. Қуанышбекова. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы.  №1(50). 2010

Шариғатпен белгіленген салықтардың ұғымы және түрлері Шариғатпен белгіленген салықтардың ұғымы және
Ислам құқығына сәйкес салық – бұл тұрғындардан алынатын және VII-VIII ғасырлардағы араб шапқыншылығы мен орта ғасыр халифатының қаржы жүй­есі
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ САЛАФИЗМНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ МЕН ШЫҒУ СЕБЕПТЕРІ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ САЛАФИЗМНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ
Ақтөбе облысында салафиліктің пайда болуына әлеуметтік, экономикалық, саяси, діни бірнеше факторлар әсер еткен. Анығында ешбір діни-саяси қозғалыс
Терроризм – дінге жат ұғым Терроризм – дінге жат ұғым
«Террор» және «терроризм» терминдері «қорқыту, үрейлендіру, шошыту, қаймықтыру» мағынаны білдіреді. Террор – дүйім жұртты үрейлендіру, қоғам мен
Діни экстремизм және терроризм: ұғымы, шығу негіздері мен көріністері Діни экстремизм және терроризм: ұғымы, шығу
«Экстремизм» (extremus) - латын тілінен енген термин, сөздік мәні «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді, саяси мағынасы экстремизм бойынша - бұл
ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ДІНИ ҰЙЫМДАР ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ДІНИ ҰЙЫМДАР
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы қазандағы шешімі негізінде тыйым салынған ұйымдар: 1) «Әл-Каида»; 2)«Шығыс Түркістандағы исламдық
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×