Жастар порталы
Тəкфир жəне хижра ағымы діни идеологиясының ерекшелігі
838 0 aiko

Тəкфир жəне хижра ағымы діни идеологиясының ерекшелігі

Дінтану

Қазіргі таңда шектен шыққан кертартпа пікірлерімен өзіне назар аудартып отырған исламдық ағымдардың бірі «Тəкфир жəне Хижра Жамағаты» болып табылады. Радикалды сипаттағы Тəкфир ағымы Мысыр елінде пайда болып, Таяу жəне Орта Шығыста дербес лаңкестік ағым ретінде əрекет етуде. 

Бұл ағымның құрушылары болып Сеййид Қутубпен бірге дарға асылғандардың біреуі Шейх Абдулфаттах Исмаил мен кіші бауыры Али Исмаил жəне оларға қосылған Шукри Мустафа көрсетіледі. Бұл ағымды 1960 жылы студент болып жүріп саяси оқиғаларға қатысқандықтан түрмеге қамалған жəне 1977 жылы дарға асу жазасына кесілген Шукри Мустафа дамытып, топтың басшысы болды. Ол жақтастарымен бірге тафсир, хадис, фиқһ кітаптарынан өз пікірлерін қуаттайтын көзқарастарды шығарып, ұйымның идеялық негіздерін нақтылау жолында терең ізденістер жасады. Бұл жамағаттың көшбасшысы болған Шукри Мустафа 1965 жылы Мұсылман бауырлар ұйымының мүшесі деп айыпталып түрмеге қамалған кезінде университет студенті болатын. Алты жыл, яғни 1971 жылға дейін абақтыда жатады. Көзқарастары осы түрмелер мен зындандарда жүріп қалыптасты. Шукри жамағатты түрмеде жəне сыртта жүріп басқарып отырды. Өзін үлкен реформатор, дінді жаңғыртушы, мұсылмандардың күтіп жүрген Махдиі (құтқарушысы) деп санады. Оны мойындағандар, оған мұсылмандардың əмірі жəне Мұсылман жамағатының көшбасшысы ретінде қабылдайтындықтарына байланысты ант берді. Мустафа Шукри жəне оның жақтастарына 1978 жылдың наурыз айында сол кездегі Қорлардың (Уақф) министрі Мухаммад Хусейн Захабиді ұрлап, өлтірді деген айып тағылып, барлығы өлім жазасына кесіледі [1].

Шукри кез-келген істе өзінің төзімсіздігімен ерекшеленді. Оның жамағаты өз араларында жəне басқалармен болған сұхбаттарында өздеріне тəн көзқарас, əдіс жəне қағидаларды басшылыққа алды. Исламның қасиетті мəтіндеріне, мұсылмандардың тарихы мен құндылықтарына деген ерекше ұстаным қалыптастырды. Олар бұл көзқарастарын өз араларында таратылған кітаптарда жəне кейбір басылымдарда жариялады. Тұтқындағы кезінде Шукри Мустафа əлсін-əлсін Мұсылман бауырлардың басқа жақтастарымен келіспеушіліктерге барып, дауласып қалып жатты. Өйткені Шукри Мустафа жəне жақтастары тəкфир (кəпірлікпен айыптау) мəселесінде өте қатаң жəне төзімсіз ұстанымда болумен бірге, құлшылықтарды жеке, бөлініп орындау секілді іс-əрекеттерді жасауда болатын. Бұл ағымның негізгі көзқарасын «Мысырдың сол кездегі басшысы Жамал Абдул Насрдың кəпірлігін жария ету» жəне осы көзқарасты «Мұсылмандарға зұлымдық жасаған əркімге қолдану» деп қорытуға болады [2].

Тəкфир жамағаты бойынша, «бұрынғы өткендердің діни ғылымдарда қалыптастырған көзқарастары мен негіздерінің ешбірін қабылдамау», ешқандай дін ғалымының айтқаны бойынша жүрмеу (тақлид) керек. Олардың ойынша, еліктеген (тақлид жасаған), біреудің көзқарасын басшылыққа алған адам кəпір саналады. Өйткені кез-келген адам, ешкімнің білімінсіз, үйретуінсіз Құран мен Сүннетті түсіне алады. Тəкфиршілер жамағаты бойынша дін ғалымдары (Факиһтар) ұғымдардың мағынасын өзгертіп жіберген. Дін ғалымдарына еру, оларды тыңдау адамдарды адасушылыққа, күпірлікке апарады. Харам мешіті (Масжидул Харам), Нəбəуи мешіті (Масжидун Нəбəуи), Ақса мешіті (Масжидул Ақса) жəне Куба мешітінен басқа əлемдегі барлық мешіттер тақуалық мақсатында салынбағандықтан, ішінде намаз оқу дұрыс саналмайтын мекендер болып табылады. Сонымен бірге аталған мешіттерде оқылған намаздардың да дұрыс (сахих) болуы, өз жамағаттарынан біреуінің имамдық жасауымен байланысты болмақ [3].

Тəкфир жамағатының негізгі көзқарастарын қысқаша былай түйіндеуге болады: 

- Исламның міндетті саналған (парыз) амалдарынан біреуін орындамаған немесе кейбіреулерін кемшіліктермен жасаған адам мұсылман саналмайды. Бүкіл парыздарды орындап, біреуін қалдырып қойған мұсылман емес;

- Бір адамның толыққанды мұсылман болғандығы айқын түрде белгілі болғанға дейін күту керек. Оған дейін мұсылман деп айтуға болмайды. Мұсылман болудың ашық дəлелі, олардың (Тəкфир жамағатының) жамағатына қосылып имамдарына немесе оның өкіліне қол беруден (мойындап, қабылдаудан) тұрады. Кім мұны орындаса мұсылман, теріске шығарса кəпір болып табылады; 

- Үлкен күнə жасаған адамды «тəкфир» яғни діннен безген деп айыптау бұл жамағаттың басты ұстанымы саналады. Бұл бойынша үлкен күнə жасап, ол əрекетін тоқтатпаған жəне тəубе етпеген кез-келген адам кəпір саналады. Сондай-ақ олар, (негізгі мəніне қарамастан) Алладан келген бұйрық жарлықтармен үкім бермеген басшыларды жəне оларға бағынғандарды кəпір санаған. Өйткені оларға бағынғандар сол күпірлік ішіндегі жағдайына ризалық көрсеткен болып есептеледі. Өз ұйымдарына қосылып, артынан шығып кеткендерді діннен безген кəпір санап, оларды өлтіруге болады, қандарын адал деп санайды. Үлкен күнə жасағандар мəңгілік тозақта қалатындығын алға тартады; 

- Тəкфир жамағаты Харижиттер секілді өздерін «Мұсылман жамағаты» санап, оларға қарсы келгендерді кəпірлер деп айыптады. Жамағаттың басшысының мұсылмандар күтіп жүрген Махди екендігін, оның қолымен Ислам жеңісінің аяқталатынын жəне бүкіл діндерге үстем болатынын, өздерінің ақырзаман жамағаты екендіктерін алға тартты. Тəкфир жамағаты өкілдері өз жамағаттарын таңдаулы деп біліп, мұсылмандардың тарихымен жəне қазіргі замандағы басқа да жамағаттармен байланыстыратын ешқандай ортақ негіз жоқ дейді. Бұл жамағат өздерін Мұсылман бауырлардың тарихи бір жалғасы екендігін теріске шығарады; 

- Тəкфир жамағаты өкілдері діни білімдерді үйренумен дүниелік білімдерді (олардың сөзімен айтқанда кəпірлердің білімін) үйренуді қатар алып жүру мүмкін емес деп біледі. Осыған байланысты дүниелік білімдерді үйренуді тəрк ету жəне олармен айналыспау қажеттігін ұстанып, адамдарды заманауи білімдерді үйренуден бас тартуға шақырды. Бұл жамағат дін мен ғылым арасындағы байланыс мəселесіндегі тар жəне қате түсініктеріне сəйкес ғылым жəне оқу-ағарту туралы көзқарастарын жүзеге асыру үшін мүшелерін институттардан, мектептерден, университеттерден жəне мемлекеттік қызметтерден кетуге үгіттеген. Мұны хижра жасау (дін жолындағы қоныс аудару, көшу), адамдардан бөлініп тақуалық өмір кешу, құрылымдарымен қоғамнан ажырау туралы көзқарастарын тəжірибеде жүзеге асыру мақсатымен жасаған.

Тəкфир жəне Хижра жамағаты бойынша Жихад, тек қана ақырзаман келгенде Мұсылмандар мен Христиандардың арасында қылыш, ат жəне оқпен болады. Бұдан басқа жихад жоқ. Алайда өздеріне қарсы шыққандарды өлтіруден тайынбаған бұл жамағат өкілдері Мысырда өздерінен бөлінгендердің көзін жоюмен қоса, жоғарыда айтқанымыздай Мысыр Қорлар (Уақф) министрі Шейх Захабиді де ұрлап кетіп өлтірген. Өздеріне қарсы адамдардың тізімін шығарып, оларды өлтіру үшін арнайы топтар құрған жəне анархияның орын алуына себеп болған. Осындай қатаң жəне төзімсіз əрекеттерінің салдарынан көп жақтас таппаған. 1981 жылы үлкен бір соққы алып, мүшелерінің көбі Мысырдан қашуға мəжбүр болады. Сауд Аравиясы, Ирак жəне Иорданияға барып орналасады [4].

«Тəкфир» ілімінің Қазақстан аумағында таралуы 90-жылдардың басына сəйкес келеді. Тəкфир жəне Хижра жамағатының Қазақстанда негізгі екі бағыты қызмет етеді: «Багауддин ілімі» жəне «Аюбиттер». Ерекше белсенділік танытып отырғаны соңғысы болып табылады.

Бұл ағымның ілімін талдау барысында байқалғаны, оның ұстанушылары үлкенді кішілі күнə жасағандарды, Алла заңдарына бағынбаған басшылар мен олардың азаматтарын діннен безгендер деп санаулары. Кəпірлер қатарына олардың іліміне қарсы келгендер мен өз қатарларына қосылмағандарды да жатқызады. Сондай ақ тəкфиршілер мешіттерге бармайды жəне қоғамнан тұтастай оқшаулануды уағыздайды.

Ислам ойшылдарының айтуы бойынша Тəкфиршілер ағымының басты қателігі олардың іс-əрекеттері мен өз беттерінше діни пəтуа шығаруларында жəне басқа адамдар туралы ой тұжырым жасау түрінде көрінеді. Бұл мəселе бойынша мұсылман ғұламалары исламға төзімділік пен орта жолдың тəн екендігін бірауыздан қадап айтқан. Адамдарды діннен безген деп айыптау үшін мұсылман ғалымдары «Ислам адамның сыртқы көрінісіне, іс-қимылына қарай үкім береді, олардың ішкі жан дүниесінің тереңіне түспейді» деп айтады.

Қазақстанда кеңінен таралған ханафи мазһабының негізін қалаған Имам Ағзам Əбу Ханифаның тəкфир мəселесіне қатысты көзқарасын осы жерде айта кету орынды деп білеміз. Оның ойынша адамдар өз сөздеріне құлшылық түріне жəне діни нышан саналатын сыртқы киім үлгісіне қарап күпірлікпен айыпталады. Мумин (сенуші) екенін айта тұра тəңірлік сипаттарды жоққа шығарған немесе жаратылғандарға ұқсатқан, тағдырға сенбеген, Құранда анық етіп көрсетілген үкімдерді қабылдамаған, күнə жасауды дұрыс деп тапқан жəне Құранның бір əрпін де болса жоққа шығарған адам кəпір деп аталады. Алайда Құранды түсіндірмелеу (тафсир) немесе жорамалдау арқылы үкімдер шығарған, пайғамбарға қатысты хадистерге сүйенген кейбір ақида (сенім) негіздерін қабылдамаған адам күпірлікпен айыпталмайды [5]. 

Тəкфиршілердің үгіт насихаттарындағы əдіс-тəсілдері басқа ағымдарға қарағанда ерекше. Біріншіден, олар өздеріне ұнамайтын, идеологияларына қарсы келген белгілі бір адамға «тəкфирді» қолданады. Мемлекеттік органдарға қарсы олардың жүргізіп отырған əлеуметтік экономикалық жəне саяси бағыттағы саясаттарын, қоғамның ұлттық-мəдени құндылықтарын жоққа шығарып, өздерінің үлгісін ұсынады. Бұл ағымның мүшелері саналы түрде сыртқы əлеммен қақтығысқа барып, барынша оқшаулана түседі жəне осылайша өз іштеріндегі бірлікті нығайтуды көздейді.

Екіншіден, олар дінді сақтап қалу үшін «хижра» (көшу) жасауды ұсынады. Алайда діни тұрғыдан Қазақстанның қазіргі жағдайында хижра жасауға негіз жоқ. Өйткені Қазақстанда мұсылмандарды діни белгілеріне қарай қудалаушылық жəне заң бойынша жазалау орын алмаған. Бұл жағдайда экстремистер үшін хижраның баламасы ретінде ел аумағынан тыс жердегі əскери жихадқа қатысу хижра болып саналады. Экстремистер бұл əрекеттерін заңдастыру үшін діни негіздемесін өте шебер жасағандығы байқалады. Бір мұсылманның санасында хижра деген ұғым маңызды орынға ие. Ол 622 жылы Мұхаммед пайғамбардың дін жолындағы мəжбүрлі қоныс аударуы болып табылатын Меккеден Мəдинаға хижра жасауымен байланысты. Осылайша тəкфиршілер ағымы қоғамды дінсіздікпен айыптау жəне ортадан оқшаулануларын, өз айналасына шынайы сенушілерді ертіп, нағыз мұсылман қоғамын құру үшін Мекеден Мəдинаға көшкен Мұхаммед пайғамбардың іс-əрекетімен түсіндіреді. Осы жəйт тəкфиршілер ағымы идеологиясының ең ұшқары тұсы болып табылады. Сондықтан да олар хижраға, яғни қоныс аударуға идеалды қоғам құру тұрғысынан үлкен мəн береді.

Тəкфиршілердің ислам мемлекетін құру межелері кезең кезеңімен орындалады. Бірінші кезең діни үгіт насихат жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Екінші кезең жоғарыда айтқанымыздай хижра жасау арқылы болады. Бұл кезең барысында ұйым мұсылман қоғамын құру жəне қару қолдануға дайындық жасау бағытында жұмыс жасайды. Осы кезде ұйым мүшелері толықтай «мұсылмандық емес» дəстүрлерден, киіну үлгісі жəне əртүрлі əшекейлерден бас тартып, мемлекеттік орындардағы қызметтерін тастауы жəне қоғамнан оқшауланып көшулері керек. Үшінші кезең ұйымның жасырын, оқшау өмір салтын тастап исламдық қоғам құру үшін ашық түрде шығуымен сипатталады. Осы жерден əрекет ете отырып тəкфиршілер ағымының негізгі міндеті қарулы жихадты жариялау болып табылады. Ұйымның сыртқы жауы ретінде Израил, ал ішкі жауы мысыр қоғамы саналады. Мысыр, тəкфиршілердің ойынша опасыз, сатқын ел жəне «дарул харб» (соғыс үйі) болып есептеледі. 

Бұл ағым заңсыз діни білім беруді насихаттайды. Олар нағыз діни білімді өздерінің арнайы үйірмелерінде үйрену мүмкін екендігін алға тартады. Жұма намазын жəне мешіттердегі жамағатпен оқылатын намаздарды тəрк етуге шақырады. Өйткені бүкіл мешіттер зиян келтіретін орталықтар. Олардың имамдарының барлығы діннен безген кəпірлер. Əлемдегі жоғарыда айтқан төрт мешітті ғана мойындайды. 

Тəкфиршілер ағымының басты ерекшелігі - айқын иерархиялық құрылымының болмауында. Алайда кейбір белгілері олардың əрекеттерінің белгілі бір орталықтан басқарылатындығынан хабар береді. Ол бір-бірімен байланысы жоқ əлемнің əртүрлі аймақтарында орналасқан жекелеген топтардан тұратын құрылымды бейнелейді. 

Қорыта келгенде бұл ағымның мүшелерін көбіне діни сауаты жоқ, қоғамнан өз орнын табалмай жүрген адамдар құрайды. Тəкфиршілер ағымы Қазақстанның батыс аймақтарында белсенділік танытып отыр. Олардың басты мақсаттары ағымдағы тəртіп пен билік жүйесін құлатып, өздерінің ұстанымдарына сай қоғам құру. Олардың ойынша бұл қоғам «таза исламдық» қоғам болмақ. 


Әдебиеттер:

1. Celi Ahmet M. A. Cagdas Haricilik Dusuncesi Tekfir ve Hicret Cemaati Ornegi. Cev. Adnan Demircan. – Istanbul, 1997. – S. 19. 

2. Ecer Vehbi. Tarihte ve Gunumuzde Ihvanul Muslimin Orgutu, EUY. – Kayseri, 1992. – S. 49. 

3. Сол жерде: – Б. 49. 

4. Сол жерде: – Б. 50. 

5. С.У. Абжалов. Ханафи мазһабының дінифилософиялық негіздері. Философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дəрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2008. – Б. 101.



Мәліметтер алынған дереккөздер: Н.Ж. Байтенова, С.У. Абжалов. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Философия сериясы. Мәдениеттану сериясы. Саясаттану сериясы.  №1(34). 2010

Медиа дизайн негіздері Медиа дизайн негіздері
Медиадизайн дегеніміз жалпы айтқанда: жоба, сурет, нобай мағынасын білдіреді [1]. Біздің ойымызша, ол – əсемдік заңына, эргономика жəне бионика
Баспа қызметіндегі авторлық құқық мəселелері Баспа қызметіндегі авторлық құқық мəселелері
Қазіргі дамыған елдер санаткерлік меншікті қорғау мəселесіне ерекше көңіл бөлуде.  Дүниежүзілік Санаткерлік Меншік Ұйымын (ДСМҰ) құрған, 1967 ж. 14
ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ДІНИ ҰЙЫМДАР ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ДІНИ ҰЙЫМДАР
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы қазандағы шешімі негізінде тыйым салынған ұйымдар: 1) «Әл-Каида»; 2)«Шығыс Түркістандағы исламдық
ШАРИАТ, ФИҚҺ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ҚҰҚЫҒЫ ІЛІМІНІҢ НЕГІЗДЕРІ ШАРИАТ, ФИҚҺ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ҚҰҚЫҒЫ ІЛІМІНІҢ
Мұсылман құқығы, Шариғат  – мемлекеттік, мұралық, қылмыстық және некелік – отбасылық нормаларды құраған, Құран мен сүннетке негізделген діни және
МҰСЫЛМАН ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУ ЖОЛДАРЫ. ИСЛАМДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚҰҚЫҚТЫК МӘСЕЛЕЛЕР МҰСЫЛМАН ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУ ЖОЛДАРЫ.
Мұсылман құқығы —  дүниежүзілік құқықтық мəдениеттің бөлігі болып табылатын, қазіргі кездің өзіндік құқықтық жүйесі.  Мұсылман құқығы — ислам дінінің
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×