Жастар порталы
Айқыштың ежелгі түрлері
907 0 aiko

Айқыштың ежелгі түрлері

Дінтану

Анк – өмір мен жанның мәңгілігін білдіретін құлақшасы бар мысырлық айқыш. Айқыштың бұл формасы әр түрлі түсіндіріледі, мысалы: күннің шығуы, қарама-қарсылықтардың бірлігі, жанның өлмейтіндігі немесе құпия білімдерге апаратын кілт. Мысырлық құдайлар мен перғауындардың анкты қолдарына ұстаған немесе төсіне анктың белгісі түскен суреттер көптеп кездеседі. Христиан шіркеуі өз кезегінде анкқа мәңгілік өмірдің Мәсіхте екендігі түсінігін бекіткен [1, 6; 8, 68]. 

Свастика

Свастика – ұштары иілген айқыш тәрізді солярлы белгі. Әлемдегі ең көне, әрі көп танылған графикалық символдардың бірі. Сонымен қатар, ежелгі адамзаттың маңызды, әрі күшті символдарының бірі болған свастиканың түрлі рәміздік мәндері бар. Ежелгі халықтардың ерекше құрмет тұтқан гаммалық айқышы (гаммированный крест) космостық материяның қозғалысы мен энергиясын білдірген солярлы (күн), галактикалық, тіпті әлемдік белгі болды. Мәңгілік қозғалыс идеясын жеткізген свастика, айқыш тіректерінің иілген жақтарына қарай оң және сол жақты болып ажыратылады. Свастиканың мінсіз, мәңгілік пен космостық үйлесімділік мәндеріне басымырақ көңіл аударту үшін, оны жиі шеңбер, үшбұрыш немесе ромб орталарына орналастырған. Гаммалық айқыштың атауы Ежелгі Үндістаннан шыққан. Сөзбе-сөз «жақсы өмір» мағынасын берген санскрит «su» және «asti» сөздері «Күн атындағы береке», «әлем дөңгелегі», «мәңгіліктің шеңбері» деп түсіндірілді. Свастика белгісін көптеген халықтар өздеріне иемденген соң, ол әртүрлі түсініктермен толықтырылды.

Бүкіл әлемге таралған свастика әлемнің ежелгі халықтарының діні мен мәдениетіне енді және ең құрметті ведалық және индуистік құдайлардың Будда, Агни, Брахма, Вишну, Ганеш пен Шиваның; гректің – Зевс, Гера, Гелиос пен Артемиданың; скандинавиялық Тор мен семиттік Иштардың басты атрибуттарының біріне айналды. Ерте христиандар мұра етіп алған свастика Иса Мәсіхтің эмблемаларының бірі болды. Ежелгі гректер, трояндықтар, этрускалар, скифтер, сарматтар, скандинавтықтар және славяндар свастика бейнесін қасиетті мехрабтарға салып, байрақтарды, қару-жарақтарды, киімдер мен тұрмыстық заттарды соның бейнесімен безендірді.

Свастиканың мәнін өздерінше ұғынған әр халық, оның мазмұнын өздерінің айрықша, сакралды түсініктерімен толықтырып отырды. Арийліктер тас мехрабтарын, зұлымдықтан тазартылған қасиетті жерлерді, аспан мен жер күштерінің қосылатын жерлерін свастикамен белгіледі. Ежелгі мысырлықтар мен вавилондықтарда қанатты диск ішіндегі свастика құдайдың күн энергиясын білдірді. Қытайда 10000 санын білдірген бұл белгі, дүниенің төрт бөлігімен байланысты болды. Сол сияқты солтүстік америкалық үндістер желдің төрт құдайын, жылдың төрт мезгілін, қытайлықтардағы сияқты дүниенің төрт бөлігін білдірген гаммалық айқышты ерекше қадір тұтып, қасиетті «4» санына табынған. Свастиканың жапондық иероглифі бастапқыда «Күн астындағы береке мен молшылықты» білдірген мағынасын сақтап қалған.

Кришнаидтерде «Супартва» («Қайырымдылық жасаушы») деп аталған бұл эмблема жол көрсетуші жұлдыз функциясын атқарды. Олардың түсініктерінше, Супартва өлгендердің жандарына өлілер Патшалығына жол табуға және реинкарнацияға көмектеседі.

Буддизмде «мандзи» деп аталған осы белгі «кемелденгендікті» білдірді. Сонымен қатар, гаммалық айқыштың тік тірегі Жер мен Аспанның бірлігін, ал көлденеңі – инь мен янь қарама-қайшылықтарының өзара бірлігі мен күресін көрсетті. Будда табанындағы бейнеленген свастика «жақсылық» деген мағынаны берді. Дхарма дөңгелегінің ортасында дөңгелек күпшек (ступица) күйінде бейнеленген свастика жарық пен өмірдің, материалдық және рухани субстанциялар айналымдарының екіжақтылық мағынасын білдіреді. 

Ежелгі Русьте гаммалық айқыш «коловрат» немесе «солнцеворот» деп аталды. Басқа халықтардағы сияқты, славяндарда да свастика ерекше құрметке ие болды. Оның суреті қаружарақтарға, киімдерге, ыдыс-аяқтарға салынды. Даңқы шыққан батырларды «Коловрат» деп атады.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында свастика үлкен мәртебеге ие болды. Ол: кеңестік банкноттарда басылып, тіпті Қызыл әскер жауынгерлерінің киімі жеңдеріндегі жапсырмалар мен жалаушаларында ерліктің нышаны ретінде бейнеленді. 

Свастикаға деген ерекше құрмет Революциялық Әскери Кеңес басына Лев Троцкийдің келуімен өзгереді, оның бұйрығымен свастика бес бұрышты қызыл жұлдызшаға ауыстырылады. Свастика эмблемасын әр түрлі кезеңдерде көптеген секталар, партиялар мен құпия қоғамдар өздерінің мақсаттары үшін қолданған. Манихейлерге ол айқыш орнына, гностиктерге – құпия белгі, масондар үшін – зұлымдықты жоюшы қорғаныш белгісі ретінде қызмет етті.

Неміс және австриялық антисемиттік топтардың мүшелері ХХ ғасырдың басында свастиканы өз қызметіне пайдаланды. Олардың жаңа мазмұндағы свастикасы арий нәсілдігінің тазалығы идеясын білдірді. Ежелгі символдың біріктірудегі мықты күшін жете түсінген Гитлер, оны 1920 жылы партиясының байрағына орналастырады. Сөйтіп свастика Германия мен нацизмнің символына айналды. 1945 жылы Германияның жеңілісінен кейін көптеген елдерде свастика қолданылмайтын болды. Ал КСРОда сватиканы төрт «Г» әрпін білдірген символ деп түсіндірді. Төрт «Г» екінші дүниежүзілік соғысты бастаған Германия басшылары Гитлер, Геббельс, Геринг және Гиммлер аттарымен байланысты болды.

Содан бері фашистердің ауыр қылмыстарымен ассоциацияланған свастика, жер бетіндегі барлық фашизмнен зардап шеккен адамдар арасында жеккөрушілік пен жиіркенішті тудыратын символға айналды. 

Алайда свастиканы біржақты қарастыруға болмайды, ол не нәрсенің де екі жағы болатынын көрсететін екіжақты символ. Осы екіжақтылықты көрсететін свастиканың екі формасы белгілі: иілген бұрыштары сағат тілімен жүрген оңжақты свастика және сағат тіліне қарама-қарсы бағытталған солжақты свастика. Барлық қарама-қарсылықтар сияқты олар өзара бірлік пен мәңгілік күрес жағдайында болады. Егер сол жаққа қараған свастика көктемнің атқан Күн сәулесін, ақ сиқырды, жарықты, бақыт пен жақсылықты білдірсе, оң жаққа қараған свастика, керісінше, батып бара жатқан күзгі Күнді, қара магияны, қараңғылықты, бақытсыздық пен зұлымдықты бейнеледі. 

Гаммалық айқышты қабылдаудағы өзгешеліктер мен ұлттық ерекшеліктер свастиканың екі негізгі формасын түсіндіруде өз іздерін қалдырды. Буддизмде мандзидің бұл формалары туылып және батып бара жатқан Күнді ғана емес, адам мінезі қасиеттерін де білдіреді: солжақты свастика – жұмсақтылықты, жанашырлық пен ізгілікті, ал оңжақты свастика – күшті, тұрақталық пен ақыл-парасаттылықты меңзейді. Байқап отырғанымыздай, алғашқысы – «әйел», екіншісі – «ер адам» бастамаларына сәйкес келеді. Ежелгі Қосөзенде, керісінше, солжақты свастика – ер, ал оңжақтысы – бастаманы тудырушы әйелді тұспалдады (дәл осындай свастика семиттік құдай Иштардың ішінің төменгі жағында бекер бейнеленбеген). Славяндар оң және солжақты свастикаларды күннің қозғалысы арқылы ажыратады («посолонь» және «противосолонь»), біріншісі – бақытты, молшылық пен амандықты, ал екіншісі – жаулармен күресте Құдайдың қорғауын білдіреді. 

Свастиканың екі формасы – тағдырдың ажырамас екі жартысы сияқты, жақсылық пен жамандықты, өмір мен өлімді, жасау мен жоюды білдіреді. 

Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, ұштары иілген айқыш тәрізді свастика символизмінің – тіршілік күші, күн энергиясы және циклділік қайта туу болғандығын атап өткен жөн.


Айқыштың келесі ежелгі түрін құраған «Т» тәрізді Антонийлық айқыш

«Т» (грек тілінде «тау») әрпі түріндегі Антонийлық айқыш Рим және оның провинцияларында өлім жазасы құралы ретінде пайдаланылған. Айқыштың атауы әулие Антонийдің есімімен байланысты, шіркеу аңызәңгімелеріне қарағанда ол осындай айқышты киім сыртынан таққан. Кейде «Т» тәрізді айқышпен христиан ғибадатханалары безендірілген. Мысалы, Верона епископы әулие Зенон 362 жылы Антонийлік айқышты өзі салған базиликаның төбесіне орнатқан.


Мәліметтер алынған дереккөздер: Мустафина Ж.Д., Борбасова Қ.М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы.  №1(21). 2020


Ертехристиандық айқыштар Ертехристиандық айқыштар
(Зәкіртәрізді айқыштың түрлері)  Зәкіртәрізді айқыштың пайда болуы апостол Павелдің есімімен байланысты. Ол өз жолдауларында жандарына мықты, әрі
Керілетін айқыштардың түрлері Керілетін айқыштардың түрлері
Айқыштың алғашқы формасы Т әрпінде болды және ол өлім жазасының құралы функциясын ғана атқарды. Рим империясының оңтүстік және шығыс бөлігінде
Айқыш символының пайда болуы мен эволюциясы Айқыш символының пайда болуы мен эволюциясы
Айқыш христиан дінінде болды ма, және ол қайдан келді, айқыштың түрлеріне және т.б. сол сияқты сұрақтарға тоқталсақ. Негізінен еврейлерден ғана
Айқыш таңбасы Айқыш таңбасы
Айқыш – христиан дінінен әлдеқайда бұрын пайда болған ең ежелгі символдардың бірі. Ұзақ даму тарихы бар айқыштың мазмұны өте бай. Бастапқы уақытта
«Рәміз» түсінігі «Рәміз» түсінігі
Символ (рәміз) гректің «symbolon» cөзінен аударғанда – белгі (знак), айқындаушы ен таңба деген мағына береді және өзіндік мазмұны бар, сонымен бір
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×