Жастар порталы
Айқыш таңбасы
1 598 0 aiko

Айқыш таңбасы

Дінтану

Айқыш – христиан дінінен әлдеқайда бұрын пайда болған ең ежелгі символдардың бірі. Ұзақ даму тарихы бар айқыштың мазмұны өте бай. Бастапқы уақытта ғарыштың (космостың) әмбебап символы саналған айқыштың қиысқан екі сызығы әлемнің төрт құбыласын білдірді. Сонымен бірге, айқыш екіжақтылық, одақ, бірігу мағыналарына да ие. Дәл осы мағынада ол математика ғылымына белгі ретінде енді (қосу белгісі). Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттардағы айқыш белгісі оның Азия, Африка, Мысыр, Шығыс және Еуропаның ежелгі халықтарына тән болғандығын дәлелдейді. Түрлі халықтар арасындағы айқыштың символдық мәні алуан түрлі мағынада қолданылады. Айтар болсақ, Алдыңғы Азияда айқыш сакралды белгі және бақыт символы; Вавилонда – Айдың төрт фазасының белгісі; Сирияда – әлемнің төрт негізгі элементінің символы; Колумбтың Американы ашуына дейінгі тайпаларда – өмір мен құнарлылықтың нышаны болса, Аркадияда, керісінше, қабірлерде бейнеленетін өлім белгісі болып саналды. Қытайда шаршы ортасына салынған айқыш жер мен тұрақтылықтың символы. Африкада бұл қолдау мен қорғаудың, ғарыш пен бірлікті білдіретін мықты белгі, ал шеңбердің ортасына түсірілген айқыш – жоғарғы биліктің смволы болды. Буддизмде шеңбер ішіне бейнеленген айқыш – өмір дөңгелегін (колесо жизни) білдірді, шеңбер шегінен шыққан айқыш ұштары құдайлық энергияны көрсетті. Одан бөлек, индуизм мен буддизмде айқыш тіршіліктің жоғары және төменгі саналарының бірлігін білдірді. Айқыштың тік жолағы – көкке көтерілуді меңзесе, көлденеңі – жердегі өмірді білдірді. Көріп отырғанымыздай, айқыш мазмұны көптеген елдерде бірдей мағынада емес, кей жағдайларда тіпті қарамақарсы мазмұндарға да ие. 

Сонымен қатар, айқыштың көптеген құдайлардың атрибуты болғандығын да айта кеткен жөн. Мысалы, Мексикада бұл жел және жаңбыр құдайлары Кецалькоать мен Тлалоктың атрибуты; Үндістанда от құдайы Агнидың отты шоқпарларының белгісі; Скандинавияда айқыш найзағай құдайы Тордың құдіретті күшін білдірді.

Христиан діні пайда болғаннан кейін айқыш мүлдем жаңа мазмұнға ие болды. Уақыт өтісімен, ол христиан дінінің басты символына айналып, Иса Мәсіхтің кешірім үшін құрбандығы және мәңгілік өмір мен азаптан құтылудың қасиетті белгісі болды, яғни Иса өзінің айқыштағы өлімімен адамзаттың күнәсінің құнын төледі.

Айқыш адамзат тарихындағы кең таралған және ежелгі мәдениеттерде әр қырынан танылып, көрініс тапқан негізгі символдардың бірі. Бастапқы уақытта өмірдің айналымын, күн мен оттың, өмірдің рәмізі болған бұл белгі уақыт өте христиан дінінің басты символына айналады. 

Айқыш идеясының мазмұны христиан дінінде айрықша ашылып, христиан дінінің жалғыз Құдайының символына айналды. Айқыш тікелей Мәсіхтің есімімен байланыстырылды және оның айқыштағы өлімі өлім мен мәңгілік өмірді еске түсіріп отыратындай. Мәңгілік өмір христиан дінінде ежелгі мәдениеттерге қарағанда басқаша түсіндіріледі. Мәсіх өзінің айқыштағы өлімді жеңген жеңісімен мәңгілік өмірге қол жеткізді. Христиан діні «мәңгілік өмірді» өмірдің толықтығы деп түсінеді. Христиандыққа дейінгі сенімдерде «мәңгілік өмір» бұл – өмір эстафетасын ұрпақтан ұрпаққа беру, өмірдің мәңгілік айналымы ретінде қабылданды. 

Христиан дінінің қалыптасуы мен дамуы ғасырларға созылған ұзақ тарихи процес болды. Ал айқыш осы христиан дінінің пайда болуының басты себебі болды. Айқыш ғасырлар бойы өзінің даму тарихында көптеген өзгерістерге ұшырағанымен христиан дінінің жалғыз және абсолютті символы болып қала берді. 

Қазіргі әлемде айқыш – ең көп таралған символдардың бірі. Бұл тек діни саламен ғана емес, сонымен бірге өнермен (архитектура, геральдика, көркем сурет) күнделікті және бұқаралық мәдениетпен байланысты. Дегенмен қазіргі әлемде айқыш символы өзіне тән күнделікті өмірдегі көптеген мән-мағынасынан айырылды. Символ көбіне таңбаға теңестіріледі. Қазіргі әлемдегі крест көбінесе теріс белгі ретінде қабылданады, ол аяқталуды, өлімді білдіреді. 

Жалпы, айқыш, діни саланы қозғамағанда, жағымсыз мәнін сақтап отыр. Кейбір халықтарда біреуді немесе бір нәрсені тоқтату үшін «оған крест қоя сал» деп жатады, яғни бұл жерде айқыш ұмыту, кету, қайтып оралмас үшін қолданылып тұр және «жоқ», «бітті», «соңы» деген мағыналарға ие болып отыр. Мәселен, мысалы, компьютерде белсенді терезені жабатын функциясында көлбеу крест бейнеленген, ол бұл жағдайда қарақшылардың өлімді, жойылуды білдірген белгісін білдіріп тұр. Көптеген қазіргі заманғы адамдар үшін егер ол дінмен байланысты болмаса, крест теріс мағынаға ие. Қиғаш айқыш, негізінен, кейбір әрекеттерді жасауға тыйым салатын белгі ретінде, ал тік айқыш діни символ ретінде қабылданады. 

Сонымен қатар, қазіргі уақытта қоғамның бейнелі шығармашылыққа, шындықты эстетикалық жағынан игеруге қызығушылықтары артып отыр. Бұл визуалды белгілердің рөлінің артуын теледидардағы жарнаманың барлық түрлерінде оны көп мөлшерде қолданысынан байқауға болады. 

Әлемдік мәдениеттің символдарын зерттеу – бұл адамзаттың әмбебап тілін үйренуді білдіреді. Барлық мәдени құбылыстарда, оның ішінде символдарда адам психикасының элементі бар екенін есте ұстаған жөн, оны айқыш сияқты символдарды зерттеген кезде ескеру керек. 

К.Г. Юнг адам өмірі мағыналы және оған ғаламнан өз орнын табу үшін идеялар мен сенімдер өз септігін тигізеді деп жазды. Сол Юнгтің пікірінше, адамдардың өмірін мағыналы етуде діни символдар үлкен рөл атқарады. Юнг, сонымен қатар, қазіргі әлемде символдық дәстүрдің жоғалуы туралы жазды. Ал дәстүрлер, соның ішінде символикалық дәстүрлер дінде сақталып қалған. 

Қазіргі уақытта айқыш, мүмкін, қасиетті символ ретінде әсерлі емес шығар және ол барған сайын профандық сипат алуда, соған қарамастан, ол христиандардың өмірінде орын алып отырғасын оның түпкілікті мағынасын ұмытпай, естерінде ұстауы маңызды шарт.


Мәліметтер алынған дереккөздер: Мустафина Ж.Д., Борбасова Қ.М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану   сериясы.  №1(21). 2020

Айқыштың ежелгі түрлері Айқыштың ежелгі түрлері
Анк  – өмір мен жанның мәңгілігін білдіретін құлақшасы бар мысырлық айқыш. Айқыштың бұл формасы әр түрлі түсіндіріледі, мысалы: күннің шығуы,
Керілетін айқыштардың түрлері Керілетін айқыштардың түрлері
Айқыштың алғашқы формасы Т әрпінде болды және ол өлім жазасының құралы функциясын ғана атқарды. Рим империясының оңтүстік және шығыс бөлігінде
Айқыш символының пайда болуы мен эволюциясы Айқыш символының пайда болуы мен эволюциясы
Айқыш христиан дінінде болды ма, және ол қайдан келді, айқыштың түрлеріне және т.б. сол сияқты сұрақтарға тоқталсақ. Негізінен еврейлерден ғана
«Рәміз» түсінігі «Рәміз» түсінігі
Символ (рәміз) гректің «symbolon» cөзінен аударғанда – белгі (знак), айқындаушы ен таңба деген мағына береді және өзіндік мазмұны бар, сонымен бір
Діни рәміздер эволюциясының негізгі үрдістері Діни рәміздер эволюциясының негізгі үрдістері
Діни рәміздерді зерттеудегі маңызды мәселелердің бірі – олардың тарихи эволюциясы болып табылады. Ежелден алғашқы діни наным-сенімдер негізінде
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×