
Исламның Батыс Еуропа елдеріне таралу себептері
ХХ ғасырдың соңғы он жылын саралап қарасақ, исламның қауіпсіздігі мен рөлі туралы аз сөз болмаған екен. Басқа діндермен салыстырғанда хақ дініміз көптеген ғылыми еңбектер мен әдеби туындыларға арқау бола білген десек, оның көп бөлігі исламдағы экстремизм мен терроризмге бағытталған. Көптеген бұқаралық ақпарат көздері «мұсылмандық фундаментализм» кең етек жайып келеді деп дабыл қаққан. Америкалық саясаттанушы С. Хангингтон Еуропадағы исламды ХХІ ғасырдың басты қауіп-қатерінің бірі деп көрсетіп өтсе, белгілі исламтанушы А. Игнатенко Батыс елдерінің ислам десе төбе шаштарының тік тұратындығын атап айтқан, оның дәлелі ретінде қазіргі таңда көп қолданысқа еніп жүрген «еуроислам» немесе «исламофобия» терминдерін алсақ болады. Жалпы жоғарыда аталған мәселелерге сай қарайтын болсақ, исламның батыс елдеріне таралуына бірнеше дәйекті себептер түрткі бола білген. Қарастырып көрсек:
1.Орта ғасырда Ислам мәдениеті Батыс Еуропаға Испания арқылы алғаш қадам басты. Дін экономикалық және мәдениетаралық өркендеудің арқасында қысқа уақыттың ішінде Еуропаның бұл өлкесіндегі өміріне де өз әсерін тигізді. 711 жылы Испания мұсылмандар қолына өткеннен кейін 755 жылға дейін ол Сирия халифалық орталығы тарапынан басқарылды. 715 жылы Абдуррахман ІІІ Куртубаның бостандығын жариялады. Куртуба Абдуррахман ІІІ дәуірінің соңына дейін (912-961) Ислами тәрбие, өнер және ғылымдармен Еуропаны қамтамасыз етіп отырды. Ол дәуірде, тіпті, еуропалық профессорлардың өзі Куртубада тәжірибе жинақтап, мұсылмандарға емтихан тапсыратын еді.
2.Ислам мәдениетінің Батысқа әсер етуінің екінші жолы Сицилия арқылы өрбіді. Мұсылмандар білім үйренгісі келген христиандарға медреселерде сабақ алып, білімдерін шыңдауына жәрдем ететін еді. Сөйтіп, Ислам елдеріне ғылым үйрену мақсатымен келген христиандар да Ислам мәдениетінің дәстүрлері мен ғылымдарын жалғастырушылар қатарына қосылды. Сол кезеңдерде ресми тіл ретінде араб тілі қолданылды. Тіпті дипломдарының бір бөлімі арабша толтырылды. Қысқаша айтар болсақ, Х ғ. Сицилия мен Нормандияның басқару жүйесінде Ислами дәстүр ойып тұрып орын алған-ды.
3. Ислам мәдениетінің Еуропаға келуінің үшінші және ең маңызды жолы тарихта «крестовый поход» деп аталатын крестшілер жорықтары арқылы өрбіген. Бұл жорықтар шіркеулер тарапынан Исламның сол кездегі билігін, күшін жойып, әлсіретіп, христиандықты жоғары ұстау мақсатында ұйымдастырылған. Олардың жорықтары мұсылман түріктердің және арабтардың қарсылығымен тоқтады. Бірнеше рет қайталанған крестшілер жорықтары еуропалықтардың Ислам өлкелерімен қарым-қатынас жасауларына себеп болды. Бұл жорықтардан отандарына аман-есен оралғандар, мұсылман түріктердің иманын, басшыларына деген құрмет-терін, тазалықтарын, жомарттық пен әділдіктерін ауыз толтыра мақтап жеткізе алмайтын еді. Крестшілер жорықтары кезінде Еуропа елдері жинақы ұйымдастырылып, жүйелі түрде жұмыс жасайтын мемлекеттер емес еді. Осы жорық барысында Батыс әлемі мұсылмандардан мемлекетті қалай басқарып, жүйелі, жоспарлы түрде жұмыс жүргізуді үйренді. Құдыста (қазіргі Палестина елі) жарты ғасырдай тұрған еуропалықтар көп өтпей-ақ мұсылмандарға еліктей бастады. Олардың шығармаларын латын тіліне аударды. Олардың көбі Ислам мемлекеттерінің мәдениеті мен тұрмысын баяндайтын шығармалар еді. «Константинополь» және «Адлер» деген еңбектер Ислам билігі туралы әңгімелейді. Ибн Синаның «Китабун-Нәфс» және «Шифа» атты шығармалары Иеханның аударуымен Еуропаға жетті.
4. Діннің өркен жаюының келесі бір жолы – Италияның портты қалалары арқылы, Ақтеңіз сауда орталығы мен Солтүстік Еуропаға Венеция, Генуя сияқты теңіз бойындағы қалалар арқылы келіп жатты.
5. Ғылым саласында түрік әлемінің Батысқа әсер етуі ХІІ ғ. басталғандығын айтуға болады. Мысалы, Ғазали, Ибн Сина және Фарабиден басқа дәрігер Разидің әртүрлі ауруларға қарсы қолданған дәрілері медицина тарихында белгілі. Осман Ислам мемлекетінің Еуропадағы үстемдігі ұзақ уақытқа дейін жалғасты. Бұл үстемдіктің айқын дәлелі – балқандықтардың тіліне енген түрікше сөздер және түрік тіліндегі славяндық терминдер болып табылады.
Ислам дінінің Батыс Еуропа елдеріндегі таралу тарихы сан-салалы және алуан түрлі. Ислам мәдениеті өзінің таралған уақытынан бері қарай көптеген игі іс-шараларымен айқындалуда. Мысалы, көптеген әдебиеттерге қарайтын болсақ та мұны аңғаруымызға болар еді. Мұсылман араб ғалымдарының ғылымдағы орны мен жетістіктері жөнінде кезінде Еуропа ғалымдары да көп айтқан. Роберт Брифаулт, «The Making of Hummanitу» атты кітабында мынаны келтіреді: «Еуропаның жетістікке жеткен әрбір саласында, міндетті түрде Ислам мәдениеті маңызды роль атқарған. Әрі, тигізген пайдасы мен әсері шаш етерлік». Сондай қысқа ғана уақыт ішінде осыншалықты ғылым-білімге қол жеткізген әрі қол жеткізумен ғана шектелмей, өзгені де ғылыммен сусындатқан мұсылман арабтар, дін келмес бұрын, іштерінде санаулы-ақ адамның оқу-жазу білетіндігін ескерсек мәселенің мән-жайы түсінікті болар. Сонымен қатар, мәдениет пен өркениет қатынастарының дамып, өзара бірігуі Исламнан кейін ғана мүмкін болды. Ислам өркениеті арқылы Шығыс пен Батыстың барша өркениеттері үлкен-үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен: әлемді таң қалдырған ислам өркениеті өзінен бұрынғы Мысыр, Грек, Үнді өркениеттерінің Исламның өзегімен ұштасатын тұстарын алып дамытқаны белгілі. Осы орайда айта кететін бір мәселе ерте дәуірдегі мұсылман зерттеушілері Грек, Ибрани, Парсы,Үнді және Түркі тілдеріндегі көптеген мұраларды хатқа түсіру, аудару арқылы әлемдік өркениеттің сақталып қалуына үлкен үлес қосқаны айдан-анық. Міне осылайша әлемдік өркениетке ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосқан Ислам өркениетінің әлемдегі қазіргі орнына көз салып қарайтындай болсақ, өкінішке орай осы қоғамда өзіне тиесілі орнын ала алмай отырғаны белгілі. Әрине ғылым тек Ислам әлемінен ғана тарады деген жаңсақ пікірден аулақпыз. Өйткені білім-ғылым біреудің меншігінде тұрған зат емес. Оны кез-келген қоғамда таба аламыз, сараптай аламыз. Сондықтан да, ғылым кейде батыста кейде шығысқа ауысып отырған. Тек Ислам әлемі ғана демей, шығыс пен батыс деп бекер атап отырғанымыз жоқ. Неге десеңіз шығысқа Ислам әлемімен бірге Қытай, Үндістан секілді ғылымға өзіндік үлкен үлестерін қосқан алып елдер мен мәдениеттер де кіреді. Оны да ұмытпағанымыз жөн деп ойлаймын.
Мәліметтер алынған дереккөз: Байтенова Н.Ж., Сембаева М.М., Абдразакова Н.М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршы. Философия, мəдениеттану, саясаттану сериясы. №3(52). 2015




