Жастар порталы
Буддизм дініндегі әйел статусы
954 0 aiko

Буддизм дініндегі әйел статусы

Дінтану

Үнді діни наным-сенімдерінің тарихи түрлері және оның үнді халқының мәденирухани өміріндегі рөлі зор болды. Үнді тарихында көптеген ағымдар мен діни наным-сенімдер болды. Жер шарындағы әлемдік деңгейге жеткен мәдениеттердің бірі – Үнді мемлекетінде қалыптасып, Үнді – будда мәдениеті болып саналды. Үнді елінің ғасырлар бойғы мәдени дәстүрлері оның талантты халқының діни сана-сезімінің қалыптасып, дамуымен тығыз байланысты болды. Мыңжылдықтар бойы әлеуметтік өмірінде касталық құрылыс үстемдік еткен үнді өркениетінде әйелдердің жағдайын касталық сатының төртінші баспалдағындағы шудралардың (құлдардың) жағдайымен шамалас болды. «Әйелдер күні-түні бағынышты жағдайда болуы тиіс», – дейді Ману. Ману заңдарына сәйкес, мұралану құқығы тек ерлерге ғана тиесілі болды. Тіпті ежелгі үнділіктердің «Ведалар» кітабындағы суреттеуден «әйел кесірткеден, жыланнан, улы хайуаннан да зиянды бір мақұлық» дегенді оқуға болады. Будда мен Аменданың арасындағы әңгімеден үзінді келтірсек: «Әйел сезім жетегіндегі мақұлық, оған қарамау керек, ал қарауға мәжбүр болған жағдайда, онымен сөйлеспеу керек, сөйлескенде де ұзақтан қарап сөйлесу керек». Сол сияқты ерте қытай деректерінен «...әйел адам емес. Оның жеке аты да жоқ. «Бір, екі, үш...» деген есімдері бар. Тіпті кейде шошқамен теңеседі» деген адамды жиіркендіретін көріністер кездеседі.

Еркектерге және әйелдерге тең мүмкіндіктер бар деген көзқарас Буддалық иконографияда Буддаға жету мүмкіндіктерін Тибеттің құдайы Тара бейнелейді. Махаяна культінде әйелдердің еркектерден кем емес екендігін көрсету үшін мейірімділікке толы болған Тара әйел бейнесіндегі Будда болуға уәде берді. Иогада жоғары дәрежеге жеткен, білімдерімен буддизмде көптеген өсиет қалдырған әйелдердің есімдері буддалық дәстүрде сақталған. Лакшиминкара, Нигума, Сукхасиддхи, Мандарава, Йеше Цогьял, Гелонгма Палмо, Мачиг Лабдрен буддалық дәстүрде патриархтармен қатар олардың да есімдері құрметтелді. Буддизм дәстүріндегі әйел мәртебесін толық түсіну үшін Махаянаның пайда болу жолындағы мәтіндерді қарастырайық. Буддалық дәстүрдің барлық бағыттары үшін «Винай» (Санскр. моральдық тәрбие, мінезқұлық және мінез-құлықты басқару). «Винай» мәтіні моральдық және этикалық сипатқа ие доктриналар, ережелер, өсиеттер, уәделер, олардың міндеті сыртқы және мүшелерінің рухани дамуының ішкі шарттары Будда туралы ілімдерді қамтиды. «Виная» Пали канонының бір бөлігі. Пали немесе буддалық канон «Типитака» (Пали, үш себет даналығы) буддизмді мемлекеттік дін деп жариялаған әйгілі Асоки патшалығы (б.э.д. 3 ғасыр) дәуірінде құрылды. Көріп отырғаныңыздай, «Винай» мәтіні шамамен Махаянаның алғашқы сутралары пайда болғанға дейін екі ғасыр бұрын канондалған. Винай мәтіндеріндегі мәліметтер бойынша ағартушылығынан бес жылдан кейін Будда Шакьямуни өзінің асырап алған анасы Махападжапатимен кездескенде шешесі одан дүниелік өмірді тәрк етіп, монахтық өмір кешкісі келетін әйелдерге арналған буддалық Дхармамен (заң) өмір сүретін Сангха (санкр. қауымдастық) құруды сұрайды. Будда оны үш рет келісім бермей қайтарады, сол кезде Махападжапати шашын қиып, сары киімдерін киіп басқа әйелдермен бірге оның артынан ереді. Олардың аяқтары ісіп, шаң басқан күйде есіктің артында жылап тұрғанын Ананда (Будда Шакьямунидің ең жақын шәкірті) көреді. Ананда оларды қарсы алып, олардың өтінішін Буддаға жеткізеді. Будда тағы да үш рет келісім беруден бас тартады. Сонда Ананда:

  • Мырза, үйден кетіп, дала кезген әйел Татхагатадағы ілім мен жарғыны қабылдауға қабілетті ме? 
  • Әйел қабілетті, Ананда. – Егер солай болса, мырза, Махападжапати Готами көп қызмет етті. Мырзаға қамқор болып, анасы қайтыс болғанда сүт ана болды. Мырза, егер әйелдерге рұқсат етсеңіз жақсы болар еді.
  • Олай болса Ананда, егер ол сегіз қатаң ережелерді орындаса, сол оның бастамасы болсын, – деді. 

Кейін монах әйелдерге арналған сегіз төмендегідей қатаң ережелерді енгізеді (санскр., гарудхарма): 

1. Монах әйелдің жасы жүзге келсе де, монах еркекке бірінші болып тізерлеп тұрып сәлемдесуі керек. Тіпті ол жаңа сайланған жас болса да;

2. Монах еркектер жоқ жерде жалғыз қалмауы керек;

3. Айына екі рет сангхи монахтарынан жалпы жиналыс пен оның уақытын, монахтың өсиет айтуға келетін уақытын біліп отыруы; 

4. Жалпы жиналыстан кейін монах әйелдер екі жақта да аяқтау рәсімін жүргізуі керек; 

5. Белгілі іс-әрекеттер екі жақтың жиналысында да талқылануы тиіс; 

6. Екі жыл бойы алты ережені үйренген тыңдаушы әйел арнауын (посвящение) екі жиналыста қатар сұралуы тиіс; 

7. Монах әйел ешқашан монах ерлерді айыптамауы керек; 

8. Монах еркектерге ресми мәлімдеме жасауға тыйым салынады. Монах әйелдерге монах еркектер мәлімдеме жасауға рұқсат.

Кейіннен монах әйелдерге арналған жатақхана жарғысы әзірленді. Монахтарға арналған 253 ереже, 364 ереже монах әйелдерге (басқа да мәліметтер бойынша 227 – монах ерлерге, 300 – монах әйелдерге) арналған.

Винай мәтіндерінде және Махаяна сутрасында діни құтқарылуда әйел мен еркек тең деп көрсетіледі. Олай болса неге монах әйелдерінің жарғысында еркектер мен әйелдер ережесі әртүрлі? Бұл сұраққа жауап беру үшін ежелгі үнді қоғамындағы әйел дәрежесін қарастырайық.

Ежелгі үнді қоғамы Ведалардағы салт-дәстүрлерді қатаң ұстанған. Ведаларда тек жеке адамның мәселесі ғана емес, сонымен қатар бүкілкасталар мен ежелгі Үнді елінің мәселелерін реттеген. «Веда» Ману заңдары секілді қоғамдағы әйелдің орнын және рөлін анықтады, оған қыздың қатаң тәрбиесі, құрметті әйел, еңбекқор үй шаруасындағы әйел тағдыры көрсетілді бұндай әлеуметтік тәртіп барлық төрт кастадағы әйелдер үшін міндетті. Жоғары кастадағы әйелдер басқа касталарға қарағанда жоғары әлеуметтік статусқа ие болды. Алайда барлық касталарда рухани жағдайға қатысты талаптары өте төмен болды. «Барлық каста әйелдеріне ведаларды оқып, зерттеуге, өзбетінше қандайда бір салт-дәстүрлерін жасауға, ораза мен әдет ғұрыптарға тіпті ведалық мәтіндерді оқылғанда әйелдерге қатысуға қатаң тыйым салынған. Брахман – ведалық мәтіндердің сақталуы мен таралуына жауапты діни қызметкер әйелдерді ведамен таныстырып, мағлұмат берген жағдайда қоғамнан біржолата қуылған. Өз кастасынан қуылған брахман жалғыз қалмас үшін ең төменгі кастамен бірге жүруге мәжбүр болған. Жоғарғы кастада тәрбиеленіп, құрмет пен байлықта өмір сүрген брахман үшін ең ауыр соққы. Діни ілім ізденген әйелдер отбасынан және қоғамдағы әлеуметтік статусынан айырылуы мүмкін еді.

Қоғамдағы осындай жағдайға байланысты Будда әйелдерге қатысты шектеулері маңызды болды. Монахтарға қарағанда монах әйелдердің өмір салтының қатаң реттелуі әйелдердің табиғат ерекшеліктеріне емес, әлеуметтік жағдайдың шындықтарына байланысты болды. Будда Шакьямуни өлер алдында шәкірттеріне әлем өзгеріссіз қалмайтындығын айтады. Оны буддистік дәстүр патриархтары буддизм ілімін заманға сай өзгерістер енгізілуі тиіс деп түсіндіреді. Будда Шакьямуни әйел монахтарға арналған қатаң жарғы өмірлік мәнісін жоғалтатынын түсінді. Осылайша мыңдаған жылдар бойы будда дәстүрі ағартушылық жолында әйелдер мен ерлердің теңдігі идеясын кіргізуді қарастырды. Қазіргі заманауи буддизмнің көшбасшылары дәрістері мен уағызында ерлер мен әйелдердің өмір сүру нысандарын, қазіргі заманғы әлемдегі ерлер мен әйелдердің орны мен рөлін көрсетуде. Гелуг мектебіндегі Тибет буддизмінің басшысы (Тибет доктринасы, ізгілік заңы) XIV Дала-лама бір дәрісінде екі тектің де өзіндік құндылықтарын түсіну қажеттілігі туралы айтады. Оның пікірінше әйелдің белгілі бір артықшылығы және мықты тұсы оның ерекше мейірімділігі «Олар бүкіл әлемді жүрегімен естіп, сезеді» деген. Сондай-ақ ол: «Менен келесі өміріңізде әйел кейіпінде қайта тірілуді қалар ма едіңіз деп сұрағандарға, мен: «ия, әрине», – деп жауап берем. Махаяны Ұлы Гуру Ринпоче Падмасамбхва (VIII-IX ғғ.) жақтаушыларының бірі: «Дене – даналықтың жүзеге асуының негізі. Ерлер мен әйелдердің денелері ағартушылыққа қол жеткізу үшін бірдей қолайлы. Кейде, егер әйелдің мотивациясы мықты болса, оның әлеуеті ер адамға қарағанда әлдеқайда жоғары» делінген.


Мәліметтер алынған дереккөз: Кагазбекова С.Б., Затов К.А., Әділбаева Ш.А. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршы. Философия, мəдениеттану, саясаттану сериясы. №1 (63). 2018

Будда ілімі мен ғибадаты Будда ілімі мен ғибадаты
Ертедегі буддизмге қарапайым ғибадат тән болатын. Алғашқы буддистер дұға мен медитация жасау және будданың заттарына табынумен ғана шектелді.
Буддалық ілім негіздері Буддалық ілім негіздері
Буддизм, индуизм, джайнизм іс жүзінде бірыңғай тарихи – мәдени аймақта пайда болды. Олардың ұқсас жақтары өте көп. Аталған 3 дін өзара ортақ
ИНДУИЗМ ИНДУИЗМ
Индуизм Веданың көптеген көзқарастарын сақтап, ары қарай дамыды. Мысалы, «карма» туралы, Веданың қасиеттілігі, «сансара» туралы, яғни, өмір жанының
КӨНЕ НАНЫМ-СЕНІМДЕР: ФЕТИШИЗМ, ТОТЕМИЗМ, АНИМИЗМ, МАГИЯ КӨНЕ НАНЫМ-СЕНІМДЕР: ФЕТИШИЗМ, ТОТЕМИЗМ, АНИМИЗМ,
Осы күнге дейін діннің шығуы мен дамуы туралы ілімдік және ғылымдық көптеген көзқарастар бар. Олардың барлығын діни-теологиялық және
Индуизмдегі қайғы-қасіреттен құтылу үміті Индуизмдегі қайғы-қасіреттен құтылу үміті
Үнді рухани мәдениеті өз бастауын “Веда” деген жалпы атаумен белгілі көнеден жеткен киелі кітаптардан алады. Веда  (санскрит тілінен аударғанда -
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×