Жастар порталы
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы. Дін саласын реттейтін заңға бағынысты актілер
1 577 0 admin

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы. Дін

Дінтану

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан. 

Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызды факторлардың бірі. Адам мен қоғам өмірінде ерекше орын алатын дін рухани мәдениеттің қалыптасу үдерісінде негізгі функцияларды атқарады, мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына ықпал етеді. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі. 

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген.

Қазақстан Республикасы әрбiр адамның діни сенім бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады, азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді.

Діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Діни сенім бостандығы демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.

Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу, қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ, қайсы бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi.

Өз кезегінде дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы өкiмет органдары, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары заңдарда белгiленген өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.


ДІН САЛАСЫН РЕТТЕЙТІН ЗАҢҒА БАҒЫНЫСТЫ АКТІЛЕР


Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан Республикасы елдің экономикалық дамуындағы ғана емес, азаматтардың діни-мәдени өміріндегі басымдықтарға да күрделі өзгерістер енгізді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев конфессиялық қатынастар саласындағы сарабдал саясаты тәуелсіздік жылдарында қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуде маңызды роль атқарды. 

Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабына сәйкес Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып табылады. Ар-ождан бостандығы – Ата заң арқылы танылған адам құқықтарының ең маңыздыларының бірі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында былай деп жазылған:

1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.

Сондай-ақ Конституцияда төмендегідей құқықтар көрсетілген:

– тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап);

– әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (19-бап);

– республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді (20-бап).

Ата заңда айшықталған нормалар негізінде 1992 жылдың 15 қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданды. Заңда көрсетілген талаптар мен көзделген мақсаттар осыдан сол кезеңдегі Қазақстан қоғамының нақты ахуалына негізделген болатын. 

Соңғы екі онжылдық ішінде еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Діни қызмет белсенділігі күшейіп, діни бірлестіктер саны еселеп артты, теріс пиғылды діни іс-әрекеттер де бой көрсете бастады. Сондықтан заңдық нормаларды заманауи ахуалға сәйкестендіру мақсатында аталмыш Заңға 1994, 1997, 2004, 2005 жылдары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2011 жылдың 18 мамырында дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы әзірленіп, 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды.

Заңның преамбуласында халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған қазақ ұлтының және Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ата діні болып табылатын исламның, сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы Қазақстанмен ортақ христиан дініндегі бірқатар этностардың сенімдік бағыты – православиенің ел халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды.

Аталмыш заңда мемлекеттік-діни қатынастардың негізгі қағидаттары көрініс тапты. Заңның 3-бабында төмендегі нормалар қамтылған:

1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.

2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.

3. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.

Осы нормалар аясында мемлекеттердің діни бірлестіктерге бейтараптығы (нейтралитет), діни бірлестіктердің заң алдында теңдігі (паритет), ешбір дінге басымдық берілмеуі арқылы барлық діндерге бірдей қатынас пен көзқарастың орнықтырылуы (толеранттылық) қағидаттары қамтылған.

Сонымен қатар дін туралы заңнамада көзделген нормалар бойынша дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекет: 

- Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның дінге және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындауына, ата-аналардың немесе олардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне, мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда, араласпайды; 

- діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді; 

- егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметіне араласпайды;

- дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бiрлестiктер арасында өзара төзушілік пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдеседі.

Өз кезегінде діни бірлестіктер дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес төмендегі міндеткерліктерге ие:

1) мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды;

2) саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды;

3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.

Дін туралы жаңа заңнаманы жүзеге асыру аясында Дін істері агенттігі тарапынан діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмысы жүргізіліп, Қазақстанның конфессиялық кеңістігі ретке келтірілді. Дінтану сараптамасын жүргізу, діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдардың заңмен белгіленген орындарда таратылуын қадағалау, ғибадат үйлерін салуды келісу және олардың ғимараттарын діни бірлестіктерге беру, миссионерлік қызметті реттеу, ақпараттық-ағартушылық шаралар аталмыш заң аясында жүргізіліп, елдегі діни ахуалды реттеуде, теріс пиғылды және радикалды идеологияның таралуының алдын алуда маңызды роль атқарды.


Дереккөз: Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар //«Дінтану негіздері» пәнінің оқытушыларына арналған практикалық көмекші құрал / құраст. Ыбраев Е.Е., – Астана: ҒЗТО, 2014. – 140 б.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары. діни ауызбіршілікті сақтау мен нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске
Қазақстан Республикасы – әрбір азаматқа ар-ұждан бостандығына кепілдік берілген және барлық конфессиялар ұстанушыларының заң алдында теңдігі
Зайырлылық – мемлекеттік жүйенің және ұлттық қауіпсіздіктің тұғыры Зайырлылық – мемлекеттік жүйенің және ұлттық
«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім
БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ
Білім беру –  тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге көзқарасын жетілдіру үдерісі; қоғам
ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН. ЗАЙЫРЛЫ ЭТИКА НЕГІЗДЕРІ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.
ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ: ҰҒЫМЫ, МӘНІ, СИПАТЫ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ: ҰҒЫМЫ, МӘНІ,
«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз
×